«Өзім», «Зарлық», «Апама хат» өлеңдері де осы сарындас, бағыттас. Жап-жас ақын көркем сөз құпиясын меңгергені былай тұрсын, бейнелі, келісті көрініс, эпизод жасауға шеберлене бастағаны байқалады. Адамға табиғаттың тартқан сыйы, ғажайып қасиеті — ойлау қабілеті. Адам баласы осы қасиеттің құдіретін мойындаған, тамсанған, маржан сөздермен өрнектеген.
Бернияз жеті шумақ өлеңін «Ойдағым» деп атап, ой деген сөзді жандандырып, тірі құбылыс, құбылмалы мінез «бітіріп», қуса жеткізбейтін жүйрік ретінде бейнелейді.
Бернияз «Өзім» деген өлеңінде өзін асқақтата бейнелей келеді де, адам құдыретінің құпиясы мол, оны танып болу қиынның қиыны деген түйін жасайды.Осылайша ақын «мен», «өзім» дегенді өзінің лейтмотивіне айналдырып, әдебиетке, соның ішінде поэзияға жаңашылдық алып келді.
Әйел теңдігі тақырыбының ақын өлеңдерінде жаңаша қырда көрінгенінің тағы бір сыры — әке мен бала, әке мен қыз, ана мейірімінің сәулеленуі. Солардың қатарында Бернияздың «Әкеме» (қазақ қызының аузынан) «Апама хат», «Сүйікті анама мәңгілік белгі» сияқты өлеңдері бар.Әдетте қалың мал мәселесі әке тарапынан шығады. Осыдан қыз бен әке арасында суыстық туады, қыз өзінің бақытсыз болуын әкесінен деп біледі. Енді санасы ояна бастаған қыз бұрынғыдай емес, тағдырға әке шешіміне мойынсына салмайды, Бернияз жырлаған қыздар да өз тағдырын өзі шешуге ұмтылыс айқын көрініп тұр.
21. М. Әуезовтің тарихи роман дәстүріндегі дәстүр мен жаңашылдықты нақты мысалдармен талдаңыз. Қазақ тарихи эпопеясының дамуында М. Әуезовтің «Абай жолы» өзі қамтитын және өзіне дейінгі тұстарды, сондай – ақ кейінгі кезеңді игеруге қозғау салды. Өнер мен өнер адамы және әмірші тақырыбы қазақ әдебиетінде едәуір көрініс тапқан деуге болады. Тек қазақ прозасына ғана емес, қазақ поэзиясына әсер етті. Жазушының «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімесі І. Жансүгіровтің «Құлагер», «Күй», «Күйші» секілді поэмалар жазуына негіз болды.Өнер тақырыбы, халық өміріндегі өнердің орны қазіргі кезеңдегі тарихи романдарда кеңінен суреттеледі.
Тарихи романистердің өнер адамдары жайлы романдарында өнер тақырыбын игеру М. Әуезов дәстүрі аясында жүзеге асырылды. Тақырыпты одан әрі жалғастыруда ғана емес, оны көркемдеп шешу тәсілдерінде де жазушылар М. Әуезов үлгісіне сүйенеді. Бұл типтегі шығармаларда өнердің адам, қоғам өміріндегі алатын орнын көрсетуде анық көрінеді. «Абай жолының» соңын ала дүниеге келген Ә. Кекілбаевтің Әбілхайыр туралы, Д. Әбілевтің Сұлтанмахмұт туралы, С. Жүнісовтің Ақан сері туралы, З. Ақышевтің Жаяу Мұса тағы басқа романдарды айтсақ та жеткілікті.
Қазақ тарихи романының қалыптасып дамуында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының дәстүрлік маңызы зор болды. Кең эпикалық тыныс пен ұлт тарихының көркем шежіресін образдар тағдырымен байланыстыра шебер суреттеу тарихи тақырыпқа қалам тартқан қай жазушының алдында болмасын адастырмас темірқазықтай жөн сілтеп, ой салып тұрды.
Бұл жөнінде жазушы Тахауи Ахтанов: «Абай жолы» қазақ прозасының мерейін асырды. Сонымен бірге қазақ үшін үлкен сын болды. Біз Әуезов қаламынан ұзақ уақыт толғатып, сирек туатын алып шығарма алдық. Бұл қуанышты жағдай жас прозаның алдына аса биік асу, салмағы зор міндет қойып берді. Я, бұл шығармадан кейін қазақ прозасына қойылатын критерий оқыс биіктеп кетті де, жас әдебиеттің жотасына аса ауыр жүк артылды. Бірақ «Абай жолы» жапан даладағы шоқы емес еді, оған дейін баспалдақтап көтерілген талай асу белдер бар, қазақ әдебиеті атты үлкен жотаның биік шыңы болатын. «Абай жолынан» кейінгі проза оған дейінгі прозадан талантты жазушыны да, талантты шығарманы да көп туғызды. Ол өзінің алып тұлғасымен қазақ прозасының талай өскелі, өнгелі тұрған бүршік бұтақтарын тұншықтырып тастаған жоқ, қайта қазақ прозасының қаулап өсуіне берекелі көктем дейигі әсер етті. Біз дәл бүгін «Абай жолымен» тепе-тең түсетін жеке шығарманы атай алмасақ та, қазақ прозасының жалпы табысы – ұлы шығарманың ізін суытпағанын үлкен медет етеміз. Және ол проза көп бағытта ізденіп, мәуелі ағаштай бұтақ жайып, кеңейіп келеді», – деп жазды «Көкейкесті» кітабында.
Кезінде М.Әуезов дәстүрінен үлгі алып, тарихи тақырыптағы эпикалық кең тынысты тың шығарманы дүниеге әкелгендердің бірі қазақтың қайсар рухты қаламгері Зейнолла Шүкіров (1927-1979) болды.
Қызылорда қаласындағы «Қызылорда-Қанағаты» баспасынан толық күйінде шыққан жазушының «Сыр бойы» тарихи романы көлемді екі томнан тұрады. Романның бірінші томы 564 бет болса, екінші томы 512 бетті құраған. Жалпы алғанда, шығарманың көлемі 1076 бет екен.
Автор тарихи романды төрт бөлімге жіктейді. Бірінші бөлім – «Бүліншілік осылай басталды», «Мақпал қыз», «Соңғы тұяқ», «Бүлдіргі», «Ел ауа» тақырыптардан тұрса, екінші бөлім – «Арынғазы», «Құндауында», «Хиуа жолында», «Қастық», «Бозқырау» деген тақырыптарға жіктелген. Тарихи романның екінші томындағы үшінші бөлім – «Дағдарыста», «Бұлғақта», «Асауүзгеншідер», «Кенесары», «Жұмбақсапар» деген тақырыптардан тұрады. Төртінші бөлім – «Елшілік», «Орам болған жылы», «Қарадан туған хан», «Араздық өршігенде», «Жаманның жаққан оты», «Түйін» тақырыптарынан құралады.
Байқап қарасаңыз, автор әдептілік сақтағанмен, әр бөлімі бір кітапты құрап тұрғаны айқын көрінеді. Сонда шығарманы тұтас композициялық жүйесі сақталған төрт кітаптан тұратын тарихи роман деп айтуға толық болады.
Сыр бойы төменгі ағысы мен Арал теңізі жағасын бұрыннан қоныс етіп келе жатқан халықтың арғы-бергі тарихын терең зерттеп таныған жазушы көптен толғатқан «Сыр бойы» романын жазуға бел шешіп отырғанда, өзге кітаптармен қатар, ең алдымен, көз алдында, биік меже болып заңғар жазушы М. Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы тұрды деп батыл айтуға болады. Оны шығарманың эпикалық қарымынан, бүкіл композициялық жүйесінен анық байқаймыз.
Әрине, эпикалық кең тыныстылық терең дүниетаныммен байланысты. Автор шығарма объектісін жан-жақты білмесе, оны жазушылық қиялмен өрістетіп, қажетті тұста сюжетті шырқау биігіне дейін көтеріп дамытпаса – туындыға эпикалық кең тыныстылық өз-өзінен келмейді. Осы ретте жазушы З.Шүкіров суреттеп отырған тарихи уақыттың, ортаның шындығын жақсы сезінген және қызуын бәсеңсітпей әсерлі суреттей алған.
Романда Сыр бойының төменгі ағысы мен Арал теңізі жағасын, түстікте Қызылқұм мен терістікте Қарақұм арасын мекен еткен Кіші жүз қазақтарының ХІХ ғасырдағы тыныс-тіршілігі, елдік жолындағы арпалысы кеңінен суреттеледі. Бұл уақыт қазақ халқы үшін мейлінше күрделі кезең еді. Ресей патшалығының отаршылдық саясаты белсенді жүргізіліп, қазақ хандығы жойылып, ел ішіне ішкерілей әскери бекіністер салынып жатса, Сыр бойын мекендеген халыққа Хиуа, Қоқан хандықтары тарапынан да үлкен қауіп төніп жатты. Шығармада, әсіресе, Сыр бойын ен жайлаған қазақ, қарақалпақ халықтарына Хиуа хандығының озбырлық, басқыншылық әрекеттері және оған халықтың қарсылығы, азаттық үшін күресі кеңінен, образ тағдырларымен астастырылып көркем бейнеленеді.
Туындыдағы басты кейіпкерлердің бірі – халықтың азаттығы үшін күрескен тарихи тұлға Жанғожа батыр. Автор оны асқан батырлықтың, қайраттың иесі қылып қана суреттемейді, ол елдің елдігі үшін толғана білген парасаттылығымен, құлдыққа бас игісі келмеген ақ берен намысымен, алысты сезіне білген ақылымен және қажетті тұста жеткізе, өткізе айтатын өткір тілділігімен дараланады. Ол жалғыз емес, оны қолдаушылар да бар. Әсіресе, қарапайым халық. Басына өзге жұрттан озбырлық қауіп-қатер төнгенде, не ағайынның қиянаты өтіп, әділді кіздегенде, алдымен Жанғожаны іздейді, оған жүгінеді. Шығармада онымен пікірлес, ниеттес ел тізгінін ұстаған билер де, батыр міне задамдар мен өнер иелері де кездеседі. Әсіресе, алыс ағайын, Кіші жүз арасынаЖанғожаның батырлық даңқы мен әділеттілігі кеңінен тараған. Ел ішінде кісі өлімі болып, ағайын арасына жік туғанда, Жанғожа батырдың бір ауыз сөзімен сонау алыстан бес шекті Көтібар батырдың ат арылтып келуі романда көп жайды аңғартады.
Сондай-ақ, Жанғожа батырдың қарсыластары да осал емес. Хиуа хандығына бағынбаймыз деп ашық қарсылығын білдірген оған сырттай өлім жазасы кесіледі. Ел билерінің бірсыпырасы ашық қарсылығын білдіре алмай іштен тынса, қайбірі Хиуа ханының жандайшабына айналып, ел ішіне бүліншілік-ылаң салады. Екі арада өз пайдасын күйттеп, халықты зар күйге түсіретіндер де бар (Раманқұл, Байділда, Шорабайт.б.).
Шығармада күрделі уақыт тынысы осылайша қат-қабат оқиғалар мен ширыққан тартыстар аясында бейнеленеді. Оның үстіне бұл кезде қазақтың өз іші де ушыға түседі. Қазақ даласына әскери бекіністердің түсуіне орай мал жайылымдарының тарылуы, қаһарлы жұт, ағайындардың қыстауларға таласуы, құдықтардың жетіспеуі, барымта, жер үшін талас – қай-қайсы да ел ішіне жік салып, алауыздық туғызып жататын.
Ғасырлық уақыттың тұтас понарамасының осындай кең ауқыммен суреттелуін қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы М.Әуезовтің шығармашылық дәстүрінің жалғастығы деп білеміз.
М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына да осындай сипат тән. Жазушы шығармасының бас кейіпкерлері Абай мен Құнанбайды тар өрісте алмай, оларға қатысты ортаны, қоғамдық жікті кең көлемде көрсетіп, ХІХ ғасырдағы Шыңғыстау өңіріндегі қазақ халқының тыныс-тіршілігі мен Семей қаласының әкімшілік-мәдени ортасын жан-жақты бейнелейді. Шындығына келгенде, Бөжей бастаған атқа мінерлердің, Тәкежан, Әзімбай озбырлықтарының, Абай бастаған жаңашыл жастар мен көзі иегінің астындағыдан әріні көрмейтін надандық, дүниеқоңыздық иелерінің кең ауқыммен әртарап бейнеленуі – олардың шығармада образ ретінде дара суреттелуінен, жеке іс-әрекет жасауынан деп білеміз.
Жазушы шығарманың бас арнасын – сюжетін сақтай отырып, басты образдарынан бөлек жеке тұлғалық кейіпкерлеріне де еркіндік бере суреттейді. Кей тараулар осы кейіпкерлердің әрқилы іс-әрекетін бейнелеумен басталып, аралық оқиға тартысы күшейе келе кейін шығарманың бас арнасына қосылып, қайшылық-конфликтіні тереңдетіп, ішкі дәлелін айқындап жатады.
Осындай кең тыныстылық пен әр кейіпкердің мүмкіндікке орай шырқау биігіне дейін көтере суреттелуі М. Әуезов тарихи романының негізгі белгілерінің бірі болса, осы сипат З.Шүкіровтің «Сыр бойы» романынан да байқалады.
Мәселен, романның екінші бөлімінде «Арынғазы» деп аталатын тақырып бар. Арынғазы хан – кезінде алым-салығымен халыққа салмағын салғанмен, ел жадында батыл іс-әрекетімен сақталып қалған қайсар тұлға. Біріншіден, өзіне қарасты Кіші жүз қазақ руларының басын біріктіріп билік жүргізе бастаған ол Хиуа хандығына, оқтын-оқтын елді бөріктіріп кететін түрікмен баспашыларына қарсы тұрып, тосқауыл қоя білді. Қазақ деген халықтың біріксе, айбынды ұлы күшке айналатынын сыртқа ұқтырды. Ел біршама тынышталып, Қызыл құмды еркін жайлады. Екіншіден, ел ішіндегі ұры-тентекті тыйды. Барымта азайды. Ру басы билерді бір тізгінмен ұстай бастады. Оның арманы елді біріктіріп, мықты билік құру болатын. Халық та мойын ұсынған. Өйткені, біржағы Ресей патшалығы ел ішіне ішкерілей еніп келе жатса, екінші жағы Хиуа, Қоқан сыпайларының жарқылдаған қылышы үнемі төбеден төніп тұрды. Осындай қиын сәтте Кіші жүз қазақтарының бағына туғандай болған ханның түбіне Ресей патшасы жетеді. Алдымен елшілікке шақырып, одан Ресейдің ішкі түкпіріне жер аударып, ақыры белгісіз жұмбақ өліміне әкеліп соқтырады.
Бір қарағанда, Арынғазы хан желісі романның басты желісіне қосымша болып көрінгенмен, Кіші жүз қазақтарының ХІХ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдайын бейнелеуде маңызды орын алады. Сол сияқты шығармада Жанғазы сұлтан әрекеті де біршама көрініс береді. Оның басты бағыты Хиуа ханының ықпалымен өз билігін жүргізуді мақсат тұтады. Сұлтанның қимылы халық тарапынан қолдау таппайды.
Яғни, мұндай қосымша желілердің романда біршама кеңінен суреттелуі, кейіпкер тағдырларының әрқилы болып өрілуі – шығарманың бас кейіпкері Жанғожа батыр тұсындағы заманның күрделі ахуалын бейнелеуде көркемдік қызмет атқарған.
Көркемдік дәстүр, жалғастық дегенді шығармалардағы сөзбе-сөзділік, ізбе-ізділіктен ғана іздеу жеткіліксіз. Оны шығарманың тұтас бітімінен, табиғатынан қарау қажеттілігін З.Шүкіровтің «Сыр бойы» тарихи романы аңғартады.
«Абай жолы» роман-эпопеясында кең суреттелетін көшпенді қазақ өмірінің салтанаты, қиындығы мен ішкі тартысы, ен жайлау табиғаты мен халықтық дүниетаным мәйегі, салт-дәстүрі «Сыр бойы» тарихи романында да кеңінен көрінеді. «Абай жолында» Шыңғыстау өңірінің тау-төбесі мен жазығы, бұлағы мен жайлауы, күзеуі мен қыстауы, тал-дарағына дейін кеңінен суреттелетін болса, З.Шүкіровтің «Сыр бойынан» да осы ерекшелік аңғарылады. Сыр бойының төменгі ағысы мен Арал теңізі жағалауының, Қарақұм мен Қызылқұм, Қуаңдария өңірінің халықтық жер атауын, көркем келбетін автор білгірлік пен жазады. «Мақпалкөл» аңызы романға әдемі романтикалық әр, серпін беріп тұр. Әйгілі дала өнерпазы Сегізсерінің, басқа халық ақындарының өнерлері мен жыр құмар халықтың күнді таңға ұластырып құмартатыңдауының суреттелуі де – дала өңірі тіршілігінің өзгеше екенін білдіреді.
Тұтас тай алғанда, төрт кітаптан тұратын «Сыр бойы» тарихи романы –жазушы З.Шүкіровтің ұзақ дайындалып, қыруар еңбек сіңіріп дүниеге әкелген басты шығармасының бірі. Оның әдеби қауым мен қалың жұртшылыққа кеңінен танылуы қажет деп білеміз. Әдебиет зерттеушілері де шығармаға ден қойып, зерттеуі, әдебиет тарихындағы лайықты бағасын беруі тиіс деп есептейміз.
Жазушы, ақын З.Шүкіровтің ерекше тағдыр иесі екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бар болғаны 52 жыл ғана өмір сүріп, оның 40 жылдан астамында төсекке таңылып, ауырнау қаспен айқаса жүріп қолынан қаламы түспеген оның соңында мол әдеби мұрасы қалды.