ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАСАЙ БАТЫРЫ
Нұртай Қайнар (ҚХР)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Мұсағұлова А.Б., т. ғ. к.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі қазақ халқының тарихындағы аса маңызды оқиға болып табылады. Өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте қазақ халқы елін, жерін жоңғар тепкісі мен езгісінен сақтап қалды. Міне осы кезеңдерде Жетісу өңірінде дүниеге келген батыр бабаларымыздың қанды шайқастарға араласуы ел аузында, тарих беттерінде қалды. Есім ханның тұсында 1620 жылы шапырашты туын ұстаған жас жолбарыс Қарасай батыр болды.
Қарасай Алтынай ұлы 1598 жылы Алатау бөктеріндегі Суықтөбе тауының баурайында дүниеге келген деген [1].
Қарасайдың тарихқа келуі Тәуекелден кейін Есімханның таққа отыруымен тұспа тұс келеді. 1620 жылы Есімхан Алтынханмен, Ноғай ордасымен бірігіп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасайды. Бұл ұрыста 79 жасар жанай батыр туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырады. Қара Ертістің оң қанатындағы осы соғыста Есім «Еңсегей бойлы ер Есім» атанады. Осы жылы Тобыл бойындағы соғыста Қарасай ойраттың екі тайшысын Тойлы мен Қарақолды қолға түсіріп, хан алдына айдап әкеледі. Сонда Есім хан риза болып: «Сен енді бүкіл қазақтың Қарасай батыры болдың» деп айтыпты. Шынында да қазақ жерінде Қарасай батырдың тұлпарының тұяғы тимеген жері жоқ деуге болады.
1627 жылы Тобылдан ығысқан ойраттар ес жиып, Еділ мен Жайықтағы алшындарды шауып, тыныштық бермегені, Еділдің Хазарға құяр жеріндегі қазақтарды қырғаны жөнінде суық хабар жетті.
Осыған байланысты Есімхан Түркістанда жиын өткізді. Хан қазақтың Қарасай батырын, Арғын Ағынтай, Найман Көксерек, Қаңлы Сарбұқа, Әлімұлы Төртқара, Жиенбет батырларды шақырып, әрқайсысына бес мың қол сарбаз беріп, Жайыққа аттандырды. Хазар теңізінің жағасында 83 күн ұрыс болып, бір жарым ай батырлардың жекпе жегімен өтті. Қарасай батыр тоғыз күн майдан алаңында жекпе жекте Манжы, Танжы бастаған жаудың 11 батырын жеңді. Ал, Ағынтай батыр бұл соғыста 7 күн жекпе жекте шайқасқан. Осы ұрыста ойраттар жеңіліп, орыс еліне қарай қашты.
1635 жылы Есімханның ұлы Жәңгірді қалмақтар тұтқындап әкеткен кезде, қазақ қолын Қарасай батыр басқарған еді. Қалмақтар бұл шақта Жетісудың терістік шығысын басып алып тұрған. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейін қуып, күйрете соққы беріп, Қарасай мен Ағынтай екеуі бірігіп, Жәңгірді үлкен ерлікпен қалмақ тұтқынынан босатып әкелді.
1640 жылы Есімнің орнына Жәңгірхан таққа отырды. 1643 жылы Алтынханның ұлы Омбы бастаған елу мың ойраттар қазаққа лап қойды. Жәңгір мен Қарасай Доңыз тауына кіріп келе жатқан жауды өз қолымен көп қырды. Осы кезде Алшын Жиембет Әлімұлы Төртқара, Жалаң төс Баһадүрлер көмекке жетті.
1646 жылы қалмақтар қырғыздарға шабуыл жасады, оған болысуға Қарасай батыр келді, ол қалмақтың қолбасшысы Батыр қоңтайшының қолын шауып түсіріп, ол содан өлді. Жәңгірхан қайтыс болған соң, 11-12 жасар баласы Тәукені Түркістанға жасырады. Батыр қоңтайшы өлген соң, алты жылдан кейін оның үлкен ұлы Сенге бастаған қалмақтар тағы шабуыл жасады. Оның 23 мың қолы Үш Алматы қаласын басып алды, одан Далатау, Таласқа жетті. Құлан төңірегінде алты күн ұрыс болды. Осы жерде Қарасай мен Ағынтай әрқайсысы 200 мәрте ұрысқа кірген екен. Осы өңірде екі батырдың есімімен жер аталып қалыпты.
1664 ұлу жылы Арқас аңғарынан (Жоңғар қақпасы) екі мың торғауыт наймандар мен жалайырға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай ұрысқа бірге кіріп, жауды қуысқан. 1671 доңыз жылы Көкше өңіріндегі соғыста Ағынтай батыр аяғынан жараланып, ақсақ болып қалса, Қарасай батыр тамыз айында қайтыс болды.
Келесі жылы Арқада Қарасайға ат шауып, ас берілді. Досының асын берген соң, сол жылы Ағынтай батыр да қайтыс болып, оның да сүйегі Айыртаудағы Құлшынбай төбесінде, Қарасай батыр бейітінің жанына өз өсиеті бойынша жерленген.
Профессор П. Румянцевтің жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы жарыққа шыққан «Верный уезі» деген кітапта былай жазылған: «Бір кездері Қарасай руы қазіргі Ақмола облысының аймағында тұрған... Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында» [2].
Қарасай батыр есімімен жүздеген жер, су, тау, сай аттары аталған, бүкіл бір тайпа есімі ұран болды.
Қарасай батыр жөнінде Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде атап кеткен. Зерттеуші қайраткер Мұхамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар» деген еңбегінде (25 бет) Шапыраштының ұраны Қарасай, таңбасы Ай, Тұмар деп көрсетілген [3].
Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» атты кітабында Қарасай батырдың өз өмірі, түп тамыры, ерлік хикаяттары, қолбасшылық дарындылығы жөнінде кеңінен баяндалады. Балғабек Қыдырбекұлы, «Қазақтың Қарасай батыры» атты мақаласында батыр баба жөнінде жан жақты жазды. Сәрсенбі Дәуітұлы, Сұлтанғали Садырбаев, Мұхамеджан Етекбаев, Бейбіт Сапаралы, Артықбай Ағыбаев, Мамытбек Қалдыбаев, Жабал Ерғалиев, Доғдырхан Тұрлыбек және басқалар батыр жайлы зерттеу мақалаларын баспасөз бетіне шығарды. Қарасай батыр жайлы көптеген ежелгі ақындар жырлаған, дастандар, қиссалар шығарған.
Жамбыл ата әрбір өлеңін бастар алдында батыр әруағына сиынып, Қарасай баба жөнінде тебірене жырлаған.
Ұран болған халқыма
Алтын діңгек салтыма,
Қарасайдай батырдың
Кім түсінбес нарқына
Ықпайтын ол жасынға
Мін болар ма асылда
Бұлтқа туын қадаған
Суықтөбе басында.
Ұранымыз Қарасай,
Қарасай кімнен аласа ай
Әруағына пір тұтқан
Айналайын, Алаш-ай!
Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлылық қасиеті көп болады. Қарасай тек ірі батыр ғана емес, айтқаны дәл келетін әулие көреген, біреуге қатты ренжіп зіл тастаса, теріс бата берсе, қара жер айрылғандай қара жамылатын арқалы жан болған.
Қартайған шағында шыбық мініп,ойнап жүрген бала Төлені өзі іздеп барып,тауып ақ батасын берген екен.Төле кейін күллі қазақ елінің тізгінін ұстаған Төле би болғаны белгілі.Атақты да,әруақты, қасиетті жандардың киесі,пірі болады. Қарасай бабамыздың жолға шығарда,ұрысқа аттанарда соңынан қызыл шұбар жолбарысы бірге еріп жүрген.Ол батырдың өзіне ғана көрініп, аян беретін қасиетті,қыдырлықызыры екен.Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысыТөле биге, одан Сарыбай биге, кейін Жамбыл атаға еріпті, – дейді.
Қарасай батыр жарты ғасырдай ат үстінен түспей, талай үлкенді-кішілі ұрыстарға қатысты, талай жекпе-жекке шыққан, майданның сан қырлы тәсілін меңгерген қолбасшысы болды.
Төңірегіне бүкіл қазақтың мықты батырларын топтастырып, олармен бірге тізе қосып, еліміздің төріт құбыласын түгендеп, дұшпанына бермеу үшін жандарын шүберекке түйді.
Қарасай батырдың ұрпақтары арасынан да аты аңызға іліккен батырларкөптеп шыққан. Қараша, Кәшке, Дәулет, Жәпек, Қаумен, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Атамқұл және де басқа ерлігімен ел есінде қалған ерлер қаншама?!
Ел арасында Қарасай батыр жайлы аңыз-әңгіме, деректер көп-ақ. Жалпы, Қарасай батырдың ғұмыры мен елі үшін істеген ерлігін зерттеу, екшеу, тұғырлы өмірін қазіргі күн тұрғысынан зерделеу – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы деп ұғамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |