Байланысты: Ш.Ш.УӘЛИХАНОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІ
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тақырыптың зерттелу деңгейіне келетін болсақ, оның тарихнамасын қолға тиген қүжаттар мен зерттеулердің негізіне сүйене отырып үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі, мәселенің Қазан революциясына дейін қарастырылуы; екіншісі, Кеңес заманындағы, атап айтатын болсақ, XX ғасырдың 40-70 жылдары мен 80 жылдар тарихнамасы, үшінші, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңінен басталады.
Шоқанның көзі тірісінде еңбектерін бастырып, жарыққа шығарумен айналысқандар К.К.Гутковский, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, А.Н.Бекетов, Ф.Р.Остен-Сакен, Е.П.Ковалевский, неміс ғалымдары А.Эрман, А.Петерман, ағылшын ғалымдары ағайынды Мичельдер және т.б. еді. Қазақ ғалымы қайтыс болғаннан кейін (1865 ж.) оның мұрасын игерудің жаңа кезеңі басталды. Алғашқы жылдары қазақ ғалымы еңбектерінің толық жинағын шығару үшін генерал К.К.Гутковский, А.К.Гейнс, Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Ф.Р.Остен-Сакен, тіпті орыс географиялық қоғамы түгелдей жұмыла кірісті [1, 5 б.].
XIX ғасырдың 80-жылдарында шоқантанушы ғалымдардың жаңа бір легі бұл игілікті істі одан әрі жалғастырды. Солардың қатарында Г.Н.Потанин, Е.К.Гутковская, Г.А.Колпаковский, М.Шорманов, Н.И.Веселовский, П.М.Мелиоранский, француз ғалымдары Эмиль Жонво мен Элизе Раклю т.б. айтуға болады.
Алайда, қазақ ғалымының ғылыми мұраларын түгелдей жарыққа шығару Қазан революциясынан кейін жүзеге асады. XX ғасырдың 40-жылдары Шоқан мұрасын игеруге Қазақстан ғалымдары айрықша ден қойған еді. Осы аталған қыруар жұмыстың жалпы басшылығын Қ.И.Сәтпаев басқарды. Бір емес, алты рет шоқантанушылар тобы құрылғанымен, көп жылға дейін жұмыс сәтті жүрген жоқ.
1957 жылы Қ.Сәтбаев шоқантанушылар тобын басқаруды Әлкей Марғұланға тапсырды. Сол күннен бастап шоқантанушылар ісі алға басты. Ә.Марғұланның басшылығымен КСРО-ның негізгі деген мұрағаттарын терең зерттеу басталды. Шоқанның қолжазбалары негізінен Ленинград, Москва мұрағатарында сақталған және профессор Веселовскийдің академиялық қорынан басқа қазақ халқының қолжазбалары көптеген шығыстанушылардың қорында сақтаулы екені анықталды [2, 97 б.]. Көп жылғы зерттеу нәтижесінде Ә.Марғұлан (1958 жылы) Шоқанның шығармаларын жарыққа шығарды. Бұл басылымды шығаруда Ә.Марғұланның басшылығымен қыруар жұмыс атқарғандар профессор С.Я.Болатов, М.С.Тұрсынова, П.Г.Голубев, Л.М.Әуезова есімі ауызға оралады дайындағанын көрсетеді.
Бірнеше жылдардан соң Ә.Марғұланның басшылығымен және редакциялауымен Ш.Уәлихановтың 5 томдық жинағы (1961-1972 жж.) жарық көріп, еліміздің ғылыми жұртшылығы арасында жоғары бағаға ие болды. Әлкей Хақанұлы Ленинград университеті қабырғасында оқып жүріп (1925-1929 жж.) Шоқан туралы материалдар жинай бастаған. Содан берідегі зерттеу еңбектері жүз баспа табақтан асып жығылды. Дегенмен, шоқантанушы ғалым Шоқан мұраларын зерттеу жұмысы жеріне жеткізілді деген сөзді ешқашан айтқан емес. Қайта өмірінің соңғы күндеріне дейін Шоқан туралы жазылған дүниелерден өзіне беймәлім деректерді іздеп тапса, шын пейілімен қуануда болды. Ә.Марғұланның мына бір айтқан ойлары да шоқантанушы жас буынға өсиетттей: «Шоқан еңбектері қазақ тіліне түгел аударылған жоқ. Оны кез-келген адамға тапсыра салуға болмайды. Шоқанның стилі қандай! Жазу ерекшелігі, ойлау өрісі ше?! Келешекте Шоқан шығармалары ана тіліне толық аударылар болса аса жауапкершілік керек екенін айтқым келеді» [3, 65 б.].
Ә.Х.Марғұланнан кейін де Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен шығармашылығын зерттеу XX ғасырдың 50-70 жылдары өз жалғасын тапты. Ш.Ш.Уәлихановтың фольклор, әдебиет тарихы, қазақ өлеңінің құрылысы, шежіре жайлы пікірлерін ерекше бағалап, талдаған зерттеушілерінің бірі Қ.Жұмалиев болатын. Ал М.Ғабдуллин өз зерттеуінде Шоқанның қазақ ауыз әдебиетінің ескерткіштерін жинаудағы қызметін және Жанақ ақынның айтуынан жазып алған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыры туралы айтады [4, 45 б.].
Қазақ фольклорын зерттеуге ерекше еңбек сіңірген ғалым-академик М.Әуезов Ш.Ш.Уәлихановтың ағартушылық, зерттеушілік қызметі, қазатың ауыз әдебиеттін зерттеудегі орны, ислам дініне көзқарасы, қырғыздың атақты эпосы «Манасты» алғаш жазып алуы туралы пікірін айтады [5, 28 б.]. Қазан төңкерісіне дейін Ш.Уәлихановтың философиялық және саяси көзқарастары зерттелмеді. Ғалымның саяси-құқықтық, жалпы мемлекетке байланысты көзқарастарын С.Я.Булатов өзінің мақаласында қарастырған. Ш.Уәлихановтың Орта Азия елдерінің артта қалуын монархиялық деспотизммен, ал Шығыс Түркістандағы жалпы ұлттық көтерілістің болмауының себебін ішкі жергілікті халықтың діни алауыздығына байланысты және Абылай ханның көп векторлы саясат жүргізуінің себебін көрсеткенін, мақала авторы Шоқанның шаруалар революциясын қолдамағандығын, реформаны жақтағандығы, яғни демократ-либерал болғандығын көрсеткен [6, 91 б.].
Қазақтың тұңғыш тарихшы-этнографы әрі әдебиетші ғалымы туралы А.Нұрқатов «Шоқан Уәлиханов» зерттеу мақаласын жазды. О.А.Сегізбаев зерттеу мақаласында Ш.Уәлихановтың саяси көзқарастары мен ағартушылық қызметін терең талдайды, сонымен бірге жалпы философиялық, дінге деген көзқарастарына және қазақтар арасында орыстың алдыңғы қатарлы мәдениетін насихаттағандығына тоқталды [7, 6 б]. Жалпы осы кезеңге Шоқан Уәлихановтың философиялық және діни көзқарастарын діннің пайда болу және ислам дінінің реакциялық сипатын А.Искаков зерттеу мақаласында көрсетуге тырысты [8, 19 б.].
Қазақ ауыз әдебиетінің жанрларының бірі – тарихи жырлар. Ғалымдар бұл салаға назарын өткен ғасырдан бастап аударған. Халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, маңызды-маңызды пікір айтқан. Ғалымның алғашқы рет «тарихи жыр» терминін қолданғандығы туралы айтып, Шоқан Уәлихановтың қазақ поэзиясының тудыратын адамдары туралы бастамасын жалғастырып зерттегендердің бірі Е.Ысмайлов.
Белгілі ғалым Н.С.Смирнова Ш.Ш.Уәлиханов қазақ ауыз әдебиетін жинаушы әрі зерттеуші ретінде қарап, оның қазақ халқының мұраларының барлық түрінен мол материал жинағанын айтады. Қазақ поэзиясының барлық түріне анықтама беріп, сол сияқты қазақ ауыз әдебиетін, әсіресе аңыз бен эпосты тарихпен тығыз байланыста қарағанын және ауыз әдебиетінің шығармаларынан ол халықтың рухын, әдет-ғұрпын, өмірін көрсететінін көрсетеді. Зерттеулердің орыс тілінде жазылып, Ресейдің алдыңғы қатарлы интеллигенциясын қазақтың таза табиғатымен таныстыруды мақсат еткендігін айтады [9, 10 б.].
Е.Б.Бекмахановтың жетекшігімен Д.И.Дулатова Шоқан Уәлихановтың тарихи көзқарастарына байланысты кандидаттық диссертациясын жазды [1, 120 б.].
Ш.Ш.Уәлиханов шығармашылығын зерттеу XX ғасырдың 80-жылдарында жалғасты. Мәселенің жан-жақты зерттелуі 1985 жылғы ұлы ғалымның туғанына 150 жылдық мерейтойымен байланысты еді. Ш.Уәлихановтың этнограф және қоғам үшін қызметі С.Л.Тихвинский, Н.Е.Бекмаханова, Х.А.Арғынбаев, Б.А.Литвинскиий, Э.М.Мурзаев, В.П.Курылев, И.И.Стрелкова мақалаларында қарастырылды [10, 31 б.]. Сондай-ақ О.А.Сегізбаев ғалымның ұлттық және әлеуметтік қанаушылығы жоқ жаңа саяси жүйені іздегендігін көрсетеді, мұндай қоғам тек жоғары мәдени жүйесі дамыған, ағартушылық-гуманизм белгілері бар өркениетті-тапсыз қоғамда мүмкін екендігін көрсетеді [11, 17 б.].
Осы мерейтойға байланысты ұлы ғалымның өскен ортасына жалпы Уәлихановтар әулетіне арналған Ә.Х.Марғұлан мен С.Өтениязовтың зерттеулері қарастырылады.
Ш.Ш.Уәлихановтың Жетісу жеріне сапары кезінде қазақтардың егішілікпен айналысқандығы жайлы мәліметтер қалдырғаны белгілі, яғни орта ғасыр кезінде Іле аңғарында егіншіліктің кең етек жайғандығын айтқан. Осы мәліметтерді С.Жолдасбеков палеэтнографиялық зерттеулермен салыстырып, орыс шарулары келмей тұрып-ақ Жетісу жеріндегі қазақтардың егін салып, қысқа шөп дайындағанын көрсетеді [12, 19 б.].
Шоқан Уәлихановты деректанушы ретінде М.А.Бекмағанбетова [13, 351 б.] тарихшы ретінде тарих ғылымына қосқан үлесін И.В.Ерофеева, О.И.Исмагулов, Н.С.Мұканов, Н.А.Алимбаев қарастырса, этнограф ретінде қазақ халқының этногенезіне байланысты тұжырымдарын Н.Э.Масанов зерттеулерінде талдаған [14, 69 б.].
КСРО империясы құлап, Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты қазақ тарихын өркениеттік-ұлттық негізде жазуға жағдай туды. Көптеген тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметіне, олардың қалдырған шығармаларына объективті баға берілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан, яғни 90-жылдардан бастап бұрынғы тоталитарлық жүйе кезінде Ш.Ш.Уәлихановтың шығармаларын зерттеу кезінде қарастырылмаған қазақ тарихына қатысты тың мәселелер көтеріле бастады.
Шоқан Уәлихановты фольклортанушы ретінде бағалап, еңбектерін арнаған зерттеушілерге М.Асфандиярова, Е.Мағауин, Қ.Алпысбаева, А.Турышевты айтамыз.
Шоқан Уәлихановтың отбасы-некеге, әйелдердің теңсіздігіне байланысты, көп әйел алушылыққа, қыздарды сатушылыққа, әмеңгерлікке және басқа да дәстүрлерге қарсы шыққандығын Г.Үсейінова мақаласында қарастырылады [15, 31 б.]. Россия ғылымында Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегін Шоқан Уәлихановтың алғаш зерттегендігін С.Өтениязов [16, 54 б.]. ал Ш.Уәлихановтың қазақтың тұңғыш деректанушысы ретінде Қ.Атабаев [17, 65 б.], сондай-ақ қазақ топырағында Қадырғали би Қосымұлының шығармасын тұңғыш зерттеушісі екендігін Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев [18, 12 б.] сөз етеді.
Шоқан Уәлихановтың туғанына 170 жыл толуына орай бүгінгі таңда шоқантану саласындағы өзекті мәселелерді, яғни қайтадан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан кезінде жұмыс істеген шоқантану бөлімін қайта ашу мәселесін Ә.Жұмабекұлы көтереді.
Мәселенің зерттелу деңгейіне тоқталсақ Кеңес заманында Ш.Ш. Уәлихановтың еңбектері жан-жақты талданып, зерттелгенімен, өкінішке орай, кеңестік идеология насихаты мен қатаң маркстік догма Ш.Ш. Уәлихановтың еңбегін зерттеуге арналған ғылыми жұмыстардың ғылыми сапасына, деңгейіне кері әсерін тигізіп отырды. Сондықтан да бүгінгі таңда Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектері жан-жақты объективті тұрғыда қайта зерттелуі қажет. Кеңес заманы кезінде ғылыми айналымға ендірілмеген ғалымның мүраларын тауып, бастырып шығару қажет.