Сөз тіркесімділігі сияқты, сөз тіркесі үлгілерінің қалыптасуына семантикалық факторлар ерекше әсер етеді. Себебі сөз тіркесі құрамындағы сөздер бір-бірімен грамматикалык және мағыналық жағынан һзара ыңғайлас болып келуі сөз тіркесі үшін де басты шарт. Синтаксис мәселесін зерттеген С.Аманжолов та сөйлем синтаксисін семантикамен тығыз байланыста қарастырады. Қазақ тіл білімінде алғаш жай хабарлы сөйлемдерді семантикалық топтарға бөлді:
Бұлайша хабарлы сөйлемдерді семантикалық топтарға бөлу принципі ашып айтылмаған, бірақ әр топтың ерекшелігін байқататын мысалдар келтірген. Осы мысалдарға қарағанда , сөйлемнің сипаты жөнінде ілгеріде айтқандарын ескергенде, С.Аманжоловтың синтаксистік семантикалық анықтауы бүгінгі тіл біліміндегі жағдайға жуық келеді:
Сөйлемге тән семантика бастауыш пен баяндауыштың грамматикалық қатысынан туады деп есептеген.
Қазақ тіл білімінде негізгі грамматикалық байланыстар ретінде салаласа, сабақтаса және қиыса байланысу танылып, олардың өзіндік ерекшеліктері айқындалып жүр. Салалас байланыс тең дәрежедегі, бірдей грамматикалық сипатқа ие сөздер, бірыңғай мүшелер мен салалас құрмалас сөйлем компоненттері арасында, сабақтас байланыс бірі екіншісін бағындыра байланысқан сөз тіркестері, құрмалас сөйлем компоненттері арасында, ал қиыса байланыс сөйлемді ұйымдастырушы негізгі мүшелер – бастауыш пен баяндауыштың арасында байланыстың болатындығы рас. Бұдан байқағанымыздай, грамматикалық байланыс бір ғана тиянақталған интонацияға ие, грамматикалық бірлікте, тұтастықта айтылған компоненттерге тән [4,38]. Ал семантикалық байланыс осы тілдік бірліктерді қоса алғанда, одан да үлкен синтаксистік деңгейлерді қамтитындығымен ерекшеленеді. Семантикалық байланыс тиянақталған интонациялық жік арқылы ажыратылған, бір-бірімен қатар не алшақ тұрған сөйлемдер арасында болады. Осыған орай оны екіге бөліп қарастырамыз:
ішкі семантикалық байланыстар (сөйлем ішінде)
сыртқы семантикалық байланыстар (сөйлемдер арасында)
Ф.ғ.д. проф. Т.Н.Ермекова аталған семантикалық байланыстарды өз ішінде төмендегідей топтарға бөліп қарастырады:
- жалғас семантикалық байланыстар;
- теңдес семантикалық байланыстар;
- негізгі (орталық) семантикалық байланыстар
- қосалқы семантикалық байланыстар [4,38].
Жалғас семантикалық байланыстағы синтагма өзінің алдындағы бірлікте айтылған ойдың жалғасы болуы мүмкін немесе бұл синтагмада айтылған ойдың жалғасы кейін тұрған бірлікте айтылады. Синтагмалар арасындағы мағыналық байланысты көрсететін тілдік бірліктер – компоненттердегі ортақ семалар, есім сөз – есімдік жұбы, септеулік шылаулар мен сабақтас құрмалас байланыс құруға негіз болатын морфологиялық тұлғалар.
Теңдес семантикалық байланыс тең дәрежелі синтагмалар арасында болады. Мұндай байланысқа бір жүйеге енетін семалар, синтагмалар түсе алады. Мысалы, жылқы семасы аспан семасымен немесе жасыл семасы жүр семасымен ешқашан семантикалық байланысқа түсе алмайды. Айталық, жылқы семасы өзінің архисемасы жануар немесе осы архисемадан өрбіген өзі тектес басқа семалармен (сиыр, түйе) байланысқа түсе алады. Сонда теңдес мағыналық байланысқа бір сөз табынан жасалған бірдей грамматикалық тұлғадағы семалар мен синтагмалар түсе алады. Бұл – оның тілдегі тұлғалық белгісі немесе көрсеткіші болып саналады.
Ал қосалқы семантикалық байланысқа сөйлем құрамына енетін қаратпа, қыстырма, одағайлардың байланысы жатады. Әдетте оқшау сөздер деп аталатын бұл тілдік бірлік сөйлемдегі өзге сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді десек те, сөйлем құрамына енетіндіктен, ол өзге мүшелермен семантикалық қатынасқа түсе алады, бұл қосалқы байланыс деп аталады.
Орталық байланыс – грамматикадағы қиыса байланысудың негізі.
Сөйлемдегі ішкі семантикалық байланыс төмендегідей болып шығады, мысалы:
Мінеки, ол оқиғаның қорытындысы осындай болды, біздің бұл акцияны дәрігерлер де, медбикелер де, күтушілер де ешқашан ұмытпайтын шығар (Ә.Нұршайықов)
Мінекей, ... осындай болды – қосалқы байланыс
Ол оқиға – жалғас байланыс
Оқиғаның қорытындысы – жалғас байланыс
Осындай болды – жалғас байланыс
Қорытындысы ... болды – орталық байланыс
Біздің акция – жалғас байланыс
Бұл акция – жалғас байланыс
Акцияны ұмытпайтын шығар – жалғас байланыс
Ешқашан ұмытпайтын шығар – жалғас байланыс
дәрігерлер де, медбикелер де – теңдес байланыс
медбикелер де, күтушілер де – теңдес байланыс
дәрігерлер де, медбикелер де, күтушілер де ұмытпайтын шығар – орталық (негізгі) байланыс.
Нақты болмысқа сүйенсек, сөйлем ішіндегі «қатынас құрылымы» тек семантикалық байланысқа негізделмейді. Семантикалық байланыстың нәтижесінде грамматикалық байланыстар, грамматикалық байланыстың нәтижесінде семантика-грамматикалық (синтаксистік) қатынастар қалыптасады:
Теңдес семантикалық байланыс – салалас байланыс – теңдес қатынастар;
Жалғас семантикалық байланыс – сабақтас байланыс – атрибутивтік, объектілік, адвербиалдық қатынастар;
Орталық семантикалық қатынастар – қиыса байланыс – субъект-предикативтік қатынастар;
Қосалқы байланыс – таза семантикалық байланыс, ол сөйлемдегі өзге сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді, сондықтан синтаксистік қатынасқа да түспейді.
Аталған байланыстарды бөлуде орталық меже семантика екені есте болған жөн. Мысалы, сөйлем ішіндегі немесе бір-бірінен бөлек тұрған синтагмалар өзінің алдындағы не кейінгі синтагмалармен мағыналық жағынан байланыста болады. Әсіресе, жай, құрмалас сөйлемдегі айқындауы қиын мәселелердің өзі аталған тілдік бірліктерді бір-бірінен бөліп, жеке қарастырудан туындап жатқандығы рас. Сондықтан синтаксистік бірліктерді өзі қатысты контекстен, мәтіннен бөліп тастауға болмайды.