Қаламгер Рамазан Думанның «Кенесары-Күнімжан» пьесасында Кенесары ханның азаттық үшін күрес жылдарының бір мезеті суреттеледі. Азаттық жолында ешкімге бас имеген қайсар жан, батырдың өр тұлғасын сомдаған. Пьесадағы Кенесары сөзінен халық наразылығының негізгі себептерін байқау қиынға соқпайды. Басты себеп – халықтың Ресей отаршылығы мен оны қолдайтын қазақ шонжарларының елге қысымы болатын. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтілді. Осы шара аясында Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасы сахналанды.
Зерттеуші ғалым Н. Ғабдуллиннің: «Кез келген елдің тарихын алсаңыз да, халық мүддесі үшін күресіп өткен, даңқты, атқарған істері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өлмес, өшпес ізі ұлт мақтанышына айналған әйгілі ардагерлер бар. Халықтың бұрынғы өткен осындай асыл азаматтарының, тарихи адамдардың ел үшін еткен еңбегін, қажырлы күресін, армандары мен ойларын олардың бүгінгі ұрпақтарының көз алдына жандандырып, жайнатып әкеліп көрсету өте құрметті де, аса қиын жұмыс» − деп айтылған тұжырымды ойы бүгінгі біз қарастырғалы отырған драматург еңбегіне берілген баға іспетті. [1-71]
Думан Рамазан аталған тарихи драмалары жөнінде: «Кенесары да, Абылай да өте күрделі тұлға. Кенесарының Абылай ханның Қасым сұлтаннан туған немересі екені жалпақ жұртқа аян. Халқымызға қадірлі ұлы тұлғалар туралы жазу үшін ішкі дайындығың болуы керек. Менің Кенесары тақырыбын көптен бері зерттеп, зерделеп жүргенімді көзіқарақты оқырман білетін шығар. Кезінде ханның бас сүйегі мен дене сүйегін іздедім, өмірі мен көтерілісіне байланысты көптеген зерттеу материалдар жаздым. «Хан Кененің қазасы» атты кітап шығардым. Осының бәрі мені Кенесары хан туралы тарихи драма жазуыма алып келді. Сәтті шыққан сияқты. Олай дейтінім, 2011 жылғы Астанада өткен республикалық театр фестивалінде «Ең үздік драма» атанды, 2012 жылы «Жылдың ең үздік драматургиялық туындысы» деп танылды. Астана, Шығыс Қазақстан, Ақмола театрларында сахналанды, әлі де табыспен жүріп жатыр. Оның үстіне Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларының театрларында түрік тілінде қойылды. Бұл спектакль Астана театрына да үлкен абырой, бедел алып келді. Сондықтан да болар, «енді Абылай ханның көркем бейнесін Елорда сахнасына шығарсақ» деген ұсынысымды режиссер Болат Ұзақов пен сол кездегі театр басшысы Еркін Жуасбек мырзалар қызу қолдай кетті. Сөйтіп, «Абылай ханның арманы» атты тарихи драма дүниеге келді. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алды» дейді ғой. Сондай өте бір қиын кезеңде Абылай өзінің ұлылығының арқасында, өзінің қол бастаған батырлығының, сөз бастаған шешендігінің, ел бастаған көсемдігінің арқасында бүкіл қазақ елінің елдігін сақтап қалды. Жерінің тұтастығын сақтап қалды. Бұл ұлы іс еді сол кезде. Осы жайлар мені Абылай хан туралы пьеса жазуға алып келді, – дейді жазушы Думан Рамазан «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
Ә.Тәжібаев: «Оқиғаның тарихи шындығы бұрмаланбасын. Біздің образ дегеніміздің өзі, ең алдымен ой қозғалысының дұрыстығына байланысты. Ал ой қозғалысының дұрыстығы тарихи шындықтың растығы мен ірілігінен тұратын сияқты. Ұлттық материалды ұлттық тарихи шындықтан бөлмеген жазушы ғана өзінің халқының қасиетін төмендетпейді, ал ұлттық материалдың негізінде өзгелердей, сырттан алынып қондырылған драмалық тартыс үнемі ойға қона бермейді, сендіре бермейді. Мұндай тұста аса ірі үлкен талант иесі саналатын жазушының өзі де үйрену, ізену үстінде еліктеуші боп кеткенін байқамай қалады.» − деген. [2-120] Қазақ халқының төрт ханы хандық құрған тарихи уақытты қамтитын «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» атты үш драматургиялық шығарма жазған жазушы-драматург Рамазан Думан: «Тарихи шығарманы ойдан жазу дегенді түк түсіне алмаймын. көркемдік шындық тарихи шындықтан тым алысқа ұзап кетпеуі керек. Егер олай болмаған жағдайда, тарихи шығармаңның құны көк тиын.» – деп алдыңғы буын ағалар пікіріне өзектес пікірін білдіреді. Қаламгердің тарихи драмалары көпшілік көңілінен шығып, елді елең еткізуінің сыры да шығарманың шынайылықпен жазылғандығында болар, бәлкім. [3]
Жалпы әдеби туындылардың ішінде Кенесары туралы жазылған шығармалар саусақпен санарлық. Еліміз егемендігін алғанға дейінгі уақытта есімі айтуға тиым салынған Кенесары бейнесі Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында, М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында сомдалған. Бүгінгі біз қарастырғалы отырған Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» пьесасы осы бір олқылықтың орнын толтыруға деген ұмтылыс, елім деп еңіреп өткен үлкен тұлғаға жасалған әдеби ескерткіш десек болады. Пьеса желісі тартымды тартысқа құрылған. «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драма көрермендерді өзінің жаңаша қырынан яғни, жаңалығымен елең еткізді деп айтуымызға болады. Бұл жөнінде қаламгер Д.Рамазан өз пікірін былай жеткізеді: «Біз осы уақытқа дейін Кенесары ханды атыс-шабыстың үстінде суреттеп келдік. Ал мен оның адам ретіндегі ішкі жан-дүниесін жеткізуге тырыстым. Хан да адамның баласы, жақсы көреді, сүйеді, ғашық болады немесе жек көреді дегендей. Ханның ғашық жары – Күнімжан туралы жарытып ешкім ештеңе білмейтін. Сүйген жарына деген махаббаты арқылы елі мен жеріне, халқына деген асқан сүйіспеншілігін суреттегім, көрсеткім келді.»
Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» атты тарихи драмасында Кенесары батырдың заманы қазақ халқы үшін өте қиын, ел басына күн туған кезең болып суреттеледі. Кенесары: «Қазақ халқын Ресейдің езгісінен азат етемін! Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрамын!» –деп, елінің ертеңі үшін алаңдап, өмірін ат үстінде өткізген ерлікке толы әрекеттері драманың негізгі оқиғасына айналған.
Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей - Жәнібек» атты үш тарихи драматургиялық шығармасының да көтерген идеясы, тақырыбы – қазақтың қасиетті жері, халқының болашағы, ұрпақ қамы, қазақ халқының бірлігі мен азаттығы.