8.4.1 Үшінші аналитикалық топ катиондарының сапалық реакциялары және олардың қоспасының анализі Үшінші аналитикалық топқа Ba2+, Са2+, Sr2+ (Рb2+) катиондары жатады. Бұл элементтер Д.И. Менделеевтің периодтық жүйесінің ІІ тобының негізгі топшасында орналасқан s2 элементтер. Бұл элементтердің катиондарының тотығу дәрежесі тұрақты (+2). s1 элементтерімен салыстырғанда радиустары кіші, заряды үлкен, яғни поляризациялану қабілеті жоғары. Бұл элемент-тердің атомдық массасы артқан сайын поляризациялану қабілеті кемиді, ал иондық радиусы артады, сәйкесінше негізділігі мен гидроксидтерінің ерігіш-тігі артады. Бұл элементтердің катиондарының сулы ерітінділері түссіз. Гало-генидтері, нитраттары, ацетаттары суда жақсы ериді. Сульфаттары суда нашар ериді. Күшті қышқылдардан түзілген тұздары практика жүзінде гидролизге түспейді.
Топ реагенті – сұйытылған күкірт қышқылы Н2SО4. Сульфат ионы Ba2+, Са2+, Sr2+ және Рb2+ катиондарымен тұнба түзеді, ал басқа аналитикалық топтың катиондарымен тұнба түзбейді. Түзілген сульфаттардың бөлме тем-пературасындағы ерігіштік көбейтіндісі: Кs(CaSО4) = 9,1∙10-6, Кs(SrSО4) = 3,2∙10-7, Кs(ВaSО4) = 1,1∙10-10. Ерігіштік көбейтіндісі мәндеріне қарағанда CaSО4тұнбасының ерігіштігі жоғары, сондықтан сулы ерітіндісінде сандық жағынан кальций сульфаты толық тұнбаға түспейді. Бірақ этил спиртін немесе басқа да органикалық еріткіштер қатысында ерігіштігі төмендейді. Егер 95% этил спиртінің екі есе көлемін қосса, басқа сульфаттармен қатар кальций де толық тұнбаға түседі. Анализ кезінде Са2+ ионын жоғалтпау үшін топтық реагентімен тұнбаға түскеннен кейін Са2+ катионына байқау реакция-ларын жасау керек және бұл топ катиондарын H2SО4-нa этил спиртін қоса отырып әсер ету керек.
CaSО4, SrSО4, ВaSО4 сульфаттары ақ түсті кристалды тұнба, минералды қышқылдарда және сілтілерде ерімейді. Сульфаттарды зерттеу үшін оларды карбонаттарға айналдырады, ол үшін соданың қаныққан ерітіндісін қосып, қайнатады, осы кезде келесі тепе-теңдік оңға ығысады:
ВaSО4 + Na2CO3 ВaCO3↓ + Na2SО4 Түзілген карбонаттар зерттеуге жеңіл, олар минералды қышқылдарда, сірке қышқылында жақсы ериді.