І дәріс Қазақ Хандығы дәуіріндегі әдебиетке қысқаша шолу
Жоспар Қазақ Хандығы қалыптасу кезеңіндегі тарихи әлеуметтік жағдайы.
Жырау және Жыршы.
Толғау және жыр.
Қазақ Хандығы қалыптасу кезеңіндегі тарихи әлеуметтік жағдай Қазақ әдебиетінің тарихы әдебиетті дәуірлеу мәселесімен тікелей байланысты. Одан да бұрын әдебиет тарихы ұлт тарихымен байланысты екенін ескеруіміз керек. Қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөлуде ұлт тарихын ескеруді негізгі концепт етіп алған ғалым Б.Кенжебаевтың «Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнелі көрінісі, сүрлеуі; ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылымы, тарихы да қазақ халқы азаматтық тарихының ізімен жасалуы тиіс» деген тұжырымының дұрыстығын уақыт дәлелдеп берді.
Дегенмен қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселеге көптеген ғалымдар назар салып, түрлі пікір айтты. Тұжырым жасады. Мысалы, әдебиеттанушы Е.Тілешев: «Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми тәжірибелеріне зер салар болсақ, онда бізде үш принцип бар екендігін байқар едік. Алғашқысы – М.Әуезов, М.Мырзахметұлы еңбектеріне негіз болған әдебиет тарихын халықтың азаматтық тарихымен байланыстыратын дәуірлеудің геторогенді принципі. Екіншісі – А.Байтұрсынұлы қолданған жанрлық принцип. Үшіншісі – Р.Мәрсеков, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтер еңбектеріне негіз еткен хронологиялық принцип (Тілешев Е. Суреткер және көркемдік әдіс. – Алматы: Арқа, 2005. – 278 б.) – дейді.
Алаштанушы Д.Қамзабекұлы: «Орыстың танымал ғалымы П.Н.Сакулин тұжырымына қарағанда дәуірлеудің үш принципі бар. Олар: анналистикалық принцип (хронологияға сүйенеді), геторогендік принцип (әдебиетке әсер етті делінген саяси, қоғамдық, экономикалық факторларды басшылыққа алады), автономдық, яки автогендік принцип (өнердің өз ерекшелігін негіз етеді). Енді мәселеге ой көзімен зер салсақ, қазақ әдебиеттануында бастапқы екі принцип орныққанын байқаймыз (Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: Фолиант, 2002. – 474 б.) – дейді.
Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесін сөз етуіміздің себебі көп. Қазіргі әдебиеттануда ұлттық әдебиет тарихын кезеңдерге бөлу туралы түрлі пікір бар. Олардың негізі жоғарыда аталған үш принциптің алғашқы екеуіне сүйенеді. Дегенмен бүгінгі әдебиет тарихын ғылыми дәуірлеу мен кезеңдерге бөліп оқытуда көптеген шешілмеген проблемалар бар. Ол әсіресе, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне қатысты.
Қазақ әдебиеттануында әдебиет тарихының кезеңдерін Б.Кенжебаев ұсынған классификация бойынша қарастырып келдік. Ол жүйелеудің ғылыми негізі өте мығым әрі қазақтың ұлт тарихының кезеңдерімен тікелей астасып жатқандықтан, ұлттық таным мен руханиятты қосар ұғындырар күшті мәдени құрал, рухани мұра болды. Б.Кенжебаевтың классификациясы:
Ежелгі дәуір әдебиеті: 6-14 ғасыр аралығы (Түркі халықтарына ортақ әдебиет)
Хандық дәуір әдебиеті: 15-18 ғасыр аралығы (Қазақтың төл әдебиеті)
20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (1900-1920 жылдар аралығы)
Кеңес әдебиеті
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұл саралауға «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті» және «Қазіргі қазақ әдебиеті» сияқты кезеңдер қосылды. Қалай болғанда да, ұлттық әдебиетіміздің бастауларын көне түркілік әдеби мұралардан алып келген бұрынғы концепция ақырындап ескіріп келеді. Қазіргі зерттеушілер мынадай жүйе ұсынып жүр:
Ертедегі көшпелі тайпалар әдебиеті
Байқап отырғанымыздай көне деректерге сүйенген зерттеушілер ұлттық әдебиетіміздің тарихын сонау Сақ, үйсін, Қаңлылар дәуірінен бастауды ұйғарып отыр.
Қазақ әдебиеті тарихын кезеңдерге бөлу мәселесін мүмкін арнайы пәндерде қосымша қарастырармыз. Ал бүгінгі басталғалы отырған пәнімізге келер болсақ, Қазақтың өз алдына ел болып, мемлекет құрып, ұлт болып ұйысқан кезеңі – Хандық дәуір әдебиеті. Әдебиеттің бұл кезеңі ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар арасын қамтиды. Ұлан-ғайыр Дештіқыпшақ даласының ортасынан ойып тұрып хандық құрған қазақ халұының басынан нелер бір дәуірлер өтті. Мемлекетіміздің қарыштап дамып, өркендеген күндері де, елдігінен айырылып, басқа жұртқа бодан болған кездері де болды. Сол тарихи оқиғалар мен елдігімізді сақтауға жанын беріп, қанын төккен асыл ерлер өмірі әдеби мұраларымызда көрініс тапты. Енді қазақтың төл әдебиетінің қалыптасуына тікелей әсер еткен тарихи-әлеуметтік жағдайларға тоқталайық.
Жошы ұлысы ыдырап, бірнеше хандыққа бөлінгеннен кейін, Алтын Орда және Ақ Орданы өмірге әкелді. Ақ Орда бертін келе Қазақ Хандығының құрылуына негіз болды. XV ғасырдан бастап Қазақ хандығы құрылып, тайпалық бірлестіктің дербес мемлекеті нығайды. Халықтың өзіндік мәдениетінің беті айқындала түсті. Кейбір жазба ескерткіштер қазақ тілінде жазылды. Мысалы: Қадырғали Құсманұлының «Шежірелер жинағы», Әбілғазының «Түрік шежіресі» т.б.
XV – XVIII ғ.ғ. Көркем әдебиеттің жайын халық әдебиетінің жетістіктерінен жете аңғарамыз. Ауыз әдебиетінде көркемдік дәрежесі жоғары көптеген эпостық жырлар туды. Ол әдебиетімізді, тілімізді дамытумен қатар, қоғам мүддесін күшейтті.
VII – VIII ғ.ғ ескерткіштеріндегі көркем сөз үлгілері әдебиетіміздің алғашқы дәуірінен дерек берсе, Х – ХІІІ ғ.ғ шығармалар әдебиетіміздің толыса бастағанын көрсетеді.
Ал, ХІІІ – XIV ғ.ғ Монғол шапқыншылықтарының зардапты дәуірі, әдебиетіміздің дамуына қолайсыздықтар туғызды.
Қазақ хандығының дербес өмір сүруіне байланысты, оның әдеби тілі, әдебиеті қалыптасуымен қатар дамуға бет алды. Алғашқы жырлар “Жоқтау” сияқты салт жырлары басым болса, кейін жеке адамдарды дәріптеу сияқты шығармалар көбейіп, әдебиетіміздің мақсаты айқындала бастады. Әуелі қиял-ғажайып аңыздар туды, кейін шет ел шапқыншыларына қарсы тұрып, ерлік көрсеткен батырлар болды. Қолбасшылар, хандар дәріптеліп, олардың қаһармандық бейнесі жасалды. Шешендер мен билер болды.
Қазақтың алғашқы хандары - Әбілхайыр, Керей, Әз Жәнібек болды. XVI ғ Қазақ андығының тұтқасын Қасым хан ұстады. Оның тұсында Қазақ хандығы нығайды. Қасым ханның алғашқы қазақ заңы «Қасым ханның қасқа жолы» өмірге келді. Бұл заң қазақ арасында салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негізделіп жасалды.
Одан кейін Тәуекел хан болды, яғни 1586 – 1598 жылдары. Бұл кезед Ресей мен Қазақ арасында дипломатиялық қатынас нығайды. XVII ғ келгенде қазақ хандығының билігін Есім хан қолға алды. Есім хан елдің ішкі-сыртқы жағдайларына көп көңіл бөле отырып, ел билеу жүйесін бір арнаға салды. Содан «Есім ханның ескі жолы» атты қазақ заңы өмірге келді.