Алдыңызға жыр құшақлай, жылай шықса, не айтарсыз? Доспамбеттің осы жырының өн бойына сәуле таратып тұрған «оз» түбірі әр контексте әр қырынан көріну арқылы жаңа мазмұнға ие болып та үлгеріп, бізге жетті.
Сөз түбірі – ақыл-ой картасының шағын ғана орталығы іспетті, одан жан-жаққа әр түрлі реңк пен мағына тарайды. Бұл таралып жатқан тармақтар түбірдің өзіндік микроғаламын түзеді. «Озмаңыз» бен «озушылар» бір түбірден таралған екі ой әлемі. «Озушылар» – бұ дүнияның атрибуты. «Озмаңыз» – о дүниялық адамның бұ дүнияға қарата айтқан сөзі. Бір түбірден басталғанымен, екеуі бір жолдың бойында екі түрлі сапар шегіп барады. Тіпті бұл екеуі бір-бірімен аңдыса қалған о дүния мен бұ дүнияның өрттей ортасынан қылдай ғана жол тауып жарыққа шығып үлгірген жеңімпаздай.
Доспамбет балаларын қалай жұбату керектігін де өзі түсіндіріп тұр. «Жыр құшақлай шығу», яғни, жоқтау – қаза болған адаммен қоштасудың өзіндік ежелгі теориясы. Адамның жарық дүниедегі сапарының аяқталуын баяндау салты.
Оларға айтарыңыз сол болсын:
Жәмішіден қос айтып,
Жараға мамық тосатып,
Келе жата дегейсіз.
«Жарасын мамықпен бастырып, келе жатыр»деп айт деп, үмітті соза тұрудың амалын тапқандай болады. Бірақ үміттің де кейде созыла беруге күші жетпей қалады.
Ол айтқанға тимемсе,
Бұрынғылар түскен жүрі жол,
Бұрылып соған түсті дегейсіз.
Сөз дегеніміз – ілгешек, оған жалғау мен жұрнақ жалғап немесе түрлі контекске қою арқылы небір идеяны, небір образды ілуге болады. Үлкен романдағы образ да, өлеңнің бір-екі жолында ғана тұрған образ да бір ауыз сөз-ілгешек арқылы айқындалуы мүмкін. Сол сөз-ілгешек арқылы Доспамбеттің «Бұрынғылар түскен жүрі жол» категориясының психологиялық-танымдық табиғатына жақындай аламыз. Осы бір ғана жолдан Доспамбеттің ойлау тәсілінің траекториясын да көре аламыз. Траектория тереңдікті де, биіктікті де, қашықтықты да көрсете алатын сызық. Бұл жолда тұрған «бұрынғылардың» образы «жүрі жол» арқылы айқындалады. «Жүрі жол» – сүрлеу жол, ұзақ жол. Бірақ осы контексте ол – жұрттың бәрі бірдей жүре алатын сүрлеу жол емес, тек бұрынғылар ғана жүрген сүрлеу.
Біздің ұлттық ұғымымызда «бұрынғылар» – ерекше адамдар. «Бұрынғылар» – ақыл-ойдың сандығы. Өйткені бүгінгі ойдың түп-қазығын «бұрынғылар» айтып кеткен. Міне, сол «бұрынғыларды» қастерлейтін ұлттық салт олардың қай-қайсысының да кеткен жағын айтқанда қаралы-қасіретті жолға сілтеме жасамайды. Яғни, олардың кеткен жағының қандай екендігін тірілер білмейді, бірақ ол аса бір жұмбақ та қасиетті жол екендігіне меңзеу бар. Оны ақын «өлім» деп шошындыра атамайды. Бұрынғылардың жолы деп қастерлей атайды.
Жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқан үш адамға «не істеп жүрсіңдер?» деп сұрағанда, біріншісі «жүк тиелген арба сүйреп келе жатырмыз» десе, екіншісі «өзімізді және бала-шағамызды асырап жүрміз» депті, ал үшіншісі «үлкен мешіт салып жатырмыз» деп, өзінің жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқанының арғы мәнінен қоғамға қажетті үлкен бір істі көрсете айтыпты. Сол сияқты Доспамбет те өзінің дәл сол сәттегі күйін ажал аузында жатқандығына сілтеме жасай емес, адам баласының мәңгілік мекеніне кетер жолы ретінде әспеттеуінің өзі – өмірге келу мен кетудің ғаламдық қажеттілік және заңдылық екендігін баяндауы болып табылады. Бұл – таусылған ғұмырды ақынның ұлттық-теориялық сипаттай түсіндіруі. Өзінің кетіп бара жатқан жағын үрей шақыратындай етіп айтуға болмайтындығын ғұламалықпен жеткізуі. Әрине, ақын өзі үшін емес, бұ дүниялықтарға үрейлі болмауы үшін оны айтудың өзіндік психологиялық тәсілін қолданады. Сол қолданыстың бәрін ақын қас-қағым сәтте ойлап, өлеңнің қысқа жолдарына асқан шеберлікпен сыйғызып та үлгерді.