Әдебиеттер
1. Қазақ энциклопедиясы. 25 бет
2. «Қаныш» энциклопедиясы, –Алматы, «Қазақ энциклопедиясының редакциясы», – 2011. –15б.
3. «Рационализатор бюллетені» газеті, –1963.
4. Қарашаңырақ иесі. А. Маткенов, Б. Маткенова, К. Балкенұлы, А. Есенғабылова. – Алматы, –2008. –127б.
5. «Мысты өңір» газеті. –2008.
6. «Ұлытау өңірі» газеті, қазан, 2 басылым. –2013.
ДОМБЫРАНЫҢ ҚҰПИЯ СЫРЛАРЫ
Бағыт Райымбек (Қазақстан)
Х.Досмұхамедов ат. Атырау мемуниверситеті
Ғылыми жетекшісі: Суингарина Т.М.
Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы. Оның өміршеңдігінің өлшемі уақыт талғамайды. Кезең, дәуір шаңдағыңда қалып қоймай, әр заманның рухани тілегіне сәйкес жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгенің өрнегімен таразыланады. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас.
Күйдің қай заманнан бері тартылып келе жатқандығының нақты дерегі жоқ. Бірқатар зерттеушілер күй бағзының бағзысында, ежелгі ғұн, түркі дәуірінде пайда болған деп пайымдайды. Ал орта ғасырларда Қарақорым мен Еділ дария арасын жайлаған жалпақ жұртқа жаппай түсінікті, етене музыка тіліне айналған сияқты деген де пікір бар. Біраз күйлердің тақырыбы, лексикасынан, пішін-құрылымынан, күймен егіздете баяндалатын аңызынан архаикалық сипат, ислам дініне дейінгі наным-сенімнің табы байқалуы осы тұжырымға дәйек бола алса керек.
Күйлер негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік кәсіби өреге жеткен саласы – домбыра күйлері. Домбыра – тым ертеде пайда болып, уақыт озған сайын түрленіп, дамып отырған, екі ішекті, шертпелі хордофон типіндегі аспап. Домбыра музыкасы тарихы халықтың тарихымен тығыз байланыста дамыды.
Жазба ескерткіштеріне, этнографтар мен музыкатанушылардың еңбектеріне қарағанда домбыра мен басқа ұлттардың осы домбыраға ұқсас аспаптары ежелгі уақыттан жақсы белгілі болған. Осы үлгідегі және атауы да «домбыра» сөзіне ұқсас аспаптар татар, башқұрт, өзбек, алтай, қырғыз, түрікпен, мұңғыл, қалмақ, тәжік халықтарында да сақталған (думбыра, думбара, думбрак, домбр, комуз, т.с.с.). Типологиялық және лексикалық ұқсастық аталмыш музыка аспабының әлмисақтан мәшһүр екендігінің және Орталық Азия халықтарына түгелдей дерлік табиғи болғандығының дәлелі ретінде де айтылады. Ал қазақ домбырасы – жұмсақ, қоңыр үнімен ерекшеленетін, дыбыстық диапазоны 1,5 октавадан 2 октаваға дейін жететін, мүмкіндігі мол, сонымен қатар ел-жер, орындаушылық дәстүр ыңғайына қарай сыртқы пішіні де сан түрлі болып келетін аспап.
Көне салттың жөн-жоралғысымен және рәсімімен біте қайнаған замандар қойнауынан жеткен қазақтың киелі домбырасы көшпенділер тарихының алғашқы парақтарының естеліктерін өзімен бірге ала келді. Ғалымдардың зерделеуінше арнаулы әдебиеттерде осы уақытқа дейін жазылып, қабылданғандай екі ішекпен тартылатын, лютня тектес аспаптар Орта Азия аймақтарында біздің жыл санауымыздың бас кезінде пайдаланыла бастаған деп саналып келеді. Тарихшылар мен аспап зерттеушілер бұл тұжырымды деректі түрде негізделген деп қарайды. Ал Арал маңындағы Қой қырылған қаласына қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған қолында қос ішекті домбырасы бар ер адамның күйдірілген саз балшықтан жасалған мүсіні біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырдан қалған екен.
«Майтөбе» жайлауы (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) Теңіз деңгейінен 2000 метрлік биіктікке орналасқан. Бұл жотаның ұзындығы 13 километрге созылған жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраға ұқсас музыкалық аспаптың суреті табылған. Тастың ұзындығы 1м 30см, қалыңдығы 80 см, түсі қара. Бұл суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауып, сол кездегі Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейінің директоры, философия ғылымының докторы Сәбетқазы Ақатаевқа хабарлап, музейге қабылдатады. Жағда Бабалықұлы қағазға түсіріп әкелген тақтатастағы суретте музыкалық аспаптың артында бес адамның әр түрлі қимылда билеп тұрған бейнесі түсірілген. Ал фотоға түсірген суретте музыкалық аспаптың артында билеп тұрған адамдар саны-төртеу. Бұдан біз музыкалық аспап пен билеудің ғұрыптық рәсім атқаруда қатар қолданылғанын байқай аламыз.
Сыртқы көрінісіне қарағанда, көне дәуірдің бұл музыкалық аспабы қазақ халқының домбыра аспабынан басқа ешбір музыкалық аспапқа ұқсамайтындығы талас тудырмайтын деңгейде бейнеленген. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі байланған. Ал домбыраға үкі тағу ырымы бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Домбыраның сырт көрінісінің қарапайымдылығы, бір қарағанда «жеңіл-желпі» жасала салғандығы, оның күрделі тылсымға толы рухани дүниесіне көлеңке түсіріп тұрғандай сезіледі. Алайда, оның үні өзінің табиғилығымен, адам мүмкіншіліктеріне үндестігімен, мынау жарық дүниеге деген адам баласының қуанышын-ренішін білдіретін тілімен баурап алады. Домбыра тілінің мүмкіншілігі ұшан-теңіз, оның құлақ күйін келтірудің өзіндік ерекшелігі көп.
Қазақтың халық музыкасы арнайы теориялық зерттеудің объектісі болып саналады. Осы саладағы көрнекті еңбектердің бірі А.Д.Алексеевтің «Қазақтың домбыра музыкасы» мақаласы болды. А.Алексеев негізгі зерттеуін домбыралық күйлердің құрылымдық заңдылықтарына аударды. Ол «алғашқы ұя» деп атаған аспапты күйге келтіру негізіне бірінші дыбыстық үйлесімділікті қолдана отырып талдау жасайды. Шығарманы тудыратын эмбрионы ретінде оның негізгі функцияларын «алғы бет» деп анықтайды.
Қазақ халқының музыкасын алғаш терең зерттеушілердің бірі көрнекті ғалым Ш.Уәлиханов болған. Ол өзінің зерттеулерінде қазақ халқының ұлттық өнерінің қолданыстағы әртүрлі мәселелерін қарады. Қазақ халқының шығармашылығы туралы мәліметтер бізге саяхаттаушылардың, сонда уақытша немесе тұрақты жұмыс істеген Ресей ғылым Академиясының ғалымдары мен университет профессорларының жазба есептері арқылы жеткен. Есептердің мазмұнының тереңдігі мен көлемі жағынан, нота үлгілері мен әндер мәтінінің жазбалары, күйлердің мазмұны туралы ақпараттарға дейін әртүрлі болып келген. Қазақ музыкасы және оның тұрмыста қолданылуы жайлы жеке пікірлер көркем әдебиет пен ғылыми еңбектерде кездеседі.
Қазақ халқының музыкалық фольклорын зерттеуге П.В.Аравиннің қосқан үлесі де аз емес. Оның "XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ музыкасы туралы орыс ғалымдарының очерктері"деген еңбегінде төңкеріске дейінгі қазақ музыкасы бойынша әдебиет және мұражай дерек сөздеріне сындық шолу жасаған. Аравиннің ғылыми еңбектерінде қазақ халық музыкасының теориялық зерттеулері үлкен орын алады. Теория мәселесі бойынша бірнеше мақала жариялады, онда домбыраның дыбыс жүйесінің үндестігі мен дыбыс қатарының метрикалық айнымалығы, физикалық – акустикалық жақтары қарастырылды.
Қазақ халқының төл аспабы – домбыра ұзақ уақыттан бері өзінің негізгі құрылысын, түр – тұрпатын сақтап келеді. Ел ішіндегі шеберлер оның формасын өзгертуден гөрі дыбыстық ауқымын, әуендік мүмкіндігін арттыра түсуге үнемі күш салып отырған.
Аспаптанушы-ғалым Б.Ш.Сарыбаев қазақтың халықтық музыкалық аспаптану ғылымының дамуына зор үлес қосты. Аспаптардың классификациясын, олардың түрлерін, дыбыс қатарын, ойнау тәсілдерін ескере отырып ғылыми сипаттауын Б.Ш.Сарыбаев өзінің «Қазақтың халық аспаптары» монографиясында берді.
Домбыра аспабының тембрлік, диапазондық мүмкіндіктерін шегіне жеткізген дәуір, қазақтың аспаптық музыкасының шырқау биікке шыққан кезеңі - ХІХ ғасыр болды. Бұл жүз жылдықта әншілік, күйшілік өнердің дамуы домбыраның да жетілуіне ықпал етті. Осыған байланысты домбыраның да үнділігін, дыбысының әуезділігін күшейту қажет болды. Бұл қажеттілік домбыраның перне санын көбейтіп, шанағының жаңғырғыштығын молайту арқылы өтелді.
Сахара аймақтарының тарихи, мәдени және жағырафиялық ерекшелігіне, аспапта орындалу техникасына байланысты, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасты. Бұл дәстүрлі мектептер Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс мектептері деп аталады. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшелігіне, күйдің құрылымына байланысты шертпе және төкпе деп жіктеледі.
Домбыра аспабын сақтау арқылы қазақ менталитетінің дәстүр – салтын қалыптастыруға болады. Домбыра өнері тіл мен тарихты, күй мен шежірені, ән мен термені, жыр мен айтысты білуге ықпал жасай алады. Сонымен, ішегін қағып, пернесін басу кезінде математикалық есеп жүреді. Бір мезгілде орындаушылық, әуендік, еңбек үйлесімдерін көрсете алады. Ән айту (вокал), күй тарту (аспаптық), тарихын жеткізу – тіл мәдениетін қалыптастырады.
Домбыраға тек қана ұлттық музыка аспабы деп қарауға болмайды. Оның тамырында пәндік сапалар интеграциясы, әлеуметтік сан алуан функциялар жинақталған. Оларды келешек үшін сақтап дамыту – бүгінгі ұрпақ міндеті. Ата-бабаның домбыра өнері арқылы жеткізген музыкалық дәстүрі - әлемдік музыкаға қосылатын құндылықтар екені даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |