Еңбек ресурстары — еңбекке жарамды халық, демек нақты және потенциалды жұмыскерлер. Еңбек ресурстарының категориясын және құрамын 2-схемамен көрсетуге болады.
Еңбек ресурстары - экономикалық белсенділік мәртебесі (статус) бойынша экономикалық белсенді және экономикалық белсенді емес халық болып бөлінеді.
Экономикалық белсенді халық - өндірістік тауарлар мен қызметті өндіруді жұмыс күшімен қамтамасыз ететін халықтың бір бөлігі. Халықаралық стандарттарға сәйкес белсенді халыққа 15 және одан жоғары жастағы адамдар жатады. ҚР-дың ішінара бақылауы 2001 жылдан басталып, әр тоқсанда (квартал) 15-72 жас аралығындағы халықты зерттеу арқылы жүргізіледі.
Экономикалық белсенді халық саны= жұмыспен қамтылған халық саны + жұмыссыздар саны
Экономикалық белсенді жастарға 15-24 жас аралығындағы жұмыспен қамтылған және жұмыссыздар жатады.
Жұмыспен қамтылған халық (жұмысбасты) - жасына қарамастан экономика саласында нақты жұмыс істеп жүрген халық. Жұмысбастылық мәртебесі бойынша жұмыспен қамтылған халық екіге бөлінеді: жалдамалы жұмысшылар және өз бетінше жұмыспен айналысушылар.
1-сурет. Еңбек ресурстарыныц категориялары
Жұмыссыздар— экономикалық белсенді жастағы халық, жұмыс орны жоқ, бірақ белсенді жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа дайын адамдар.
Экономикалық белсенді емес халық - үй шаруашылығымен айналысатын, экономикалық белсенді жастағы халық және күндізгі оқу бөлімінде оқитындар. Мұндай халық жұмыспен қамтамасыз етілген немесе жұмыссыздар қатарына қосылмайды.
Экономикалық қызмет жасамайтын, еңбекке жарамды жастағы, еңбек етуге қабілетті халыққа жататындар — мүгедектер, асыраушы адамды жоғалтқандар, жеңілдік шарты бойынша зейнетақы алатындар; жұмысты іздемейтіндер, бірақ жұмыс істеуге мүмкіншілігі бар және жұмыс істеуге дайындар, табыс көзіне қарамай, жұмыс істеуге қажеттіліктері жоқ адамдар.
Экономикадағы жұмыспен қамтылмаған халықтың саны=халықтың жалпы саны - экономикадағы жұмыспен қамтылған халықтың саны.