Қорытынды Қорытындылай келе,XV-ХVII ғасырлардағы қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілінің сөздік қазынасында орыс тілінен сөз алу дәстүрі жоқ, өйткені мұның әлі базасы жасалмаған еді: Ресей мемлекетімен, орыс халқымен, орыс мәдениетімен, тілімен араласатын саяси, әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастар тумаған кезең екендігі тілде де көрініс тапқан.
Жыраулар лексикасында образ үшін осы көрсетілген мағыналық топтардың барынша жұмсалғандығы өте-мөте көзге түседі. Бұларда табиғат лирикасы, махаббат жырлары дегендер жоқ болса да, сол табиғаттың жанды-жансыз күйіне қатысты көптеген сөздердің орын алуы – олардың теңеу, метафора сияқты амалдар үшін қолданылғандықтарына байланысты.
Ең алдымен, Бұқар жырау өзіне дейінгі қазақ поэзиясы тілін түгелімен пайдаланып, оны әрі қарай жалғастырушы болса, екіншіден, ол XVIII ғасырға дейінгі екі-үш жүзжылдықтар бойы жасап келген әдеби тілдік дәстүрді түйіндеуші, сондай-ақ жырау тілін бізден бұрынғы зерттеушілер өте дұрыс танығандай,Бұқар - халықтың өнеге-оқуы - дидактикалық поэзия мен азаматтық позицияның жыршысы болды.
XV-ХVI ғасырларда әр халық тілінің фонетикалық-грамматикалық белгілері бір-бірінен едәуір ажыратылып, бірдейліктен бірсыпыра орныққан деуге болады. Ол белгілер кейінгі ғасырларда әрі қарай бекітіле түскен, жалпыхалықтық тіл нормасына айнала бастаған. Бірдейліктің екінші себебі – түркі тілдерінің фонетикалық-грамматикалық жүйесінің өте баяу өзгеретіндігінде. Үшіншісі – біз әңгіме етіп отырған әдеби нұсқалардың ауызша таралып, ауызша жеткендігінде, яғни ұрпақтан ұрпаққа өткенде ескі элементтердің заманға сай жаңасымен ішінара алмастырылып отырғандығында.
Дегенмен бұл кезеңдегі қазақ тілінде бүгінгі нормалардан өзгеше келетін азды-көпті грамматикалық тұлға-тәсілдердің болғаны сөзсіз.
Бірқатар сөздердің қазіргіден мағына өзгешелігінің және бір себебін XV-ХVI ғасырлардағы қазақ поэзиясы тілінің де ортағасырлық түркі әдеби тілдерімен, оның ішінде Алтын Орда, Хорезм ескерткіштері тілдерімен іліктестігінен деп топшылауға болады. Бұл іліктестіктің тамыры ол тілдердің қай-қайсысының да қайнар көзі халықтың ауызекі сөйлеу тілі мен ауыз әдебиеті дәстүрлеріне қатыстылығында болса керек.