Тақырыптың деректік негізі. Ғылыми жұмысын жазуға арқау болған деректерді үш топқа бөлеміз. Біріншісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатындағы Ш.Ш.Уәлихановқа қатысты құжатттар және ғалымның қолжазбалары. Екінші кезекте Ғылым Академиясының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазба» бөліміндегі Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектерінің фотокопиясы. Ал үшінші кезекте маңыздылығы жағынан ерекше орында тұрған Ә.Марғұланның жетекшілігімен шыққан Ш.Ш.Уәлихановтың бес томдық жинағы (1961-1972 жж.) болып табылады. Сондай-ақ зерттеу барысында Шоқан Уәлихановтың саяхат сызбаларын, түрлі карталарын қарастырдым.
Ғылыми жұмыстың методологиялық негізі.Ғылыми жұмыста алға қойылған мәселелердің мәнін жан-жақты ашу үшін тарих ғылымындағы әлемдік және осы заманғы зерттеу әдіснамасының ғылыми тәсілдерін пайдалану. Объективтілік, тарихилық, жүйелілік, салыстырмалық және талдау, жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптері басшылыққа алына отырып, тақырып бойынша жарық көрген құжаттар жинақтарын, тарихи әдебиеттерді сыни тұрғыдан саралау.
Зерттеу жұмысының мақсаты – Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі қазақ халқының рухани мәдениеті және қазақ тарихын зерттеудегі тарихи мұралары мен ғылыми көзқарастарын қарастырудағы маңыздылығын көрсету. Осыған орай төмендегідей міндеттерді шешу назарға алынды:
-Шоқан Уәлихановтың тарихи көзқарастарының қалыптасуын анықтау;
-Ғалым еңбектерін қарастыру;
-Шоқан Уәлихановтың ортағасырлық Қазақстан тарихы жайлы жазған мәліметтерін қарастыру.
-Ғалымның қазақ халқының шығу тегіне, дініне, қазақ қоғамындағы тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтерін қарастыру;
-Ш.Уәлиханов еңбектеріндегі қазақ халқының рухани мәдениеті мәселелерін жан-жақты талдауға алу.
Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ КӨЗҚАРАСТАРЫ
1.1 Ш.Ш. Уәлихановтың өмір жолы және тарихи көзқарастарының қалыптасуы Қазақ елін Ресейдің отарлауы ХҮІІІ ғасырдың 30-жылдарына басталып, жүз жылдан астам уақытқа созылды. Қазақстанның едәуір бөлігі отарланғаннан кейін, қазақ халқының мемлекеттілігінің белгісі болған хандық билігі жойылды, оның орнына ел басқаруда ресейлік тәртіп ендіріле бастады. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М.Сперансий жасаған «Сібір қырғыздары туралы жарғыға» сәйкес 1822 жылы Орта жүзде хандық билік жойылып, жаңа әкімшілік бөлінісі енгзілді.
Қазақ елін дербестігінен айырып, Ресей империясының өзінің ауқымы жағынан дүние жүзі тарихында болмаған көлемде казактар мен шаруаларды қазақ жеріне жаппай қоныстандыру, қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратқан кезеңде қоғамдық тарихи майданда Шоқан Уәлиханов көріне бастады.
Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін өзінің атамекені - Сырымбетте көптеген аңыздарды есіне сақтап отырған халықтың арасында өткізді. Тарихи аңыздарға құлақ қойып, халықтың өлең-жыры мен әңгімелерін тыңдауға құштар болып өседі [3, 29 б.].
Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным көп ықпал еткен. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Әжесі Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған.
Айғаным ханша Ресеймен жақындаса отырып, оған өз ұпайын жібермеудің жолы – орыс тілі мен білімін игеру, екіншісі – бірте-берте отырықшылыққа көшу деп білді.
Уәлидің Сырымбеттегі ордасында арнаулы мектеп әрқашан Айғанымның басшылығымен жұмыс істеді. Оның жеті ұлы - Мамеке, Әбен, Шепе, Шыңғыс, Ханқожа, Салтақ, Әлжан осы мектептен тамаша білім алып шықты. Ол сондай-ақ өз мектебінде ауылының басқа балаларын да қосып оқытқан. Айғаным мекетебінің бағдарламасында жалпы білім беретін сабақтар оқытылған. Математика, география, тарих, шығыс әдебиеті және шағатай тілі, қазақтың жырлары мен қиссалары оқытылған. Ал Қазақстанның басқа мектептерінде тек діни сабақтар ғана жүретін.
Сондықтан 1827 жылы 16 жастағы Шыңғыс Омбыдағы әскери училищеге түскенде, орысша таза сөйлейтін. Мұнда жеті жыл оқыған Шыңғыс терең білім алып, әдебиет, өнер және мәдениет, тарих, география, статистика т.б. ғылымдарды оқып өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы болып шығады.
Айғаным ханша қазақ даласын қызғыштай қорғаған елдің анасы болған. Болашақ білімде екендігінне сеніп, ағартушылыққа көп көңіл бөлді. Шыңғыс Уәлиханов анасы Айғанымның игілікті істерін одан әрі жалғастырады. Сондай-ақ халықтың мәдени, әдеби және археологиялық ескерткіштерінің қамқоршысы болды. Академик Ә. Марғұлан ол туралы «Шыңғыс ғылымды, әдебиет пен өнерді бағалайтын өз заманының білімді адамы болды. Сол кездегі қазақ халқының тұрмысының, экономикалық және саяси өмірінің қыр-сырын жақсы білген...» - деп жазған болатын [3, 30-31бб.].
Сол кездегі Шыңғыс пен оның баласы Шоқан жинап, қағазға түсірген халқымыздың асыл дүниелері кейінірек ғалымдар арасында «Кушмуринский список» деп аталып кетті. Бұл әйгілі жинаққа «Едіге», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының бірнеше нұсқалары және «Ер Көкше – Ер Қосай», «Орақ батыр» жырлары т.б. көптеген ауыз әдебиетіндегі асыл мұралар кірген болатын...
Сондықтан көптеген Ресейдің ғалымдары Шыңғыстан ақыл-кеңес сұрайтын. Оған көптеген ғылыми мекемелерден өтініш келіп жататын. Ол өмір бойы ауыз әдебиетін, зергерлік асыл бұйымдарды, әдет-ғұрыпқа байланысты заңдар мен статистикалық мәліметтерді жинаумен қатар А.Сотников, А.К.Крохалев, М.В.Ладаженский, Н.Ф.Костылетский, И.Ибрагимов, А.К.Гейнс, Г.Н. Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, М.С.Знаменский т.б. ғалымдармен, сондай-ақ орыс географиялық қоғамымен тікелей байланысты болды [19, 97 б.].
Шекаралық комиссияның бастығы полковник М.В.Ладаженскийдің өтінішімен Шыңғыс қазақтың халық поэзиясы мен ертегілерінің, аңыз-әңгімелердің нұсқаларын жинайды. Ладаженскийдің өтінішін орындау үшін Шыңғыс әйгілі ақындар мен жыршыларды талай рет өз үйіне шақыртып, қазақтың өлең-жырлары мен аңыздарын Шоқанға жаздырып алып, Омбыға жіберіп отырған [19, 98 б.].
Болашақ ғалымның жан-жақты білім алып, халық ауыз әдебиетінің ескерткіштерімен танысып, тарихи-ғылыми көзқарасының қалыптасуында әжесі Айғаным ханым мен әкесі Шыңғыс сұлтанның атқарған қызметі зор.
Шоқанның ғылыммен айналысуына әкесінің алдыңғы қатарлы орыс интелигенциясының өкілдерімен тығыз байланысты болуы көп ықпал етті. Академик А.И.Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасына қызмет істеген декабристер С.М.Семенов, В. И.Штейнгель, Н.В.Басаргин және Қазан университетінің студенттері С.Сотников, Н.Ф.Костылетский, Т.Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар Шыңғыстың ауылында талай рет болған. 1841 жылы Құсмұрынның төңірегінде Обаған даласында топографиялық суреттер түсіріп жүрген орыстың инженер-топогрофтарына алты жасар Шоқан сурет салуды үйренеді.
Шоқан Омбы кадет корпусында 1847-1853 жылдары аралығында оқыды. Омбы кадет корпусы сол кездегі Сібірдің ең жақсы оқу орны деп саналды. Кадет корпусы жан-жақты білім беретін. Онда екі даярлау класы, бес негізгі және алтыншы - арнаулы класс болды.
Негізгі кластарда шет тілдері, оның ішінде шығыс тілдері - қазақ, татар, шағатай тілдерін де оқып үйретілді. Бұл тілдерді үйрету сабақтарында әрқилы шығырмалардан үзінді оқыту, өлеңдер мен мысалдарды жаттатып және оларды дауыстап, мәнерлеп оқуға жаттықтыру тәсілі кеңінен қолданылатын.
Онда тарих, география және әдебиет пәндеріне көп көңіл бөлінді. Алғашқы кластардан бастап ежелгі Греция мен Рим тарихын, ортағасырлар тарихын Еуропа географиясын өтті. Төртінші және бесінші кластарда тіл-әдебиет теориясы, орыс және Батые Еуропа әдебиеттерінің тарихы оқытылды. Этнография мен антропология пән ретінде енгізілді. Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Персия сияқты Азия елдерінің халықтары олардың шыққан тегі, діні, тұрмыс-салты, саяси-әкімшілік құрылымы, басқару жүйесі жайлы терең мағлүматтар берілді. Сонымен қатар Қытайга бағынышты елдер, Түркістанның тарихи-саяси аймақтары, Шығыс Үндістан мен Арабия мемлекеттерін жан-жақты қарастырды.
Алаш жұртын толықтай Ресей империясының отарына айналдыру мақсатында, болашақ офицерлерге әскери-статегиялық мақсатпен Қазақстанның географиясын оқытуда ерекше көңіл бөлінді.
Ресейдің мәдени орталығына тым шалғайда жатқан Омбыдағы осы әскери училищенің әскери пәндері тұрғысынан ғана емес, жалпы білім беру жөнінде озат оқу орнына айналуының себебі училищенің оқытушы құрамында еді. Ресейде декабристер қозғалысы басылған соң, елдегі озық ойлы адамдарға қуғын басталды. Олар алыс аймаққа, Шығысқа, Азияға айдалды. Жақсы білімді адамдар "сенімсіздер" деп саналып, шет жаққа жіберілді. Үкімет үшін бұл тыныш саналды. Сондықтан олардың көбі алысқа Омбы сияқты орындарға аттандырылды. Ал, олар болса шын мәнінде озық ойлы, білімді адал жандар еді. Осы себептен де бұл училищеден кейін кадет корпусынан жан-жақты білімді, прогрессивті ойлы офицерлер тәрбиеленіп шықты.
Шоқанның азаматтық позициясынан қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына, рухани жағынан өсіп-жетілуіне Белинскийдің идеясын насихаттаған әдебиетші және шығыстанушы Н.Ф.Костылецский; айдауда жүрген ғалым, тарих пәнінің мұғалімі- Гонсевский; Н.Г.Чернышевскийдің досы және үзеңгілес серігі, әдебиетші В.Л.Лободовский; шығыстанушы А.А.Сотников; суретші және ұстаз А.П.Померанцевтың ықпалы зор болды [20, 16-17 бб.].
Ш.Уәлихановтың дүниеге көзқарасының қалыптасуына тарих пәнінің оқытушысы Гонсевскийдің маңызы зор еді. Гонсевский оған әртүрлі елдердің тарихы мен сонау ескі замандардың бастап XIX ғасырға дейінгі Еуропа мен Ресейде болған қоғамдық қозғалыстар жөнінде талай әңгімелер айтты.
Шоқан тарихи-географиялық әдебиетке беріліп, өте көп оқиды; бірақ ондай әдебиеттің Омбыдан табыла қоюы қиын еді. «Бастықтардың Шоқанға іргелі кітапханадан кітаптар алуға рұқсат еткені, - деп жазады Г.Н.Потанин, - маған үлкен қуаныш болды. Шоқан кітап қоймасынан Палластың сапар шегуі мен Рычковтың күнделік жазбаларын әкелгенде бұл біздің кемелденуіміздегі бір дәуір болды. Кітаптардың қалыңдығы, олардың форматы көне баспа, көне сөздер және ескірген қағаз исі осының бәрі ғажап, әдеттен өзгеше, көне заман поэзиясына толы еді. Біз Палластың кітабын, әсіресе, оның біз үшін туған жерлерді суреттегендерді құныға оқыдық» [21, 30-31 бб.].
Провинциялық Омбы қаласында тұрған кезінде Шоқан шығыс мәдениеті, география мен тарих және философия жөнінде жазылған кітаптарды арнайы жинап, өте бай кітіпхана құрап алады. Шоқанның Омбыдагы пәтерінде болған (1856 жылы) Семенов-Тянь-Шаньский Уәлихановтың өз кітапханасына таңдап, сұрыптап жинаган кітіптары оған үлкен абырой әкеледі деп санаған.
Шоқан кадет корпусын 1853 жылы он сегіз жасында бітіріп, армиялық атты әскердің корнет деген офицерлік атагын алып шығады. Осы кезде Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорттың аппаратында қызмет етті. Гасфорт кеңсесі жайындағы құжаттарға Караганда, Шоқанға дейін де оның төрт адъютанты болғанын көреміз. Және олардың бәрі дәл осы өз бастықтары тектес, неміс ұлтынан шыққан: Экеблад, Гинце және ағайынды Блюментальдер секілді офицерлер еді. Генерал-губернаторлық кеңсе штаты бойынша адъютанттар саны төртеуден аспау керек. Сөйтсе де Гасфорт Шоқанды атты әскер полкында қызмет етеді деп тіркетіп қойып, өзіне жәрдемшілікке алуға құлық білдірген. Генерал-губернатор үйінде кезекшілікте болып, өзіне тиісті міндеттерді атқарып біткеннен кейін ол архивке қарай асықты. Өзі ірге көтергелі бері Азияның қойнауына бағытталған саясатты жүргізуге белсене септескен Омбы шаһарында жинақталып қалған архив жас корнет үшін іздегенге сұрағандай ордалы қазына болғаны айдан анық. Ондағы мұқияттап буылған көне құжаттар арасында орыс-қазақ, орыс-жоңғар, орыс-қытай қатынастарына қатысты мағлұматтар өте көп. Шоқанды қазақ тарихына қатысты материалдар бір қызықтырса, патша әкімдерінің Орта Азия билеушілерімен жүргізген қарым-қатынастары жайындағы дүниелер екінші жағынан үйіре тартады.
Қызметке алысымен-ақ Шоқан Уәлиханов бірден офицерлер мен чиновниктер ортасына, яғни корпустағы өзіне мәлім оқымысты әрі алдыңғы қатарлы прогрессивті адамдарға мүлдем қарама-қарсы ортаға тап болды. Бұл ортаның көпшілігі патшалық отаршылдық аппаратын билеп-төстеп отырған реакцияшыл офицерлер мен чиновтиктер еді. Олардың басындың генерал Гасфорт пен сібірлік қырғыздар облысын басқарған оның көмекшісі фон Фридрикс тұрды. Бұл генералдар кімдер және қазақтарды қалай басқарғаны туралы Ф.М.Достоевскийдің досы Врангель мен Батыс Сібірде ұзақ қызмет еткен және Шоқанды жақсы білетін Бас штабтың офицері И.Ф.Бабковтың кітаптарында өте айқын көрсетілген [22, 79-81 бб.].
Бұл офицерлер мен чиновниктерді Батыс Сібір мен Қазақстанға қандай ой жетектеп келді? Бұл сұраққа: тек қана оңай олжа табу ниеті, Шоқанның Достоевскийге жолдаған хатында жазғанындай «...тәуелсіз Татарияның кең жазирасында аздап байып алу», «қырғыздарды тонап, оладың ақшасына өздерінің әйелдеріне жібек ленталы атлас көйлек тіктіру ниеті ғана жетектеп әкелген» деуден басқа жауаптың бірде бірі дөп келмейді.
Тікелей Фридрикстің басшылығымен жұмыс істеуге тиісті болған Шоқанның жағдайы өте ауыр болды. Шоқаннның Петербургттағы достарына жазған хаттарынан көрінгеніндей, Дюгамель, Фридрикс және оларлың сыбайластары Кройерус пен Кури өздерінің қылмысты істерін әшкерелеп, заңсыздыққа, тонаушылыққа, парақорлыққа қарсы, патшаның отаршылдық аппараты тудырған зұлымдық атаулының бәріне қарсы аянбай күрескені үшін Шоқанды үнемі қудалап, зәбірлеп отырған. Дарынды Шоқан Уәлихановтың зор табыстарын күндеуші патша чиновниктері оның ғылыми бастамаларына кедергі жасап, Қашқария экспедицииясының нәтижелерін жоққа шығаруға тырысады, Атбасар округтік приказының аға сұлтаны болып сайлануына бөгет жасайды. Шоқан бұл қорлықққа шыдай алмай, соның зардабынан ауруға да шалдығады. Уәлихановтың замандасы А.К.Гейнс 1865 жылғы жазбасында бірнеше осылай қорлап, тобықтан қағу «... биылғы жылы Шоқанның түбіне жетті», - деп ашықтан-ашық жазады [21, 35 бб.].
Шоқан Уәлиханов мұндай қара ниетті ортадан құтылып, қоғамдық пайдалы еңбекпен шұғылданудың жолдарын іздейді. Ақыры ол осындай мүмкіндікке ие болды. Бұл сол кезде Қазақстанда Ұлы жүз қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздарының Ресейге өз еркімен қосылуы нәтижесінде туған тарихи жағдайдың өзгешілігіне байланысты еді. Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары XIX ғасырдағы 40-жылдың басында - Ресейдің мәңгі боданы болуға ант берді және осыған байланысты 1845 жылы жаңа Қапал қамалы салынды. Верный бекінісі ол кезде жоқ еді. Іле өлкесінде, Тянь-Шань тауында, сол секілді Шу алқабында атқарылуға тиісті үлкен де күрделі жұмыс тұрды.
Қоқан хандығының ықпалындағы Жетісуды бейбіт жолмен Ресейге қосуды көреген саясат жүргізу қажет болды. Алға қойған міндетті шешумен офицерлердің бір тобы айналысуға тиісті болды, мұнда К.К.Гудкоовский, М.М.Хоментовский, М.Д.Перемышельский және Шоқан Уәлиханов жетекші роль атқарды.
1856 жылы көктемінде Шоқан Уәлихановтың өмірінде ерекше жағдай болды, ол ғалым, белгілі географ П.П.Семенов Тянь-Шаньскиймен танысты. Бұл танысу Шоқан Уәлихановтың ғылыми қызметінің бағытын анықтады, орыс географиялық қоғамымен байланыс орнатуына жол ашты [23, 46 б.].
Ш.Уәлиханов қысқа ғұмырында қабілет дарынымен айдай әлемді мойындатқан XIX ғасырдағы бірден-бір қазақ ғалымы. Шығыстану аспанындағы құйрықты жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған ол хан тұқымы әрі орыс армиясының әйдік офицері еді. Орыс ориенталистері оны түрік халықтарының тағдырындағы аса маңаызды жаңалықтар ашып, ұлы істер күттірген теңдесі жоқ құбылыс жоқ еді деп таныған-ды.