Іі өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер



бет12/129
Дата25.03.2023
өлшемі489,54 Kb.
#76072
түріҚұрамы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   129
Байланысты:
²³ ?ëå? ò³ë³í³? ñ?çä³ê ??ðàìûíà åíãåí ?çãåð³ñòåð

57. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық сипаты, сабақтас құрмалас сөйлемдерді нақты танытатын белгілерді атаңыз. Қазақ тіл біліміндегі топтастырылуын саралаңыз 

Құрмалас сөйлем — екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін, мағыналық жағынан өзара байланысты біртұтас сөйлем.


Құрмалас сөйлемдер құрамына сай екі түрге бөлінеді.
1. Екі компонентті құрмалас сөйлемдер.
2. Көп компонентті құрмалас сөйлемдер.
Оның ішінде екі компонентті құрмалас сөйлемдер грамматикалық жағынан ұйымдасу ерекшелігіне қарай мынандай екі түрге бөлінеді:
1. Салалас құрмалас сөйлемдер.
2. Сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысының баяндауышы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысқан құрмалас сөйлемнің түрі сабақтас құрмалас деп аталады. Мысалы: Тапсырманы тиянақтап алғысы келгенмен, қайта сұрауға батылы бармады. Бұл құрмалас сөйлемнің бірінші жай сөйлемін өз алдына бөлек айтуға келмейді, себебі ой тиянақты емес, ойды тиянақтап, аяқтап тұрған екінші жай сөйлем. Құрмаластың құрамындағы бірінші жай сөйлем екінші жай сөйлемге бағына байланысып тұр. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы тиянақсыз жай сөйлем бағыныңқы сөйлем, ал өз алдына дербес айтыла беретін, ойды тиянақтап тұратын екінші жай сөйлем басыңқы сөйлем деп аталады.
Сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары төмендегідей:
1. Бағыныңқының баяндауышы көсемше тұлғалы етістіктен болады. Мысалы: Аудан орталығына қоныс аударғалы, тұрмыстары недәуір түзеліп қалып еді.
2. Бағыныңқының баяндауышы шартты райлы етістік болады. Мысалы: Біреуге жақсылық жасасаң, ол ешқашан жерде қалмайды.
3. Бағыныңқының баяндауышы -ша/ше, -дай/дей жұрнақтары мен жатыс, көмектес септікті есімшеден және -дықтан/діктен қосымшалы есімшеден болады. Мысалы: Жолаушылардың қарасы үзілгенше, қорықшы жота басында қарап тұрды. Баласынын келген бір жапырақ қағаз көңілге демеу болғандай, ана жұмысқа құлшына кірісті. Күн райы бұзылып тұрғандықтан, жас төлдерді өріске шығармады.
4. Есімшеден кейін сайын, соң, бері, шейін, бұрын шылаулары және кезде, шақта, уақытта деген көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Қыстаудан жайлауға көшкен соң, ауыл-ауыл бір-бірін ерулікке шақырыса бастайды. Отырғандар қопарыла сыртқа шыққан кезде, Қуаныш пен Анар да жеке серуендеуге беттеді.
Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер саны жағынан екіден де көп болса, ондай сөйлемдер көп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем деп аталады. Сырттағылар тегіс кіріп, орын-орындарына жайғасқан соң, көпшіліктің өтінішімен жыр тиегі ағытылды. Бұл сабақтастың құрамында екі бағыныңқы сөйлем бар:
1) Сырттағылар тегіс кіріп, 2) орын-орындарына жайғасқан соң.
Бағыныңқы сөйлемдердің басыңқы сөйлеммен байланысуына қарай көп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем екіге бөлінеді:
1) жарыспалы көп бағыныңқы сабақтас;
2) сатылы көп бағыныңқы сабақтас.
Жарыспалы көп бағыныңқы сабақтастың құрамындағы бағыныңқы сөйлемдерінің әрқайсысы басыңқы сөйлеммен тікелей байланысады. Мысалы: Ағайын-туыстары Тілекті ортаға алып, кезек-кезек бетінен сүйіп, қолынан қысып, табысымен құттықтасып жатыр. Сөйлемнің құрамындағы әрбір бағыныңқы сыңары басыңқымен тікелей байланыса алады. Мысалы: Ағайын-туыстары Тілекті ортаға алып, табысымен құттықтасып жатыр; кезек-кезек бетінен сүйіп, табысымен құттықтасып жатырқолынан қысып, табысымен құттықтасып жатыр.
Сатылы көп бағыныңқы сабақтастың құрамындағы бағыныңқы сыңарлары басыңқымен тікелей байланыспай, өзара бір-бірімен байланысып барып басыңқымен байланысады. Мысалы: Көк алғаш тебіндеп шығып, жер дегди бастағанда, Құнанбай Қарқаралыдан елге қайтты.
Сабақтас құрмалас сөйлем құрамындағы бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдерінің мағыналық қарым-қатынасына қарай алты түрге бөлінеді:
1) шартты бағыныңқы;
2) қарсылықты бағыныңқы;
3) себеп бағыныңқы;
4) мезгіл бағыныңқы;
5) қимыл-сын бағыныңқы;
6) мақсат бағыныңқы.
1. Шартты бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдерінің біріншісі екіншісіндегі істің орындалу не орындалмау шартын білдіретін құрмаластың түрі шартты бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Шартты бағыныңқы сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқы сыңарының баяндауышы тиянақсыз болып, сабақтаса байланысады. Шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемнің сыңарларының арасына үтір қойылады.
Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары:

1) бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы етістіктің -са, -се шартты рай тұлғасынан болады. Мысалы: Айтқан сөзің дұрыс болса, қалғанын өздері түсіне жатар.


2) көсемше тұлғалы етістіктің -ма+й, -ме+й немесе -майынша/мейінше,-байынша/бейінше, -пайынша/ пейінше жұрнақтарынан болады. Мысалы: Бұл оқиға дәл осы күндердің өзінде тыным алмай, ұзын құлақ арқылы тамам Тобықтыны шарлап шықты. Шындықтың бетін ашпайынша, жарғақ құлағы жастыққа тимеді.


3) жатыс септігіндегі өткен шақтық есімшеден болады. Мысалы: Мылтығын алып шықпағанда, азулы қасқырдан құтылуы екіталай еді.
Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарына қайтсе, не етсе, қайткенде, не еткенде, қайтпейінше, не етпейінше, қайтпей, не етпей? деген сұрақтар қойылады.

2. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары мен басыңқы сыңары бір-біріне қарама-қарсы мағынада қолданылады. Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңары қайтсе де, не етсе де, қайткенмен, не еткенмен, қайткенше, не еткенше, қайткеніне (не еткеніне) қарамастан, қайте тұра, не ете тұра? сұрақтарына жауап береді. Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталса да, (қайтсе де?) Рахмет пен Лиза ертеңгі жиналыстың барысын талдап ұзақ отырды. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен (қайткенмен?), осы өңірдің кез келген жерінен су шығады.


Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауышы төмендегідей жолдармен жасалады:
1) шартты райлы етістікке да, де шылауының тіркесуінен жасалады. Мысалы: Екеуінің мақсаты екі түрлі болса да, бірге жұмыс істегендеріне он шақты жыл болып қалды.
2) шартты райдың болымсыз түрінен болады. Мысалы: Күн бұлттанғаны болмаса, жаңбыр жауған жоқ.
3) Көмектес септік тұлғасындағы өткен шақтық есімше арқылы жасалады. Мысалы: Ай қараңғы болғанмен, жолды болжауға әбден болады.
4) Есімше тұлғалы етістікке -ша/ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Бұл сөзді естігенше, жерге батып жоғалған жақсы еді.
5) -а/е, -й жұрнақты көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Өз көңіліңді білдіре, менің көңіліме демеу сала келгеніңе ризамын.
6) келер шақ есімшенің болымсыз түріне шығыс септік жалғауының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Терімшілер күннің салқындығын елеместен, бастаған жұмыстарын бітіруге асықты.
3. Мезгіл бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің біріншісінде айтылған іс екіншісінде айтылған істің мезгілін білдіретін құрмаластың түрі мезгіл бағыныңқы сабақтас деп аталады.
Мезгіл бағыныңқы сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдер сабақтаса байланысады. Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңары қашан, қашанға дейін, қашаннан бері, қай кезде? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауышы төмендегідей жолдармен байланысады:
1) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке -ша/ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Жиналыс аяқталғанша (қашан?), тізім жасалып та болды.
2) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке жатыс септік жалғауының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Бір күні Құрмаш Көксерекке ас беріп тұрғанда (қашан?), қара ала төбет Көксерекке ұмтылды.
3) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке соң, кейін, сайын, бері, шейін септеулік шылауларының қатысуы арқылы жасалады. Мысалы: Күшік ауылға келген соң (қашан?), екі күннен кейін көзін ашты.
4) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке кезде, шақта, уақытта мезгіл мәнді көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Әбден қас қараюға айналған уақытта (қашан?) Көксерек жалғыз өзі ауылға келді.
5) -ғалы/гелі, -қалы/келі көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Мысалы: Жазғы демалысқа шыққалы (қашаннан бері?), тек дене еңбегімен айналысып жүр.
6) -са/се шартты райдың жұрнағы және -ысымен/ісімен деген қосымшаның жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Ұлпа уәделі жерге келсе (қашан?), аттың ізі бар да, жігіт пен ат жоқ. Қыс басталысымен (қашан?), Ораз да аңға шығуға дайындалады.
4. Себеп бағыныңқы сабақтас. Бағыныңқысы басыңқыдағы айтылған ойдың себебін білдіреді. Мысалы: Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан, Есенейдің қолына түспей кетті. Осы құрмалас сөйлемдегі Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан деген алғашқы сөйлем Есенейдің қолына түспей кетті деген екінші сөйлемнің себебін білдіріп тұр.
Себеп бағыныңқы сабақтас неліктен? не себепті? неге? не деп? деген сұрақтарға жауап береді.
Себеп бағыныңқы сабақтастың баяндауыштары төмендегідей жолдармен жасалады:
1. Есімшенің өткен шақ формасына -дықтан/діктен қосымшасының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Есі шыққан керуен аты жүре алмағандықтан, (неліктен?) айқай салып қашып еді.
2. Есімшенің өткен шақ формасына соң шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Халі ауыр болған соң, (неге?) арнаулы ауруханаға жатқызған-ды.
3. Көсемшенің -й жұрнағына біткен болымсыз түрінен жасалады. Мысалы: Қалада қона қоятын ағайын-туған болмай, (не себепті?) қысыла-қысыла жатаққа келдім.
4. Ашық райлы етістікке деп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Үйдегілерді оятып алмайын деп(не деп?) аяғының ұшынан басып өз бөлмесіне өтті.
Себеп бағыныңқы сабақтас құрмаластың жай сөйлемдерінің арасына үтір қойылады.
5. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқысы басыңқыдағы істің, қимылдың қалай орындалғанын білдіретін құрмаластың түрі қимыл-сын бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы: Күн батар алдында балықшы жігіт сыртқа әлденеше рет шығып, биік жар басынан теңіз жаққа көз салды.
Қимыл-сын бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарына қалай, қайтіп? деген сұрақтар қойылады.
Қимыл-сын бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауыштарының жасалуы төмендегідей:
1. -ып/іп, -п және -а, -е, -й көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Мысалы: Домбыра шертіп отырған әнші әуелете шырқап (қайтіп?), ән салып қоя берді. Жұпар мен Қалампыр бастарын изей (қалай?), әлдене жайлы қызу әңгімелесіп отыр.
2. -ған/ген, -қан/кен өткен шақ есімшеге -дай/дей жұрнағы мен болып, күйі, қалпында сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Ақ ұлпа бұлттың үстінде қалықтап бара жатқандай болып (қайтіп?), ерекше бір күйді басынан кешірді.
3. Болжалды келер шақ есімшеге –тан/тен жұрнағының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Ол жөн-жосығын айтпастан (қалай?), атына міне сап шаба жөнелді.
6. Мақсат бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқысы басыңқыдағы істің, қимылдың мақсатын білдіретін құрмаластың түрі мақсат бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы: Жалпақ ел жауабын өз аузынан айтпақ болып (не етпек болып?), ұлыққа таң атпай келіп еді.
Мақсат бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарларына не үшін, не мақсатпен, не деп, неге? сұрақтары қойылады.Мақсат бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауыштары төмендегідей жолмен жасалады:
1. -мақ/мек, -бақ/бек, -пақ/пек мақсатты келер шақ етістікке болып көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Ергештің жаман әдетін қойғызбақ болып (не мақсатпен?), балар әр түрлі амал істеген-ді.
2. Тұйық етістік пен үшін септеулік шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Аянның ертегісін тыңдау үшін (не үшін?), ауыл балалары күнде кешкісін Бапай шалдың үйінің іргесіне жиналамыз.
3. Болжалды келер шақ есімшенің болымсыз түріне үшін септеулік шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Серіктері танып қалмас үшін (не үшін?), бет-аузын орамалмен таңып алыпты.
4. Қалау және бұйрық райдың ІІІ жағынан кейін деп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Ат тұяғының дүбірі естілмесін деп, (не деп?) атының аяғына киіз орап тастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   129




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет