Ибадия ағымы - Халифа Али мен Шам әкімі Муауия ибн Әбу Суфян арасындағы 657 жылғы соғыстан кейін екі жақ төрешіге жүгінеді. Міне осы төреші оқиғасын діннен шығу ретінде қабыл еткен харажиттер «әл-әмру бил-мағруф уән-нәһи анил-мункәрді» негізгі ұстаным ретінде қабылдайды. Ешкімге бас имейтін олар өз араларында да айтысып қалатын. Бұл керағарлық көпке ұзамай 684 жылы әзариқа, нәжәдат, суфрия, ибадия сынды және тағы басқа да ұсақ тармақтарға бөлініп кеткендігі жайлы жоғарыда харижиттердің шығу тарихын баяндағанда айтып өттік.
Олардың бөлінуі де табиғи жағдай. Өйткені олар өз дегендерін шындық деп қабылдап, өзгенің пікіріне қарсы шығатын. Харижиттер өздеріне қосылмағандарды дұшпан санап, өзге мұсылмандарды өлтіруге рұқсат берді.
Харижиттер арасында Нәжд ибн Амир, Нафи ибн Әзрақ, Абдуллаһ ибн Саффар және Абдуллаһ ибн Ибад секілді сөзі салмақты көсемдердің орны бөлек болатын. Өзара түсініспеушілік нәтижесінде аталмыш көсемдердің атымен діни-саяси жаңа топтар пайда болды. Бұлардан тек Абдуллаһ ибн Ибадтың соңынан ерген ибадия тармағы ғана бүгінгі күнге дейін жетіп, өз сенімдеріне деген беріктіктерін жалғастыруда.
Ибадия ағымының негізін қалаушы – Абдуллаһ ибн Ибад әл-Мурри әт-Тәмими. Абдуллаһ ибн Ибад әуелде Нафи ибн Әзрақпен бірге Мекке халифасы Абдуллаһ ибн Зубайрге 692 жылы көмектеспек болады. Олар Абдуллаһ ибн Зубайрге Хазіреті Али және алдыңғы мұсылмандар жайында ұстанымын білмек болып, сауалдар қояды. Ал өздері Хазіреті Али мен жақтастарын кәпір санайтын. Абдуллаһ болса олар жайында жақсылықтан басқа пікірі жоқтығын айтқанда харижиттер одан теріс айналып, Басраға кетеді1.
Абдуллаһ ибн Ибад өзін Аллаһқа сатқан, атаған мағынасында «шурат» деп атады. Оның ізбасарлары өздерін «әһлул-адл уәл-истиқама» (әділдікті ұстанушылар мен тура жолдағылар) деп танытты. Алғашқыда Басрада пайда болған ибадиялар көзге түспей сенімдерін астыртын түрде насихаттады. Уақыт өте келе жан-жаққа өкілдерін жолдауға көшті. Насихат жұмыстары өз жемісін беріп, Солтүстік Африкада көптеген қолдаушы тапты. Сөйтіп, Қайрауанда, Ливияда және Тунисте аз уақыт болса да билік құруға қол жеткізеді. Ал Араб түбегінде Омманда құрған биліктері ғасырымызға дейін жалғасын тауып келеді.
Ибадия харижиттері ХХ ғасырдың басында Ливияда «Траблус жумһурияты» атымен билік құрмақ болғанда 1921 жылы италияндықтар тарапынан талқандалып, сәтсіздікке ұшырайды. Осыдан кейін ешқандай саяси үстемдіктері қалмай ыдырап, жеке дара тіршілік кешуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда олардың саяси тұрғыдан ешқандай әсері жоқ. Дегенмен араб түбегінің кейбір аймағында, әсіресе Омманда және Ливия мен Мадагаскарда2 тіршілік етуде. Бұрынғы діни сенімдерін заман талабына сай жұмсартып, әһлу сүннетке жақындағанымен бәрібір де кейбір мәселеде адасушылыққа бой алдырған3.
Ибадия харижиттері өзара түрлі мәселелерге байланысты түсінісе алмай, ұсақ тармақтарға бөлінген. Бірақ бұл тармақтардың ортақ ұстанымдары: өздеріне қосылмаған мұсылмандар мүшрик те емес, мұсылман да емес. Олар кәпір болады. Кәпір болғанымен, куәліктері қабылданады, олармен үйленуге, мирас алуға рұқсат етіледі. Жасырын өлтіруге болмайды. Керісінше, ашық түрде өлтіріп, ол мұсылманның аты мен қару-жарағын олжа ретінде алуды халал деп біледі.
Ибадия харижиттері 1. Хафсия; 2. Харисия; 3. Язидия; 4. Асхабу таат болып іштей төрт ағымға бөлінген. Бұлардың ішінде кәпір үкімін алған тармағы язидия. Өйткені язидия харижиттері ақырзаманға таяу Ислам шариғаты жойылады деп, Құран үкімін теріске шығарған4.
Ибадия иман мәселесінде Құраннан ауытқымауды мақсат тұтқанымен, адасушылық батпағынан шыға алмады. Сондай-ақ олар Хазіреті Әбу Бәкір мен Омардың кезеңін түгелдей, Хазіреті Османның алғашқы алты жылдық кезеңі мен Хазіреті Алидің төрешіге дейінгі кезеңін қабыл етеді. Осы уақыт ішінде болған діни үкімдер мен қағидаларды басшылыққа алып, өзгесін қабыл етпейді. Сол себепті бұлар иман ету мәселесінде өзге харижиттерге қарағанда әһлу сүннетке жақын.
Ибадия харижиттерінің ұстанған діни түсініктеріне қысқаша тоқталатын болсақ:
– Иман ету: Ибадия харижиттері бойынша, иман мен Ислам бір. Амал – иманның бір бөлігі. Ғибадатты тәрк еткен немесе Құранның тыйым салған бір амалын істеген адам имансыз болады. Бірақ, о дүниелік болмай тұрып тәубе етсе, қайтадан иманды болады. Иманды болғанымен сол істеген ісі үшін бәрібір ақыретте жазасын тартады.
Әһлу сүннет бойынша, амал етпеген мұсылман кәпір болмайды, күнәһар мұсылман үкімін алады.
– Аллаһқа иман: ибадиялықтар Аллаһ әлемнің жаратушысы әрі жалғыз деп сенеді. Бірақ, Аллаһтың сипаттарына келгенде муғтазилиттер секілді субути сипаттарын қабыл етпейді.
– Періште мен кітаптарға иман: періште мен кітаптарға иман ету мәселесінде әһлу сүннетпен бір сенімді ұстанғанымен Құран жайында муғтазилиттер секілді «Құран махлуқ» деп күпірлік етеді.
– Пайғамбарларға иман: Барлық пайғамбарға және Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы пайғамбар екендігіне сенеді. Бірақ күнәһар мұсылман үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақыретте шапағат етпейді деп, пайғамбарлардың шапағат ету ерекшелігін теріске шығарады. Егер пайғамбарлар шапағат ететін болса, Аллаһтың уағд және уағид (уәдесі, ескертуі, жазасы) қағидасына қайшы деген сенімді ұстанады.
– Жақсылық пен жамандықтың бір Аллаһтан екендігіне сену: ибадиялықтар жақсылық пен жамандық мәселесінде әһлу сүннет секілді Аллаһтан деп біледі.
– Руятуллаһ: Аллаһтың ақыретте мүминдерге көріну мәселесінде муғтазилит ақидасын ұстанып, Аллаһ ақыретте мүминдерге көрінбейді деуде5.
– Кәбайр: ибадиялықтар бойынша, үлкен күнә істеген кісі мүшрик болмайды. Тек күнә істеуін қоймаса яки күнә екендігін қабыл етпесе ғана серік қосқан болады.
Ибадиялықтар өздеріне қосылмаған өзге мұсылмандарды имансыз деп санайды. Сол себепті олармен соғыса қалған жағдайда қолға түскен заттарын, қару-жарағын олжа ретінде иеленуге рұқсат береді. Бірақ әйел мен бала-шағаларын олжа ретінде бөлісуге тыйым салады.
– Жақсылыққа үндеу: әрбір мұсылманның діни міндеті, халифадан бастап әрбір мұсылман өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса ғана әділдік орнайды деп сенеді.
Имамдық (халифалық) жайында әһлу сүннет ақидасына жақын пікірді ұстанады. Яғни халықтың қамын ойлап, халықты өзіне қарата алатын бір имамды сайлау арқылы таққа отырғызуға болады. Бірақ әһлу сүннет қабыл еткен имамдық шартындағы екі мәселеге қарсы шығуда. 1) Имам яғни халифа құрайыштан болу керек дегенге қарсы. Себебі ру мен нәсілдің еш маңызы жоқ, тек Аллаһтың әмірімен Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетін дұрыс ұстанған әділ, ғалым, тақуа болса жеткілікті. Қажет болса осы сипаттарға ие құл да имам бола алады. 2) Аллаһтың кітабы бойынша ел басқармаған, халыққа зұлымдық еткен халифаны орнынан алу керек деп, бұл мәселеде қатты кетеді6.
Ибадия ағымы Ислам шеңберінен аса ауытқи қоймағанымен әлі күнге дейін өз діни түсініктерін ұстанып келеді. Дегенмен әһлу сүннет ғалымдары оларды адасушы ағымдардың қатарына жатқызады.
Достарыңызбен бөлісу: |