Құрмалас сөйлемді зерттегендер:
Ә.Рақыш Құрмалас сөйлемдер жүйесі
Т.Қордабаев Құрмалас сөйлем мәселесі, Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтакисисі.
Сауранбаев Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі
Б.Сағындықұлы Құрмалас сөйлемнің теориялық негіздері
58. Тілдік норма, стилистикалық норманы талдау арқылы функционалдық стильдерге анықтама беріңіз
Тілдік норма дегеніміз – тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру. Тілдік норма тілдің ішкі заңды жүйелері негізінде дамып қалыптасады, олар сұрыпталған, ұтымды орайында, жалпыға бірдей ортақ түрінде жұмсалады.
Стилистикалық норма- тарихи тұрғыдан қалыптасқан, сонымен қатар даму заңдылықтарымен жалпы қабылданған тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығы.
Стилистикалық норма- бұл да тілдік норма, бірақ стилистикалық кейбір әдістер оның ауытқуына себепкер болады.
Стилистикалық норма- екіге бөлінеді:
Экспрессивті-стилистикалық;
Функциональды-стилистикалық.
М.Серғалиев: «Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты жіктелетін әдеби тілдің функционалдық түрі» деген анықтама береді. Таза лингвистикалық мағынадағы стиль дегеніміз – белгілі мақсатқа сай, жағдайға орай, ойдың мазмұнына байланысты келетін, тарихи жағынан қалыптасқан тілдік құралдардың жиынтығы.
«Функционалды стиль», «функционалды стилистика» терминдері – орыс тіл білімі зерттеушілерінің танымынан туындап, қалыптасып орныққан атаулар. Функционалды стильдің әр түрлі қызметімен байлнысты болады. Тіл білімінде функционалды стиль мәселесімен айналысқан ғалымдар легінде В.Виноградов, Л.Щерба, Б.Ларин, Р.Будгов, М.Кожина, қазақ тіл білімінде М.Балақаев, М.Томанов, Б.Манасбаев, С.Исаев, Р.Сыздықова, М.Серғалиев, Б.Шалабай, т.б. ғалымдарды атауға болады.
Белгілі ғалым Р.Сыздықова «Функционалды стиль» терминіне қазақша атау ұсынып, өзіндік пайымдауларын тілдік деректер келтіре отырып дәләлдейді. Оны «мақсаттық», не «қызметтік стиль» деп атағанды жөн көреді (Р.Сыздықова. Сөз құдіреті А.1997).
Сөйтіп, функционалды стилистика қоғамның түрлі саласында жұмсалатын тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады. Қазақ тілінің ғалымдары тілдің қоғамдық қызметін қоғамдық санамен байланыстырады. Ал қоғамдық сананың түрлеріне ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет т.б. жатады. Қоғамдық сана дегеніміз – объективті дүниені танып білудің формалары. Сөйлеуші қоғамдық сананың қай саласында тілдік амал-тәсілдердің қай түрін қолдану керектігін біледі. Яғни қарым-қатынастың құқықтық саласы, ғылым мен эстетикалық саласы, бұқаралық ақпарат саласы, тұрмыстық салаларына қарай функционалды-стильдік белгісі бар амал-тәсілдерді таңдап қолданады. Тілдік құралдардың стильдік-функционалдық белгісіне, реңктеріне қарап адресат (тыңдаушы) сөздің қай стиль түріне жататынын ажыратады.
Әдеби тілдегі стильдер жүйесі сөз етілген еңбектерде функционалды стильдерді топтастыру әр түрлі принциптер негізінде болып келгенмен, оларда көбіне жанрлық прицип, тілдің жанрлық ерекшеліктері негізге алынады. Сондықтан бұл еңбектерде стильдердің саны бірдей емес, бірақ ұқсас. Мысалы А.Н.Гвозьдев алдымен кітаби (жазба) және сөйлеу стильдері деп бөліп, кітаби стильдің өзін: ресми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми-көпшілік әдебиет стилі (Очерки по стилистике русского языка М. 1985. с.18-25) деп бөледі.
А.И.Ефимов мынадай стильдерді бөліп көрсетеді: көркем әдебиет, қоғамдық-публицистикалық, ғылыми, профессионалды-техникалық, ресми іс қағаздар және эпистолярлық.
Дегенмен қазақ тіл білімінде көптеген зерттеушілердің көрсетуінше 5 түрлі функционалды стильдің айқындалғаны белгілі. Олар: ауызекі сөйлеу стилі, ресми іс қағаздар стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль және көркем әдебиет стилі.
Стиль түрлері:
1) Ғылыми стиль – ғылымның дамуымен, ғылыми әдебиеттердің молаюымен байланысты туған стиль. Оған әр мамандық, әр ғылым саласында жазылған шығармалар тілі жатады.
Ғылыми стиль зерттеу нысаны болған зат, құбылыстарды ғылыми сипаттап, дәлелдеп, түсіндіруді қажет етеді.
Бұл стиль түрі – ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір тармағы. Оның қалыптасып дамуы ғылыми зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне және ғылыми әдебиеттердің жазылуына байланысты. Мұнда белгілі бір ұғым, мәселе турасындағы логикалық жағынан тұжырымдалған толық хабарлама десе болады. Ғылыми стильдегі сөздер негізінен тура мағынада жұмсалады, ауыспалы мәндегі сөздер болмайды. Мұнда терминдік лексиканы, термин сөздерді жүйелі пайдаланады. Мысалы, тіл білімінде лингвистика, лексика, фразеология, семасиология т. б. физикада анод, вакуум, атом, атомдық салмақ, шама т.б. Ғылыми стильде халықаралық терминдер жиі кездеседі.
Ғылыми стильде жалпы жазу тіліне тән синтаксистік құрылыс пайдаланылады. Бұл стильдің негізгі ерекшелігі – мұнда ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдемежәне формулаларға негізделуінде.
Қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуы негізінен, өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Оның көш басында А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, М.Дулатов, Қ.Жұбанов т.б. сынды тұлғалар тұрды. Оның ішінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып, дамуына А.Байтұрсынұлы еңбектерінің үлесі зор.
Ғылыми стильдің шағын жанрларын да шартты түрде былайша жіктеуге болады: мақала, баяндама, конспект, дәріс, тазис, реферат, пікір т.б.
Ал ғылыми стильдің ауызша түрлері: ғылыми диалог пен монолог. Монологке лекция, ал диалогке пікірталас (дискуссия), жиындағы сөздер, сұхбат жатады.
2) Ресми әс-қағаздар стилі.
18 ғасырдың ІІ жартысында негізі қаланған ресми іс қағаздар стилі бүгінде тілі байып, стильдік дәрежесі жетіле түсті.
Стильдің бұл түрінің қолданылу аясы мен практикалық қажеттілігі әр түрлі. Мысалы, іс қағаздары – басқару орындарындағы, белгілі бір мекемелердегі кеңселік құжаттар, ал ресми құжаттар басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар. Ресми іс қағаздары стиліне тілдік тұрғыдан қойылатын талаптар:
1. Түйіндеменің дәлдігі немесе мағыналылығы;
2. Айқындылық немесе жүйелілік;
3. Логикалық;
4. Баяндауыштың ықшамдылығы, артық сөздің болмауы.
Таза лингвистикалық тұрғыдан да мәтінге қойылатын талаптар болады. Лексикада - ресми құжаттар мен іс қағаздарына тән сөздер мен сөз тіркестерін орнымен қолдану; синтаксистік құрылымында себеп, мақсат, шартты бағыныңқылы сабақтастарды мазмұнына қарай жұмсау. Ғалым М.Серғалиев ресми стильді үш шағын топқа бөліп қарастырады: кеңсе (іс қағаздары) шағын стилі, дипломатиялық шағын стиль, таза заң шағын стилі (Қазақ энциклопедиясы. А.1998. 326-б.) Сонымен қатар бұл стиль түрінде эмоционалды-экспрессивті сөздер мен сөз тіркестері өте сирек қолданылады, ол тек құттықтаулар мен үндеулерде кездеседі. Таза ресми құжаттарға заң, жарғы, жарлық, қаулы-қарарлар, мемлекетаралық шарттар, үндеу т,б, жатады. Ресми құжаттар белгілі қалыпқа түскен үлгі бойынша жазылады да, онда саяси-публицистикалық лексика, әкімшілік терминдер жиі қолданылады. Логикалық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі. Мұнда негізгі ойдың мазмұны қысқа әрі тұжырымды түрде жазылады, сөздер тура және нақты мағынада қолданылады, тұрақты сөз орамдары болады.
3) Көркем әдебиет стилі. тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына ықпал еткен негізгі арналары: ХV-ХІХ ғғ. аралығындағы ақын-жыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лирикалық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан басталған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың тілі. Көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктері бар: тіл байлығы, сөздік құрамның молдығы, Авторлық баяндаудың құрылымына қарай, кейіпкердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, қарапайым сөздер, тарихи, көнерген сөздер, неологизмдер т.т.. Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – оның көп стильділігі. Мұнда функционалды стильдің барлық элементтері кездеседі.
4) Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функционалды стильдердің бір түрі. Публицистика (латынша: рublikus - көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады.
Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, жорналдардағы мақалалар, очерк т.б. шығармаларды, шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр.
Публицистикалық стильге газет-жорналдар тілі, радио-телехабарлар тілі жатады.
Ал жанрлық түрлеріне: бас мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық шолу және радио-теледидардан берілетін хабарлар. Әрқайсысының өзіндік тілдік, сөз қолдану ерекшелігі бар. Барлығына ортақ тілдік ерекшеліктер төмендегідей: лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздер (митинг, ереуіл, парламент, демократия), ілгеріде келтірілген эмоционалды-экспрессивті сөз орамдары (көгілдір экран, ақ халатты абзал жан, қара алтын, дала кемесі), грамматикада қосарлы сөздер (бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық), бұйрық рай тұлғалы сөздер (жүзеге асырайық, оңды нәтижеге жетеміз, іске жұмылдырылсын), қаратпа сөздер, риторикалық сұрақтардың, әртүрлі қайталамалардың қолданысқа түсуі жиі байқалады.
Публицистикалық стильдің ауызша тараған түріне бұрыннан қалыптасқан шешендік сөз жатады
5) Ауызекі сөйлеу стилі – функционалды стильдің бір түрі. Ол ауызша түрде тікелей қарым-қатынастың барлық саласында (тұрмыста, өндірісте т.б.) қолданылады. Негізгі қолданылу аясы – диалог, монолог.
Стильдік ерекшелігі:
Қолданылу аясы – адамдармен, әсіресе, таныс ортада еркін әңгімелесу барысында жүзеге асады.
Тілдік құралдары:
- эмоционалды сөздер, диалектизмдер, қарапайым сөздер, сөйлеу тілінің фразеологизмдері, көріктеу тәсілдері (метонимия, синекдоха, табу, эвфемизмдер) қолданылады;
- Ой автоматты түрде, дайындықсыз беріледі;
- Сөйлеу еркіндігі басым болады;
- Дауыс ырғағына орай сөйлеуші қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай сөздерді қолданады;
- Сөздердің орын тәртібі еркін болады.
Ауызекі сөйлеу тілінің тағы бір ерекшелігі - әңгіме тақырыбының тез өзгеріп отыратындығы. Мысалы, екі адам ауа-райы туралы сөйлесіп тұрып, күтпеген жерден өндіріс мәселесін сөз етуі мүмкін. Тілдегі экспрессивтік, эмоционалдық қасиеттер көп жағдайда ауызекі сөйлеуде байқалады.
Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, адамдардың санасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, дамып, жетіліп отырады. Сөз қолданысымызда стилистикалық норманы, тіл мәдениетін сақтап сөйлеу осы отырған әрқайсымыздың міндетіміз болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |