І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш



бет26/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   156
Байланысты:
treatise40283

Әдебиеттер

1. Досымова Т. «Шахнаманы» жырлаған шайыр // Сыр бойы, 7.06.2007.


2. Т.Ізтілеуұлы. 4 томдық жинағының 3-томы. – Алматы: Жазушы, 2007.
3. Т.Ізтілеуұлы. 4 томдық жинағының 2-томы. – Алматы: Жазушы, 2007.
4. Т.Ізтілеуұлы. 4 томдық жинағының 1-томы. – Алматы: Жазушы, 2007.
5. Аяшұлы Д. Аралап жердің жүзін жүрер сөзім // Сыр бойы, 16.02.2007.
6. Әуезов М. «Рүстем-дастан» поэмасына алғысөз. Көп томдық шығармалар жинағының 20 томы. – Алматы: Жазушы, 1985 ж.
7. Күмісбаев Ө. Өлеңнің сүйріктей қып сұлу бойын // Түркістан, 1.11.2007.

КӨРКЕМ ТУЫНДЫЛАРДАҒЫ «ТАҒДЫР» КОНЦЕПТІСІНІҢ ТІЛДІК КӨРІНІСІ


Жақсылық Жұлдызай (Қазақстан)
Хамзина Айнара ( Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ),
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ,
Ғылыми жетекшісі: Хамзина Г.С. ф.ғ.к.


Кез келген ұлттың өзіндік ойлау жүйесі, дүниені бейнелеу тәсілдері бар. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің, философияның негізін құрайды. Материалдық және рухани мәдениет дамыған сайын ұлттық ойлау да дами түседі. Ұлттық ойлау жүйесінің рухани көздері ретінде шешендік сөз-өнерін, фольклор, мақал-мәтелдер, салт-дәстүр, ислам діні мен ғылым, халықтық білім мен халықтық философияны айтуға болады. Дүниенің тілдік моделін бейнелейтін тілдік ақпарат жүйесінде тұлғаның ақиқат дүниеге қарым-қатынасы танылады. Ол концептілер жүйесін құрайды. Концепт термині ақиқат дүниені когнитивті тұрғыдан тануға, ғаламның тілдік бейнесін түсінуге әсер етеді. Адамның жекелеген немесе жалпы тілдік ұжымның, лингвистикалық қоғамдастықтың ғаламды тану арқылы ғасырлар бойы жинақталған болашақта өз жалғасын таба беретін білім жүйесінің жиынтығы. Дүние болмысы – адамның өз болмысы. Бұл бірлікте халық санасында «Тағдыр» деген түсінікпен білдірген. «Тағдыр» – халықтың концептуалды дүниетаным әлемін қалыптастыратын сананың маңызды категорияларының бірі. «Тағдыр» концептісі – өмірлік мәні бар адамзатқа ортақ концептілердің бірі [1, 59]. Өйткені В.Н.Телияның анықтамасы бойынша: «Концепт – біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық жиынтығы, соның мағынасының барлық экспрессиясы» [2, 97].
Адамзат баласы қарапайым өмірде жан мен тән, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, ар мен ұят, т.б. сөздерді күнделікті тұрмыста жиі қолданса да, олардың мән мағынасын алуан түрлі түсінеді, ал кейде жете көңіл бөле бермейді. Ол сөздердің беретін мазмұнын, ұғым-түсінігінің ішкі астарын ашу адамның тілді білу деңгейі мен өмірлік тәжірибесіне, біліміне қарай түрліше болады.
Көркем шығармада адам тағдыры көп жағдайда өмірдің адам перзентінің мойнына артқан жүгі. Өмірінің сәтті-сәтсіз болуы, көздеген бақыты немесе көрген қорлығы, өкініші-реніші сияқты жағдайлары көп кездеседі. Сол адамның қарабасына түскен жағдайды әркім әр түрлі қабылдайды. Қазақ халқының болмысында адам баласының өміріндегі сәтсіздіктердің біразы «тағдырға» қатысты. О бастан дүниеге шырылдап келген сәбидің маңдайында болашақ өмірінің тағдыры жазылады, бірақ оны ешкім де білмейді. Адам баласының бақытсыздыққа шалдыққан жағдайда, этнос танымындағы «жазмыштан озмыш жоқ» деген түсінікке сүйенеміз. Адам оны өзгерте алмайды. Әлде, өзгерткісі келмеді ме? Философиялық түсінікте адам өзін-өзі жеңу мүмкін, ал тағдырды жеңу адамның қолынан келе ме? Ғ.Есімов: «Рас, тағдыр – фаталистік мәндегі күш, бірақ бұл оның бір жағы ғана, одан өзге де тағдырды құрастыратын күштер бар», – деген пікір айтады [3,112].
Біреулер тағдырының бергеніне қуанып, бақыттымын деп жатса, біреулер өмірден қанағат ала алмай, өз бейнетін-бақытсыздығын «тағдырынан, ғұмырынан» көріп, жіберген қателерін түзетуге өмірдің өзі қамшының сабындай қысқа екеніне бармақтарын тістейді. Осы адам тағдырына әсер ететін бір тылсым күштің керемет, сиқыры бар сияқты. Ендеше тағдырмен етене келетін жұлдызнама, өмір мен өлім, отбасы, табиғат, географиялық тұрғылықты жері, қоғам, алдына қойған мақсаты сияқты факторлар баршылық. Адамның ойлауы, арманы, мұраты тағдырды жасайды. Сол сияқты көркем шығармаларда да адам тағдыры бірінші орында болады. Яғни халық болмысын ашу кейіпкер тағдырын танудан басталады. Адам өмір сүрген, тіршілік еткен орта туралы жазушыларымыздың шығармаларында кейіпкерлердің өмірі, тағдырлары толғандыратын оқиғалар. Тағдырды көрсетуде образдар галереясы туындайды. Әр дәуірдің өз шындығы бар, сол дәуірдегі адам тағдырын, қоғамды қопару-төңкеру арқылы көркем шығарма туындайды. Әдеби кейіпкерді өз ортасынан бөлек танытатын, өзіне тән өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық даралық бар деуге болады. Ешкімге ұқсамайтын адамның ішкі жан-дүниесі, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық мінезі осы тағдырды жасайды.
Адам тағдырында бақыт пен бақытсыздық, қуаныш пен қайғы, үміт пен өкініш қатар жүретіні белгілі. Біз қарастырып отырған Д.Исабековтің «Тіршілік», «Сүйекші», Б.Нұржекеевтің «Кінәлі махаббат», А.Сейдімбековтің «Аққыз», «Қыз ұзатқан» повестерінде «адам тағдыры» концептісі кеңінен беріледі. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Тағдыр» сөзіне төмендегідей анықтамалар берілген. 1. Адам еркінен тыс болатын оқиға барысы, түрлі жағдайдың тоғысу салдары. 2. діни Құдіреттің жазуы, жазмыш. 3. Болып өткен өмір жолы, тұрмыс, болашақ (Қ.т.т.с., 772-б.).
Қаламгерлердің «Аққыз», «Сүйекші» повестерінде Наймантайдың, Абзалдың бейнелерінен нар тәуекелге бел буып, қандай да болмысын тағдырдың жазғанын алдынан күтетін батыл мінездерін, батырлық келбеттерін танимыз. Аққыздың ауылынан шыққан Наймантай шұбар атын жетегіне алып, еш ойланбастан өз еліне тартты. Енді болар іс болды, тағдырдың жазғанын талайымнан көрейін деген тәуекелге келген («Аққыз», 108-б.). «Тағдырдың жазуының қайсысына кез келсем де, Ақбілекке қосыла алмаудан ауыр болар деймісің?! Бәрібір тыныш өмір болмас... Әйтеуір ел іші кең ғой, көз көріп, құлақ естімес бір жағына кетсем қайтеді!» деп түйінген («Қыз ұзатқан», 58-б.). Осы үзіндіден Наймантайдың, Абзалдың ішкі ойлары арқылы, тағдырдың басқа не салса соны көруге бел шешкендерін көре аламыз.
Тіршілік деген ұғымда әйелдер жанының тағдырын екшелеп, електен өткізу – Д.Исабеков қаламының құдіреті. Эмоционалды концептілер (қуаныш, қайғы, бақыт, мұң). Кейбір ақиқат дүниелер адам санасындағы эмоционалды, эффективті көңіл-күйі арқылы, ішкі сезімі арқылы танылады. Қазақтың ұлттық танымында «тағдырға» қанағаттанбаушылық байқалады. Өйткені, «тағдыр» өмірдің тұщысынан гөрі, ащысынан қолданыс табады. Қыжымкүлдің бәрі есінде. Тағдырдың көрсеткен азабы аз болғандай, әкесі бастап келген төрт-бес жігіт оны отырған жерінен жұлып алып, ауылға қарай көкпарша тарта жөнелген. Бұл байғұс кінәлі ме, кінәсіз бе, ол жағын еститін құлақ, тыңдайтын адам жоқ. Өлдім дегеніңе елең етпейтін шетінен тас керең, шетінен дойыр. Мырзаларының төгілген абыройын нақ бір осы әрекетімен қайтармақ, оған деген шын көңілдері мен адал қызметші екендіктерін осындай дүлей мінезбен танытып қалмақ («Тіршілік», 314-б.).
«Қызымыз қайда»,- деп келген ағайын-туыстарына: «Қызыңыз о дүниелік боп кетті. Тағдырдың пешенеге жазғаны шығар»,- деп басу айтып, ен далаға сыймай тағы боп жүрген есепсіз малдан қоралап айып төлеп, бәтуаға келеді («Тіршілік», 363-б.). Шығармада Қыжымкүл тағдыры ғана емес, жеңгесінің тағдыры да қарбаласа, араласа көркем шығармада беріледі. Біреудің тағдыры екінші адамға тәуелді болып тұрады.
«Тіршілік», «Сүйекші», «Кінәлі махаббат» повестерінде адам баласының «тағдыр» алдындағы шарасыздығын көрсетеді: Адам баласының тағдыры тал күбідей айнығыш, көтергенде қарың талатын алақаныңдағы қорғасын шілдеде жауған бұршақтай қас қағым сәтте бір тамшы суға айналып жүре беретін опасыз, алдамшы қызық екенің Қыжымкүл ес білгелі ауыл қарияларының аузынан талай естіген, талай тыңдаған, бірақ жалғанның жалт етпе мінезі бір дем ары, бір дем бері қып-қысқа уақыттың ішінде тап осылай ұйқы-тұйқы, астан-кестеңі шығарын әсте ойламап еді. Бес баланың үстіне алтыншы бала боп қосылып, не өлі емес, не тірі емес, өге түгілі өзіне сынық инедей қадірі жоқ сүреңсіз, мағынасыз тірішіліктің он шақты күнін артқа тастағанда, сол он шақты күн бұған ғасырдай көрініп, кеудесіндегі барлық-барлық қасіреті мен ащы ызасы ішіне кеселдей шөгіп қаттала берді («Тіршілік», 360-б.).
О, қу тағдыр! – деді шал күрсініп. – Ерте қартайып, ерте мүжіліп кеткенің бе байғұс («Сүйекші», 266-б.). Әңгімемді әйел болған күнімнен бастайын. Бәрібір қыз күнім қысқа жіптей келте үзілген; ойсыз, уайымсыз ол күндерімнен оқшау белгі жоққа тән: асып қуанбаған соң, батып уайымдамаған соң, жылдар да жып-жылмағай қара жолдай («Кінәлі махаббат», 189-б.). Осы аталмыш авторлардың повестерінде «тағдыр» концептісін аш мысықтай, көкірегі удай ашып, сібірлеп атқан таңдай, басына үймелеген сарысудай, тағдыры тал күбідей, шілдеде жауған бұршақтай, қысқа жіптей келте үзілген, қара жолдай, қу тағдыр, сынық инедей қадірі жоқ сүреңсіз, мағынасыз тірішілікті сияқты эпитет, теңеулер арқылы сөйлемдерге күшті эмоционалдық-экспрессия, терең мазмұн, бейнелік сипат бере отырып, шығарманың көркемділігі, уыттылық мағыналары ашыла түседі.
Б. Нұржекеевтің «Кінәлі махаббат» повесінің негізгі өзегі – махаббат тағдыры. Ұлы Отан соғысына дейінгі және сол кездегі әйел тағдыры. Ерін соғысқа аттандырған әйелдің тағдыры, оның күйініші, аяққа тапталған ары мен ұятын автор шебер суреттеп көрсетеді.
Адамның өмір сүргені, өмірде істеген амалдары, қуанышы мен қайғысы, барлығы да – оның тағдыры. Тағдыр өзгермейді, оны Абай жиырмасыншы қара сөзінде былай деген: «Тағдыр өзгертілмейді, пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол тағдырды адам мен бірге жаратылған нәрсе» [1, 26].
Шығармадағы тағдырды жасаушы кейіпкер Зерен өзінің ақыл-ойына, іс-әркетіне жауап бере алмады. «Мен көп қателескен әйелмін. Үлгі алатындай ештеңем жоқ. Бақыттымын деп те, бақытсызбын деп те кесіп айта алман. Нұржаныммен бірге қартайсам, бақыттымын дер ем, ол жоқта бақытты болдым деуге қақым жоқ. Үш ұл өсіргенім бақытсыздық па? Жаңылдың жағдайымен салыстырғанда, әрине, көп жақсы. Бірақ үшеуінің үш әкеден туғандығы татулықтарына аз да болса ақау түсірмес пе екен деп, қылыш үстінде отырғандай үнемі қипақтаумен келем, сол да бақыт па?Мен бақытымнан айрылғанымды білгенде, оның енді екінші қайтып бастапқы қалпына келмейтінін де білгем. Ол өкінішім, ол назам әлі басылған жоқ. Өлмей басылмайды да» («Кінәлі махаббат», 254-б.). Бұл үзіндіде кейіпкердің ойының қырық құбылуын және қарама-қарсы мәнде (антонимдер), салыстырмалы түрде, өзіне өзі сұрақ қою арқылы ойын әсерлі түсіндіріледі. Кейіпкердің тағдыры оқырманның жан сезіміне ерекше әсер етпей қоймайды. Тағдырына көніккен әйел бейнесін ашуда Б.Нұржекеев ішкі монологті шебер пайдаланған.
Ал өмірдегі амалын, іс-әрекет арқылы тағдырды адам ақыл-ойымен түзетуге болады, тағдырды өзгерту өз қолында. Қазақ халқының дүниетанымы мен ұлттық ойлаудың басты нысанасы – адам, оның өмірі, дүниемен қарым-қатынас жасай білуі. Авторлардың дүниетанымы айқын танылып, олардың рухани әлемі айқындалды. Туындыларда «Тағдыр» концептісі арқылы оқырманның көз алдына адамның ішкі әлемін толық танытып, айтылар ой тереңдетіле суреттеледі. Тап болған қиын жағдайдағы жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі азап пен ауыртпалық шыншылдықпен бейнелі суреттелген. «Тағдыр» концептісі қазақтың ұлттық танымында өмірге көңілі толмау, қанағаттанбау мағынасында қолданылады. Өйткені «тағдыр» өмірдің тұщысынан гөрі, ащысында қолданыс тапқан. «Тағдыр» концептісінің тілдік көрінісі арқылы Д.Исабеков, О.Бөкей, А.Сейдімбеков, Б.Нұржекеевдің концептіні беру әдіс-тәсілдерінен, когнитивтік модель құру жолдарынан дүние бейнесін стереотиптік емес ситуациялармен бейнелеу шеберліктерін байқауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет