ІҢКӘр дүние (1972 ж., «Жазушы» баспасы)



Pdf көрінісі
бет3/31
Дата06.03.2017
өлшемі1,85 Mb.
#7829
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31

АУЫЛҒА ҚАЙТҚАНДА 

 

Мектептен бірге қайтқан ақсары қыз, 

Әжімсіз ашық еді аспанымыз. 

Әлдилеп әз көңілді сәби сезім,  

Домалап өрге қарай тастарымыз 

 


Қайтқанда міңгесіп ап, атпал қырға, 

Әбзелі шекетулі, мақпал жорға. 

Біздегі көңілдей боп шайқалатын 

Баурына шып еткізіп сап қалғанда. 

 

Сен онда алда отырдың тізгін тартып, 



Жел қағып етегіңді қыжым барқыт. 

Мен онда артта отырдым ерден ұстап, 

Кездейсоқ қуанатын көзім тартып. 

 

Күн қақан күрең жалы күлтеленіп, 



Жорғамыз қарашыл мал үркек еді. 

Даланың қау-көдесі қураған кез, 

Қаңбаққа қаптап кеткен қыр кемері. 

 

Күзгі күн күңгірт нұрын нарау сеуіп, 



Аспанға әлсін-әлсін қараушы едік. 

Жорғаның басы қатты, тізгін бермес, 

Сен бірақ тебінуші ең маған сеніп. 

 

Бір сезім басыма кеп буланады, 



Жүрегім өрекпиді тулағалы. 

..

.Кенеттен күрең жорға үркіп кетіп, 



Жосықсыз жолсызбенен туралады. 

 

Тарпаң ат тарпып тұяқ сілтегенде, 



Арқасы бір биіктеп, бір төмендеп. 

Бос тартпа, ер мойынға кетіп қалып, 

Құйғытып келе жатыр қыр кемерлеп. 

 


Біз сонда әлденеге құмар ма едік, 

Әйтпесе аман-сау қап жылар ма едік. 

...Ерсі ғой, ерсі-ау, әттең, ерде отырып, 

Тізгінді мен ұстасам құлар ма едік?..  

 

                  

БАҚ 

Қабағың кіреукелеу солғын, аға, 

Жүзіңнен мұң көргендей болдым, аға. 

Кермеңнен кетіп қалса бабы болмай, 

Бақ деген кейи көрме Керқұлаңа. 

 

Ол рас, шандоз еді, жүйрік еді, 



Шаң тимей шаршы топта құйғып еді. 

Ол сенің бір өзіңдік олжаң болды, 

Ол сенің бір өзіңдік сыйлық еді. 

 

Бейшара құлынынан құрық көрген, 



Кезің жоқ ерік берген, ырық берген. 

Сан рет оралғанда сүлік термен, 

Таң асып кезі бар ма тұрып көрген?  

Сен оны суардың ба тұнық көлден, 

Сен оны түлік-ау деп ойладың ба, 

Тұқымы жер бетінде туып та өнген? 

 

...Керқұла ат Кендебайға бақ болған ғой, 



Дүйім жұрт бақытына тап болған ғой. 

Иесін тастамаған тар кезеңде, 

Қонған бақ қорғаны боп ап қалған ғой. 

  

Мейлі ол Керқұла – бақ, Құлагер – бақ, 



Болып-ақ, әлдекімге жолығар-ақ. 

Жалқының жүйрігі боп шаба берсе, 

Шылбырын кетеді үзіп түбі бірақ... 

 

БІР ШАҢЫРАҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА 

                           1. 

Бейшара кемпір ән салған: 

Домбырам басы дың-дың-ау, 



Фашистер өлсін мың-мың-ау, 

Ақ түңдігімнің желбауын 

Жел үзіп кетсе сұмдық-ау . 

 

Бозала таңда шығырға 



Барарда шалы ыңылдап: 

Домбырам басы баяғы 



Сұңғыла терме деуші еді,  

Қарашығымның жігерін 

Құм қыла көрме деуші еді. 

Баптаған өзім ақ кетпен, 

Байыппен салса тасқа өткен, 

Қарағай сабын қапыда 

Сындыра көрме, деуші еді. 

 

Үмітсіз сайтан болғай деп, 



Сүр сақтап жылда соғымнан. 

Жалғызым келіп қалғай деп, 

Қонаққа бермей қорынған. 

 



Келер-ау ертең  бір хабар 

Қаладан, мүмкін, шықты деп. 



Келіншекке ұқсап ұл табар 

Кемпір де күнде күпті боп. 

 

Аспанның ашық ажары 



Тартқанда күңгірт күн ауып, 

Жүрегі шалдың сазады, 

Сырқырап, сыздап бірауық. 

 

Көңілге күдік «гәп» алып, 



Шығырын ерте доғарып,  

Қоңыр өгізбен қайтқанда, 

Қоңырқай назын айтқанда, 

Япырмай, жалғыз қарлығаш 

Қанатыменен қағады, 

Шырғалап шалды оралып. 

 

Тірліктің тіні – беу, үміт! 



Бебеулеп сонда оянды-ау. 

Көкжиек қырлар егіліп, 

Қып-қызыл нұрға боялды-ау. 

 

                     



ІІ 

Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай! 

Үзілді желбау бір күні. 

Маңдайын ұрды сол кемпір: 

Қойма, ажал, тірі, мені де ал, 



Енді өлтір деймін, енді өлтір. 

 



Сан ұлым сайда қалғанда, 

Маңдайын ұрған мен бе едім. 



Осынау қысқа жалғанда 

Аз ба еді менің көргенім. 

Артымда қалған кезімде, 

Атан құлатқан желдерім, 

Саябыр тауып кезіккен 

Самалым еді ол менің. 

Соны да маған көпсінсең, 

Әдіра қалсын, әй дүние, 

Кереметің мен кермегің. 

 

Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай, 



Үзілді желбау, сынды сап. 

Сөзіне дария шашалмай, 

Жиналған жұрттың алдында 

Жығылмай тұрған туға ұқсап. 

Жалғыз сөз айтты: «Адамдар, 

Бола ма бізде бір нысап». 

 

                        



ІІІ 

Қайғының дерті қатты ұрған, 

Шайқалған бұл бір шаңырақ. 

Қазаны қаспақ, қақ тұрған 

Қалды ғой, қалды-ау қаңырап. 

 

Қазақтың қара шаңырақты, 



Шайқалғанменен құлатпау. 

Қасиетін сақтап, шал бақты, 

Кемпір де соны ұнатты-ау. 

 

Ағайын-тума ағылып, 



Қайран ел келіп жұбатты-ау. 

Үзілген желбау жалғанбай, 

Жалғайтын оны қол болмай, 

Қайғының дерті қара бұлт, 

Құлатты-ау, ақыр құлатты-ау. 

 

Ажалы келген жандардың 



Артынан өлу жоқ дейтін. 

Түбінде тамыр қалғанның 

Зәу-заты кейін көктейтін. 

 

                 * * *  



Өлімнің бәрі бірдей ме? 

Жо-жо-жоқ, оған қарсымын. 

Мен өлсем ертең гүлдейді 

Тамырым мен менің талшығым. 

 

                       



ІV 

Ей, сонау қырғын соғысты 

Көрмегендер мен көргендер. 

Қиянат пенен қылмысты 

Қарғаңдар әлі тергеңдер. 

 

Құлаған шаңырақ аты өшсе, 



Қураған сүйек аты өшсе, 

Тағы да соғысқұмарлар 

Қиқулар еді әтешше. 

 

Сан адам бүгін, расында, 



Салюттерменен желпінсін. 

Мәңгілік оттың қасында  

Мұрагер солдат, сен тұрсың. 

 

Шығырын салған шал менен 



Диірменін тартқан кемпірдің 

Қабіріне келіп таңменен 

Топырақ салып мен тұрмын. 

 

Біз мынау Ұлы Жеңістің 



Жөргегінде өскен балғындар. 

Қау етіп қаптап жер үстін 

Өртеңге өскен шалғындар, 

Бас иеміз саған, соғыстың 

Тауқыметін тартқан тағдырлар! 

 

ДҮБІР 

Күндіз-түні балға ұстап төс ұрған қарт, 

Маңдайынан моншақ тер жосылған қарт. 

Стахановшымен деп тұрар еді, 

Айтқан сөзі – атқан оқ, жасыннан мәрт. 

 

Жұлып алып бас бәйге – сый жарыста. 



Бұрын қызып қиқулы күй – дабысқа. 

Стахановшымен деп Оңай шопан 

Кеуде керіп сөйлейтін жиналыста. 

 

Қырқым кезі. Күзекте. «Сайкешуде», 



Стахановшылардың бәйгесінде. 

Отар қойдың жарымын жалғыз қырыққан 

Атпал аға Хайдолла қалды есімде... 


 

                                                       * * * 

Елден де көптен үзіліп кетті-ау хат-хабар, 

Ауылда қазір қып-қызыл науқан шақ болар. 

Апам да мені бір келіп кетсе деп жүр-ау, 

Сандықта сүр ет, сабада қымыз, ақ та бар. 

 



«Қар қалың түсіп Қаракөл биыл тасыды, 



Қырық отар малға жетеді-ау суы, асылы. 

Айырылам ба деп малдан да бір күн қорқамын, 

Көзімнің көптен бар емес пе еді басыры. 

Ғұмырымыз қалды саусақпен ғана санайтын 

Елде ойың жоқ па?..» -  

                                       

Желкесін әкем қасыды.  

 

Елес қой бұл бір... 



                                

Елге әлі жолым түскенше, 

Қыс та өте шығар, бір барам бағлан піскенше 

Шешемнің халін, әкемнің малын ойлаймын, 

Шынында биыл қиын-ау қатты қыс келсе... 

 

 

* * * 


Жазға салым жер жіпсіп бу шығады, 

Жауыр қырға жауқазын гүл шығады. 

Ала баспақ албарда оқыра боп, 

Тай-жабағы тебіндеп ту шығады. 

 

Таң алдында тобарсып қара қатқақ, 



Томырық жел тоқтады қанағаттап. 

Боз тушаны бәйек боп күйттейді апам, 

Ерте қашқан жануар дара лақтап. 

 

Екі лақты боз туша жарыта алмай, 



Ашқарақтар емеді жағы талмай. 

Солқылдатып сорғанда сорлы ананың 

Емшегінен қалай жүр қаны тамбай. 

 

Дәрмені аздау ананың дәті қандай, 



Емізеді аянып, жатып алмай. 

Ана байғұс – оттап ап жарытпай жүр, 

Бала байғұс ашқарақ отыға алмай. 

 

Арық туша аяғын шаққа алып жүр, 



Сарқыт қалмай сауыры қақталып жүр. 

Ананы ана аяйтын әдет қайда? 

Апам бір күн саууға оқталып жүр. 

 

5.06.69 ж. 

 

 



 

ЖИЫРМА БЕС 

Жолдас жиырма бес, 

                                

Саған не дейін... 

Сенің жолыңды қайтіп бөгейін. 

Дәм-тұз жарасқан тату күндерді 

Егер тіл жетсе айтып көрейін. 

 

Жолдас жиырма бес, сенсің аяулым, 



Үш жүз алпыс бес сенсің – ояу күн. 

Түрін аңғарттың сансыз бояудың, 

Жігін айырттың шаттық, қаяудың. 

 

Басқа не керек асқақ асулар, 



Бар ғой алдымда ширек ғасырлар. 

Кейде ойлайсың: «Сиреп кетті ме, 

Ширек ғасырға сыймас жасындар». 

 

Жоқ, жоқ, - деймін мен ойдан кенет бір, 



Заман шұғыласы заңды, демек бұл: 

Сан мың жиырма бес жасын жарқылы 

Мынау дүниені нұрға бөлеп тұр. 

 

                      

ЗАМАНДАСҚА СЫР 

Табиғат құдіретінен жаралып тән, 

Астынан бір аспанның ауа жұтқан. 

Ей адам, сен досымсың кім де болсаң, 

Еңбекпен ертелі-кеш алабұртқан. 

 

Ағымнан жарыламын саған бүгін, 



Тура айтсам, тауып айтсам, маған жүгін. 

Заманның құдірет-күші сол дер едім, 

Адамның бір-біріне адалдығын. 

 

Дүниенің дариядай мол ағысын, 



Топшылап, тоқсан ойлап шоламысың. 

Замандас қар талдырып, бас ауыртқан, 

Заманның жаз дидарлы қабағы үшін. 

 


Енді ұят қара жерді қанға бояу, 

Бақыт қой әрбір атқан таңды аялау. 

Дәл кәзір ақ ниетті әрбір адам, 

Дүниеге сергек қарап, болмақ ояу. 

 

Сен мейлі, қырда шопан, құмда мұрап, 



Диқансың қызыл бидай қырманын бақ. 

Адамның игілігін жасап жүрсең, 

Күзетіп бейбіт күнді тұрғаның хақ. 

 

                                    * * * 



                                 

Зинураға 

Күнім шыққан сәскеге мезгіл шаңқан, 

… Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам. 

Мені сүйсең «жоқ-барға» мойындамай, 

Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам. 

 

Төзгін, қалқам, шалғайда шетте жүріп,  



Сағынышқа сарғайма көп беріліп, 

Назырқасаң – босатып буынымды, 

Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт. 

 

Өкпек желдей есілген сендегі үміт –  



Өрге сүйреп шаршаған мендігі жүк. 

Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай,  

Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп. 

 

Тағдыр бізге – жазылып қойған жырдай, 



Салдың ірге – қанатын жайған жылдай. 

Қолаң желдей қазымыр үміттерің 



Қоймайды екен қазылтып ойландырмай. 

 

Маған талай үмітті кез қыл, қалқам, 



… Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам. 

Мені сүйсең бір ауыз тәтті жырдың  

Толғағына  бір  ауық төзгін, қалқам. 

 

ҚАЙРАҚ 

Хас қайрақтың да тас нәті, 

Қанжарың болса – жанып ал. 

Қайысың болса – таспа тіл, 

Қайыңың болса – қабық ал. 

 

Қайрағың барда қылпымай, 



Темірің қайда қалады. 

Алмастың жүзі шырпыдай,  

Аударып салсаң жанады. 

 

Қарқара жақтың тасы ма,  



Қаратау жақтың тасы ма, 

Алатау жақтың тасы ма,  

Қай темірмен де ашына 

Қайрақтың тасы асыл, ә?.. 

Қай жақтың тасы болсаң да,  

Қара темірлерді қунатып, 

Қара темірлерді асыра! 

Жарылған жартастан туған қайрағым, 

Қажалып, қақ бөлінсең де жасыма! 

 

                        



ҚАРА ТЕҢІЗ 

Зіп-зілдей денем,  

                             

сүйегім сыздап сынық па, 

Жығылғандаймын жұдырық пенен сырыққа. 

Қажыдым білем, қай жаққа барып дем алам, 

Тынығар жер жоқ,  

                               

жуынар көл жоқ жуықта. 

 

О, таптым, таптым! 



                                   

Қырымға барам, Қырымға, 

Шипалы жер деп жұрт айтып жүр ғой шынында. 

Малтимын шіркін, Қара теңіздің суында, 

Балқимын шіркін, Қара теңіздің құмында. 

 

Теңізден қайтам тобылғыдай боп, гүл емес, 



Мақтанар едім, «қақталдым ғой деп, міне дос», 

Қара теңізім, қарайтшы мені, қарайтшы, 

Қаралық маған, қаралық саған мін емес. 

 

Қай жақтан алдың шипасын күллі көлдің сен, 



Қай жақтан алдың жәннатын күллі желдің сен. 

Білген екен ғой, құбылаңнан келіп сұғынып, 

Түріктер неге мекендеп алған деп жүрсем? 

 

Қайырлы теңіз, басқаға да жет, бізге де. 



Жүзді ғой сенде пәленде-пәлен жүз кеме. 

Құрымдай сенде халық та қазір көп шығар, 

Бір барам саған,  

                           

бара алмай қалсам, іздеме! 

 

   



КЕШЕУ КҮЗДЕ 

Тағы да міне, кешеу күз, 

Тағы да тұман боз қырау. 

Қабағы қату мешел – құз,  

Оңдың-ау, орман, тоздың-ау. 

 

Қаланың үстін кешеден, 



Туырлық бұлттар тұр тұтып. 

«Жауады-ау, сірә» деседі ел. 

Күзгі де болса нұр күтіп... 

 

Ойлаймын: «қара суық қой, 



Далада, қырда деп қазір. 

Қойшылар шіркін жігіт қой, 

Азаннан бері атта жүр». 

 

Аспанның сұсты түрі тым 



Бұлт ауып кетсе деп жүр ме. 

Жаңбыр боп шөпті жібітіп, 

Бір жауып кетсе деп жүр ме. 

 

Жүр ме әлде ойлап сол адам, 



Қызылды-жасыл қаланы. 

Кіндік жіппенен ораған 

Қия алмай жүр ме даланы. 

 

Әлде ол әнеу бір күнгі 



Тырнаның дауысын жүр ме ойлап, 

Кешегі алау гүл – қырды, 

Кешкен күндерін нұр жайнап. 

 


Менің де көңілім ұйтқиды 

Жалаңаш, жайдақ баққа кеп. 

...Қабығында әне, шық тұрды,  

Күн жаумай жылап ақ терек. 

 

              * * * 



Көбеген қозым, көк шығып 

Отығып кеткен боларсың. 

Тоқырап жетіп тоқшылық, 

Опынып біткен боларсың. 

 

Бозқонақ басын кеш шалып, 



Кейіндеу ордың көк көде. 

Не керек енді еске алып, 

Салқын да тиді өкпеңе. 

 

Ере алмай қалып отарға, 



Байқамай қойшы кешқұрым. 

Жамылып түнді, жапанда 

Қасқыр дауысын да естідің... 

 

Қабынбай қалған сол өкпе, 



Жарылмай қалған сол жүрек. 

Кездейсоқтық пен кенетке 

Қарыздар болмас орны жоқ. 

 

Марқайған қозым бұл күнде 



Кеудеңде бар-ау бұла күш. 

Қабақта қалған кірбіңді 

Кетті ғой шайып қуаныш. 


 

Жасыл да жайсаң жайлау –төр, 

Жалпағын басып жүрсің ғой. 

Өткеніңді  тек ойлай гөр, 

Өкінбей және күрсінбей. 

 

Ойлай гөр, 



                   

ерінің күмпілдеп 

Енеңді еміп пе едің сен? 

Қатал да болса – бір міндет, 

Көгенді көріп пе едің сен?! 

 

                           * * * 



Көдесі семіп, көлдері солып күзде бір, 

Тұнжырап тұрар шақ болады ғой түзде өмір. 

Қоныстан безіп, өрісті өзгертіп, жай іздеп, 

Құс болып кетсек қайтер еді егер біз де бір. 

 

«Көгерер-ау» деп, сартап боп қалған сары қыр, 



Көктемді күтіп қарайлаймыз ғой тағы бір. 

Отыққан жері Отан боп кетер оларға, 

Құс болып кетсек, Отанның орны толар ма?! 

                                                * * * 

 

«Көртоғайда» ауыл... 



                                 

Көрші қыстап, 

Сіздің үй менен біздің үй бірге, 

Аяқ-табақты аралас ұстап, 

Тату да тәтті, құтты боп ірге... 

 


Құлындай ғана шағыңда сенің,  

Тұлымдай ғана шашың бар еді-ау, 

Қатар ойнаған қарындас едің,  

Әлі бір гүлің ашылмап еді-ау. 

 

Сенің де апаң қолы ашық адам, 



Менің де апам төгіліп, тасып. 

Ақжарқын көңіл жарасып әман, 

Ас түсіретін таласып асып. 

 

Сіздің үй менің сыңайымменен 



Бәйек болатын бірге жүгіріп. 

Біздің үй сенің шырайыңменен 

Ашсаң – алақан, жұмсаң – жұдырық. 

 

Еліктей орғып жасқанамыз біз, 



Биік көңілдер баурайына. 

Немене, біздің қас-қабағымыз, 

Біздің үйлердің ауа райы ма? 

 

Қар жауды бір күн...  



                                 

Айтары жоқ-ау. 

Айнала аппақ көз нұрын алған. 

Сырғанық теуіп, қайтарда жаяу 

Тоңғанымды мен сездіріп алғам. 

 

Екі ұшық ойдың бір көгеніміз 



Бар сияқты еді бүркегеніміз. 

Бар сияқты еді бір қызығымыз, 

Бір қызығымыз – бір көреріміз. 


Әттең-ай, әттең,  

                           

ерте кеп көктем 

Ажырап кетті іргелеріміз. 

 

               

ҚОСЫЛҒАН ҚОС АЙДЫН 

Айнакөл мен Қаракөл – медиен белдің қос меңі,  

Суыңа көптен шомылмай суыса ізім, кеш мені. 

Жыртқанда көлдің жиегін, 

                                       

отарын әкем құмға айдап,  

Есімде қапты біздің үй екінді ауа көшкені. 

 

Қол созым жерде қос айдын біріне-бірі жарасып, 



Тоқыны тайдай тулайтын толағай көлдер таласып. 

Көктемгі мезгіл – көк дүние,  

                                       

сыланған шақта сылқым жер 

Көз емес мынау егіз көл –  көздегі мойыл қарашық. 

Қарашық көлдер қалғымай күндіз де ояу, түнде ояу, 

Жататын еді, жарықтық, жазира белге жарасып. 

 

Мойылдай көлге малтимыз, әлсін де әлсін жүгіріп, 



Шілдеде суы қара тас, қаңтарда қатпай жыламық. 

Шәрбат па деп те ойлайсың, шарап па деп те ойлайсың, 

Аңсарың ауып бір жұтсаң аузыңнан суың шұбырып. 

 

Арасы көлдің жыртылып... арпа мен бидай өсті ғой, 



Жалбыз бен қияқ қырқылып, қой баққан ауыл көшті ғой. 

Құм жақта жүрген қойшылар,  

                                               

қып-қызыл қырман қызғанда, 

Қарашық көлге бір ұшық ақ боп түспе десті ғой. 

 


Аман-сау қалды егіз көл. 

                                        

Шайқалмай қалды тұнық су, 

Қасиетті қандай пай... пай... пай! 

                                              

Ылдида жатқан ұлық су... 

Ышқынып тасып сол көктем қосылып кетті қос айдын, 

Тың жыртқан жылы табысты қырық дос түгіл, қырық су. 

 

                      

КӨШУ 

                      (



баллада

Арбаға ақ тары артып жиырма бес пұт, 

Арда жер иіген кез. Қырға көштік. 

Талма жел теріскейден соқты үздігіп, 

Сайлардың сабатынан ылғал есті. 

 

Сар қамыс, сояу қамыс бас алмаған, 



Бас алып көк құрағын шаша алмаған. 

Саусақтың саласындай сабау қамыс, 

Сабағы шашбауланып жасанбаған. 

 

Қол созым қоға көлдер құстар қонған 



Күршектің күпшегіндей ысталмаған. 

Жағадан апыл-ғұпыл көшкенде ауыл, 

Омырауы алқа-салқа қыстау қалған. 

 

Алысқа шығармай-ақ үнін жатық, 



Шым-шымдап баяу ғана шымырлатып, 

Жеңешем жарқ-жұрқ етіп ақ тамағы 

Келеді «Бір баланы» ыңылдатып. 

 

Шоқалақ соққан сайын қырдың жолы 



Қамыты бірде кейін, бірде ілгері, 

Қара өгіз жұлып жейді жолдың шөбін 

Бір толмай көмейіне қырдың көгі. 

 

Артқы арба мен отырған майланбаған, 



Алысқа барамыз деп ойланбағам. 

Таңғы шақ. Тынық ауа, торғын көкте 

Тек қана бозторғайлар сайрандаған. 

 

Өгізі алғы арбаның мұқыл кәрі, 



Өзі бір күй талғайтын күтім малы. 

Жеңешем шыбыртқысын көтергенде, 

Жүрісін жеделдетті, тыпырлады. 

 

Жеңешем желең отыр белін түйіп, 



Өткен жел өңменінен өңін сүйіп. 

Ойлаймын: «Қайран көкем қосылған-ау, 

Қалтқысыз көңіл қосып, теңін сүйіп». 

 

Жеңешем жалғыздыққа елге қарсы, 



Жанына шақырғанда мен бе қарсы. 

Арбаны тіркеп қойып тік отырмыз 

Айналған алдымыздан желге қарсы. 

 

Ауылдан шықсақ та ерте жол өнбеді, 



Жеңешем жалтақ-жалтақ елеңдеді. 

Кенжем-ау, көзім тартып келе жатыр, 



Көкеңнен хабар-ошар келер, - деді. 

 

Басқарма «шөл егінге барасың», - деп, 



Жеңешем қасына ерткен «қарасың», - деп. 

Кеше де айтып кетті ол: «Тұқымды алып, 

Сәскеде қос басында боласың» - деп. 

 

Жеңешем ала өгізді төпеледі, 



Ала өгіз қыр арқасын көтереді. 

Алмаса қайыс тіліп көнтері арқа, 

Қамшымен қаққанына етене еді. 

 

Жел тынды. 



                   

Салқын сабат үрлей тұрмай, 

Зауалын зауза күннің күрмей тұрмай. 

Өгіздер ілбіп басып, жеңгем отыр: 

Ұят-ай, ұят болды-ау, түннен тұрмай. 



 

Көтеріп жердің түйдек уыс шаңын, 

Көтеріп көк бестінің құйысқанын. 

Кезеніп жетіп келді салт атты адам 

Кезеріп тыңдап тұрдық ұрысқанын. 

 



Күн-түні біз шабамыз күнқақпай боп, 

Топырақ кеуіп кетті тулақтай боп. 

Ырғалып-жырғаласың сен екеуің, 

Мынаның қарысуын тіл қатпай тек. 

 

Сықырлап былғары ері тақымдағы,  



Бір кезде арбамызға жақындады. 

Жеңешем бет жыртқан жоқ, кешіккен соң, 

Кінәсін үнсіз ғана мақұлдады. 

 


Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын, 

Сенен кем бе  басқа ұл, басқа қатын. 

Бар, күркеңді тіге бер қосқа барып, 

Сендейінде жігіттер тас жаратын. 

Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау, 

Тұқым жинап қайтамыз кешке жақын!... 

...Жан-жағымда иен қыр дала жатыр, 

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр. 

Ала өгізді атты адам жетекке алып,  

Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр. 

 

             * * * 



Күлдім, ойнадым кезінде, 

Бір күн ойладым: «Сезімге 

Кеудем жүргенде күмбірлеп, 

Құл боп кетпейін, құрғыр», - деп. 

 

Сосын сескеніп, сақтанып, 



Судай тазарып, сүттей ақталып. 

Жұртқа сыртынан сұқтанып, 

Жанасып кетуге шақ қалып. 

 

Жүрдім... қайтейін, заң солай, 



Жүрек жұлқынып шаршады-ай. 

Кеше көз қырын салмайтын 

Қыздар құлпырып қаршадай. 

 

Қарайды о жаққа, бұ жаққа, 



«Түспейміз» дегендей тұзаққа. 

«Біздер қонған құстармыз, 



Сендер ұшыңдар ұзаққа» 

 

Деймін,  



               

деймін де тынамын, 

Кей күні шыңылдап құлағым. 

Кей күні өрекпіп жүрегім 

Өртім сөнгендей жүремін. 

Бұл не, білсеңдер айтыңдар бір емін!   



 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет