Педагогикалық үдерістің қозғаушы тетіктері (құралдар, формалар, әдістер мен тәсілдер немесе технология).
Педагогикалық үдеріс – мақсат пен мүддені анықтаудың жалпы әдіснамасы негізінде мемлекеттің қазіргі таңда білім беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес анықталып, іріктеліп, реттелген оқытудың мазмұн, түр, әдіс-тәсілдерінің, дидактикалық талаптарының педагогикалық-психологиялық нұсқауларының жиынтығы.
Педагогикалық үдерістің тәрбиелік тетіктері – педагогтар мен оқушылар арасындағы, ұжым ішіндегі қарым-қатынастар
Балалар ұжымын тәрбие құралы ретінде көптеген жылдар бойы зерттеген Л.И. Новикова: «оларды мақсатты басқарудың тиімділігі көбінесе балалар ұжымында болып жатқан әлеуметтік-психикалық үдерістерді білуге және оларды тәрбие субьектісі ретінде сипаттауға байланысты»,- дейді.
В.С. Ильин: «толыққанды жеке тұлға тек біртұтас педагогикалық үдерісте ғана қалыптасады, онда педагогикалық ықпалдың үйлесімділігі қамтамасыз етілуі керек», - дейді .
Б.Т. Лихачев педагогикалық үдерістегі ересектің орнын ұйымдастырушы ретінде жоғары бағалай отырып, бала ықпал ету обьектісі ғана емес, даму үстіндегі белсенді әрекеттенуші, ол әрқилы әлеуметтік себепші іс - әрекеттердің нәтижесінде өзгеріп, дамып отыратын және осыған сай өзін - өзі тәрбиелеудің субьектісі бола алатынын көрсетеді. Бұған қоса Б.Т. Лихачев педагогикалық үдерістің тағы басқа бір ерекшелігін – оқыту мен тәрбиелеу әдістерінің бірлігін көрсетеді.
М.А. Данилов: «үнемі қозғалыс пен даму барысында қарастырылған тәрбие өте күрделі, қозғалыстағы, қарама – қарсылықтағы құбылыс ретіндегі педагогикалық үдеріс болып саналады. Әрқашанда оның өз ішінде көптеген әртүрлі күштер мен ықпалдар өзара әрекеттестікте болады, олардың ішіндегі ең бастысы үдерісті бағыттаушы мұғалім мен тәрбиеленушілер ұжымы болып есептеледі» деп анықтама береді.
Тұтас педагогикалық үдерістегі тәрбиенің негізгі қағидалары бүгінгі күнде тәрбиеленушінің өз күшімен жетістікке жету мүмкіндігіне басшылық жасау тәрбие берудің басымдық рөлін арттыруда. Осыған орай, барлық педагогикалық мақсаттарды шартты түрде өзара байланысты екі топқа бөлуге болады: үлгілі және өзекті, соңғысы тұлғаның дамуы мен даралығын қалыптастыру және тәрбие қоғамдық құрылыс ретінде өте күрделі, әрі қарама-қайшылықты тарихи үдеріс. Ол жас ұрпақтың қоғам өміріне қосылуына, тұрмыс- тіршілікке, қоғамдық өндірісте қызметке араласуына, шығармашылық пен рухани-мәдени игіліктерді игеруіне, қоғамдық болмыстың негізін игеріп, жеке тұлға ретінде дамып, азамат ретінде қалыптасып жетілуіне негіз болады. Тәрбие қоғамдық прогресті дамытып, ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз етеді. Ол әрбір жеке тұлғаның, қоғамның маңызды өндіргіш күшінің бөлшегі ретінде өз бақытын өзі құруға көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |