Әдебиеттер
Раушанов Е.Бозаңға біткен боз жусан: Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Раритет, 2006. – 384 б.
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. –Алматы, 2006. – 264 б.
Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.
Раушанов Е. Періштелер мен құстар. – Алматы: Көркем, 2005. – 265б.
Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: TST – company, 2006. – 360 б.
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ТУҒАН ФИРДОУСИ
Ермырзақызы Марияш (Қазақстан)
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Ғылыми жетекшісі: Ержанов А.
Қазақ әдебиеті ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың басында өз тарихында болмаған ерекше дамуды, әдеби өрлеуді басынан кешкенін таңдана тілге тиек етеміз. Осы тұстағы әдебиет өкілінің көрнекті тұлғаларының бірі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы екендігіне ешкім де дау айта қоймас. Себебі, ол халықтық әдеби қазынаға теңдесі жоқ мол мұра қалдырып, артына өшпейтін із, өлмейтін сөз тастап кеткен атақты шайыр.
Қазақи ауылда туып, шығыстық білімге ден қойған Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ақындық белеске жетуіне шығыстың шоқжұлдыздары Низами, Науаи, Фирдоуси, Хожа Хафиз, Омар Хаям, Шайхы Сағди, Рудаки шығармаларының әсері мол болған. Ал, ақынның кемеңгер ойшылдыққа жетуіне, білімін жан-жақты жетілдіруіне, философиялық ой-тұжырымдарын терең толғай білуіне Әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни, Бабыр, Ұлықбек тәрізді ұлы ойшыл-философтар, ғұлама, тарихшылардан сусындауы өз ықпалын тигізді. Алғыр шәкірт арабтың “Мың бір түнін”, үндінің “Тотынамасын”, парсының “Шаһнамасын”,т.б. шығыс ақындарының нәзік назымдарын оқып, ойын ұштап, қиялын қанаттандырады [1]. Ұшан-теңіз рухани байлыққа кезіккен Тұрмағамбет сол жыр жауһарларын ана тілімізде сөйлетіп, халыққа тарту етуді үлкен мақсат етеді. Сол мақсаттың жетегінде жүріп нәзирагөйлік тәсілмен он сегіз жасында жазған “Мәрді диқан” [2, 168-187]. дастанынынан бастап оннан астам дастан (“Данышпан қарт” 1907 [2, 188-197], “Рауа Бану” [2, 198-220], “Тұтқын қыз” 1910 [2, 221-234] т.б.) жазып шығады, сонымен қатар, “Молдаларға” (1906) [3, 12], “Адамдық іс” (1907) [4, 36], “қадамың құтты болсын, Кеңес аға” (1918) [3, 62] т.б. шығармаларында дәуір шындығын жырлайды. Алайда оның ұрпаққа қалдырған жәдігерлерінің ішінде шоқтығы биігі – парсы ақыны Фирдоусидің дастаны “Шаһнама” болатын.
Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек жасаған Тұрмағамбет шығыс әдебиетінің классикалық туындысы, елу поэма, қырық мың жолдан тұратын, Фирдоуси отыз бес жыл өмірін сарп етіп жазған дастаны “Шаһнаманы” не бары он айда отыз алты мың жол етіп қайта жырлайды, сонымен қатар дастанның мазмұнын түгел қамтиды. Ақын бойдағы күш-қуатын сарқып, халықтық әдебиет қазынасына өшпес мұра қалдырып, халыққа пайда келтірмек мақсатымен әйгілі «Шаһнаманы» шалқар шабытпен аударады. Елу патшаның өмірі суреттелген алып шығарманы аудару Тұрмағамбеттің ақындық талантын жарқыратып, асқақтата түседі.
“Шаһнама” негізі – ғалымдар мен әдебиет әлеміне бойлаған қаламгерлерге мың жылдық азық боларлық желі. Бұл жөнінде әзірге шығыстанушы ғалым Ө.Күмісбаевтың ғана ғылыми дәрежелік еңбек қорғағаны мәлім [5, 1].
“Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім,” [3, 228] – деп жырлаған ақын жырларының халқымен қауышатынын алдын-ала сезсе де, ол арманы араға жетпіс жылдай уақыт салып жүзеге асса да, бір өкінішті жай ақынның көзі тірі кезінде бірде-бір кітабының жарық көрмей, өз кезінде нақты бағасын алмағаны.
Қатпарланған тарихтың астарына көз жүгіртсек, сонау Мәмлүк сұлтаны Кансухтан бері (1511) көш тартқан парсы әдебиетінің әлемдік туындысы, ерте кезеңдегі эпопеялық дастаны - Ұлы Фирдоусидің “Шаһнамасы” (“Патшалар әпсанасы” Д.Аяшұлы) тарих түпкірінде қалып қоймай, ғасырларға ғасыр жалғап біздің заманымызға жеткен асыл мұралардың бірі.
Ғалымдар арасында бұл шығарманы Фирдоусиден көшіріліп алынған деген-сынды сыңаржақ пікірлер де жоқ емес. Оларға қарсы сөз ретінде филология ғылымының докторы, профессор Т.Тебегенов былай дейді: “Тұрмағамбет мұрасын әдеби эпостық толғауға жатқызамыз. Себебі, ол шығармалары арқылы қазаққа тән ойлау деңгейінің жоғарылығын көрсетті. Қазақтың бай тілін еркін қолданғанын көреміз. Мәселен, “Шаһнама” секілді эпопеялық дастанның кіріспесі мен қорытындысын өзі жанынан шығара көркемдеген. Сыңаржақ пікір танытушыларға М.Әуезовтің: “Сонымен, Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің “Шаһнамасынан” тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз” деген тоқтау сөзі нағыз тұжырым”.
Ал, енді Т.Тебегенов сөз етіп отырғандай, ғалым М.Әуезовтің жазған пікіріне назар салып көрер болсақ, 1961 жылы жарық көрген Тұрекеңнің қаламынан туындаған дастаны, әйгілі «Шахнаманың» бөлімі «Рүстем-дастан» жырына жазған алғысөзінде М.Әуезов былай дейді: «Осы баспада оқушыға ұсынылып отырған «Рүстем-дастан» жыры Фирдоусидің «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес. Ол арғы-бергі (соның ішінде Фирдоусидің де еңбегінен ауысқан) ауызша да, жазбаша да хикаялардың бәрінен құралып, қазақ халқы арасында ертегіше тарап кеткен батыр жорықтарының жиынтық жыры. Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде ХІХ ғасырда қазақ ортасына көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған» [6, 456-457 б.б.].
Бұл сөзден біз Тұрмағамбет дастанын М.Әуезовтің де сөзбе-сөз тікелей аударма емес, нәзирагөйлік еркін аударма деп баға бергенін байқаймыз. Иә, ақын ұлы дастанды ұлттық ұғымға жақын тілмен төл желілерін сақтай отырып қайта жырлаған.
“Шаһнаманың” мәтініне көз жүгіртіп қарасақ, дастан 60 мың бәйіттен тұрады, оны екіге көбейтсек, 120 мың жол өлең шығады. Шығарма Иранның елу үш патшалығын қамтиды. Парсы әдебиеті мамандарының бөлуі бойынша “Шаһнама” көлемі жағынан мифологиялық, аңыздық-батырлық жырлар және тарихи тараулардан тізіледі. Фирдоуси Иранның өлеңмен жазылған тарихын толғағанда династикалық хронологияға сүйенген, Иранды төрт династия билеген. Бұл мәліметтерді ақын Сасанидтердің тарихи шығармаларынан алған. Пишдадидтер 2441 жыл, Кейанидтер 732 жыл, Ашканидтер 200 жыл, Сасанидтер 501 жыл, барлық патшалықтарды жинақтап келгенде 3874 жылға толады.
Тұрмағамбет дастаны-динамикалық қимылдар, зерделі ой мен суретке құрылғаннан бөлек қазақи ұғымға біртабан жақын жазылған шығарма. Егер Тұрмағамбет «Шаһнаманы» Фирдоусиге арқа сүйеп, нәзиралық дәстүрмен қайта жырлап шыққанын білмейтін адам ақын шығармасын оқыса, ерте кезеңдегі қазақ хандары мен батырларын жыр еткен дастан деп ойлауы әбден мүмкін. Себебі, ақын Тұрмағамбеттің «Шаһнамасында» өз заманының шайырларында кездесетін «шайырлық арабизм» (Ораз молданың аудармасында араб, шағатай тілдерінен енген кірме сөздер көптеп кездеседі) жоқтың қасы деуге болады. Сонымен қатар, ақын бұл дастанды қазақи менталитетпен байланыстырып, сөз арасында халық нақылдарын шебер қолдана отырып жырлаған. Өмірге сәби келгенде жақын адамына сүйінші сұратып кісі жіберу, ел жиып, ақсақалдардан бата алу, қонақты жылы шыраймен қарсы алып, келген жұмысын, қандай бұйымтайы барын сұрау қазақ халқына тән салт-дәстүрдің бірі. Мысалы:
«Кетіп ед құлан аулап сол кезде Сам,
Сәскеде Систан жақтан көрінді шаң.
«Мәлике ұл туды» деп біреу келіп,
Әкетті сүйіншіге бірталай аң.
Аң аулап айдалада алты ай жүрді,
Ойлады ой – қуанғаннан неше түрлі.
«Той қылып, елден бата алайын» деп,
Жинады төбе-төбе етіп сүрді» [2, 261].
Жалпы айтқанда, Тұрмағамбет “Шаһнаманың” қай тарауын тілге тиек етсе де ұлттық болмыс, таным аясымен, қазақтың батырлық жырларының қабырғаларымен қабыстырып, жымдастырып береді. Сонымен бірге әрбір көрінісін дәл суреттеп, оқиғаларды шым-шытырық, шытырманды етіп бейнелейді. Қазақ “Шаһнамасында” ұлттық сипат, ұлттық нақыш, қазақтың мақал-мәтелдерін, уытты да, тәтті де, ащы да сөздерін орнымен пайдаланып, оқушысын ордалы ойға жетелеп отырады. Қысқасы, ғалым ағамыз Ө.Күмісбаевтың: “Қазақтың “Шаһнамасынан” қазақтың иісі аңқып тұрады. Дүние жүзі әдебиетінің тарихында Фирдоусимен осылай тепе-тең иықтасып жарысқан Сыр бойынан шыққан қазақтың ұлы ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ғана” [7], - деген сөзі ақын туындысы жайлы айтылған нақты тұжырым.
Тұрмағамбет жырларының халық жадында соншалық сіңіп, жүрегінен орын алуы оның шығыстық сюжеттерді пайдалана отырып, қазақтың өсиет өлеңдерін жаңартып жырлай білуінде еді. Ақын шығармаларында романтизмнен гөрі реализм басым. Ол ойшылдық, сыншылдық, өсиет сөздерді орынды қолданудың шебері болды. Ел ішінде Тұрмағамбетті “Сырда туған Абай” деп баға берушілер де кездеседі. Бірақ, оның дәлелі де жоқ емес. Айталық, қазақтың болмысы мен сана-сезіміне сыни көзқараспен қарау Абай жырларында басым болса, Тұрмағамбетте сол кемшіліктерден шығу жолы нақыл-өсиет түрінде айтылады.
Дана халқымыз ұлы Абайға “қазақтың Пушкині” деп баға берді. Ал, “Сыр сүлейі – жыр дүлейі” атанған Тұрмағамбетті “Сырда туған Абай” деп бағаласа, онда «Тұрмағамбет – қазақ даласында туған Фирдоуси» десек, ешкім де мұның жосықсыз деп дау айта қоймас деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |