І. Қ Азақ тіл біліміндегі таным теориясының Әдіснамалық негіздері


І.3. Таным теориясының психолингвистикалық негізі (А.Байтұрсынұлының еңбектері бойынша)



бет8/14
Дата21.10.2023
өлшемі180,13 Kb.
#120265
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14
І.3. Таным теориясының психолингвистикалық негізі (А.Байтұрсынұлының еңбектері бойынша)
Танымдық лингвистика адамның ойлау категориясымен байланыстырылса, психолингвистика адамның тілі мен психологиясын тұтастықта қарастырады. Тілдегі таным адам санасындағы танымдық әрекеттер арқылы жүзеге асып, дамиды. Адамның танымдық әрекеттерінің, психологиясының тілмен тұтастығы қазақ тілінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулерінен де көрініс тапқаны айқын.
Адамның қоршаған ортаны тану барысында түйсіктен қабылдауға дейінгі айналананы тану, ес, зейін әрекеттерінің қалыптасуын, сонымен бірге ойлау, есте сақтау, қиялдау, тіл, эмоция сынды әрекеттердің дамуын сипаттайтын барлық психологиялық процестердің бүкіл ауқымын когнитивті психология қамтиды.
«Психологияның танымдық бағыты субъектілердің қабылдау, ойлау, тану, пайымдау, түсіну әрекеттерін жан-жақты талдау негізінде адамның iшкі, көзге көрінбейтін әpi нақты механизмдер мен процестер арқылы емес, сана, жады қызметтерінің көмегімен бақыланатын мәселелерді шешуге бағытталды» [36, 153]. Ғалым-лингвист Дж. Кесс психолингвистика дамуында төрт негізгі кезеңді атап көрсетеді: қалыптасу кезеңі; лингвистикалық кезең; когнитивтік кезең; когнитивтік ғылымның ағымдық кезеңі. Алғашқы кезең үшін структурализм мен бихевиоризм идеяларының әcepi тән болса, eкіншici лингвистика мен психолингвистикадағы трансформациялық туындатушы грамматиканың басым болуымен байланысты. Когнитивтік кезең Н.Хомский жариялаған грамматиканың негізгі қызметінен бас тартып, оның (грамматиканың) семантикамен, ал тілдің - тілді меңгеру мен пайдалану үдерісіне қатысатын басқа да когнитивтік жүйелер сипатталады. Психолингвистика дамуының ағымдық кезеңі когнитивтік әдістің психолингвистикалық білімдер, ділдік репрезентациялар табиғатын орнатумен байланысты зерттеуге әкеп соғады. Сонымен қатар, психолингвистика дамуының бұл кезеңі аталмыш білімдер мен репрезентациялардың талқылау және шешім қабылдау сияқты ойлау қызметінде пайдалануын анықтайды. Дж. Кесс атап көрсеткен соңғы екі кезеңнің ажыратылуын түсіну үшін «когнитив» элементімен сәйкес келетін бірнеше терминдердің ара-жігін ашып алған жөн, себебi бұл мәселе күрделі болып есептеледі. Когнитивизм бойынша алғашқы кезде сынға қатты алынған ойлау, шешім, қабылдау сияқты қасиеттер ділдік үдерістерге жатқызылады. Танымдық, яғни когнитивтік үдерістер табиғатын зерттейтін когнитивті психология алғашқы кезден бастап-ақ жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді қамтиды. Алайда осыған негізделген теориялар аталмыш үдерістердің механизмдерін түсіндіріп жеткізуге жеткіліксіз болды да, мұның өзi философтар, психологтар, лингвистер, нейрофизиологтер, жасанды интеллект саласындағы мамандарды біріктірген когнитивті ғылым ретінде жүзеге асатын пәнаралық әдістің қажет екенін мойындатуға әкелді. Кейінгі жылдары қазақ тіл білімінде когнитивтік психология, когнитивтік антропология, әлеуметтік лингвистика ғылым салалары пайда болды. Соңғы онжылдық ішіндегі психолингвистикалық еңбектерді талдай келе, психолингвистика, когнитивтік психология, когнитивтік лингвистика, жасанды интеллект, сонымен қатар, прагматика саласындағы зерттеулердің ортақ мәселені қарастыратынын байқауға болады. адамның шындық жайлы алған ақпаратты түсіне біліп, оны шешім қабылдау, күрделі мәселелерді шешуде қолдана бiлуге тырысуы когнитивтік әдіс арқылы іске асады. Когнитивтік психологияның нысанын білімнің құрылымы мен түсінік аппараты немесе адамның ойлау әрекеті құрайды. Когнитивтік психология мен когнитивтік лингвистиканың қарастыратын ортақ мәселелері: жады (есте сақтау), ішкі сөздік қор, сөйлеу әрекетін туғызу мен қабылдау.
Тіл білімінің психологияға негізделген когнитивтік сипат алуы адам миының мүмкіндіктерін жоғары бағалап, оны тереңірек зерттеуді алдыңғы орынға шығарды. Ақпаратты қабылдау, өңдеу, қорыту, сақтау тәрізді процестер тілдік зерттеуде де басты мотивацияға айналды. Жаңа дерек алған адамның оны жадында бар бұрынғы дерекпен салыстыратынына, екеуі теңдесе келе, соны ақпараттың пайда болып, оның іске қосылу үдерісіне мән берілді.
Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттарды зерттеген Әмірбекова А.: «психолингвистиканың негізгі мақсат-міндеті біріншіден, жалпы адамзаттың кез келген ақиқат дүние туралы алғашқы түсінігін (ассоциациясын) тіл арқылы жеткізу қабілетін зерттеу, тіл тұтынушының белгілі бір ұғым туралы ассоциативті өрісіне шоғырланған тілдік бірліктердің қандай психикалық қабілет арқылы танылғанын (сенсорлы, перцептивті, аффективті, эмоционалды, экспессивті) анықтау, екіншіден, жарыққа шыққан осы ішкі ойдың негізінде адам санасында сенсорлы, перцептивті қабылданған ақпараттардың ұйымдасуын фигура немесе фон аясында құрастырылуын, яғни гештальт-құрылымға салынып, жүйеленуін, жинақталу, реттелу жолдарын зерттеу» [32, 60] - деп түсіндіреді. Демек, психолингвистика адамның сенсорлы қабылданған ақпараттардың тілдік көрінісін одан тарайтын ассоциативтік, коннотативтік бейнелеу ерекшеліктерін талдап зерттейтін болса, когнитивтік тіл білімі адамның не ұлттың мыңдаған бойы жинақтаған ілімі, ақыл-парасаты, ойлау, пайымдау қабілетінен туындаған ұғымдар мен олардың тілдік көрінісі анықталады.
А. Байтұрсынұлы сөз өнерін: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату бернелеу, суреттеп ойлау: көңіл ісі – түю, талғау» [42, 9] – деп, барлық танымдық әрекеттерге сипаттама береді. Мұнда ғалым «ақыл ісі аңдау» деп адамның қоршаған ортадағы құбылыстар мен заттарды бақылап, түйсік арқылы қабылдап, сезініп, санасында бейнелеп, елестетіп, ол заттар мен құбылыстарды ұғу деп түсіндіреді. Себебі Қ.Жарықбаев зерттеулерінде: «зейін деп – адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты атайды. Зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу» - деп түсіндіреді.
А.Байтұрсынұлы зейіннің тілге қатысын «Әдебиет танытқыш» еңбегінде: «Қара сөзден адам тек ұғым алады» - деп, ғалым ұғымды сипатына қарай «ес ұғымы» және «іс ұғымы» деп екіге бөледі. «Ес ұғымының арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін, затын, заңын, сырын, сипатын, мүддесін, мұратын танимыз», «Іс ұғымы арқасында табиғат ісін, күшін, нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз» – деп, ұғымның қалыптасуы тікелей зейінге байланысты екенін айтады. «Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын, яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде, адамға бір үлкен ұғым пайда болады» - деп, зейіннің «бүтін ғаламды тануға» ықпалы зор екендігін көрсетеді. Әрине «бүтін ғаламды тануға» бір зейіннің шоғырлануы аз, адам түйсіктерінің қызметі айналадағы заттар мен құбылыстардың қасиеттерін адамға сезіндіріп, ұғым қалыптастыруына, танымына ендіруге қызмет етеді. «Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының жеке қасиеттерінің, сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінен пайда болған мидағы бейнелерді түйсік деп атайды. Түйсік арқылы заттардың түсін, иісін, дәмін, қатты-жұмсақтығын, кедір-бұдырлығын т.б. осы секілді қасиеттерді ажыратылады. Түйсіктер заттар мен нәрселердің тек жеке қасиеттерін ғана мида бейнелейді» [53]. Адамның танымдық әрекеттерінің бірі саналатын түйсік әлемдегі заттар мен құбылыстардың қасиеттерін танытады. Өйткені «түйсік – таным негізі. Түйсік - бұл материалдық дүние заттары мен құбылыстарының, сондай-ақ организмнің ішкі күйлерінің жеке қасиеттерін бейнелеуде көрінетін қарапайым психикалық процесс. Бұл процесс материалдық тітіркендіргіштердің сәйкес рецепторларға тікелей әсері нәтижесінде жүзеге асады» [8, 90]. Адам заттар мен құбылыстардың сипатын, ерекшеліктерін сезім мүшелері арқылы танып, оны санаға жеткізеді. «Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келуі-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыратын психикалық процестің түрін сезім деп атайды [53, 293]». Адамның айналадағы құбылыстар мен заттарды тануы, ең бірінші, сезім мүшелері арқылы жүзеге асады. Себебі «Сезім мүшелері – сыртқы дүниені адам санасына жеткізетін каналдар. Сезім мүшелері адамның сыртқы ортада және өз ішкі күйінде бағдарлай алуына мүмкіндік береді» [8, 91]. Танымның төменгі сатысы болып табылатын сезімдік таным адамның көру, есту, ұстау, иіскеу, дәмін алу сияқты нақты физиологиялық каналдары негізінде жүзеге асады. Олар арқылы адам айналасындағы қоршаған дүниені қабылдайды. Бұл процесс мида белгілі бір нәрсе туралы түйсік тудырады. Заттардың, құбылыстардың сезім мүшелерімізге тікелей әсер еткенде олардың жеке белгілерінің санада бейнеленуі түйсік деп аталады. Түйсіктің нәтижесінде адам шындық болмыстағы заттардың, құбылыстардың жеке қасиеттері, сапалары туралы мағұлмат алатын болса, қабылдау кезінде заттың, құбылыстың тұтас бейнесін сезінеді, бағамдайды. Және осы түйсіктерді тануға мүмкіндік береді. Яғни, «ес – бір-бірімен байланысты жеке процестерден тұратын күрделі психикалық процесс. Ес адамға қажет, ол жеке өмір тәжірибесінен жинақтап, сақтап, оны пайдалануға мүмкіндік береді» [8, 113]. Ес адамның айналасындағы заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, белгілерін сақтап қана қоймай, оны тануына тікелей ықпал етеді. Себебі «ес дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адам миында сақталып, қайтадан жаңғыртылып, танылып, ұмытылуын бейнелейтін процесс» [53, 221]. Сондықтан тілдегі таным ес әрекетімен өте тығыз байланысты. Осы байланыстылығын А.Байтұрсынұлы кезінде жарыққа сөз арқылы шығатын ұғыммен байланыстырып: «ес ұғымның арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін, затын, заңын, сырын, сипатын, мүддесін, мұратын танимыз» [42] - деп, ес процесін толық түсіндіреді.
А.Байтұрсынұлы тілдің міндетін адам ақылымен байланыстырып, «ақыл ісі – ...нәрселердің жайын ұғу, тану» [42, 9] – деп, тілдің ақыл, дүниені қабылдау мәселесімен тығыз байланыстылығын көрсетеді. Тілдегі таным адамның заттар мен құбылыстарды тануы арқылы, оларға атау беріп, белгілеріне қарай атаулары да ұқсас келеді. Тануды психологиялық тұрғыда Қ.Жарықбаев былай түсіндіреді: «Тану – қайта жаңғыртудың қарапайым түрі. Тану – бұрын қабылдаған және қайтадан кезіккенде көрінетін ес процесі. Тану адамдардың қабылдау саласындағы ерекшеліктеріне қарай түрлі дәрежеде көрінеді. Объектіні дұрыс тану үшін адамның көзі төселіп үйренген, өмір тәжірибесі мол, бақылағыш болуы шарт» [53, 230].
Кез келген затты немесе құбылысты қабылдау адамда бұрыннан ұрпақ жалғасып келе жатқан тәжірибе, білім негізінде жүзеге асады. Ғалым «ақыл ісі – аңдау» деп психологияда «қабылдау» деп аталатын танымдық әрекеттің сипатын түсіндіреді. «қабылдау – ми қабығының күрделі анализдік және синтездік қызметінің нәтижесі. заттар мен құбылыстардың мағынасын түсінудің қарапайым түрі – тану. Нәрсені танымайынша оны аңғарып, қабылдау қиын». Заттар мен құбылыстарды қабылдаған кезде оларды түйсініп, қабылдаумен бірге біз ол заттардың қайдан пайда болғанын, олардың қасиеттерінің қандай екендігін елестетіп, түсінігімізді, ұғымымызды кеңейтіп отырамыз. Сондықтан қабылдауға түйсіктермен қатар, ой элементтері де, ес, елестер мен ұғымдар да еніп отырады.
А.Байтұрсынұлы танымның жоғары сатысы болып табылатын психикалық процесс «ойлау» әрекетін - «ақылға салып ойлау» деп көрсетеді. «Ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының мида жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметті бейнелейді» [8,127]. Демек, ғалым адамның дүниедегі құбылыстарды, жекелеген фактілерді қабылдай отырып, оларды ойша өңдейтіндігін, олардың әрқайсысының мәнісі мен қасиетін, өзара байланысын танып білетіндігін, сонымен қатар осы әрекеттердің барлығы тіл арқылы жүзеге асатындықтан «сөз өнері» деп түсіндіріп отыр. Танымның кеңейіп, тереңдеуі адам сөз арқылы ойлағанда жүзеге асады. Ол туралы Қ.Жарықбаев: «Ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Нәресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі. Ойлаудың бұл түрі оның танымын онша кеңіте алмайды. Баланың тілі шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым – қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңбері кеңейетін болады. ...ойдың дамуы адамның нақтылы іс-әрекетімен шарттас болуымен қатар, оның сөйлеу мәдениетін меңгере білуімен де, сөз өнеріне жетілуімен де тығыз байланысты» [53, 239] - деп түсіндіреді. А.Байтұрсынұлы ойдың дамуына тілдің ықпалын: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан соң ол тіл танытқыш кітаптардан таниды. Онан кейін үлгілі жазушылардың шығарған сөздерін оқып, өзі іс жүзінде иә ауызша айтып, иә жазып қолданумен біледі. Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды» - деп түсіндіріп, адамның танымы көріп, естіп, жазып, оқып, іс жүзінде қолдану арқылы қалыптасып ойдың дәлдігін, нақтылығын сөйлеуінде көрстетіндігін айтады. «Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде түгіл, жалғыз амандасу жүзінде де әркім әр түрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп амандасады. Сол сияқты әркім пікірін шығарғанда да ана тіліндегі сөздерді әрқайсысы әр түрлі қолданады. Қысқасын айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өз оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөздер сол адамның тілі болады. Сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп түзу – тіл қисыны деп атайды» [42, 22] – деген анықтама беріп, ғалым тіл қисыны әрдайым ойлаумен тұтастықта жүзеге асатынын баса айтады.
Ал қиял әрекетін «қиял ісі – меңзеу» деп, оны қабылданған ақпараттарды ұқсату, суреттеп ойлаумен байланыстырады. «Қиял – нақты шынайылықты білдіретін және осының негізінде жаңа көріністі түсініктерді қайта жасайтын процесс. Адам миында бұрыннан бар елестерді мәнерлеп жаңа образ жасау процесі қиял деп аталады» [8,141]. Адам ойның ұшқырлығын шеберлікпен жеткізу, қиял әрекетінің жүйрік, тереңдігі танымға тікелей байланысты. Қ.Жарықбаев: «Қиял дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өңдеп, бейнелеуге көрінетін, тек адамға ғана тән психикалық процесс» [53, 275] - деп түсіндіреді. А.Байтұрсынұлы «көңіл ісі» деп адамдардың рухани өміріндегі қуаныш, үрейлену, таң қалу, ұят, т.с.с. түрлі уайымдарды қамтитын адамның эмоциясын, ал «түю» деп адамның мінез-құлқын меңгере алу қабілетін меңзейді. Адамның мінез-құлқын меңгере алу қабілеті танымдық әрекеттің бірі – ерік. «Ерік деп адамның өзінің психикасы мен қылықтарын саналы басқару қабілетінен көрінетін қасиетті атайды» [8,164].
Сонымен ғалым: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [42, 9], - деген тіл мен ойлау, ақпаратты қабылдау және пайымдау жайында көзқарасын білдіреді. Демек, ғалым қабылдау, ойлау, тану, пайымдау, түсіну әрекеттерінің адам санасының тіл болмысымен байланысындағы басты қызмет атқаратындығын көрсетеді.
Когнитивті лингвистика тіл жүйесінің заңдылықтарына сүйеніп, онтологиялық жағдайдың когнитивтік амалмен мағына беруін, тілдік бірліктерде танымдық белгілердің көрініс табуын, тілдің лексика-фразеологиялық және синтаксистік жүйесінің ішкі бірлігін көрсетіп, сөздің мәнін әлемдік көзқарас пен мәдени факторлар позициясы арқылы анықтауға мүмкіндік беретін бағыт ретінде қалыптасуда.
Осыған орай, А.Байтұрсынұлы еңбектерінен де тілдік бірліктерді түсіндіруде халықтың түсінігіне жақын етіп, адамның қоршаған ортаны қабылдауда қызмет атқаратын сезім мүшелерін де ескере отырып танымдық тұрғыдан жеткізгендігін көреміз. Ғалым адамның сезімдік танымына жеке-жеке тоқталып, оны тілдің құрылымымен сабақтастыра түсіндіреді: «көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар». Ал «Екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар» - деп, деректі және дерексіз зат есімдердің табиғатын адамның бес сезім мүшелері арқылы түсіндіреді. Ғалымның бұл пікірін О.Жұбаева: «тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалық таным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау, түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын айқындауға бағытталған» - дей келе, ғалымның зат есімдерді түсіндірудегі шеберлігін «адамның сенсорлық қабылдауын» түгел қамти отырып жеткізу арқылы адамның болмысты тану әрекетін нақтылайды деген тұжырым жасайды. А.Байтұрсынұлы тіл мен адамның психофизиологиясы өте тығыз байланыста жүзеге асырылатындығын көрсетеді.
А.Байтұрсынұлы тіл біліміне арналған зерттеулерінде тіл болмысын тереңінен зерттеп, адамзат тілінің ойлауы, пайымдауы, сонымен қатар тілдің танымдық әрекеттермен байланысы, адам санасындағы танымдық ерекшеліктердің сөзден, тілден көрініс табу жолдарын жан-жақты талдай келіп, барша адамзат баласының психологиялық құрылысын тілмен сабақтастықта түсіндіріп, өзіндік ғылыми тұжырымдарын ұсынып, тіл біліміндегі жаңа ғылым салаларының дамуына мол үлес қосқан.
Тіл болмысын адамның психологиясымен сабақтастықта зерттеудің ғылыми тұжырымдары А.Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін, Қ.Жұбанов зерттеулерінен де көрініс тапқан. Қазақ тіл білімінің негізін салған еңбектерінде Қ.Жұбанов тіл табиғатын таныту мақсатында тілді басқа ғылым салаларымен байланыстыра келіп, адамның тілі оның психологиясымен де тығыз байланысты екенін көрсетеді. Адам құндылықтарынан, қасиетінен, ділінен, мінезінен көрініс беретін тілдің психологиялық қырын Қ.Жұбанов сөз бен ой тұтастығы, сөйлеу мен ойлау, танымдық әрекеттердің тілмен байланысы сияқты мәселелерге байланысты еңбектерінен көруге болады.
Қ.Жұбанов еңбектерінде психолингвистиканың ұшқындарын «қабілеттілікті» сапа ретінде сипаттап, ойлаумен байланыстырғанынан көреміз. «Ой деген адамның өзі жайлы, болмаса, төңіректегілер жайлы білгені. Сөз деген – сол білген нәрселердің аты. Сондықтан адам, заттар мен құбылыстар жайында білген ойын білдіргісі келсе, сол заттар менен құбылыстардың аттарын айтып білдіреді – яғни ойды сөзбен білдіреді» - деп, ой мен тіл сабақтастығын ашып көрсетеді. Сөз бен ой тұтастығын ғалым адамның сыртқы дүниені түйсінуден қабылданған ақпаратты ойлап, ойды сөз арқылы жеткізу әрекетін түсіндіреді. Мысалы: «Екі атты кісі келіп түсіп жатыр» дегенде көріп білгенімді білдірдім. «Аяғым тоңды» дегенде тоңып білгенімді білдірдім. «Баяғыда біздің ауыл көшіп жүрген екен» десем, есітіп білгенімді білдірем» - деп, ғалым көру, сезіну, есту сезім мүшелері арқылы қабылданған ақпараттарды ойлап, сөйлеу арқылы сол ойды жарыққа шығарып, әр адам оз ойын сөз арқылы білдіретіндігін түсіндіреді. Сонымен қатар, сезім мүшелері арқылы қабылданған ақпараттың адам санасында белгілі бір уақыт бойы пайымдалып, тұжырым жасалатындығын мына мысалмен түсіндіреді: ««Есектен ат жүйрік» десем де, есек пен аттың шабысын талай көріп, сезіп барып білгенімді айттым». Яғни, Қ.Жұбанов адамның психофизиологиялық болмысын сөзбен байланыстыру арқылы тіл мен адам психологиясын тұтастықта қарастырады. Танымды ғалым «білгенім» деп адамның заттар мен құбылыстарды танып, білу негізінде қалыптасқан ақпараттық қорды, таным көкжиегін атап өтеді. Тіл болмысының оймен тығыз байланыстылығын «нендей ойымды білдірсем де, бәрі де өзімнің білгенімді білдіру болып шықты» – деп қорытындылай келіп, «Адамның ойы мен санасы қаншама күрделі болғанымен, тілсіз ой жүзеге аспайды [8, 66] - деген тұжырым жасайды. «Сөйлегендегі мақсат – біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі» [2, 33] - деп, адам танымында пайымдалған ақпараттардың тілде көрініс табатындығын меңзейді.
Психолингвистиканың қарастыратын мәселелері ойлау мен тіл, тіл мен сана, сонымен қатар, ойлау мен сөйлеу әрекеті. Себебі сөйлеу де тек тіл, таным арқылы ғана емес, психологияның да ықпалымен жүзеге асады.
Психолог А.Р.Лурия когнитивтік психология тұрғысынан сөйлеуге мынадай анықтама береді: «Сөйлеу – адамдармен қарым-қатынас кезіндегі тілдің нақты жүзеге асуы. Сөйлесудің бірнеше қызметі анықталады: номинативті, реттеуіштік және коммуникативті. Отандық психология сөйлеудің ішкі (өз ішінен) және сыртқы, айтылымның ауызша және жазбаша түрі бар екенін айтады. Ауызша сөйлеу диалогтік және монологтік болып екіге бөлінеді» [54, 28].
Профессор Қ.Жұбановтың пікірінше: «сөйлеу – бір оқиғаның жайын хабарлау» [37,118], - дейді. Ғалым «адам бұрын абстрактілі түрде сөйлей алмаған, конкрет түрінде ойлаған. Сондықтан ол кездегі сөздер де конкрет. Кейіннен абстракт түрде ойлай алатын болған соң, әлгі конкрет сөздерін бұған тыққыштаған» [37, 118] - дейді. Сондай-ақ, ғалым: «сөйлем – суждение /мысль/, осының сыртқы түрі /көрінісі/. Әр сөз /представление/» [37, 106]-дейді. Демек, ғалым сөзбен ойлаудың өзара байланысына когнитивтік тұрғыдан назар аударған.
А.Ә.Қарабалина Қ.Жұбанов зерттеулерін психолингвистикалық тұрғыда қарастырады:«Қ.Жұбанов психолингвистиканың міндетін тілді зерттеудің психологиялық бағытында – яғни, сөзді, сөйлеуді, ойды психолингвистикалық талдау деп көрді. Ғылыми психолингвистиканың, қолданбалы этнопсихологияның мазмұнын Қ.Жұбанов байытып, этнопсихология адамдар мен халықтардың тек сөйлеу құбылысының мәселелерін ғана емес, сонымен қатар олардың психологиялық сипатын да зерттеуі керек деп санады» [55, 43].
Когнитивтік лингвистика тіл арқылы адамды, адам арқылы тілді тануға бағытталса, Қ.Жұбановта мұның бір жағы субстансияның миға әсеріне, сыртқы дүниенің танымдық бейне жасауға ықпалына қатысты басым айтылады. Табиғатпен біте қайнасқан алғашқы адам санасында тұтас әлемнің бұзылмай белгілі ғана таңбамен таңбаланып сол күйінде сыртқа шығуынан сақталған элементтер тілде көрініс тауып отырғанын Қ.Жұбанов білдіре отырып, алғашқы дәуірде де адамдар танымы абстракцияланғанын меңзеп кетеді. Тілдің танымдық қасиетін, қиюын тауып, қиыстыра зерделеген Қ.Жұбанов еңбектерінен когнитивтік лингвистиканың қай жағы да табылатынына көз жеткізу қиын емес. Ғалым дыбыс ерекшеліктерін түсіндіру барысында табиғаттағы жалпы дыбыстардан тіл дыбыстарының ара жігін ажыратып, терең талдай келе, табиғатпен біте қайнасқан алғашқы адам санасындағы тұтас әлемнің белгілі таңбалар арқылы бүгінге жеткен элементтердің тілдегі көрінісін сипаттайды. Қ.Жұбанов зерттеулерінде психолингвистиканың ерекше мән беретін мәселесінің бірі – ым тіліне ғылыми талдау жасағаны көрінеді. Қ.Жұбанов зерттеулері негізінде біз дыбыс тіліне дейінгі қарым-қатынастың осындай балама жолы туралы мағлұмат аламыз. Қ.Жұбанов: «бір замандарда сөз бен ым тілінің қатар жүрген кезі де болған» [44, 97] - дейді. Қарым-қатынастың ым-ишара, яғни кинетикалық түрі адамдардың бір-бірімен қимыл арқылы тілдесуін ғалым әдет-ғұрыптан да көруге болатындығын айтады. «Күншығыста әйелдер тұрмысы ерекше жағдайда болғандықтан, әйелдерге арнаулы түрлі әдет-ғұрып өзгешеліктері мұнда жиі ұшырайды. Сол әдет-ғұрып өзгешеліктерінің бірі – осы күнге шейін Кавказда армян, грузин, түріктер арасында сақталған әйелдердің ым тілі» - деп, ол ым тілін армяндар «нашнауар» деп атайтындығын айтады. Осы мәселеде қимыл арқылы қарым-қатынастың бүгінгі күнге дейін жеткен белгілері ым-ишаралардың қалыптасуын түсіндіреді. «Мұндай әйелдерге арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі – әйелдерде ғана болатын «ерін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату» (кекеткенде)» [44,118] - деп мысал келтіреді. Ғалым тілдің психологиямен сабақтастығын көрсете отырып, әйел психологиясына тән ым тілін талдайды. Ғалым ым тілінің коммуникативтік қызметін талдай келе, этнопсихологиялық ерекшеліктеріне баса назар аударып, оның әр халықта әртүрлі сипат беретінін көрсетеді. Қ.Жұбанов танымындағы ым тілі бүгінде теориялық жағынан паралингвистиканың нысанына негізделгенімен қатар, психолингвистикалық мәселелерді кеңінен айқындауға мүмкіндік беріп отыр.
Қ.Жұбанов еңбектеріндегі психолингвистикаға қатысты ой-пікірлері мен көзқарастары таным теориясының ғылыми-теориялық ұғымдарын түсіндіруге жол ашады.
Тіл болмысын зерттеу барысында оның психологиялық қырын біртұтастықта қарастырған ғалымдардың бірі – С.Аманжолов. Профессор С.Аманжолов тілдегі таным болмысын қазақ тілінің тарихын, диалектілік ерекшеліктерін, қазақ тілінің синтаксисін зерттеу барысында әрдайым ескеріп, тіл арқылы халықты, ұлтты, оның мінезін, барша адамзат құндылықтарын танып-білуге болатындығына мән береді. Ғалым белгілі бір ұлттың тілін зерттеу арқылы сол тілді қолданушы халықтың салт-дәстүрінен, тұрмыс-тіршілігінен, рухани-мәдени өмірінен, әдет-ғұрпынан, этностық ерекшеліктерінен, қайталанбас қасиетінен, сонымен қатар, ділі мен психологиясын кеңінен тануға болатындығын меңзеді.
С.Аманжолов синтаксис саласы мен тілдің теориясына арнаған лингвистикалық зерттеулерінде тіл мен ойдың маңыздылығын: «Тіл – қондырмалық зат. Бірақ ол ойдан құралып, мидың талқысынан шыққан абстракты зат. Мұның анық көрінуі, яғни затқа айналуы тіл арқылы болады. Тіл мен ойлау егіз» - деп, тұжырымдайды. «Тіл ойдың жүзеге асуы, абстракт түрден конкрет түрге айналуы деуімізге де болады. Ойдың тілге, яғни сөзге айналуы, сөзбен айтылуы конкрет затқа айналғанымен бірдей». Тіл мен ойлаудың өзара байланысын зерттеулеріне арқау еткен ғалым тілдің танымдық болмысын анықтай түседі. Тіл мен ойлаудың байланысы туралы мәселе тіл білімінің ғана емес, сонымен бірге философия мен логиканың және психологияның ең күрделі мәселелері болып саналады. Мәселенің маңыздылығы – ойлау процесі мен тіл табиғатының бір-бірімен өзара күрделі заңдылықтар арқылы байланысатындығында. Дыбыстық тіл де, абстракт ойлау да – адамға ғана тән қабілеттер. Бұл екі құбылыс та адамның екі жақты қабілетіне сәйкес әрі әлеуметтік, әрі биологиялық сипаттарымен түсіндіріледі, осы екі факторды бірдей қамтиды. Біріншіден, тіл де, ойлау да – адам миының қызметінен туындайды, сәйкесінше соның өнімі болса, екіншіден тіл де, ойлау да – әлеуметтік құбылыстар, өйткені оларды өмірге әкелетін адамның өзі – сол қоғамның құраушы бөлігі. Тіл мен ойлау әрі әлеуметтік, әрі индивидуалды-биологиялық тұрғыда ұштасып, өзара үндесімде, бірлікте болады. Тіл мен ойлаудың жалпы тұтасымы сол бірліктен көрінеді. Сондықтан ғалым сөйлеу мен ойлау әрдайым сабатастықта жүретіндігін айтады, Демек, ол тілдің әрдайым адам психологиясымен ұштасып тұратындығын білдіреді. С.Аманжолов: «Сөйлегенде, айтатын сөзіміз, терең неше алуан ойымыз, өткір қиялымыз, тереңнен тартып топшылап, алыстан орап, оспақтап, я жоспармен сөйлейтін тәртіпті сөйлемдеріміздің тізбегі толып жатқан ойлардың желісі ... бірден шыға қойған жоқ. Ойдың да сөйлемнің де даму жолы бар» - деп, тілдің адам танымынан көрініс беретіндігін айтады. Сөйлеудің адам психологиясымен байланысы, қарым-қатынас барысында ақпараттың тілдік таңбалар негізінде адам санасына қабылданып, С.Аманжолов айтқандай «абстрактілі» затқа айналуынан көрінеді. Ғалым Б.Қалиұлы қарым-қатынас сөйлем түрінде кездесетін символдық таңбалардың қызметі деп түсіндіреді: «Тілдік таңбалардың ішіндегі ең маңыздысы – символдар. Адамдардың бір-бірімен сөйлесуін, пікір алысуын қамтамасыз ететін – осы символдық таңбалар. Көбінесе сөйлем түрінде көрінетін символдық таңбалардың қызметін – қатынас құралы қызметі деп атайды» [56, 73]. Сонымен қатар, қарым-қатынас адам психологиясының да қатысуымен жүзеге асатындығын Ф.Оразбаева «Тілдік қатынас» атты еңбегінде: «Адамның ойы мен санасы қаншама күрделі болғанымен, тілсіз ой жүзеге аспайды. Сондықтан да тіл – қоғамдық объективті шындықты танудың, оны өмірде пайдаланудың құралы болып табылады» [22, 66] - деп толықтырады. С. Аманжолов сөйлемді ең басты синтаксистік категория ретінде, ойлау сияқты сөйлем де тарихи дамып отыратын категория деп қарайды. Тілдің адам үшін маңыздылығын тілші: «Тіл - амАл құрАл оның арқасында адам бірімен-бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Демек,, адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды» дей отырып, сыртқы факторлардың әсері сөз, сөйлем арқылы адамның дүние тануын жетілдіретіндігін көрсетеді.
Дүниедегі құбылыстарды, жекелеген фактілерді қабылдай отырып, адам оларды ойша өңдейді, олардың әрқайсысының мәнісі мен қасиетін, өзара байланысын танып біледі. Осылайша дүниедегі заттар мен құбылыстар адам санасында сәулеленеді, зерделенеді, олар туралы ұғым пайда болады. Ұғым шындық өмірдің ең жалпы, ең қажетті жақтарын білдіреді. Демек, ұғым - заттың немесе құбылыстың жай ғана бейнесі емес, ойда қорытылған, жинақталған, бейнесі. Ұғым - заттардың, құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы және мәнді белгілері туралы ой. Ұғымның туғаны оны жарыққа ғаратын атаудың, яғни сөздің пайда болуына әкеледі. Сөйтіп сөз ұғымның материалдық жағы, басқаша айтқанда материализациялануы болады.
С.Аманжолов: «Сөз дегеніміз – белгілі бір мағынаға ие ұғым» [38, 244] - деп анықтама бере отырып, сөздің бірден тұлға болып қалыптаспағандығын айтады. Сөз ұғымы «әуелде конкрет бірнеше зат көрінісін, сәулесін ішіне алуы арқылы жасалған» [38, 244], кейін абстрактылы мағынаға да ие болған деп пайымдайды. Сөз адамның дүниедегі болмысты таным арқылы қабылдауы, ғаламның санада бейнеленуін ғалым: «Сөздің өзі – идеяға айналған саналық зат» [38, 244] - деп түсіндіріп, тілдің адам санасындағы болмысын түсіндіреді.. Ғалым бұл тұста тіл мен ұғым мәселесін алға қояды. М.Оразов: «Ұғым - логикалық категория да, ал мағына - лингвистикалық категория. Ұғым дүниенің бейнесі ретінде санада өмір сүреді. Ұғым сөзге мағына түрінде бекітілген жағдайда, дүниенің тілдік бейнесі түзіледі. Санадағы ұғымның адамдардың қоғамдық өмір тәжірибесі барысында сөздік қабыққа бекітілген бөлігі ұғымдақ мағына деп аталады. Сөзбен бірге өмір сүретін ұғымдық мағынада материалдық дүниенің белгілі бір дәрежедегі бейнесі көрініс табады» [57] - деп түсіндіреді. Себебі «ұғымды сөз жинақтайды, аяқтайды. Адамның сезім күйі ұғым мазмұнын қабылдағандай дәрежеге жеткен кезеңде, сөз - түйсікті ұғымға айналдыратын форма болады». Демек, тіл болмысындағы ұғым мен мағына да адам логикасымен сабақтасып, тілдің психологиялық қырын көрсетеді. Әрбір сөзде белгілі бір мағына болады. Заттар мен құбылыстар сөз арқылы анықталады да, сөздің білдіретін мағынасы белгілі бір ұғыммен сабақтасады. Сөздер мен олардың білдіріп тұрған мағыналары, олардың арғы жағында жатқан ұғымдар саны жағынан бірдей емес. Сөзге қарағанда ұғым-мағыналар одан әлде қайда көп және өте күрделі. Ұғым мен мағынаны жеке сөздер ғана емес, сөз тіркестері бере алады. Әрқайсысы белгілі бір ұғым беретін мағыналық единицалар қатарына жататын жай тіркес, лексикаланған тіркес, тұрақты тіркес, идиомдар, кіші жанрға кіретін жұмбақ, нақыл сөз, мақал-мәтелдердің әрқайсысының беретін ұғымы сөздерге қарағанда әлдеқайда күрделі, ауқымды, астарлы, бейнелі.
Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, әр халықтың тілі әр түрлі болғандықтан жеке тілдердің грамматикасы өзінше қалыптасып, дамиды. Кез келген көне түбірлер – танымдық процестің жемісі болып, адам санасыны, танымның алғашқы көріністері ретінде бағаланады. Адамзат баласы қоршаған ортаны танып, түйсініп, табиғат пен қоғамдық құбылыстар туралы қалыптасқан ұғымды сөзбен таңбалаған. Танылатын зат пен құбылыс, қоғам мен ғалам туралы ұғым әуел баста кең, жалпылық мәнде болады. Адам танымы тереңдей дамуы жалпы мәдени өзгерістерге әкеледі, соның арқасында объект туралы ұғым да ұлғайып, сол арқылы атау тағу да дамиды. Зат пен құбылыстың әртүрлі ерекше номинативті белгілерінің танылу нәтижесінде сол ерекше белгілер атау туғызудың негізіне алынады. Атау тағу – қоршаған ортаны танып білудің көрінісі ретінде бағалануға тиісті әрекет. С.Аманжолов сөздің атауыштық қызметін сөз ұғымымен байланыстырып мынадай анықтама береді: «атау» дегеніміз – сөз. Сол сөзден жанды нәрсе жоқ. Оның бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Ол отқа күймейді, суға батпайды. Сөздің бұлай ерекше қасиетті болуы – адамзатқа аса қажеттілігінен, адамзат онсыз толық мәнде адамдық қалыпқа жете алмайды. Оның тіршілігі тілінде, сөзінде. Сондықтан жер жүзінде еш бір өзімен өзі болған тіл жоқ. Барлық тіл олай болса, барлық халық бірімен бірі байланыста, өз табыстарын ауысып алуда» [38, 65]-деп, С.Аманжолов тіл болмысының адам баласы үшін маңыздылығын танымдық тұрғыда түсіндіреді. С.Аманжолов: «Сөздің өзі – идеяға айналған саналық зат»-деп тұжырымдай келе, «сөз – асыл қазына. Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін заттық сәулесі» [38, 68] - деген салмақты ғылыми тұжырым жасайды. Ғалым тіл болмысының адам санасына, оның жетілуіне тікелей қатысты екендігін, тіл білімін зерттеудің жалпы адамзат игілігі үшін маңызы зор екендігін айтады.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов қазақ тілінің негізін қалыптастыруға арналған зерттеулерінде тілді психологиямен, адамның ойлауымен сабақтастыра қарастырып, таным мәселелесінің психологиялық сипатын жан-жақты меңгеруге ықпал етеді. Тіл болмысының табиғатын тереңінен түсінген ғалымдардың таным мәселесіне қатысты ой-тұжырымдарының психолингвистикалық қырын талдау бүгінгі қазақ тіл біліміндегі жаңа ғылым салаларының дамуына елеулі үлес болып қосылады. Ғалымдар тіл табиғатын түсіндіру барысында сөйлеу мен ойлау, қарым-қатынастың ойлаумен байланысын, қоршаған орта мен адам санасын байланыстыратын танымдық әрекеттердің қызметін, адам танымындағы ақпараттардың сөзден, тілден көрініс тауып ойдың жарыққа шығуын қамтып, зерттеулеріне арқау еткенін көреміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет