Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал, XІX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.
Киіз үй
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.
Қазақтың ат-тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі - қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең “қазақ ері” болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің “құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің бәрін - тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы және т.б жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған
Қорытынды
Сонымен, қорыта айтқанда, XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырда қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінде көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды.