Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн кайда?!
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір, күмбір кісінетіп,
Күренді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?!
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?!
Кетбұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?!
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұшпан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бұрын соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..
Шалкиіз жырау Тіленшіұлы
Жоспар
Жыраудың қысқаша өмірі.
Жырау шығармаларының негізгі идеялық мазмұны.
Шалкиіз шығармаларының көркемдік ерекшелігі.
Шалкиіз шығармаларының зерттелу жағдайы.
Жыраудың қысқаша өмірі
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленшіұлы 1465- жылы шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Жыраудың әкесі, сірә сахара феодалдарының бірі болса керек, ал шешесі кейін кіші жүздің ұйтқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы орда атанған ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы екен. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айырылғанда, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Шалкиіз Дешті-Қыпшақтың жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады. Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған Шалкиіз қай атырапта өсіп, ерт жетті – бұл жағы белгісіз. Тек айдынды аламен ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490- жылдарда Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар сатында, бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Алайда, тәкәппәр жырау Темір бимен үнемі жарастық таба бермеген. Темір өлген соңғы жерде жырау (тәрізі, осы уақытқа дейін өзімен қырбай балып жүрген) Мұса ұрпақтарымен қайта табысады. Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40- жылдарында басталған Жүсіп пен Исмайылың әйгілі тартысы кезінде Жүсіп партиясын жақтайды. Алайда дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен бір жола араздасып, Қазақ ордасына қайта келеді. Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560- жылдары қайтыс болады деп шамаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |