Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті
БАЯДАМА
«Ы.Алтынсариннің педагогикалық іс-әрекеті»
Орындаған: Абдулова А. ДОиВ 2 курс
Қабылдаған: Абдиркенова Ақбидаш , педагогика кафедрасының аға оқытушысы, магистр .
Қостанай 2020
Ыбырай (Ибраһим) Алтынсариннің педагогикалық көзқарасы және қызметі
Еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толу қарсаңында азаттық үшін ағартушылық ісімен тәуелсіздікке үлес қосқан қайраткерлердің бірі Ыбырай Алтынсарин туралы айтпай кету мүмкін емес.
ХІХ – ХХ ғасырларда Қазақ елі Ресей империясының құрамына толық енгеннен кейін қазақ даласын басқаруға тәжірибелі қазақ шенеуніктері қажет болды. Сондықтан қазақтарға арнап орыс- қазақ бастауыш мектептері ашыла бастады. Осындай мектептердің бірінде Ыбырай Алтынсарин де білім алды. Ерте жетім қалған Ыбырай атасы Балғожаның тәрбиесінде болады. Балғожа Жаңбыршин ел басқару ісінің шебері, би, аса бай адам болған. Немересін жасынан адалдыққа, тура сөйлеуге, шешендікке баулиды. Ыбырай өзі де табиғатынан алғыр, зерек, еңбекқор болды.
Ыбырай оқыған мектепте жаратылыстану, гуманитарлық пәндер оқытылған: ана тілі, орыс тілі, татар тілі, география, арифметика, геометрия, ән-күй, гимнастика. Әрі әдеби кештер ұйымдастырылған.
Бұл мектепте баланы қорқытып, сескендіруге тыйым салынған, қорыққан баланың тілі кекеш болады деп білген, балаларды шындықты бағалай білуге, еңбекті қадірлей білуге кішіпейіл, ұқыпты болуға шақырған. [1-107 б.]
1857 жылы Орынбор қаласындағы қазақтарды билеу Бас басқармасына қарасты қазақ мектебін 15 оқушы бітіріп шықты, соның бірі-Ыбырай Алтынсарин. [1-107б] Көреген, дана атаның тәрбиесі мен сол заманның озық үлгідегі мектебінен білім алған Ыбырай Алтынсарин өз бойындағы қасиеттер мен білімін өз ұлтының балаларына дарытуға бүкіл ғұмырын арнады.
Алтынсариннің демократиялық - ағартушылық бағыты, оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнады. Екіншіден, ұстаз тәлімгерлер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми - әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан - жақты қамтып жазуға жұмсады [2].
Ол өз шығармаларында шәкірттерін адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға шақырды. Қазақ халқының келешегі тек өнер - білімде деп түсінген Ыбырай Алтынсарин өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді.
Бірінші саласы бойынша1860 жылы облыстық басқарма Ыбырайға Орынбор бекінісінде, Торғай қаласында қазақ балаларын оқытатын бастауыш мектеп ашуды жүктейді, әрі өзі сол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып тағайындалады. Ағарту ісіне жан – тәнімен құлшына кіріскен ол ауыл – ауылды аралап халыққа білім берудің маңызын түсіндіреді. Ондай мектептер ашу үшін қаржы – қаражат жинауды қолға алды. Осындай ақшаның алғашқы үлесін Ыбырайдың өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды. 1864 жылы 8 қаңтарда салтанатты түрде мектеп ашылып, алғашында оқуға үгіт жұмыстарының нәтижесінде 16 бала жазылады. Ыбырайдың жүргізген үгіт жұмыстарының нәтижесінде бұл мектепте оқушылардың саны арта бастайды [2, 345 б.].
Оқу мынадай бағытта жүргізілді:
-қазақ тілі: оқу және жазу;
-орыс тілі: оқу және жазу;
-татар тілі:оқу және жазу;
-көркем жазу;
-арифметика: қосу, алу, көбейту, бөлу;
-жер шары: Еуропа, Азияның басты-басты қалалары мен мемлекеттері оқытылды.
Жыл соңында арифметикадан емтихан, көркем жазу,қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аудару емтихандарын тапсырды. Ы.Алтынсариннің мектебінде оқушылар болашақта екіжүзді парақор болып шықпасын деп, адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлінді. Бұл мәселе бүгінгі күннің де мектептерінің алдында тұрған мақсат. “Мектеп - қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектепте ғана”,-деді Ы.Алтынсарин.
Бүгінгі күнгі жаңартылған білім берудің де алға қойған қағидасының бірі баланы мәжбүрлі емес, білім алуға қызықтыру арқылы білімге деген уәжін арттыру арқылы оқушыны құзыретті тұлғаға айналдыру.
Ыбырай балаларға сабақты өте қызықты түсінікті етіп беруге тырысты. Нәтижесінде молдадан сабақ алған балалар бір жылда әзер хат таныса, Ыбырай оқытқан балалар небәрі үш айда оқи алатын, орысша, татарша жаза білетін болды. [4-138б.]
Мектеп ашу ісінде, оның білім беру саласында ұстазы, әрі досы Н.И.Ильминскийдің де көп көмегі тиді. Н.И.Ильминский-орыстың белгілі педагогі, оның еңбегінің нәтижесінде Қазан университетінде Шығыстану факультеті ашылған, Бабырнаманы шағатай тілінен аударушы, түрік-татар тілін зерттеуші, кейіннен ислам дінін уағыздаушы деген айыппен академиядан шағарылып, Орынбор шекара комиссиясында аудармашы қызметін атқарып жүріп, Ы.Алтынсаринмен танысады. Кейіннен Қазан білім инспекторының “попечителі” болады.[4] Ильминскиймен хат алысып, әдістемелік жағынан мектеп ашу ісіне қатысты шаруаларды шешуге жәрдемдеседі
Ы.Алтынсарин 1864-1879 жылдар аралығында мектепте мұғалімдік қызмет атқарған., 1879 жылдан,өмірінің ақырына дейін Торғай облыстық мектеп инспекторы қызметін атқарды.
Ы.Алтынсарин ауыл-ауылды аралап, халықтан қаржы жинап, Торғайда, Ырғызда, Қарабұтақта, Ақтөбеде, Қостанайда екі кластық орыс-қазақ училищелерін ашты.Қостанайда, Торғайда, Ақтөбеде қолөнер училищелерін ашып, қазақ балаларына тұңғыш кәсіби мамандақ беру ісін қолға алды. Мұнда оқушылар сабын қайнату, тон тігу,тері илеу кәсіптерін үйренді. 1887 жылы Ырғызда қыздар пансионатын ашып, қазақ қыздарына білім алуға мүмкіндік туды.[4-139б.]
Осылайша қазақ даласында көптеген мектептер ірге көтеріп жатты. Мектепте сабақ беретін мұғалімдерді даярлау үшін
1886 жылы Орскіде тұңғыш мұғалімдер училищесі де ашылды.
Ы.Алтынсарин халықшыл педагог, бұрынғы қазақ даласындағы білім беруден мүлдем басқа сара жол салғанын байқаймыз. Сол сара жолмен бүгінгі жас буын да білім алуды.
Мектеп ашумен бірге мұндағы оқушылар үшін оқулықтар жазу ісін де қолға алды.
Ы.Алтынсарин -қазақтың тұңғыш бұқарашыл педагогикасын, халықтық мектептерін негіздеуші. Өзінің дидактикалық көзқарасынан ол — ұлы ағартушылардың озық идеяларына сүйенген, бұқарашыл педагогикасын жаңа жағдайда іске асырған ізгі ниетті адам. Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлердің озық идеялары, ағартушылық, педагогтік оқулары Ыбырай жүрегінен нық орын тепті. Ушинский, Толстой, Паульсон сияқты даңқты педагогтерді ұстаз тұтты. Ыбырай осындай ұлы адамдардан тәлім алып өсті.
К.Д.Ушинскийдің “Балалар әлемі”, Л.Н.Толстойдың “Әліппе және оқу кітабын”, Б.Ф. Бунаковтың “Әліппе мен оқу құралын”, Тихомировтың “Грамматиканың элементарлық курсын” оқу құралы ретінде ұсына отырып, кейін солардың үлгісімен өзі де “Қазақ хрестоматиясы”,“Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы атты екі оқу құралын бастырып шығарды. [2]
Бұл кітаптар орыс графикасына негізделген, өйткені осыған дейін жазылған кітаптардың дені татар тілінде және араб, парсы тілдерінен енген сөздер көп болғандықтан мектеп жасындағы балаларға сай емес еді.
Ыбырай Алтынсарин жазған “Қазақ хрестоматиясы”1879 жылы яғни 137 жыл бұрын жазылған бұл оқулық Орынбор қаласында жарияланған. Орыс әліпбиіне негіздеп жазған, бұған дейінгі қазақ кітаптары татар тілінде шығарылып, арап, парсы сөздерінің араласуымен жазылған әрі оқушыға түсініксіз болған. Ыбырай Алтынсариннің өз сөзімен алғанда: “... Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық; сондықтан шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін, осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды жөн көрдік”- дейді. Шынында да осы кітап негізінде оқушыларға арналған оқулықтар шыға бастады. Бұл кітаптағы шығармалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік, әдептілік пен инабаттылық , зейінділік пен зеректік, ата-ана, ел мен жұртқа деген сүйіспеншілік, құрмет идеялары ескірмейтін асыл мұра. Сан мәрте жаңалап басылған кітап әр кезеңнің оқырманына түсінікті жазумен басылуда. Кеңес дәуірінде орта мектептің әдебиеттік оқу құралдарында және жеке жинақтарда бірнеше рет басылды. Социализм кезіндегі идеологиялық саясатқа байланысты, автордың кейбір сөздері (Құдай, пайғамбар) сөздері алынып тасталды. Алғашқы атауы“Киргизская хрестоматия” болды. Кітаптың тұңғыш редакторлары орыс азаматтары болғандықтан қазақ сөздерін қалай естісе солай бұрмалап басқан. “Қалай болғанда да , бұл кітап қазақ кітап бастыру тарихында таза қазақ тілінде алғаш рет жарияланған кітап. Еліміздің рухани алтын қорындағы әдеби мұра болып саналады” делінген 2007 жылы “Білім” баспасынан шығарылған “Қазақ хрестоматиясы” кітабында. Мұнда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері.
Кітаптың ішінде Ы.Алтынсариннің өнер білімге шақыратын, табиғат туралы өлеңдері бар, олар бастауыш сынып оқушыларына мазмұны жағынант үсінуге жеңіл, әрі жаттауға оңай. Аударма әңгімелер, Ыбырайдың өзінің де жазған әңгімелері бар, мақал-мәтелдер де жазылған. Тәрбиелік мағынасы балаларды әңбексүйгіштікке, адалдыққа, мейірімділікке бастайды. Бүгінгі білім бағдарламасы да оқу материалдарының оқушының жас ерекшелігіне сай болуын талап етеді. Бүгінгі күнмен сабақтастығы да осында.
“Орыс тілін қазақтарға үйрету туралы бастауыш құрал” — орыс графикасына негізделіп жасалған ең алғашқы оқулық. 1879 жылы Орынбор қаласында шыққан. Бұл орыс тілі грамматикасы қысқаша курсын қамтитын оқу құралы. Оқулықта жеті бөлім бар:
1) Нәрселердің аттары (зат есім). Имя существительное; 2) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім); 3) Есеп аттары (сан есім). Имя числительное; 4) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік); 5) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу). Наречие и союз; 6) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау); 7) Глагол деген сөздің бөлігі (етістік). Қазақшадан орысшаға көшіруге арналған сөздер. Оқулықтың алғы сөзінде оқу құралын қалай оқыту жөнінде әдістемелік нұсқау берілген (оқыту әдісі бөлімдерден кейін де көрсетіліп отырады). Әрбір бөлім сөздіктен тұрады. Әрқайсысынан кейін орыс грамматикасының негізгі, басты ережелері ұсынып отырады (мысалы, септік жалғаулары, көпше, жекеше түр, род, реңк мәнді жұрнақтар, зат есімнен жасалатын сын есімдер, шырай түрлері, етістіктің шақтары, райлары т. б.). Ережелер қабылдауға оңай нұсқауда келтірілген. Сөздердің тізбесін, грамматикалық ережелерді беруде арнайы әдістемелік мақсат көзделінген: оқушы әдебиеттік оқуды меңгермес бұрын, жекелеген сөздердің тобымен, бастапқы, негізгі ереже түрлерімен таныс болады, жүйелі дайындық курсынан өтеді. Оқулық бірде-бір орыс сөзін білмейтін қазақ баласына тіл үйрену неден қалай басталуы керек деген мәселені қояды. Бұл — сол кезеңдегі орыс грамматистері мен әдістемешілері де қолға ала қоймаған күрделі жұмыс. Тіл үйрену үстінде бала екі бірдей дағдыны қатар игереді.
Оқулықта орыс тілі мен қазақ тілі грамматикасын салыстыра оқыту қажеттігі басым айтылған. Бұл оқу құралы сол кезең үшін де және қазіргі талап тұрғысынан да терең негізгі лингвистикалық-әдістемелік еңбек болып табылады. Мұнда шет тілін жаңадан бастап үйренуге арналған оқу құралының сипаты қандай болуы керек деген мәселе шешімін тапқан. Сонымен бірге екі тілдің грамматикасы үйлестіре оқыту мәселесі де алғаш рет Алтынсарин заманында қолға алынған. Шет тілінде дұрыс жазуға үйрету, тіл ұстарту мәселелері көтеріледі. Алтынсариннің оқу құралы тіл үйренудің лингвистикалық негізгі тілдің лексикалық жүйесіне негізделуі керек деген қортындыға әкелді.
Алтынсариннің пікірінше, мектептерге арнап жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің, халық даналығының бай қазынасына негізделуі тиіс болды.
1868 жылы Орынбор генерал-губернаторлығы екіге бөлінді: бірі-Торғай, екіншісі-Орал облысы, осы кезде Ы.Алтынсарин Торғай уездік сотының уақытша қызметкері болды. Осы қызметте істей жүріп қазақ даласында болып жатқан небір әділетсіздікке куә болды. Қорғансыз қарапайым халыққа көмек жасады. Айта кететін бір жай очерктер қатарына кіретін “Жұт туралы” шығармасында шұрайлы жерінен айырылған қазақтар отырықшылыққа мәжбүрленді, егін егуге, мал бағуға қолайсыз тастақ жерде тырбанып тіршілік етіп жатқан қазақтардың өмірі, құрғақшылықтан халықтың жұтқа ұшыраған аянышты халін суреттеп, ақ патшадан халыққа көмек сұраған халықшыл азаматтың бейнесін көреміз.
Алтынсарин өз мақалаларында жерді пайдалану, қазақтардың отырықшылыққа көшуі, т.б. мәселелерді көтерді. Ресей империясының қазақ даласын отарлау, қазақ еңбекшілерінің шұрайлы жерлерін мемлекет қорына тартып алу жөніндегі заң жобасына 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде өз наразылығын білдірді. Этнографиялық очерктер де жазды. Мұнда қазақы салт-дәстүрлер адам өліміне қатысты ғұрыптарды, құда түсу дәстүрін егжей-тегжейлі баяндады
Ағартушы жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосты. Ол қазақ жастарын, ең алдымен, оқу, өнер, білім, техниканы игеруге шақырды Автор оқу, білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлық қажет екенін ескертеді.
Ы.Алтынсарин жазба әдебиетке тән проза жанрының да негізін қалады. Ол - тұңғыш рет балаларға арнап әңгіме жазған жазушы. Ыбырай әңгімелерінің басты ерекшелігі-жақсы мен жаманды салыстыра отырып әңгімелеу арқылы балалардың санасына ой салу, тәрбиелеу. Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Ы.Алтынсариннің «Екі жолдас», «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейтқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Байұлы», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» және т.б. әңгімелері бар.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақ хрестоматиясы , 2007ж., “Білім” баспасы
2. Әлемдік педагогикалық ой-сана, 10 том, “Таймас” баспа үйі, 2010ж.
3. Қазақ әдебиеті 9-сынып “Мектеп” баспасы 2013ж.
Достарыңызбен бөлісу: |