15. Махамбет (1803-1846)- қазақ әдебиетіндегі сыншыл реалистік, романтикалық толғау ақыны. Өр рухты, күрескер, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Нарық құмында дүниеге келген. Әкесі Өтеміс – шағын шаруа адамы болған. Ақынның «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» деп жазғанындай Өтемістен туған 10 ұлдың ішіндегі сайыпқыраны осы Махамбет болады. Ағасы Бекмұхамбет те сөзге шешен, ділмар адам болған себепті, Жәңгір ханның сенімді билерінің бірі болған. Махамбет те жас кезінде Бөкей ордасында жүріп, Жәңгірмен достық қарым-қатынаста болған. Ол туралы 1925 жылы Халел Досмұхамедов құрастырған «Исатай-Махамбет» кітабында ашық жазылған. Нақты деректер бойынша Махамбет мұсылманша және орысша сауатты болған.
Ақын өлеңдер өз заманында ел ішінде ауызша таралған. Ол – жыраулар дәстүрін жалғастырушы импровизатор ақын еді. Алайда Махамбет өлеңдері мазмұны, пішіні жағынан да, көркемдік тұрғысынан алғанда ауыз әдебиет үлгісінен гөрі жазба әдебиетке өте жақын болды. Алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деген жинақта ақынның екі толғауы жарық көреді. Онан кейін 1910 жылы Орынборда шығып тұрған «Шайыр» деген журналда «Ереуіл атқа ер салмай», «Мен, мен едім, мен едім» деген екі толғау жыры жарияланады. 1920 және 1923 жылдары Ташкентте жарық көрген «Сәуле», «Терме», «Сана» журналдарында ақынның өлең жырлары басылып шыққан. Жалпысы Махамбеттен бізге жеткен өлеңнің саны – 79. Ақынның шығармалары 1958, 1962, 1989 жылдары толық нұсқада жеке кітап болып шығады. Махамбет өлеңдеріндегі өршіл рухқа, азат ойға алғашқылардың бірі болып ерекше мән беріп, талдаған білімділердің бірі -Мұхтар Әуезов болды. Ол «Әдебиет тарихы» еңбегінде Махамбет шығармаларына талдау жасайды. Сонымен бірге Сәбит Мұқанов та ақын өлеңдерінің ерекшеліктерін тоқталған. 1933 жылы ақын өлеңдері алғаш рет оқулыққа енгізіледі. Тұңғыш рет ақын шығармалары 1939 жылы жекк кітап болып жарық көреді, сол кітапта Қажым Жұмалиев ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет береді. Профессор Қ. Жұмалиев саналы ғұмырын «Махамбеттануға» арнайды. Ол «Егеулі найза» атты көлемді зерттеу еңбегінде ақын шығармашылығын жан-жақты талдап, ақын өлеңдерінің өзегіндегі азат рухты, айнымас сертті дөп басып, көрсетеді