І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш


КӨРНЕКІ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУ ӘДІСІ



бет115/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   156
КӨРНЕКІ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНУ ӘДІСІ


Измахунова Зарина (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Ғылыми жетекшісі: Сатбекова А.А.

Көрнекілік – педагогикадағы дидактикалық тәсіл. Ол мұғалімнің шығармашылық ізденісі мен әдістеме жаңалықтарына сергек қарап, сабақ барысында шебер пайдалана білуді талап етеді. Көрнекіліктерді пайдалануға ғалымдар, ұлы ойшылдар мен атақты педагогтар зор көңіл бөлген. Қазақтың ұлы педагогы Ы.Алтынсарин: «Қазақ жастары ғылымды, оқу мен өнерді кітап сөзі деп қарамай, заттай, көзімен көріп, қолымен ұстап ажырата білулері керек», – деген сонымен қатар, ол: «балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды», – деген болатын. 


Көрнекілік оқыту және ақыл-ойды дамыту құралы болып табылады. Адам баласы өзін қоршаған ортаны, дүниені, құбылыстарды бес сезім мүшесі арқылы сезініп, түйсінеді. Оның ішінде ақпаратты ең көп қабылдайтын сезім мүшесі – көру болып табылады. Көру арқылы қабылданған ақпараттар оқушылардың есінде жақсы сақталатынын ескерсек, кейбір заттарды тіпті көрнекіліксіз есте сақтау мүмкін емес. Сондықтан оқытудың алтын ережесі – көрініп тұрған заттарды көрсету, еститінді естірту, иіскететінді иіскету, дәмін татып көретінді дәмін таттыру. Көрнекілік арқылы оқушылардың қоршаған орта мен өмір құбылысын және заттарды салыстыра отырып ойлап, қабылдау арқылы оқушылардың сана-сезімі қалыптасады, мәселені түйсіну деңгейі артады. Көрнекілік әдіс – барлық пәнде сабақ сайын қолданылатын әдіс. Көрнекілік сабақта әр түрлі мақсатта қолданылады. Бір жағдайда сабақ материалын баяндап тұрғанда, мұғалім өзінің ойын оқушыларға нақты етіп дәлелдеу үшін көрнекіліктің бір түрін көрсетеді. Екінші жағдайда көрнекіліктің мақсаты мұғалімнің ойын дәлелдеу емес, бақылайтын нәрсе туралы оқушылардың мағлұматтарын, білім мен елестетулерін дамытуға қолданылады. Бақылауды ұйымдастыру тәсілі деп, мұғалімнің бұл жұмысқа жүргізетін басшылығын айтады. Сабақта көрнекілікке оқушылардың назарын аударып, бақылауын ұйымдастырудағы шеберлік деңгейінің өзі – сөзді сол көрсетілген нәрселермен қандай тәсілдер қолдана отырып, ұштастыра білуге байланысты. Көрнекі оқытудың негізгі мәні күрделі сөз мазмұндарын көрнекі құралдармен ұштастырып немесе тәжірибе қою арқылы түсіндіру. Осыған байланысты оқу процесінде қолданылатын көрнекілік түрлерін атап өтсек:
- табиғи көрнекілік: оқушыларды нақты объектілермен (өсімдіктермен, жануарлармен, минералдармен) таныстырады.
- эксперименттік көрнекілік арқылы оқушылар химиядан, физикадан тәжірибелер жасайды.
- суретті көрнекілік: нақты дүниенің бейнесін көрсету (бейнесурет, картина, диафильм, мылқау кинофильмдер).
- жасанды көрнекілік: макет, үлгі, муляж, геометриялық фигуралар, плакаттар, портреттер, панорама.
- дыбыстық көрнекіліктер: күйтабақтар, үнтаспаға жазылған материалдар, т.б.
- символдық және графикалық көрнекілік: карта, жоспар, сызба, диаграмма. (абстракты ой дамуына көмектеседі, себебі болмысты шартты белгілермен белгілейді)
-техникалық көрнекіліктер: киноаппараттар, диафильмдер, диопроэкторлар, эпидиаскоптар, телевизор, радио, компьютер, интерактивті тақта, т.б.
Оқытудың көрнекілік әдісінің мынадай шарттарын ұсынуға болады:

  • көрнекіліктің оқушылардың жасына сәйкестігі;

  • көрнекілікті сабақтың керек сәтінде қолдану;

  • демонстрацияланған затты барлық оқушылардың көруі;

  • иллюстрацияның ең бастысын, мәндісін нақтылау;

  • құбылыстарды демонстрациялау кезінде берілетін түсініктерді мұқият ойластыру;

  • сабақта көрнекіліктің алуан түрін қолдану, бірақ көп көрнекілік қолданбау, себебі балалардың назары басқа жаққа ауып, тақырып бойынша ең негізгіні түсінбей қалады;

  • көрнекілікті қолданып оқушының сезіміне қозғау салу, қалыптасқан түсініктерге сүйеніп, меңгерілетін ұғымды нақтылау;

  • оқушылардың өздері жасаған көрнекіліктердің әсері мол болатындықтан, көрнекілікті балалармен бірге жасау;

  • көрнекі құралдарды қолданып оқушылардың зейінін, ақыл-ой мәдениетін, жобалай білуін, оқуға деген қызығушылығын тәрбиелеу;

  • балалардың жас ерекшеліктеріне қарай заттық көрнекілікті азайтып, символдық көрнекіліктерді қолдану.

Оқу үдерісіне жаңа ақпараттық-техникалық құралдарды енгізу –оқытудың көрнекілік әдісінің мүмкіндіктерін кеңейтуде. Қазіргі уақытта көрнекі құралдың жаңа түрі – жеке тұлғалар қолданатын компьютерлерге, интербелсенді тақталарға, электрондық оқулықтарға ерекше көңіл бөлініп, оқу процесіне белгілі бір жағдаяттарды және процестерді үлгілеуге мүмкіндік беретін компьютерлер енгізілді. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен меңгерілген білімді қозғалыста, көрнекі түрде көруге мүмкіндік беріп отыр.
Көрнекілік әдіс-тәсілдерге демонстрация, иллюстрация және бақылау әдістері жатады.
Демонстрация (көрсету) оқушыларға құбылыстар мен процестерді табиғи жағдайда таныстыру барысында қолданылады. Әдістің бұл түрі оқылып отырған заңдылықтың (тіл заңдылықтарын) негізгі қағидаларын таныстыруды көздейді. Демонстрациялау көбінесе оқушылардың практикалық оқу әрекетімен ұштаса жүргізіледі. Бұл әдістің тиімді болуы бірнеше жағдайға байланысты:

  • көрсетіліп отырған көрнекілік барлық оқушыларға тегіс көрінуі тиіс;

  • оқу материалын түсіндіру кезінде пайдаланып, соңынан нысана алынып тасталуы тиіс;

  • көрнекі құралдарды бақылау барысында әрбір оқушы мұғалімнің нұсқауы бойынша жұмыс істеуі тиіс;

  • көрсету кезінде мұғалімнің ауызша баяндауы оқушылардың бақылауын дамытуға және тілін дамытуға ықпал етуі тиіс;

  • оқушылардың бақылау жұмыстары нәтижесінде ой қорытындысын жасай білуге дағдыландыру.

Оқытуды осылайша ұйымдастыру балалардың оқу материалын жеңіл әрі терең ұғынуына мүмкіндік туғызады. Олардың ойлау әрекетін жандандырып, қосымша ақпараттар береді және оқытуда проблемалық пен ізденушілік жағдайға итермелейді. Сабақ барысында оқытудың демонстрациялау әдістерін қолдануда оқу киносы, теледидар, видеофильм, электронды оқулық, компьютер және интерактивті тақта секілді техникалық құралдар көп пайдаланылады.
Иллюстрация – демонстрация әдісімен тығыз байланысты болады. Бұл әдіс иллюстративті құралдарда (плакаттар, суреттер, сюжетті суреттер, чертеждар, картограммалар, кестелер, т.б.) көрсетуде қолданылады.
Иллюстрация әдісінің нәтижелі болуы, негізінен оны қолдану тәсілдерін мұғалімнің қаншалықты меңгергеніне байланысты болып келеді. Соның негізінде оқушылар мен мұғалімге оқу материалын табысты меңгеруге айтарлықтай көмек бере отырып, ғылыми ұғымдарды жеңіл меңгеруге септігін тигізеді.
Бақылау әдісі сабақ барысында нақты заттар мен көрнекі және техникалық құралдарын көрсету кезінде, экскурсияда, лабораториялық жұмыстарда ерекше орын алады. Бақылау мұғалімнің басшылығымен сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта мұғалімнің тапсырмасына байланысты немесе оқушылардың, өздерінің қалауы бойынша кеңінен іске асырылады. Дұрыс қолданған бақылау әдісі балалардың байқағыштық, логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.
Егер мұғалім оқу мазмұнын үнемі сөз арқылы түсіндіретін болса, онда балалар санасының бір орталығының қатты қозуының салдарынан тежелуге айналып, тез шаршайды. Ал сабақ материалы үнемі алмасып, сабақтың бір бөлігі ауызша баяндау арқылы, өзге жерінде көрнекілікпен ұштастырылып отырса, онда мидың бір алабы ғана қозып қоймай, басқа орталықтары да кезекпе-кезек қозып, оқушылар оқу үдерісінде ұзақ мерзім шаршамайтын болады.
Қорыта айтқанда, оқытудың көрнекілік әдісінсіз толық мәнді сабақ өткізіп, берік білім беру қиын. Сондықтан оқушыларға білімді сапалы меңгертуде көрнекілік әдісін пайдаланудың маңызы зор.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет