Нотариат дегеніміз – құқықтар мен фактілерді куәландыруға және заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық іс-әрекеттерді жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заң жүзінде бекітілген жүйесін айтамыз.Ал, енді біз нотариатты нотариустан ажыратып алайық. Нотариатқа түсінікті жоғарыда атап өттік, ал нотариус – жоғары заң білімі бар, әдетте заң мамандығы жөнінен кемінде 2 жыл жұмыс стажы бар, мемлекеттік немесежеке нотариус сынағынан өткен, әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттаған, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған, ҚР азаматы ғана нотариус бола алады.
Яғни, нотариат – құқық пен міндеттер жүйесі болса, нотариус – соны іс-жүзіне асыратын адам.
Нотариаттық іс жүргізу ҚР тіл туралы заңдарына сәйкес жүргізіледі және ҚР әділет министрлігі бекіткен Нотариаттық іс жүргізу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады. Нарықтық экономика жағдайында қазіргі таңдағы негізгі құқықтық нормативтік актілердің бірі ретінде "Нотариат туралы" заң танылады, ол нотариаттың ұйымдастыру негіздерін реттейді. Жеке нотариустың пайда болуына байланысты мемлекеттік және жеке нотариустардың құқықтары мен міндеттері нормативтік тәртіппен теңестірілді. Олар рәсімдеген құжаттар бірдей заңды күшке ие болып табылады. Азаматтық қоғамда нотариат жеке меншікті қорғау, азаматтық дауларды даусыз ету, сондай-ақ азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етеді. Барлық мемлекеттердегі құқықтың даму тарихында нотариат құқық жүйесінің бөлігі болып табылады. Себебі нотариустар заңи мәні бар фактілерді куәландыру, азаматтық, неке-отбасылық, мұрагерлік және басқа да қатынастарды куәландыру, құжаттарды және олардың көшірмелерін растау, оларға орындаушылық (атқарушылық) күш беру және жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да әрекеттерді орындау танылады.Нотариаттың құқықтық табиғатын анықтайтын белгі ретінде оның құқықты жүзеге асыру қызметін атап өткен жөн, яғни ол ҚР Әділет министрлігінің заңи қызметтер мен құқықтық көмек көрсетуді ұйымдастыру қызметінің жалғасты бөлшегі болып табылады. Бұл министрлікке мемлекеттік нотариаттық кеңселер мен жеке практикамен айналысушы нотариустар тізімдемесін жүргізу міндеті жүктелген.Қазіргі заңи әдебиеттерде нотариаттың қызметтерін әлеуметтік және мазмұндық түрлерге бөлу мойындалып жүр. Бірінші жағдайда бұл қызметтер нотариаттың азаматтық юрисдикция жүйесіндегі орнын сипаттаса, екінші жағдайда жасалатын заңи мәні бар іс-әрекеттер сипатын көрсетеді.
Нотариаттың әлеуметтік қызметі жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің көпшілік-құқықтық сипатынан көрініс табады, яғни жеке және жалпы (жұртшылық) мүдделерді заңи негізде теңдей қорғауды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, дамыған және дұрыс қызмет атқаратын нотариат азаматтық айналымға қатысушылар арасында туындауы мүмкін құқықтық шиеленістердің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Бұл мағынада нотариаттың негізгі қызметі азаматтық құқықтық қатынастарда шиеленіске жол бермеу үшін шарт жасаушы тұлғалар ұстанымдарында пайда болуы мүмкін барлық қайшылықтарды болдырмауға бағытталған алдын ала кедергі келтіру әрекеті арқылы көрінеді. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда нотариус міндеті нормативтік ая шегінде тараптарды өзара келісімге келтіруге бағытталады. Нотариаттық актілер салмақты дәлелдемелік күшке ие болғандықтан, азаматтық даулар туындаған реттерде білікті дәлелдеме ретінде қызмет етуі мүмкін. Заңи мәні бар іс-әрекеттер заңдылығын қамтамасыз ету арқылы нотариус азаматтық аяда құқықтық тәртіптің қалыптасуына ықпал етіп, арам ниетті тұлғалар қызметінің аясын тарылтады. Нотариаттың сондай-ақ соттың тәжірибе нәтижелеріне сүйене отырып, мамандар қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар негіздей алады. Нотариаттың мазмұндық мәні оның даусыз фактілерді куәландыру арқылы нотариаттық қызмет көрсету туралы өтініш жасаған жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қызметінен көрінеді. Нотариаттың мазмұндық қызметтерінің қатарына оның заңи қызметі де кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының заңнамасында кейіннен орындау құжаты ретінде қолданылу құқығын беретін нотариустың орындау жазбаларын енгізу құқығы көзделмеген. ҚР «Нотариат туралы» Заңының алғашқы редакциясында мұндай құқық көзделген болатын, сондай-ақ бұл құқық Қазақстан Республикасының «Атқару өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен де көзделген болатын. Нотариаттың заңи қызметін негіздеуде заңи әдебиетте нотариустардың орындау жазбаларын енгізу құқығы туралы айтылады, олар мәжбүрлеп орындату арқылы қаматамасыз етіліп, орындау қағазымен тексеріледі. Дегенмен, қазіргі уақытта отандық заңнама бойынша нотариустарға ондай құқықтар берілмеген, ал мұндай құқықтың бұрынғы кеңестік республикалардың кейбірінің нормативтік актілерінде сақталып қалуы нотариаттық құжаттардың ерекше күшін растайды.