1.7 Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы туралы білім – мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің негізі
Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: «құзыреттілік» және «құзырет» ұғымдары пайдаланылып келеді. Біріншісі, С. Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, «қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мәселелерді шешуге, іс-әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері». Құзырет – нақты әрекет пен үдерістерге байланысты тиімді, өнімді әрекеттер жасай алатындай дара тұлға сапаларының өзара байланысқан жиынтығы (білім, білік, дағдылармен қызмет түрлері).
Болашақ мұғалімдердің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты «құзыреттілік», «кәсіби құзыреттілік», «мұғалім құзыреттілігі» ұғымдарына берілген әртүрлі түсініктемелер бар. Бұдан «құзыреттілік» ұғымы білім беру, маман даярлау саласының қолданыстағы терминіне айналғанын көренеді. «Құзыреттілік» термині әдетте белгілі бір әлеуметтік-кәсіби мәртебе иесіне байланысты қолданылады және оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің орындалуға тиіс жұмыстың нақты өз деңгейінде шешілуімен сәйкестілігі арқылы сипатталады.
Л.М. Митина мұғалімнің кәсіби дамуының психологиялық факторларын, шарттары мен қозғаушы күштерін зерттей келіп, тұлғаның интегралдық сипаттарының қатарындағы кәсіби даму факторларының бірі ретінде мұғалімнің кәсіби бағыттылығын және педагогтік құзыреттілігін бөліп көрсетеді.
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің психологиялық тұжырымдамасын жасай отырып, А.К. Маркова оған мынадай анықтама береді: «кәсіби құзыреттілік - бұл мұғалімнің білім, білік және осы еңбекті жүзеге асыруға қажетті олардың нормативтік белгілерінен хабардарлығы; психологиялық сапаларды меңгеруі, нормаға және үлгіге сай нақты кәсіби әрекет» және оның мазмұнын екі көрсеткішке – үдерістік және нәтижелілікке бөледі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында «базалық құзырет» ұғымы қолданылып келеді. Бұл құзыреттіліктер - өмірдегі мәселелер мен жағдаяттарды шешуде іс-әрекеттің сапалы, табысты өтуін қамтамасыз ететін жеке тәжірибеге енген білім, білік, дағды, қабілеттің жинағы немесе әмбебап жүйесі. Сондықтан, осы тұрғыда жоғары кәсіби білім беру базалық құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Құзырет білім, білік, шығармашылық әрекеттің қорытындысына сүйеніп, төмендегідей негізгі белгілерімен ерекшеленеді:
1) Көпқызметті күнделікті, кәсіби және әлеуметтік өмірде кездескен кез келген жағдайдан шыға алады және кез келген мақсатты және міндетті шеше алады;
2) метапәнділік және пәнаралық – бұл түрлі жағдайда қолданылады;
3) зияттық дамуды, яғни дерексіз ойлауды, рефлексия, өзінің жеке ұстанымын анықтай алуды, өзін-өзі бағалауды, сын тұрғысынан ойлауды талап етеді;
4) көпқырлылығы – түрлі ақыл-ой үдерісін, зиятты біліктілікті, ақыл-ойды қажет етеді.
Отандық педагогикада «құзыреттілік» ұғымы көбіне кәсіби дайындық, кәсіби шеберлік пен мамандықты меңгеру деңгейі ретінде қарастырылып келеді.
Негізгі құзыреттіліктер жалпы орта білім беру саласында қалыптасып, қандай да бір мамандықтың іргетасын құрайтын құрауыштардан тұратын базалық құзыреттіліктердің негізіне дайындайды. Э.Ф. Зеердің пайымдауынша, базалық құзыреттіліктерге жататындар:
- жалпығылыми ұғымдар – табиғат, қоғам және адамның іс-әрекетінің негізгі заңдары;
- экономика мен мінез-құлықты ұйымдастырудың негізін құрайтын әлеуметтік-экономикалық;
- азаматтық-құқықтық;
- ақпараттық-коммуникациялық;
- политехникалық – техника мен технологияның, жаратылыс-ғылыми, автоматтандырылған өндірістік қызмет ету ұстанымы, бақылау жіне басқару жүйелері;
- жалпы кәсіби мамандықтар тобына қатысты.
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, білім мазмұнын дамытудың бүгінгі жағдайын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық орта білім беру стандартында қабылданып отырған негізгі құзыреттіліктерді мәселенің шешімін табу (өзіндік менеджмент), ақпараттық және коммуникативтік құзыреттіліктерді қалыптастырып дамыту көзделіп отыр. Олай болса, аталған құзыреттіліктерді оқушылар бойында қалыптастыруды болашақ маман жоғары оқу орны қабырғасында меңгеріп шығады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Педагогикалық үдеріс ұғымының мәнін ашыңыз.
Мұғалімнің іс-әрекет объектісі дегеніміз не?
Педагогикалық үдерістің белгілері мен сапа-қасиеттеріне тоқталыңыз.
Білім беру парадигмасы дегеніміз не?
Педагогикалық үдерістің субъект-субъектілі қатынас ұғымының мәнін ашыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |