Ii тарау. Ш. Ш. УӘлихановтың Қазақ этникалық тарихына және тарихи тұЛҒаларына байланысты еңбектері


Ш.Ш. Уәлихановтың ортағасырлар тарихына байланысты жазған еңбектеріне жалпы сипаттама



бет4/7
Дата02.06.2023
өлшемі83,73 Kb.
#98386
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Ш.Ш.УӘЛИХАНОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІ

1.2 Ш.Ш. Уәлихановтың ортағасырлар тарихына байланысты жазған еңбектеріне жалпы сипаттама

Ш.Ш.Уәлиханов Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезде орыс және еуропалық ғалымдардың тарихи-географиялық және шығыстануға байланысты еңбектерімен, сонымен қатар мұрағат материалдарымен, шығыс деректерімен танысты, яғни осы білім ордасында деректанушы ретінде қалыптасты. Тұңғыш рет И.Н.Березиннің бастыруымен шыққан Жалаиридің «Жамиғ ат-тауарих», Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих», Әбілғазының «Шаджара-и турк», Бинайдің «Шайбани наме» еңбектерімен танысады. Кейінірек осы еңбектерді түп нұсқасында қарастыра отырып, Шоқан Уәлиханов оларға арнаулы зерттеулерін арнайды, мазмұндарын аударады, басқа авторлардың шығармаларымен салыстыра отырып, түсініктеме береді. Осы мәліметтердің негізінде карталар, схемалар, гениеологиялық таблицалар жасайды [2, 64 б.].


Ш.Уәлиханов «Профессор И.Н.Березинге хат» және «Профессор И.Н.Березиннің «Хан жарлықтары» атты еңбегіне түсініктеме» еңбегінде И.Н.Березиннің хан жарлықтары аудармасына анализ жасалады. Сондай-ақ онда кездесетін түсініксіз сөздермен терминдерді реттейді. Жұмыс процесінде Ш.Уәлиханов ХІV-ХVІ ғасырлардағы хан жарлықтарының тілін XIX ғасырдағы тірі түркі халықтарының тілімен салыстырады. Оның эволюцияға ұшырағандығын зерттейді [21, 93 б.]. Қазақ тілі негізіндегі сөздердің мағынасын, олардың қолданылуын, этимологиясын, тілдік стилистикалық және фразеологиялық ерекшеліктерін түсіндіреді, сонымен қатар мәтінді аудару кезінде кеткен қателіктерді көрсетеді. Мысалға, машайх сөзін И.Н.Березин «духовный судья» деп аударса, Ш.Уәлиханов қазақтар оны әулие «святой» мағынасында қолданып және осылай әулиелердің мазарын айтатындығын жазады. Сөздерді аударып қана қоймай өзінің сынауларын, гипотезаларын білдіреді. Сонымен қатар, терминдер мен адам есімдеріне түсініктеме берген кезде, шығыс деректері мен халық аңыздарына жүгінеді. Көшім хан туралы айтқан кезде қазақ аңыздарында Көшім хан қазақ сұлтаны емес, башқұрт ханы ретінде кездесетіндігін көрсетеді. Қазақтардың этногенезін зерттеу кезінде Жалаиридің «Жами ат-тауарих» еңбегіне сүйенеді. «Жами ат-тауарихтағы» Ораз-Мұхамед ханның шежіресі шекара бастықтары жинаған қазақ сұлтандары шежіресімен сәйкес келетіндігін айтады. Ол шежірелерді (генеология) бір-бірімен салыстырып, кейбір ерекшеліктерін көрсетеді. И.Н.Березинге шығыс авторларының еңбектерінен қазақтар туралы мәлімет кездестіретін болса өзіне хабарлауын өтінген, яғни халықтың этногенезін зерттеуде жазба деректердің маңыздылығына ерекше баға береді. Қазақтар туралы мәліметтерді ХІ-ХV ғасырларға жататын араб деректерінен, Үндістанда Ұлы Моғолдар династиясының негізін қалаған Бабырдың, түрік жазушысы XVII ғасырда өмір сүрген Катиба Челебидің еңбектерінен жинастырады. Кейінірек Катиба Челебидің «Китаби Жахан-нама» еңбегіндегі мәліметтердің негізінде ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Орта Азияның сызба картасын жасады [11, 62-63 бб.].
«Жамиғ ат-тауарихтан» жасалған мазмұндама, түсініктемесі Шоқанның тарихи еңбектерге деген үлкен ылтипатын көрсетеді. Белгілі ғалымдар Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиевтің: «Қадырғали би еңбегін қазақ топырағында ғылыми түрғыдан зерттеу Шоқан Уәлихановтан басталады» [18, 94 б.] - деген пікірімен қосыламыз.
Қадырғали Жалаиридің туындысын оқып қана қоймай, ол еңбекті түркі-монғол халықтары туралы жазылған басқа да шежірелермен салыстырады. Олардың барлығын жүйелеп, қазақ тарихына қатысты толығырақ тоқталады. Кітаптың Оғыз хан аңызына арналған тарауына көбірек зер салған. Оғыздардың 24 тармаққа бөлінетініне, олардың ішінде өзге түркі халықтарына ортақ рулар кездесетініне, оғыздың үрім-бұтағы туралы аңызға түсініктеме береді.
Бұдан кейін Шыңғысхан әулетінің тарихына шолу жасайды. Тоқтамыстың ұлы Қадірберді мен Едігенің арасындағы соғыстың мән-мағынасына да тоқталады [24, 31 б.].
Ораз-Мұхамед тарихына қатысты тарауға Шоқан ерекше тоқталып өтеді. Ораз-Мұхамедтің ата-бабаларының шежіресін толық баяндайды, оның 16 жасында орыс патшасы Барис Годуновтың құзырына келген, сонымен Қасымов қаласында хан болғаны мәлімдейді. Бұл аймақтың билік жүйесін түсіндіреді, белгілі ру басыларының аттары, әкімшілк рәсімдері туралы мағлұмат береді.
Шоқан Уәлиханов тұңғыш рет қазақтар туралы және рулық-тайпалық құрамы мен билеушілері жайында бірнеше тарауды орыс тіліне аударды. Бұл мәліметтерді «Шайбанинаме» шығармасындағы деректермен салыстырады, екі шежіреде де келтірілген хандар мен сұлтандардың аттарын анықтайды [25, 4 б.].
Шоқан Уәлиханов шығарманың тілі жайында «қазіргі қазақ тіліне өте жақын» деп тұжырымдайды. Онда «Шайбанинаме» мен Әбілғазының шежіресіне қарағанда аңыз әңгімелердің аздығына көңіл аударады. "Сөздері мен тіркестері тамаша, солардың, көбі күні бүгінге дейін қазақтарда сақталған" дейді.Сондай-ақ еңбектің кейбір тұстары сол кездегі татар тілінің нормасына жақын жазылғанын автор көрсетіп отырады. Мәселен, «Тауарихтың» Борис Годуновқа арналған беттері дәл осылай екенін атап көрсетеді. Осы еңбегінің соңында «Жамиғ ат-тауарихта» қолданылған, бірақ татар тілінде кездеспейтін 219 сөздің түсінігін тізіп береді. Мұның өзі бұл тарихи еңбек авторының қазақ екенін, шығармасын сол кездегі жазба әдеби түркінің нормасына жақын тілде жазғаны айқындай түседі.
Ресей ғылымында Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегін тұңғыш зерттеп, ғылыми айналымға енгізген қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов еді. Оның әйгілі ғылыми еңбегі «Жоңғар очерктері» Петербуртегі ЗРГО /Записки Русского Географического Общества/ 1861 жылы бірінші кітабында 184-200 беттерде басылып шыққан еді [16, 46 б.].
Міне осынау аса құнды басылымның 2-3 беті Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабына арналған болатын. Сонда Ш.Уәлиханов осынау аса құнды тарихи кітаптың осы уақытқа дейін Ресей ғылымында белгісіз больш келгенін айтады. Сол кездегі Ғылым Академиясының мұражайларында оның түрікше аудармасы, ал Петербург университетінде түп-нұсқасы, яғни парсы тіліндегі нұсқасының сақтаулы екенін көрсетеді. Академиялық экземплярдың толық еместігін, ал университеттегі шығарманың парсы тілін білмейтін адамның көшіргенін, яғни онда қателіктердің көптігін көрсетеді.
Одан ары қарай қазақ ғалымы «Тарих-и Рашиди» кітабын қысқаша талдап, оның екі бөлімнен тұратынын, бірінші бөлімі Қашқар хандары Тоғлұқ-Темірден яғни 1362 жылы Шыңғыс ханның ұрпағынан Рашид ханға дейін /1554 жылы/ тарихты қамтитын, ал екінші бөлім мемуар түрінде автор естеліктерінен тұратынын көрсетеді. 1554 жылы дейін Орталық Азия тарихынан көп мәлімет беретін осынау аса құнды кітап Еуропада тек аты ғана белгілі екенін айта келіп Петербуртегі қолжазбасының әлі күнге дейін игерілмегенін қынжыла жазыпты.
Ш.Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашиди» кітабының мазмұнын қысқаша баяндайды. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулатидің және Тоғылық-Темір ханның шежірелерін схема жасап көрсетеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің кітабының материалдары бойынша Ш.Ш.Уәлиханов жасаған «Моғолстан картасы» және «Моғолстанның батыс бөлігінің картасы» аса бағалы дүниелер болғандықтан Петербург ғалымдары, соньщ ішінде Орыс Геграфиялық қоғамы және өзі қызмет істеген Азия Департаментінде жоғары дәрежеде бағаланды [16, 97 б.]. Бұл күнде Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерін алғаш зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақ ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов екені баршаға аян.
Ш.Ш.Уәлиханов Қашғарға сапары кезінде тарихи мазмұндағы құнды қолжазбаларды әкелді [26, 6 б.]. Ол жайында қазақ ғалымы «Тарих-и Рашиди» кітабын қысқаша талдаған кезде айтады. Онда Қашғардан «Тазирян Ходжагян» /Қожалар тарихы/ атты кітапты алып келгенін, оның ХVІ ғасырдың аяғындағы тарихтан бастап 1758 жылға дейін мәлімет беретінін айта келіп, «Қожалар тарихы» шығармасы «Тарих-и Рашидидің» жалғасы деп баяндап, оған қоса және өте құнды 4 кітап алып келгенін жазады:
«Менің Қашғардан әкелген кітаптардың ішіндегі маңыздыларын атап өтсек:
1. Тазкирян Султан Сутук-Бугра хан ғази /ең бірінші болып исламды қабылдап Қашғарда таратқан Илек әулетінің өкілі Султан Бугра ханның өмірбаяны туралы/.
2. Тазкирян Туглук-Тимурхан /Могул ұлысында бірінші болып исламды қабылдаған туглук Темірханның өмірі жайында/.
3. Ришахат /Орталық Азиялық әулие-әмбиелер жайында/.
4. Абу Муслим Марузи /жергілікті аңыздардан жинақталған, қас-батырлар туралы жазылған роман /», - деп қысқаша баяндайды [27, 75 б.].
Қазақ халқының тарихы бойынша жазба дерекпен қатар Ш.Уәлиханов ауыз әдебиеті ескерткіштерінің маңызды дерек көзі болып табылатындығын айтқан ғалым ауыз әдебиетінің ескерткіштерін ғылыми тұрғыда зерттеп,жазба деректегі мәліметтермен салыстырады. Мысалы, «Едіге туралы жыр» еңбегінде халық аңызындағы мәліметті Ибн Арабшахтың және басқа да жазба дерекпен салыстырады, аңыздағы Едігенің тарихи тұлға екендігін анықтайды [28, 24 б.].
Шоқан Уәлихановтың бұл шығыс деректерін зерттеп, аударма-түсініктемелерін жасап, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізуі сол кезде көптеген ғалымдардың қызығушылығын туғызды. Жазба және ауыз әдебиеті ескерткіштерін салыстырып, анализ жасауы, бұл деректердің тілін бүгінгі қазақ тілімен салыстыруы, деректерді ғылыми негізде кәсіпқойлық дәрежеде талдай білгенділі ерекше құрмет сезімін оятады.
Шоқанның қысқа да жарқын өмірі ерлік пен қиыншылыққа қандай толы болса, Қазақстан тарихы ғылымының алтын қорына кіретін оның мол мұрасын игеру де сондай жан кешті жолдан өтті. XX ғасырдың 40-жылдары Шоқанның мұрасын игеруге Қазақстан ғалымдары айрықша ден қойды. Соның нәтижесінде Ш.Уәлиханов еңбектері кітап болып жарық көре бастады. Әлкей Марғұлан өзінің зерттеуі кезінде академиялық қордағы Шоқан Уәлихановтың мұраларымен және 1904 жылы профессор Н.И.Веселовский басып шығарған Шоқан Уәлихановтың қолжазбаларына жүгінді, бұл қолжазбалар бұрынғы КСРО-ның революцияға дейінгі шығыстанушылар қорында сақталған еді. Бұл материалдарды зерттеу сол кездегі ҚазақССР-нің Ғылым Академиясына тапсырылған болатын. Қысқа уақыттың ішінде Москва, Ленинградттың мұрағат қорларын зерттеу кезінде Шоқан Уәлиханов туралы бұрын ғылымда белгісіз болған жаңа материалдар табылды [29, 67-68бб.].
Мұрағат құжаттарынан біз Шоқанның 1853 жылы кадет корпусын бітіргеннен соң Сібір казак әскерінің 6-кавалерия полкының офицері болғандығы көрінеді, келесі жылы, 1854 жылы 12-қазанда Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың адъютанты болып тағайныдалды. Бұл құжаттар Шоқанның өмірі мен қызметінің кейбір тұстары жайлы қызықты мәліметтер береді (таланты, эрудирлі адам, Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тұрмысы мен әдет-ғұрпын, яғни география мен экономиканы жақсы білетін адам ретінде көрсетілген).
Осы құжаттарға қарап 18 жасар жас Шоқан Уәлихановқа жергілікті әкімшіліктің және қоғамның қызығушылығын туғызғанын байқаймыз. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов генерал Гасфорттың құзырында онымен бірге Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісуға саяхат жасады. Бұл саяхат жайында Гасфорт былай деп жазады: Уәлиханов әскери қызметте екі жыл міндетін атқарса да оның қырғыз тілін және жергілікті әдет-ғұрыпты жақсы білген ол жергілікті қырғыздардың арасында ерекше құрметке ие. 1855 жылғы саяхатта ол менің жанымда болып, маған далада жол көрсетті.».
Москвадағы Әскери-тарихи мұрағатының Орталық ВУА қорында Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне байланысты 330 беттен тұратын материал сақтаулы. Бұл материалдар Шоқан Уәлихановтың биографиясын зерттеуде өте маңызды болып табылады. Онда Уәлихановтың 1856-1857 жылдары Алатау қырғыздарына жасаған саяхаты және Қашқарға жасаған миссиясы жазылған. Осындай құжаттардың бірінде Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт Сыртқы істер Министрлігіне былай деп хабарлайды: «Менің қоластымда әскери қызмет атқаратын поручик сұлтан Уәлихановтан біздің оңтүстік шекарамызбен түйісетін Батыс Қытайдағы жағдайды, яғни Қашқар көтерілісі мен осыған байланысты Қытай үкіметінің қолданған шаралары, Құлжа және Ақсу қалалары төңірегіндегі халықтың жағдайы, әсіресе Манчжур әулетіне наразы қытайлық тайпалар - қырғыздар мен сарттар туралы мәліметтер алынуы қажет, сонымен қатар поручик Уәлихановпен бірге тағы қырғыздарға татар Файзулла Ногаев жіберілді. Уәлихановқа сонымен қатар Бурумбай және тағы басқа билеушілерге (старшындарға) арналған сыйлықтар тапсырылған. Поручик Уәлиханов тағы қырғыздарға жасаған сапарында Бұғы руының билеушілерімен кеңесте оларға Сарбағыштарға қарсы көмек туралы мәселе талқыланады» [30, 64 б.].
Жалпы, 1857 жылғы қырғыз миссиясы Уәлиханов үшін Қашарияға жасалатын саяхатқа дайындық еді. Біраз уақыттан кейін ол сауда керуенімен бірге өзінің әйгілі Қашқарияға саяхатын (1853-1859 жж.) жасады. Батыс Сібір генерал-губернаторының канцеляриясына жататын ресми құжаттарда: керуен Верный бекінісіне кірген кезде поручик Уәлиханов бекініске барады және керуен басшысының туысы ретінде қырғыз (қазақ) киімін киіп алады [31, 119 б.]. Осы қүжаттардың барлығы ғалым-ағартушы Ш.Уәлихановтың ерекше тұлғасын және Отан тарихындағы маңызды рөлін көрсетеді.
Ш.Уәлихановтың Петербургтегі ғылыми қызметіне құжаттардың тобы табылған .Осы құжаттарға қарап Уәлихановтың Петербургтегі қызметінің үш мекемеде өткенін көреміз: Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде (осы мекеменің тапсырмасы бойынша Орталық және Орта Азияның карталарын жасады), Географиялық қоғамда Орталық Азия мен Орта Азияның халықтары мен мемлекетгері жайлы лекция оқыды және Сыртқы істер Министрлігінің Азия департаментінде Орта Азия мен Батысқытайда дипломатиялық қызметке дайындалып жатқан адамдарға шығыс тілдерін үйретті.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы мен өмірбаянының аса ірі зерттеушісі, академик, марқұм Ә.Х.Марғұлан осы жолға 20 жылдан астам өмірін арнап, талмай еңбек етті. Өте жауапты істі батылдықпен, жалтақсыз батырлықпен мойнына алған Ә.Х.Марғұлан жұмыстың барлық түрін жедел ұйымдастыра білді. Ең алдымен қазақ ғалымының материалдарын тауып, жинап, жіктеді және оның өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық құжаттардың басын біріктірді. Көп жылғы еңбек пен зерттеу нәтижесінде Ә.Х.Марғұлан 1958 жылы Шоқанның таңдамалы шығармаларын жарыққа шығарды [32, 20-21 бб.]. Бірнеше жылдардан соң Ә.Х.Марғұланның басшылығымен және редакциялауымен Ш.Уәлихановтың 5 томдық жинағы (1961-1972 жж.) жарық көріп, еліміздің ғылыми жұртшылығы арасында жоғары бағаға ие болды.
Қазақстан тарихының ортағасыр, жаңа заманына қатысты Ш.Уәлиханов қалдырған деректері мен өзі жазған зерттеулеріне тоқталатын болсақ:
1) Профессор И.Н.Березинге хат.
2) Профессор И.Н.Березиннің «Хан ярлыктары» (кітапты оқу кезінде Шоқанның жасаған түзетулері).
3) «Жамиғ-ат Тауарихтан» үзінді.
4) ХҮІІІ ғасыр батырлары туралы аңыздар.
5) Абылай (зерттеу, мақала).
6) Шуна батыр.
7) «Тарих-и Рашиди» (кітапқа түсіндірме келтірген).
8) «Қырғыз сүлтаны Кенесарының бүлігі жайлы зандажа» (патшаүкіметінің әскери-отаршыл аппараты қүжаттары негізінде жазған мақаласы).
9) «Қырғыз-қайсақ ордалары»(А.И.Левшин) кітабына түсіндірме-
түзетулер.
10) Абу-Наср Самани.
11) Қази Бейзави шығармасы «Низам-ут-Таварих».
Ш.Уәлиханов қалдырған деректер мен зерттеулері өзінің саны, көлемі жағынан аса көп, мазмұны жағынан әр алуан. Сондықтан тарихи зерттеулерде оларды тиімді және пайдалы етіп қолдана білу қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет