1.15-17 ғасырлардағы қазақ әдеби тіл үлгілері
Сөз етіп отырған дәуірлердегі әдебиет үлгілерінің тілін құрылымдық қабаттарға қарай толық сипаттау мүмкін емес.Әсіресе олардың фонетикалық күй-қалпын беруге мүлде болмайды. Оған бұл үлгілердің хатқа түспей, ауызша сақталып бізге ауызша жеткендігі «кінәлі». Бұлардың тілінің грамматикалық құрылысын да дәл сол үлгілер туған кездегі күйінде суреттеу қиын, олар да азды-көпті өзгеріске ұшыраған. Тілдің құрылымдық бөліктерінің ішінде өзгеріске көп душар болатыны да, көненің көзін көбірек сақтайтыны да – лексика саласы. Оның үстіне, жоғарыда айттық, XV-ХVI ғасырларда жасап өткен қалам иелері ноғайлы-қазақ жұрттарына ортақ болғандықтан, мұнда ноғайлылық тілдік элементтер едәуір ұшырасатындығы. Олар лексика саласынан да, грамматика саласынан да орын алған. Шалкиіз, Доспамбет,Шобандарда кездесетін соңратын, соқта, асмар ету – сымарыш ету, бажа,балаңқы, сықтау, мажар, аббар көшу, мамық тосату, жәміші,шемшірлік, шал сақалың, нарты, дестір, кілең бұз, көмбедей ару жалар, ителу, көмірту, күділенген бал, жарқа, кежігу,қоңқалау сияқты сөздер – сірә, қазақ тілінен гөрі ноғайлылар тіліне жуық дүниеліктер.[Сыздықова Рәбиға.Қазақ әдеби тілінің тарихы.82 бет]
Ал грамматика, тіпті фонетика салаларынан бұз (мұз), бұзмай, дұшман, менім, атлы, жүрерлер,кешу кешмек, ханлар, не білейім, бізім тәрізді тұлғаларды көруге болады.Тілдік талдаулар үшін, тіл тарихын білу үшін бұларды «қазақыламай, сол «ноғайлық» қалпында оқу – міндетті шарт.Бұл – бір жағынан, бір топқа жататын, бір-біріне өте жақын қазақ пен ноғай тілдерінің ортақ тұстары мен айырым тұстарын, ауыс-түйістерін танытатын фактілер болса, екіншіден,сол фактілерді көрсететін үлгілердің де ортақтығын дәлелдей түсетін материалдар екендігіне көзіміз жетеді.Дегенмен осы айтылғандарды ескере отырғанның өзінде авторсыз ортақ туынды деп қарауға болатын дидактикалық өлең-толғаулардан бастап, иелері күмәнсіз және дидактикадан өзге мотивте жырланған үлгілердің тілдік-стильдік ерекшеліктері бар екенін көрсетуге болады. Ол ерекшеліктер, бір жағынан, ауызекі сөйлеу тілінен жоғары көтеріліп, белгілі бірдәстүрлікті, жүйелілікті танытатын болса, екінші жағынан,соңғы дәуірлердегі поэзияның тілінен де ажыратылатындығын байқатады. Бұл орайда мәселеге екі тұрғыдан қарау керек: бірі– сөз болып отырған кезеңді тұтас алып қарау, екіншісі – әрбір ақын-жырауға тән белгілерді табу.[Сыздықова Рәбиға Қазақ әдеби тілінің тарихы.84 бет]
Соңғы кезенде құрала бастаған «15-17 ғасырлардағы қазақ халқының рухани әрі мәдени өмірінде халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру тайпалардын сонау ғасырлардан бері келе жатқан поэзия тілі негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті.Негізен,ол поэзия түріндегі көркем әдебиетпен ауызша айтылатын дау билік саласында яғни шешендік сөздерде көрінеді деген пікірмен қоса,сонымен қатар хан жарлықтары,өзге елмен арадағы қарым қатынас қағаздары және тарихи шежірелер секілді жазба туындылардың қажеттілігін ортаазиялық түркі тілі өтеп отырды.Қазақ хандарының ресми хат хабарларын,іс қағаздарын,үкімет жарлықтарын және де ғылыми әдебиетті көбіне шағатай немесе түркі деп аталып кеткен тіл дәстүр негізінде жазылды.Қазақтың жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қошымұлы секілді тарихшысы да,(өз шығармасын кейінірек Жамиғ ат тауарих деп ат қойған) 1602 жылы осы тілде жазып бітірді»,-деген тәрізді пікірлер айтылып жүр.[Сыздықова Рәбиға 18-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы.25 бет]
Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын қазақ халқының халық болып жеке мемлекет яғни хандық құрау кезінен,15-16 ғасырлардан басталғанын айтатын болсақ,сөз жоқ,бұл кезеннің әдеби тілін танытатын үлгілерге ең алдымен қазақ қауымында алғаш дүниеге келген хандық кезеңде өмір сүрген көркем сөз шеберлерінің ақын жыраулармен шешендердің бізге жеткен,әлі де мәлім болып жүрген туындылары жатады.Кейінгі кездерде жарық көрген зеріттеулер мен солардың нәтижесінде құрастырылған жинақтар мен хрестоматикалық еңбектерде ол ақын-жыраулардың шығармалары беріліп жүр.Олар-Қазтуған Сүйінішұлы,Сыпыра жырау,Асан Қайғы,Доспамбет жырау,Шалкиіз жырау,Марғасқа жырау,Шобан,Ақтамберді жырау,Тәттіқара мен Есет жырау,Үмбетей жыраулардың арнау толғаулары мен есімі бізге жеткен сол заманда өмір сүрген би шешендердің сөздері Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған,тіпті бас уәзірі ретінде белгілі Жиренше шешен,Әз Тәуке ханның кеңесшісі,шешен билердің бірі болған Төле би,Қаздауысты Қазыбек би,Әйтеке би,Байдалы би,Сырым Датұлы,Қыпшақ Ізбасты секілді шешендердің бізге жеткен шешендік арнау-толғау сөздері,өсиет нақылдары шешендік сындары,дау сөздері жатады.[Бес ғасыр жырлайды.1965.8бет]
Бұл кезеңдегі ақын-жыраулар,би-шешендердің арнау толғауларын тілдік жағынан талдағанда екі нәрсені есте сақтау қажет.Біріншіден,ол туындылар кейінгі ұрпаққа,негізінен алғанда ауызша жеткен яғни олар ұрпақтан ұрпаққа көшу барысында белгілі тілдік дәрежеде өзгерістерге ұшыраған.Сөйтіп ол туындылардың алғашқы түрі қырналып,жойылып көпшілігі уақыт санына төтеп бере алмай кейінгі ұрпаққа жетпей қалуы да ғажап емес.Екіншіден,олар қаншалықты ауызша таралып,келешек ұрпақтарға ауызша жетіп отырса да,нақыл түрінде айтылған.Белгілі ұйқасқа,буын санына,өлшемге,мағыналық ойға құрылған өлең,жыр болғандықтан бұл туындылар әуел бастағы тілдік ерекшеліктерін кейінгі ұрпақтар айтуында да, барынша сақтап,біздің заманымызға қаймағы көп бұзыла қоймай сол қалпында жетті.[Исаев С.Қазақ тіл білімінің мəселелері.124 бет]
15-17 ғасырлардағы қазақ әдеби тілін танытатын үлгілерге,бір жағынан ақын-жыраулар туындылары,екінші жағынан,билер мен шешендердің сөздері, үшінші жағынан,ауыз әдебиетінің,лиро-эпостық,батырлар жырлары сияқты түрлерінен басқа үлкен екі топтағы дүниелер жатады.Оның бірі-алғашқы қазақ хандарының жарлықтары,бір-бірімен және өзге елдермен арадағы қарым қатынас қағаздары,өйткені «әрбір қазақ ханы,сұлтан мен ру басы қатынас,іс-қағаздарын,үкім жарлықтарын жүргізіп,оны іс жүзінде асырып отыратын,кеңсе хатшылығы қызметін атқаратын абыз ұстап отырған».Бұл туындылар «16-18 ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынастары» атты құжаттар жинағында көрсетілген:Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұқамед пен Ораз-Мұхамед ханзаданың қазақтардың Москва мемлекеті қол астына еніп,онымен әскери одақ құруы жайындағы әңгімесінің жазбасы,Ораз- Мұхамед ханзаданың ақщалай сыйлық жібергені үшін Федор Иванович патшаға алғысы,Ораз-Мұқамедтің Тәуекел ханға Москва мемлекетімен достық қарым-қатынас орнатуды сұрап жазған хаты,қазақ халқы Тәукенің Россиямен достық қарым-қатынасты қалпына келтіруді өтініп,Петрге жазған хаты т.б.Әрине,бұл секілді ресми іс қағаздар архив қойнаулары мен кітапхана қоймаларынан әлі де көптеп табылу тиіс.[Казахско-русские отношения в 16-18 веках.1961.15 бет]
Екіншісі-тарихи шежіре сипатындағы тарихи туындылар.Олардың қатарында Қадырғали Жалаиридың «Жамиғ ат тауарих»,Әбілғазының «Шежіре-и-түрк» сияқты туындылары жатады.Бұлардың бір үлкен ерекшеліктері-жазба нұсқалар болғандықтан,хатқа түскен кезеңнің,жазба дәстүрін толық сақтап қалған.Сондықтан да жазбалардың тілін бірде «орта азиялық түркі әдебиет тілі» деп,бірде «шағатай тілі» деп сан саққа жүгіртіп жүрміз.Шындығында солай ма?Ол жазбалар негізінен Қазақ хандығында жазылса ,жазған авторы қазақ болса,оның тілі қандай тіл болмақ? Қазақ тіл білімінің мəселелері [Исаев С.Қазақ тіл білімінің мəселелері.126 бет]
Рас,тілі,сөз саптау ерекшеліктері жағынан шығармалар 10-11 ғасырда қалыптасқан орта азиялық түркі тілі дәстүрінің негізінде туып,оның қазақ топырағында әр қарай жалғасып,дамыған түрі болып табылады.Міне,осы тұстан бастап,осындай ерекшеліктері бар қазақ әдеби тілі тарихында қос тілдік пайда болды.Оның бірі-сөйлеу тілі негізінде қалыптасып,негізінен поэзия мен шешендік сөздерде өмір сүріп келген,кейін 19-ғасырда жаңа сападағы жазба әдебиет тіліне негіз болған әдеби тіл еді.Екіншісі-орта ғасырлық түркі жазба әдеби тілінің дәстүрлерін есте сақтай отырып,қазақ топырағында әрі қарай дамыған,әртүрлі жазбалардан көрініп отырған дәстүрлі жазба тіл болды.Ол күні кешеге,дейін Қазақ революциясына дейін өмір сүріп келді.Олардың әрқайсысының қазақ әдеби тілі тарихында өз орны бар.[Исаев С.Қазақ тіл білімінің мəселелері.127 бет]
Достарыңызбен бөлісу: |