1) есі дұрыс еместік–тұлғаның өз әрекеттеріне есеп бере алмауы;
2) қажетті қорғаныс–мемлекеттің, қоғамның тұлғаның мүдделерін қоғамға қауіпті нұқсан келтіруден қорғау барысында нұқсан келтіруші тұлғаға зиян келтірумен сипатталады; алайда, қажетті қорғаныс шегінен асып кетпеуі тиіс, яғни, қорғанудың нұқсан келтірушіліктің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне айқын түрде сәйкес келмеуі орын алмауы тиіс;
3) аса қажеттілік–мемлекеттің, қоғамның, тұлғаның мүдделеріне қауіп төндіруші әрекетті жою жағдайында мүмкін, қойылатын шарт–бұл қауіп басқа құралдармен жойыла алмауы қажет және аса қажеттіліктен туындаған зиян алдын алған зияннан аз болуы тиіс;
4) қоғамға аса қауіптілігі жоқ құқықбұзушылық;
5) казус (жағдай) және т.б.
Заңдылық–бұл қоғамдық қатынастардың барлық қатысушыларының құқық нормаларын қатаң түрде сақтауы.
Заңдылықтың қағидалары
1) заң үстемдігі–барлық нормативтік және жеке құқықтық актілердің заңға бағыныстылығын білдіреді;
2) заңдылықтың тұтастығы–нормативтік актілерді түсіну мен қолдану елдің бүкіл аумағында бірдей болуы тиіс дегенді білдіреді;
3) заңдылықтың мақсатқа сәйкестігі– құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру қызметінің қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ең дұрыс түрлерін қатаң түрде заңдардың шегінде таңдау қажеттігін, заңдылық пен мақсатқа сәйкестілікті қарама-қарсы қоюды болдырмауды білдіреді, яғни, мақсатқа сәйкестілікті себеп қылып заңды бұзуға жол берілмейді;
4) заңдылықтың шынайылығы–құқықтық ережелердің барлық қызмет түрлерінде іс жүзінде орындалуына жетуді және оларды кез-келген түрде бұзу міндетті түрде жауапкершілікті көздейтінін білдіреді.
Құқықтық тәртіп
бұл субъектілердің құқықтық мінез-құлығымен сипатталатын қоғамдық қатынастар жүйесі; бұл әлеуметтік байланыстардың реттелу жағдайы, заңдылықтың шынайы қоғамдық қатынастарға айналуының нәтижесі.