2.2.Торғай ақындық мектебінің бастау арналары.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында Торғай өңірінде өзіне тән дәстүрлік ерекшеліктері бар ақындық мектеп болғандығын, ол ақындық мектептің негізін қалаған Уақ Жұмабай Шалабайұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Әбіқай Нұртазаұлы сияқты ақындардың өмірімен, шығармашылығымен таныстырдық. Ендігі сөз осы ақындық мектепті қалыптастыруға негіз болған бастау арналар туралы болмақ. Ең алдымен анықтап алатын мәселе осы ақындық мектеп өкілдері ауызша әдебиетке жақын ба, әлде жазба әдебиетке жақын ба?! Осы бөлімде шығармашылықтарын сөз еткен Уақ Жұмабай Шалабайұлы, Сейдахмет
Бейсенұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Әбіқай Нұртазаұлының шығармаларын қарап отырып, ауыз әдебиеті өкілдерінің біртебірте жазба әдебиетке ауысу процесін байқаймыз. Мысалы, Уақ Жұмабай мен Сейдахмет өлеңдері көбіне ауызша шығарылса, Есенжол мен Әбіқай ауызша да, жазып та шығарған.
Торғай ақындық мектебінің қалыптасуының негізгі бастау арнасы болған, оның дамуына ықпал еткен мына жағдайларды айтып өткіміз келеді:
1. Торғай ақындық мектебінің бастау арналары:
а) Қазақ халық ауыз әдебиеті. Қай елдің болса да ауыз әдебиеті жазба әдебиетінен бұрын болды. Жазусызу шығып, мәдени сатыға көтерілгенге дейін қай халық болмасын ойпікір, көңілкүйлерін, тап болған қоғамда таптық мүддесін ауызша жырлап, ауызша айтып берді. Ол туындылар ауыздан-ауызға тарап, халықтың, халық жыршыларының жадында сақталып, біздің дәуірімізге жетті.
Ауыз әдебиеті жазба әдебиеттен бұрын туғандықтан, жазба әдебиеттің өсу, даму жолындағы негізгі қор, негізгі тірек ауыз әдебиеті. Ауыз әдебиетінің тыс,онымен байланыссыз дамып, өз бетімен өскен жазба әдебиет жоқ.
...Қазақтың жазба әдебиеті өзінен бұрынғы ауыз әдебиетімен тікелей
байланысты. Абайға дейінгі ақындарымыздың көпшіліг ауыз әдебиетінің
ықпалында болып, соның негізінде өсті. Ол кездегі ақындар орыс тілін білмеді, сондықтан орыс, Еуропа мәдениетімен араласа алмады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысының аяқ кезінде өмір сүрген кейбір ақындардан шағатай, түрік, татар тілінде басылып шыққан әдеби шығармаларға еліктеу байқалады. Бірақ жалпы алғанда, қазақтың жазба әдебиет үлгісінің алғашқы өнегесі қазақтың ауыз әдебиеті болды [15, 16 б.].
Торғай ақындық мектебінің қалыптасуында да басты арна қазақ ауыз әдебиеті болды.
ә) Ақындық мектеп қалыптасқанға дейінгі қазақ әдебиеті, яғни ХІХ
ғасырдың екінші жартысына дейінгі ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы жыраулар
поэзиясы, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлт-азаттық идеяны жырлаған Махамбет бастатқан, ақындар мен зар заман ақындарының шығармашылығы да Торғайдағы ақындық мектептің қалыптасуына зор әсерін тигізді.
2) Торғай ақындық мектебінің дамуына ықпал еткен жағдайлар:
а) Торғай ақындық мектебі өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдебиеті. Бұл кезеңдегі әдебиетіміздің, яғни ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың
басындағы әдебиетіміздің екі бағытын айта кеткеніміз орынды. Торғай
ақындық мектебіне бұл екі бағыттың екеуі де әсерін тигізді. Ол діни-
ағартушылық бағыттағы ақындар мен ағартушы-демократтық бағыттағы
ақындар шығармашылығы. Бұл ретте Абай мен Ыбырайдың орны айрықша. Торғай ақындары Абай шығармашылығын сол кезде шығып тұрған
“Дала уалаяты” газетінен, “Айқап” сияқты журналдардан оқып білсе, Ыбырай Алтынсарин Торғай ақындарының көбімен араласқұралас болған, ақылкеңесін беріп отырған. Ал, діниағартушылық бағыттағы ақындармен Әбубәкір Шоқанов, Мақыш Қалтаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Нұржан Наушабаевтармен олардың шығарған аздыкөпті кітаптары арқылы танысса, демократтықбағыттағы С. Торайғыров, С. Дөнентаев, С. Көбеев, М. Сералин т.б. ақындар шығармаларын таныстыруда ХХ ғасырдың басында Қазан, Уфа,Орда, Орал қалаларында, Торғайға іргелес Орынбор мен Орскіде шығып тұрған мерзімді баспасөздің зор роль атқарғандығы анық.
ә) Орыс әдебиетінің әсері. Торғай ақындарының орыс әдебиетімен
танысуына бір жағы Орынбор, Орск қалаларының жақын болуы, сонымен бірге Торғай қаласының сол кезеңде Ресей үшін маңызды орталықтың бірі
болғандығы ықпал етті. Сонымен бірге, Ы. Алтынсариннің Торғай қаласында мектеп ашып, қызмет істеуі де игі әсер етті. Сол сияқты Торғай қаласындағы төрт кластық орыс мектебінде, училищеде қызмет еткен орыс ұлтының өкілдері де Торғай ақындарын орыс әдебиетімен таныстыруы әбден мүмкін. Мәселен Құбаша Шалбайұлы аталған мектепті бітірген. Оның “Ағайын” деген өлеңі ұстазы А. Д.Сыров деген орыс мұғаліміне арналыпты.
Бұл өлеңде ақын :
...Сен арқылы мен орысты таныдым,
Дүниеге шын өзгерді нанымым, –
дейді. Әбіқай Нұртазаұлы, Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхаммед Оспанұлы сияқты ақындар да орыс тілін жетік білген.
б) Шығыс әдебиетінің әсері. Торғай ақындық мектебінің өкілдері шығыс әдебиетімен “Салсал”, “Жұмжұма” сияқты діни дастандар, “Мың бір түн” хикаялары, сол сияқты Қазан, Уфа қалаларында жарық көрген қазақ кітаби ақындарының шығыстық сюжетке құралған нәзиралық дастандар арқылы таныс болған. Мәселен, Сейдахмет ақынның “Мың бір түн”,
“Тотынама” сюжеттеріне құралған “Махрума”, “Өнерлі уәзір” дастандары, Н. Ахметбековтің “Албан Жұпар ханым”, “Қамарыл Заман” дастандары соның айғағы. Торғай ақындарын шығыс әдебиетімен таныстыруда Бұхарадағы “Көкілташ” медіресесін бітіріп 16 жасында Құранқари атанған Файзолла Сатыбалдыұлы мен Троицк қаласындағы “Расума” медіресесін бітірген Әлмұхаммед Оспанұлының да еңбегі айрықша. Торғай ақындарының әдеби дәстүрін сөз етпес бұрын әдеби дәстүр туралы бұрын-соңды айтылған, жазылған пікірлерді саралап алған жөн.