ҚЫТАЙДАҒЫ АЙТЫС АҚЫНДАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Ғалым Әдина (Қытай) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми жетекшісі: Бегалиева А.К.
«Қара таудың басынын көш келеді» деп өлеңдеткен ғазиз қара орман халық қайғысы мен қуанышын осы бір жолға сыйғызғандай.
Ғасырлар бойы дала төсінде тарихтың ізін қалдырып, атар таңын ат үстінде қарсы алған көшпенді халық бір кездері, өрісінде малы мыңғырған, ошағында оты маздаған мамыражай тірлік кешсе, енді бірде азаматы ажалмен арпалысып, ақ жаулығы аңыраған тұрлаусыз замандарға тап келді. Ел босты, ер етігімен су кешті. Аласапыран дауыл берекесін шығарған қайран қазақ тарыдай шашылды. Берісі бел асып, арысы асу асты, тіпті мұхит көктеді. Бүгінде сол сұрапыл жылдары басына сауға іздеп босып, барған ат төбеліндей қазақ ауылы, алып құрлықты мекендеп қалған. Жат елде, жат жерде жұрмін деп жасымады, миллиардтың ішінде мимырттамады.
Салтына сақ, дініне берік, ''Мен – Қазақпын, мың өліп, мың тірілген,”- деп Жұбан атамыздың жырын жатқа оқиды.
Берекенің қаймағы бұзылмаған абыз елдің ұрпақтары ата жұртынан жырақта жүріп жер қожайынынан қанша құқай көрсе де, басы жырылып, тісі сынса да, тіліне сызат түсірмеді. Қайта сол тарпаң тағдырын тілемен тілгіледі. Озбыр өкімет ұлықтарын сөзбен қарып, өлеңмен өртеді. Бұған дәлел - Таңжарық ақының жауыз, қан ішер төреге айтқаны:
Отырсың қара зәлім түсің қашып,
Біз жүрміз айдауыңда асып-сасып,
Армансыз дүниеден өтер едім,
Қаныңды ішсем, шіркін, жалғыз қасық.
Ал енді Қытай қазақтарының осы күнгі айтыскер ақындары шоғырына тоқталсақ, табиғат ана кеудесін күміс сараймен көмкеріп, алтынмен әрлеген ақындар-ай. Қызыл тілін жағына жанып, көмекейінен кесек жыр төгілген сөз саналықтары қаншама? Сол шоғырдың темір қазығы іспетті Құрманбек пен Жамалқан апамыздың айтыстары тіптен бөлек, сапасы сара туындылар. Дүлділдердің назды-сазды қыз-жігіт айтысынан мысал келтірсек:
Ақын болып тұрғанда алақызба,
Қызығына жастықтың қанамыз ба?
Қозыларды қайырып тастайын да,
Барайыншы анау бір бала қызға.
Бұл кім десем сен бе едің Жамал құрбым?
Тастай салып қозыны саған жүрдім.
Үлкендердің бұрынғы тәлімінен,
Білейін деп ауылдың амандығын.
Отырайық ары-бері су басында,
Ән сап берші азырақ құрдасыңа.
Әнеу күні бір тойда даусыңды естіп,
Ынтық болдым өзіңмен сырласуға, -
деп бозбала жайлап қалжыңмен наз тастайды. Бірден соқтықпай әдеппен үйінің амандығын сұрайды. Сонда Жамалқан апамыз:
Келіп қалсаң, ей, бала, шұмаң қағып,
Бұйымтай жоқ қасыңда тұрам неғып?
Бауырларым бәйгеге қосушы еді,
Арқандағы қайтатын құнанды алып, -
деп қызға тән тәкапарлықпен жауап береді. Бұған тентек жігіт қойсын ба? Одан сайын әзіл көрігін қыздыра түсіп:
Жүруші еді сені жұрт өжет қыз деп,
Айтысалық өлеңмен кезектесіп.
Солай таман қозыны беттетейін,
Мұрсаң болса айналмай тезірек шық, -
деп кездесуге шақырады. Бұрындары бозбалалар өрісте қозы бақса, бойжеткендер қаппен тезек теретін болған. Осы сәтті жастар тиімді пайдаланып, бір-біріне көңілдерін білдіріскен. Осыны аңғарған сұңғыла қыз:
Қойшыға да жан керек, тойшыға да,
Біздің сөзге үлкендер бойсына ма?
Қозыларың жамырап таяқ жейсің,
Аманыңда ауылыңды тап қойшы бала, -
деп тойтарса, тиіскен үстіне тиісе түскен ақын жігіт:
Қабағыңнан, ей, бала, айтуа ма?
Өзіңдейғып ән салар қайсы бала?
Су алған боп бұлаққа келмеймісің,
Бер жағыңнан барайын тай суара.
Сонда Жамалқан апамыз:
Шиырлама соңымды шыр айланып,
Түгендеп ал қойыңды былай барып.
Бастауымнан тайыңды ары әкет,
Тұнық суым кетеді ылайланып.
Ақын бала шалмаңды маған салма,
Бойжеткен боп толмадым камелетке.
Қорыққаннан жүрегім тулап кеті.
Жақсы болсаң қалдырма жаман атқа.
Үйден шығып қыз санат құрғаным жоқ,
Жақсы көріп сеніде тұрғаным жоқ.
Жақын бармай жаныңа алыс жерден,
Өлеңіңді тұрады тыңдағым кеп, -
деп «қызға қырық үйден тыйым» деген ұстаным бойынша жауап береді. Осы үзінділерге қарап отырсақ, бәрінің де шынайы келісті әзілдермен көмкерілгенін, асыра сілтеушілік немесе бірді айтып бірге кететін лақпа сөздер кездеспейтінін аңғарамыз. Ал, жыр тұлпар Құрманбекпен айтыс әлемінде жасындай жарқыраған, саналыда санаулы ғұмырын өлеңге арнаған ақиық Алтайдың ұлы, ақ бура Ертістің еркесі Еркіннің аға-іні немесе ұстаз-шәкірт айтысын тілге тиек етсек :
Елдің көркі өседі өр ұлымен,
Он үште ерген артымнан Еркінім ең.
Сен жеткенше артымнан ентігіп ем,
Сен жеткен соң, қарғам-ау, серпіліп ем,
Айналайын құлыным ыразымын,
Үмітімді тірілттің өлтірілген, -
деп ақын ұлын абыз асқақ көкке көтереді. Осы кезде өрт тілді Еркін ақын:
Семіріп күнің гүлдер нұрың көктен,
Қартаймаса деп жүрсің ғұмыр көктен.
Тәбиғат шебер анам әуел бастан,
Аптаған мына менің тілімді отпен.
Артыңнан Еркіндерің шауып келіп,
Мұрагерлік дәстүсін дүбірлеткен.
Елсіз көңілім аққусыз жетім көлдей.
Неге тұғам дауылдың өтінде өлмей,
Жырдың дархан даласын бір шолмасам,
Сезім тұлпар тұяғы кетілгендей.
Ағалардан өнеге алып жүсем болды,
Достықтың ошақтағы отын бөлмей.
Құрманбек талабыңды ақтамасам,
Кетейін тамам қазақ бетін көрмей, -
деп жырды тау тастындай кесек-кесегімен, Ертістің тентек толқынындай лек-легімен төгеді. Міне, осындай саумал жырмен сабаз халқын сусындатқан сөздің небір айшықтарын суырып салған ақындар легі айтып тауысқысыз. Көп болғанда саны бар сапасы жоқ емес, әрқайсысы бір-бір дастан, бір-бір шежіре. Таңдайына Бұқар бабалар түкіріп кеткен дерсің .
Қай кездеде ұлттың ұлтылығы - тілінде. «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық –балық», - деп Ш.Мұртаза айтқандай, тіліміз аман болғай, тіл жаршылары ақындар аман болғай. Ақындар мен ақын жанды халықтың алтын көпірі айтыс ғұмырлы болғай. Елім деп еңіріп, жұртым деп жүрегі езілген ақтангер айтыскер ақындар ата жұрт аспанын күндердің күнінде жырмен тербегей.
Қаратаудың басынан көш келеді...