І. Қ Азақ тіл біліміндегі таным теориясының Әдіснамалық негіздері


ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ТАНЫМ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ (А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БОЙЫНША)



бет9/14
Дата21.10.2023
өлшемі180,13 Kb.
#120265
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
2 ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ТАНЫМ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ (А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БОЙЫНША)


2.1 Таным теориясының педагогикалық негізі

Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе жан азығына баса көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның мәңгүртке айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын, ең әуелі, нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруді бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді. Қазақ халқы үшін ұрпағының болашағы, өсіп-өнуі, дамып-жетілуі қашан да басты назарда болған.


Ұрпағының жастайынан жан-дүниесінің тазалығын, дүниетанымының кеңдігін, ойының ұшқырлығын, тілінің шешендігін қалыптастырып, дамыту үшін халық ауыз әдебиетін, яғни тілдік құндылықтарды пайдаланған.
Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасында сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек. Адамгершілік тәрбиесі – белгілі бір мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастырудағы адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуда, адамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпы адамзаттық тәрбиенің құрамдас бір бөлігі.
Бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында маңызды орын алады, сондай-ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал бiлiмнiң қалыптасып, дүниені танудың жалпы алғышарттарын қамтып, оны тіл арқылы қабылдап, рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттейтiн iлiм – таным теориясы деп аталады.
Тіл біліміндегі таным теориясының басқа ғылыми теориялардан түбiрлi айырмашылығы – ол бiлiмнiң қалыптасуы мен негiзделуiнiң жалпы ұстанымдарын, объективтiк қатынастарды қамтып, тіл арқылы ұлтты, тіл арқылы мәдениетті, тіл арқылы сол тілді қолданушы халықтың ділін тануға
мүмкіндік береді. Таным теориясы танымдық әрекеттер арқылы түсіндіріледі. Танымдық әрекет дегеніміз – шәкiрттiң бiлiмге дүниені тануға, әлемді сезінуге деген белсендi ақыл – ой әрекетi. Ол танымдық қажеттiлiктен, мақсаттан, таным қисындарынан және әрекеттiң негiзiнде білім алушылардың танымдық белсендiлiктерiнен iзденiмпаздықпен қалыптасады. Танымдық iзденiпаздық ұғымы және оны қалыптастыру мәселелері – көптеген педагогтар, психологтар мен әдiскерлер зерттеп, пікір айтқан мәселе. Бұл мәселенің түп тамыры сонау көне замандардан бастау алады. Алайда, тіл біліміндегі таным мәселесі шәкірттің білімге деген белсенділік әрекетін, қызығушылығын, ізденімпаздығын арттырумен қатар, ұлттық болмысты, ұлттық мәдениетті, адамгершілікті, руханиятты, тұтас адамзат құндылықтарын тіл арқылы білім алушының бойына сіңіру мәселелерін де қамтиды. Осы мәселеде қызмет етіп, қазақ халқының игілі үшін еңбек еткен А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулері тіл болмысы, сөз, мақал-мәтелдер арқылы шәкіртке ұлттық тәрбие беріп, адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды бағалауды үйретеді.
IX-X ғасырларда өмір сүрген түркі дүниесінің ғұламасы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің «Риторика», «Поэзия өнері жөнінде», «Мемлекет қызметкерінің афоризмдері» атты еңбектерінде дидактика, тәрбие, үйренушінің талабы мен белсенділігі мәселелеріне көңіл бөлген. Ол: «Логиканың мықты болуы көп адамның ойынша, тек ой өнері, бұл дұрыс емес, ойды дұрыс қарау, дұрыс жеткізу грамматиканың арқасында, яғни грамматика өнері. Грамматика ғылымы бізге сөздер туралы барлық заңдарды ұсынса, логика ғылымы ақылмен танылатын нысаналар туралы дәл сондай үлгіні, яғни заңдылықтарды ұсынады» [58] - деп, ойдың нақтылығы мен ұшқырлығы, тереңдігі тілге байланысты екендігін айтады. Таным әрекеттері сезімдік және ақыл-ой сатылары арқылы жүзеге асады және халықтың сөз өнерінде көрініс табады. Осы орайда, қазақ ойшылдарының педагогикаға қатысты пікірлері ақын-жыраулардың жырларында, би-шешендердің сөздерінде айқын көрінеді. XV-XVII ғасырларда педагогикалық бағытымен ерекше көзге түскен Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет болды. Бұл жыраулар адам өз ой-өрісін өзі көтеріп, жетістіктерге жету үшін ұмтылуы керек деп есептеді. Сөздің құдіретті күшін аса жоғары бағалап, ойын, дүниетанымын жеткізе білу тілге байланысты екенін білдірді. Асан Қайғының:
Таза, мінсіз, асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза, мінсіз, асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады, – деген жолдардан мұны айқын аңғаруға болады. Жырау бұл тәсілді тек көркемдік үшін ғана қолданбаған, сол арқылы терең ой түйіндеген, сөз өнерінің қадірін білдірген, сөз жалаң дүние емес, адам жанының ішкі толғанысының, жан сырының көрінісі екенін тамаша өрнектеген. Осындай сөз өрнектері арқылы қазақ халқы ұрпақтарын сөз қадірін ұғуға, сөз қадірі арқылы адамгершіліктік құндылықтарды меңгеруге тәрбиелеген.
Педагогикалық ойлар XVII ғасырдағы қазақ ойшылдарының ішінен Ақамберді, Бұқар, Шал есімдерімен тығыз байланысты. «Атақты Бұқар жырау өз шығармаларында Ұлы Даланың жаңа адамын қалыптастыру идеясын көтерді. Ол адамның болашақтағы бейнесін көре білді».
Асқар таудың өлгені-
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді. Мұнда жырау адамның жақсы қасиеті мен ғылымның басты артықшылығына баса назар аударғанын көреміз.
Сонымен қатар, қазақ ағартушылары мен ойшылдары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайберді, т.б. шығармашылықтарында қазақ баласын оқыту, тәрбиелеу, үйрету мәселелері көтерілді.
Шоқан Уәлиханов қазақтар арасында орыс білімін, оның ғылымы мен өнерін таратудың тиімді шаралары үшін күресті. Ол Қазақстанда «нағыз шынайы білімдер» ұясы болатындай мектеп түрлерін ұйымдастыруды талап етті. «Тек ақиқат білім ғана күдіктерден құтылуға жәрдем етіп, өмірмен материалдық әл-ауқатты бағалауға үйретеді»[4,126] - деп, тәрбиеленіп отырған шәкірттерінің танымдық ой-өрісін әлемдік тәжірибенің үздік жетістіктеріне ұмтылдырғысы келді. Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жас өспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады. Қазақ жас өспірімдерін білімге шақыра отырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде қалыптасқан ауыз әдебиетінің үлгілері адам баласының танымын кеңейтіп, танымдық қабілеттерінің дамуына үлес қосатындығын айтты.
Шоқаннан кейін қазақ қоғамын ағартушылыққа шақырған Ыбырай Алтынсарин болды. Ол 1979 жылы қазақ тілінде алғаш жарыққа шыққан «Қазақ хрестоматиясы» атты еңбегінде ұлттық сөз өнерінің мұрасын жас ұрпақты тәрбиелеп, танымын кеңейту мақсатына бағындырған. Ол үшін ауыз әдебиеті шығармаларын ретімен, жүйесімен берген. Ыбырай Алтынсарин сөз өнерінің тәрбиелік яғни ғибраттық, халықтық мәнін тұңғыш қолдана білген педагог. Ғалым өз шығармаларымен қатар қазақ халық әдебиеті үлгілерін, еуропа классикалық әдебиетінің аудармаларын таңдап, топтастырған. Бұл шығармалардың сөз арқылы беретін басты ойы: әдептілік пен адамгершілік, еңбек сүйгіштік пен зеректілік, ата-ана мен елге, атамекен – Отанына деген сүйіспеншілік.
Ағартушы оқушыларға жан-жақты адамгершілік тәрбие беру мақсатында лайық туындыларды арнайы таңдаған. Атақты Марабай жыраудан жазып алған «Қобыланды» жыры осы кітапта тұңғыш рет жарияланып, «Қобыланды батыр мен Тайбурыл» деп аталған үзінді жырдың ең көркем, әсерлі бөлімін қамтиды. Осында елін, жерін қорғайтын батырдың ер тұлғасы және оның жанына серік аты қазақтың ұлттық танымындағы ұғымдар сіңірілген жырды оқушыларға ұсынып, оларды отансүйгіштікке, ізгілікке, эстетикалық тәрбие беретін ұлттық сөз өнеріне қызығушылығын арттырады.
Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясындағы аңыздар мазмұны, идеясы (Қарабатыр, Сәтермір хан, т.б.) еңбек сүйгіштікке тәрбиелеп, еңбек арқылы адамның жетпейтін, жеңбейтін кедергісі жоқ деген мақсатты көздейді. Ал хрестоматияға енген шешендік сөздердің де жөні ерекше. Жиренше әңгімелері арқылы алдымен тапқырлық, өткірлік, әділдік қасиеттерін насихаттай отырып, ағартушы тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдерді де ұсынады.
Ы.Алтынсарин: «Бұл кітапты құрастырағанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ және қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; екіншіден, бұл кітапта келтірген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болуы жағын көздедім; сондықтан бұл кітапқа енгізілетін әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды» - дей отырып, оқу материалын құрастыру барысында таным қағидаларын ескергенін байқатады. Сонымен қатар, ұлт ұстазы хрестоматияның ішкі мазмұнын оқушылардың жас ерекшеліктерін, танымдық өрісін ескеріп, деңгейлі түрде сатылап төрт тарауға бөліп береді:
1. «балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды; мысалдар мен халық әдебиеті; балалардың туғандарына жазған хаттары;
2. әр түрлі жастағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер;
3. ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді;
4. қазақтың мақал-мәтелдері».
«Өрмекші, құмырсқа, қырлығаш», «Сәтемір хан», «Абылайхан», «Талаптың пайдасы», «Әке мен бала», «Асыл шөп», «Бір уыс мақта», «Алтын шеттеуік», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек», «Мейірімді бала», «Полкан деген ит», «Тышқанның өсиеті», «Ізбасты», «Түлкі мен ешкі», «Бай ұлы» атты ұсақ әңгімелер-ертегілерді балаларға деп бірінші бөлімінде ұсынады. Қысқа ғана әңгімелерде Ы.Алтынсарин оқушыларға ең қажетті деген рухани ғибратты тәрбиелік мәні бар ойларды жинақтаған. Нақты, қысқа сөйлемдер арқылы танымдық, жалықтармайтын білім беруді көздейді. Бастысы балалардың өмірінен алынған деп, шәкірттің танымына жақын жолын тапқан.
«Қазақ хрестоматиясын» жарыққа шығарған Ыбырай Алтынсариннен кейін барша қазақты ілім-білімге, өнерге шақырған қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев болды. Әр кезеңдегі ойшылдар адам атының сақталып қалуы үшін толыққанды адам болудың жолдарын іздестірген және өздерінше әр қилы пікірлер білдірген. Абайда да адам жаратылысының жан сыры туралы жүйелі де, жемісті таным бар. Ол өзіне дейінгі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қ.Яссауи және Ж.Румидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасады. VIII-IX ғасырда түрік халықтарының мінез-құлықтары, ой-танымын жолға салу әрекеті Әл-Фараби ұстанған моральдық-этикалық ілімінде парасатты адам (инани фазыл) туралы танымын тіл арқылы жүзеге асырды. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік береді. Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – Абай негізін қалаған «толық адам» ілімінің түп төркіні. Абай қазақ баласының «толық адам» болуы үшін тілдегі таным мәселесі арқылы адамзат құндылықтарын, ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық мәдениет, ұлттық мінез-қасиеттерді сөз өнеріне сіңдіріп жас өспірімнің бойынан көруге тырысты. Осыған байланысты Абайдың тұжырымдары «Он жетінші» қара сөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқан.
Абайдың «толық адам» туралы танымы Қытайлардың дао іліміндегі «әбден жетілген адам» (совершенно мудрый человек), Шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «пенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам», атап айтар болсақ, Әл-Фарабидегі «Кемел адам», Ж.Баласағұнның дастанында көрініс тапқан «Жауанмәрттілік» ілімі және А. Яссауи дүниетанымындағы «дертті адам», «топырақ адам», «ғарип адам» секілді тұлғаларымен сабақтасып жатыр.
Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1986ж.) өлеңінен бастау алып, ақынның «Адам болам десеңіз» деген тезисі негізінде ары қарай желілеп таратылып, жыл өткен сайын күрделене түсуде. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айқын көрсетілген.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер малшашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз [5, 44].
Адам болу туралы ой-танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар береді. Осылайша Абай жас өркеннің бағдар түзер айқындамасы, танымның биік шыңы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды атайды. Абай атаған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [6, 42], - деп нақтылай түседі. «Ыстық қайрат» - бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал «жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек [6, 42],- дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған «толық адам» концепциясы.
Педагогикалық негізі тереңнен тартатын қазақ ойшылдары аз емес, алайда, қазақ тіл білімінің негізін салуға ат салысқан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов және С.Аманжоловтың педагогикалық еңбектерінің адам танымын қалыптастырудағы маңызы зор.
Ғалымдар «Руханият» - «Құндылық» - «Тәрбие» үштігін «толық адамды» тәрбиелеу мақсатында қолданып, басты қару ретінде тілдің танымдық қызметін пайдаланған. Ойшылдардың «толық адам» концепциясы «Рухания» - «Құндылық» - «Тәрбие» үштігімен тілтанымға негізделеді.
Ахмет Байтұрсынұлы ағартушылық қызметі жағынан Ыбырай Алтынсариннің тікелей мұрагері, Абайдың концептуалды ойларын жүзеге асырушы шәкірті болды. Сөз құдіретін таныған қазақ ойшылдары мен ғұламаларының тұжырымдарын жетілдіре келіп, тіл табиғатының танымдық қызметі арқылы шәкіртке жан-жақты білім беруге, адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлттық қасиетті бағалауға үйрету жолдарын А.Байтұрсынұлы қазақ қоғамының мәселерін көтеру мақсатында жарияланған мақалалары мен еңбектерінде ұсынған.
А.Байтұрсынұлының ағартушылық ой-пікірлері 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» журналы мен 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастады. Ол өзінің 1913 жылы жарияланған «Оқу жайы» атты мақаласында мәдениетті елдер мен мәдениеті төмен, оқу-білімсіз елдерді салыстыра келіп: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі – ойлап қараса біздің қазаққа мағлұмсыз емес. Бұл заманда не нәрсе машинаға айналды. Адам баласын көкке құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым» - деп, өнер мен ғылымның жасампаздық күшін паш етеді. Қазақтың басқа жұртқа жем болуының, теңдіктен құр алақан қалуының басты себебін Ахмет Байтұрсынұлы оқусыз надан қалуынан, танымының таяздығынан деп санайды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек» -деп жазды. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі хал-күйі оның қабырғасына қатты батып, адамның тілі мен құлағы арқылы білімнің соншалықты қажеттілігін түсіндірді. Бұл жөнінде: «Осы күнгі ауыл мектептерін мектеп деп айтарлықтай емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалім аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары... Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі...» деп ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, «орыс мектептерінде тәртіп те бар, құрал да сай, мөлшер, жоспар бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікірі бүлдіріп отыр» – деп қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлау саясатының қалай іске асырылып жатқанын айта келе, ұлттық тілді сақтап қалудың жолдарын іздейді. Ол патша әкімдерінің оқу-ағарту ісіндегі бұл саясатының түпкі мақсатын одан әрі айқындай түсіп, «Үкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, әр халыққа керегі – өз дінін, тілін, жазуын сақтау. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек... Қазақты басқа дінге аударамын деу – құр әурешілік. Қазақты дінінен аударуға болмаса, жазуынан да аударуға болмайтын жұмыс» деп, қазақ халқының игілігі үшін өз пікірін батыл білдірді.
А. Байтұрсынұлы ұлтты сақтайтын бірден-бір құрал – тіл екендігін дәл айтып, оқулықтарында ұлттық ойлау, ұлттық дүниетаным, ұлттық психология, ұлттық діл негізінде ұрпақты ұлттық таным арқылы тәрбиелеуді ұстанғанын байқаймыз. А.Байтұрсынұлы ұрпаққа тілі мен танымы арқылы ұлттық тәрбие беріп, білім беруді көздеп, этнопедагогика ғылымының алғашқы ұшқындарын көрсетті. Қ.Жарықбаев зерттеулерінде «этнопедагогика», «этнопсихология», «халықтық педагогика», «халықтық психология» ұғымдарының бір-біріне ұқсастығын, айырмашылықтарын және олардың классикалық педагогика категорияларымен сабақтастығын көрсете келіп: «Этнопедагогика – халықтық тәлім-тәрбиені, оның тәжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы. Ол халықтық педагогиканы ғылыми педагогикамен байланыстырып отыратын өткел іспеттес ғылым» - деп түсіндіреді. А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі таным теориясының педагогикалық негізі, ең бірінші, ұлттық болмысты басшылыққа алып, халықты оқу-білімге шақыру болды. Бұл оқытудағы ұлттық ерекшеліктерді ескеру бүгінгі таңда этнопедагогика саласы ретінде дамыды. К.Ж.Қожахметова: «Этнопедагогика дегеніміз – этникалық қауым педагогикасының дамуын зерттейтін педагогикалық білімдердің жаңа саласы, белгілі бір халықтың, тайпаның өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік мәдени мұрасы. Ол халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі озат тәжірибесінің мазмұны мен әдіс-тәсілдерін зерттейтін ғылыми педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады». А.Байтұрсынұлы оқу құралдарында білімді шәкірттің ұлттық болмысына тән салт-дәстүріне, әдет-ғұрыпына, тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне, тарихына байланысты түсіндіргенін байқаймыз.
А.Байтұрсынұлы мысалдар жинағын «Маса» деп атауының да Себебі ұйықтап жатқан халықты ояту үшін, яғни ойына ой салып, білімін арттыру, танымын ұштау мақсатында еді. «Маса» сөзі арқылы халықтың танымына әсер ету үшін халықтың ұғымына жақын, алайда едәуір терең ой, салмақты жүк артқан атау таңдап алады.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса,
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, адамгершілік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді.
Адамға жан-дүниесінің тілдегі көрінісі, яғни ой шындығының сөз арқылы көрінуі де мақал-мәтелдерде кеңінен бейнеленген.
Ақыл ой немесе танымдық әрекет ең алдымен, іс әрекеттерді жоспарлайды, екіншіден оны жүзеге асыруды, үшіншіден орындаған іс-әрекеттердің жемісін алға қойған мақсат-мүдделермен салыстырады. Осындай ақыл-ой нәтижесінде әр адамның мінез-құлқындағы даралық ерекшеліктері қалыптасады. Және әрбір адамның тәжірибесі, оның іс-әрекет түрлері өзгелердің ісі қоғамдық тәжірибелер арқылы байып, жаңа сипаттарға ие болып отырады. Адам өзінің іс-әрекеттерін жоспарлайды, ойлау арқылы оларды тиісті міндеттерді шешуге қолданудың жолдарын іздестіреді, жүзеге асыру тәсілдерін қарастырады. Мұның барлығы да тіл, сөйлеу арқылы дамиды. Мақалдар сөзді салмақтап, ойлана айтуға үйретеді. Мақал-мәтелдерде ой сананың қалыптасу кезеңдерінен көптеген соны мәліметтер береді. Адам ақыл-ойының дамуында оқу, білім мен тәрбиенің атқаратын рөлі зор.
Мақал-мәтелдердің таным теориясында алар орны ерекше. Мұндағы тәрбие мәселесіне қатысты мақалдар оқушының танымын кеңейтіп, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. А.Байтұрсынұлы оқушылардың танымын қалыптастыру мақсатында «Тіл – құрал» атты оқулығында қолданған мақал-мәтелдердің тәриелік мәні терең. Баланың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, ерлікке, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында мынадай қазақтың мақал-мәтелдерін қолданады: «Жомарт ер жоқтығын білмейді, жүйрік ат тоқтығын білмейді. Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі, бетіне келер ұятын өзі біліп жуса игі Ұлың өссе ұлықтымен ауыл бол, қызың өссе қылықтымен ауыл бол. Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер. Халқы жаманның биі азады, қатыны жаманның үйі азады. Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда. Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді. Бітімі жаман қамысты су ішінен өрт шалар, туысы жаман жігітті түйе үстінен ит қабар. Жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз жігіт би болмас. Жүк ауырын нар көтереді, қаза ауырын ер көтереді. Еменнің иілгені – сынғаны, ердің ұялғаны – өлгені». Сонымен қатар, сөз құдіретін тануға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, сөз қадірін ұғындыра отырып, баланың танымын кеңейтуге бағытталып қолданылған қазақтың мақал-мәтелдері: «Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді. Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар. Бір тәуекел бұзады мың қайғының қаласын, бір жақсы сөз бітірер мың көңілдің жарасын. Тыңдамаса сөйлеген есіл сөзім, жыламасқа жылаған екі көзім. Аталы сөзді арсыз қайырар, жүйелі сөзді жөнсіз қайырар. Аузы жаман елді былғар, аяғы жаман төрді былғар. Білген кісі тауып айтады, білмеген кісі қауып айтады». Білім, өнерді дәріптеу арқылы таным қалыптастыруға арналған А.Байтұрсынұлы еңбегіндегі қазақтың мақал-мәтелдері: «Оқу түбі – тоқу. Өнер алды – қызыл тіл. Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы. Білегі толық бірді жығар, білімі толық мыңды жығар» Жалпы адамгершілік құндылықтарды ескере отырып таным қалыптастыру: «Үлкен бастар, кіші қостар. Жақсы жүрген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады. Мал – жаным садағасы, жан – арым садағасы. Сабыр түбі сары алтын. Сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа. Орақшының жаманы орақ таңдайды. Берген алар, еккен орар. Қайтып кірер есікті қатты серіппе. Көп баланың ішіндегі қарт – бала болар, көп қарттың ішіндегі бала – дана болар. Тентектің ақылы түстен кейін енеді. Ақсақ қой түстен кейін маңырайды. Денсаулық – зор байлық. Өзі тойса да көзі тоймайды. Атты қамшымен айдама, жеммен айда. Қойшы көп болса, қой арам өлер. Жыртық үйге тамшы үйір, арық атқа қамшы үйір. Жеті рет піш, бір рет кес. Көз қорқақ, қол батыр. Сақтықта қорлық жоқ. Аспанға қарай оқ атпа, өзіңнің түсер басыңа. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың. Қатты жерге су төксең, суықта тайғақ болар, жаманға сырыңды айтсаң таршылықта айғақ болар. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын. Шортанның өзі өлсе де, тісі өлмес, адамның өзі өлсе де, ісі өлмес. Білімсізбен алыспа, текке өмір тауыспа. Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер. Бас екеу болмай, мал екеу болмас. Үйдің жылы-суығы қыс келгенде білінер, кімнің алыс-жуығы іс келгенде білінер. Асың барда ел таны, атың барда жер таны. Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады» -деген мақал-мәтелдерді оқулығында жаттығу мәтіні ретінде қолдану арқылы ғалым тілдің танымдық қызметін алға қойып, шәкіртті барша адамгершілік қасиеттеріне бағыттап тәрбиелеу жолдарын көздейді. Мақал-мәтелдерді білім беру барысында қолданудың маңыздылығын Ж.Дәулетбекова: «Мақал-мәтелдердегі ой жүйесін талдау барысында студенттер халық қазынасы ретінде мақалдардың рөлі мен маңызын түйсінеді. Атадан балаға жалғасып жатқан ізгі дәстүрлердің бір арнасы мақал-мәтелдермен екенін пайымдайды, сөйтіп, өзінің парасат әлемінде оған орын беру қажеттігін шынайы сезінетін болады» [59] - деп пайымдайды. Осы мақал-мәтелдердің халықтық қазына, сөз мәйегі екендігін түсінген ғалым, оны жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беруде танымдық жолдар арқылы ұтымды пайдаланған.
Бала тәрбиесі – тілші-ғалымдардың назар аударған ең өзекті мәселесі болды. А.Байтұрсынұлы бала тәрбиесінің бесіктегі кезінен талапты болуына мән берсе, Қ.Жұбанов білім беру ісіне көп көңіл бөлді. Сондай-ақ, Қ.Жұбанов педагогикалық қызметінде оқулықтың ғылыми-танымдық тереңдігіне аса мән берді. Тіл білімін тереңінен жан-жақты зерттей келе, қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қарастырып, білім алушыға рухани тәрбие беруді көздейді. Қ.Жұбанов зерттеулері тек тіл біліміне ғана емес, сонымен қатар музыка өнеріне арналып, дыбыс мәселесінің сан-қырын көрсете білген. Және қазақтың ұлттық әуені күй жанрын талдап, шәкіртке ұлттық мәдени-рухани тәлім-тәрбие береді. Музыкадағы күй жанрының қасиетін, адамның ішкі сезіміне, көңіл-күйіне әсерін танымдық тұрғыда сипаттап көрсетеді.
Қазақ тіл біліміндегі танымдық көзқарастарының педагогикалық сипаты Қ.Жұбанов зерттеулерімен қоса, С.Аманжолов еңбектерінен де кездеседі. Профессор С.Аманжолов тіл білімінің теориялық мәселелерін жан-жақты зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасап, сонымен қатар оқыту мәселесі де көтерілді.
ХХ ғасырдың басында тіл білімінің негізін қалыптастыруға зор еңбек еткен көрнекті ғалым, түркітанушы, ұстаз - педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың жазған еңбектері қазақ халқының мәдени және ғылыми қазынасына қосылған мол үлес болып табылады. С.Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына байланысты жарияланған ғалым Ғ.Қалиевтің «Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз» атты мақаласында: «Профессор С.Аманжолов – ғылымда құлашын кең сермеген, шығармашылығы жан-жақты адам. Оның негізгі ғылыми-педагогикалық мұрасына көз салсақ, оның бір-бірімен сабақтасып жатқан негізгі екі саладан тұратынын көреміз: бірінші, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін жазған оқулық, оқу құралдары; екінші, қазақ тіл білімінің ғылыми-практикалық мәселелеріне арналған еңбектері» [60] - деп көрсетілгендей, тілші-ғалым С.Аманжолов еңбектері тіл білімі мәселелері мен оның оқыту жолдарын қамтыған. Ол еңбектер алфавит, орфография, лексика мен лексикография, сөздіктер, тіл тарихы мен диалектология, оқулықтар, бағдарламалар, аударма және синтаксис мәселері жайында жазылған. Сонымен қатар, тіл білімі тарихында сөйлемге берілген әр бағыттағы анықтамалар, сөйлем мүшелерінің жаратылысы, сөйлеудің синтаксиске қарым-қатынасы, сөйлеу мен ойлаудың арасындағы қарым-қатынасты анықтаған.
С.Аманжоловтың ғылыми мұрасы уақыт өткен сайын әр қырынан зерттелуде. Сонау өткен ғасырдың 30-50 жылдар арасында қазақ тіл білімі қалыптасып, даму кезінде жарық көрген ғылыми еңбектерінде ғалым бүгінгі күні әлем тілдерінің зерттеулеріне айналған жаңа ғылым саласы үшін тың ойлары мен пікірлерін, тұжырымдарын қалдырды. Ғалымның: «Тіл ғылымы (лингвистика) негізінде адам баласының тілінің жазылуын, өсу-өнуін, оның құрылысын, бұрынғы, қазіргі күйін, оның бірімен-бірі өзара қарым-қатынасын, олардың даму жолдарын, ондағы заңдарды тексереді. Сонымен қабат, тіл ғылымы тіл-тілдің келешегін де, қалай дамитынын да, болашақ тілдің жасалу жолдарын да әңгіме қылады...» [3, 44] деген пікірі жалпы тіл білімінің мәселелері мен бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. С.Аманжолов өз зерттеулерінде дәстүрлі бағытты жалғастыра отырып, тіл ғылымының зерттеу нысанын, өзге ғылым жүйелері қатарында алар орнын, атқарар қызметін нақтылауды мақсат еткен, бұған: «бұл ғылым - бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым» [3,44] деген тұжырымы нақты дәлел бола алады.
Таным теориясы адамның рухани өсуін қамтамасыз ететіндіктен, ол педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Білім мазмұнындағы ақпараттың мәнін айқындауда да, шәкіртті адамгершілікке тәрбиелеп, отан сүйгіштікке баулуға да, сонымен қатар білімді әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы меңгертуде де педагогикалық-әдістемелік әрекеттер әрдайым таным теориясына жүк артады. Сондықтан бүгінгі ғылымдар тоғысында таным теориясының білім алушыға адамгершілік құндылықтарды сіңіруде, ұлттық құндылықтарды бағалауда, білім мазмұнын меңгерту жолдарының тиімділігінде маңыздылығы артты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет