Ілияс есенберлин



Pdf көрінісі
бет13/18
Дата09.03.2017
өлшемі16,33 Mb.
#8609
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

5.1 Толағайдай ер тұлға
Бүгінде  қазақтың  арғы-бергі  тарихы,  өткен-кеткені,  хандары,  билері,
төрелері туралы роман жазғандар баршылық. Көп деп айту әрине, артықтау.
Бірақ  –  құралақан  емеспіз.  Солардың  бәріне  алғашқы  із  салған  Ілияс
Есенберлин екенін мойындауымыз керек. Бұл – даусыз нәрсе...
Заманның қиын уақытында «Қаһар» дүниеге келді. Қазақ әдебиетінде,
жазушылар  әлемінде,  қазақ  оқырманында  жаңаша  көзқарас,  басқаша  –
байлам, ой толғауға мүмкіншілік туды. Ат басын бұруға келмейтін, жазбақ
түгіл, қалам тартпақ түгілі, сол заман қазақтың өткен хандары, дәуірі, олар
билеген уақыт туралы ойлаудың өзі есті кетіріп, зәрені алатын тоқырау еді
деп бағаланған.
Павлодарлық  тілші  Надежда  Чернованың  «Простор»  журналында
басылған  күнделік  этюдтерінен  төмендегі  назар  аударарлық  мысалды
кездестірген едік: «На моей родине в Баянауле мечеть стоит. С нею одна
история связана». – деп бастайды мақаласын автор, - «Когда вели под конвоем
арестованного  отца  академика  Каныша  Сатпаева,  то  старик  попросил
позволения  войти  в  мечеть  –  помолиться  на  последок...  Разрешили,  он
разулся и вошел. Стражи остались у входа. Прошли отпущенные минуты –
старик не выходит. Прошло полчаса – не выходит. Тогда стражники вбежали
в  мечеть  –  старик  Сатпаев  лежит  на  полу,  с  рукой  прижатой  к  сердцу.
Мертвый. Он умер во время молитвы.
Потрясающая картина. Такие придумывают в романах – для катарсиса»
[1].
Грек  тілінен  алынып,  ғылыми  айналымға  еніп  отырған  катарсис 
деген сөз «адамның рухани тұрғыдан тазаруына әсер ететін көріністерді
пайдалану болатын» болса (әсіресе, драмалық қойылымдар арқылы), оның
бір  ерекшелігі  тыңдаушының  санасына  үрей,  не  болмаса  жанашырлық
тұрғыдан әсер ететін сюжеттерді пайдалану. Нәтижесінде, оны терең ойға
қалдыру.
Чернова еске алып отырған жан тебірентерлік оқиға біздің ойымызша,
жазушы Есенберлиннің шығармаларына да тікелей қатысты. Олай дейтініміз
қазақ  жазушысының  алдыменен  жекелеп  шығып,    кейіннен  трилогияға
айналған  «Көшпенділердегі»  әр  роман  атауларының  («Алмас  қылыш»,
«Жанталас»,    «Хан  Кене»)    өзі    жеке-жекеден  алғанда,  шын  мәнісінде,
катарсиске лайықты.
Жазушы  Есенберлиннің  адамды  катарсистік  жағдайға  (возвышение,
очищение,  оздоровление)  жеткізуіне  келетін  болсақ,  ол  оқырманының
жадында  халқының  тарихи  ерлік,  елдік  оқиғаларын  жаңғырту  арқылы

205
оның рухани тұрғыдан тазалануын, басылып қалған рухының жаңғыруын,
самарқауланып қалған санасын саламаттандыруды ешқандай күш қолданбай,
үрей туғызбай қамтамасыз ете алды. Міне, сол үшін ол қазақ тарихының
«тар жол тайғақ кешкен» кезеңдерін әдейілеп таңдаса керек.
Атбасар  қаласындағы  Есенберлин  атындағы  әдеби  мұражайдан
медицина  ғылымдарының  кандидаты  Ғабдолла  Құлқыбаевтың  1972
жылдың  25-28  сәуірі  күндері  Зейнолла  Серікқалиевтің  атына  жазылған
хатын  кездестірдік.  Хаттың  авторы  З.Серікқалиевтің  Ілияс  Есенберлинге
байланысты  жазған  біршама  сындарымен  келіспейтіндігін  білдіре  келе,
«Ал сіз авторға (Есенберлинге – Қ.А) қалай өлтіру керектігінің схемасын
ұсынып  отырған  Әбілхайыр  өліміне  келетін  болсақ,  І.Есенберлин  образ
логикасына  сай  ханның  тән  өлімін  емес  (оның  қандай  ажалдан  өлгенін
тәптіштеп жатудың аса қажеттілігі де жоқ) рухани өлімін жерлеуге көп күш
жұмсаған»  -  деп  жазып  отырғанына  қарағанда,  жазушының  ойын  терең
тұрғыдан қабылдай білген оқырмандардың бірі - осы азамат болса керек.
Және  де  Құлқыбаев  секілді  алдыңғы  қатарлы  оқырмандар  жазушының
адамның  бойындағы  зұлымдық  түбінде  осылай  талқыланатын  болады-ау
деген жаңа тұрғыдағы көзқарасқа келуінің себептерін де түсінгісі келетін
сияқты. Мұндай ой авторға қай кезден келді екен: Отансыз, елсіз жүрген
Микогоздан кек алудың үстінде ме? Жоқ, әлде тау-кен инженері мамандығы
бар  дипломын  қолына  ұстап,  кеше  ғана  доп  қуалап  жүрген  Атбасар
көшелерінен қуанышына ортақ болатын адам таппай, зират басына келіп,
мәңгілік болып кеткен әке-шешесіне құран оқып отырған кезде ме? Жоқ, әлде
«халық жауының» қызына үйленгені үшін жұмыстан қуылып, одан қалды
«қуырдақтың  көкесін»  филормонияның  жөнсіз  жұмсап  қойған  ақшасына
есеп  бере  алмай,  кейін  барып  өз  қалтасынан  оның  орнын  толтырғанына
қарамай  сотталған  уақыттан  кейін,  жазасын  өтеп  Атбасарға  келгенде
мұң шағатын туыс таппаған кезде ме екен?! Әлде өмірде әділет жоқ деп,
содан әбден күдерін үзіп, екі жылдай араққа беріліп кеткен, осыдан енді
үміт-қайран  жоқ  деп  әбден  түңілген  уақыттарда,  баласы  Қозы-Көрпешке
деген махаббатының арқасында «оттан шыққан Феникс» секілді, қайтадан
жаңғыру жолына түскенде ме?
Өмірден осыншалық соққылар көрген жазушы өзінің қажымас қайратты,
ішкі  рухани  қуатының  молдығының  арқасында  іс  жүзінде  әділетті  қоғам
деген  атауына  мүлде  жанаспайтын  социалистік  қоғамның  сырын  әбден
түсінгеннен кейін оның құпиядағы қырларын ашудың кілті ретінде тарихи
шындықтарды кеңестік әдістің ыңғайымен жаза отырып, халыққа жеткізуді
қолына алған сияқты. 1930-шы жылдардың соңында «социализм толық»,
ал  екінші  дүниежүзілік  соғыстан  кейін  «түпкілікті  жеңді»  деп  жарты

206
әлемге жар салып жатқан ұрандардың құпия шындықтарын ол осы әдіспен
зерделегенді дұрыс деп санаған.
Соныменен қатар, Ілияс Есенберлиннің жазушылық жолға түсуі – сол
кездегі қоғамда өмірдің өзіндік философиясына сызат түсіп, Кеңес одағы
халықтарының  арасында  «бұл  неге  бұлай?»  деген  күмәнді  сұрақтардың
көбейіп  кеткен  кезеңіне  сәйкес  келіп,  бар  шындықты  тігінен  айтып
дағдыланған азамат үшін турасынан айтудан басқа амал қалдырмаған.
...В  Сталинскую  эпоху  стали  появляться  так  называемые  «новины»  -
крупные  произведения  в  форме  былин,  со  всеми  их  художественными
особенностями и старинной, но не современные темпы. Сталина восхваляли
создатели  «новин».  Неграмотные  акыны  и  также  внесли  свой  вклад  в
фольклорную сталиниану, причем этот вклад оказался куда более весомым.
Их  песнопения  переключались  профессиональными  поэтами,  переводы
включались в школьные хрестоматии... – деп жазады бүгінгі зерттеушілердің
бірі [2]. Осылайша қалыптаса бастаған әдемі әуендер үніне қарама-қарсы
ойда жүрген жазушы – Ілияс Есенберлин. Оның наразылығының бір себебі
партия басшыларының екі жүзділігінде: кеше ғана Сталиннің жеке басына
табынғанды табалаған саяси топ өкілдерінің енді келіп Никита Хрушевтың
волюнтаризміне жол беріп отыруында.
Ілияс  Есенберлиннің  әсіресе,  тарихи  тақырыпта  жазылған
шығармаларының  сұранысқа  лайықты  жазылғанын  оқырмандардың
жазушыға  жолдаған  хаттарынан  байқауға  болады.  «Көшпенділер»
романының авторына жолданған жазбаша сәледемелер иесінің бірі кезіндегі
Гурьев  облысы  (қазіргі  Атырау  обл.)  Індербек  поселкесінің  тұрғыны
Жұмағазиев Бейсенғали есімді азамат екенін жоғарыда айттық. Қарапайым
есепші  болып  істейтін  бұл  азамат  кітапты  өз  деңгейінде  терең  талдап,
жазушыға көптеген сұрақтар қойыпты. Сонымен қатар ол жазушының жеке
өмірі туралы көп мәлімет білгісі келгетінін жеткізген.
«Сіздің бұл кітаптарға арнап жазылған алғысөздер өте қысқа жазылған,
ал  сіздің  жеке  өмір  баяныңыз,  жазушылық  жолыңыз  туралы  мүлдем
жазылмағандықтан,  сіздің  толық  өмір  баяныңызды,  жазушылық  жолға
қай  кездерден  бастап  араласқаныңызды,  бұл  игілікті  іске  араласқаннан
бері әдебиет саласында шеккен бейнетіңіз бен зейнетіңізді өзіңіз арқылы
толығырақ танысып білуді бек қалар едім», дейді оқырман [3. 7-9 пп].
Атбасардағы мұражайдан табылған тағы бір хаттың авторы - Әшімбек
Бектасов.  Үш  рет  Халық  Комиссары,  үш  рет  Қазақстан  Компартиясы
Орталық    Комитетіне  кандидат  болып  сайланған  дербес  зейнеткердің
1972 жылдың 10 сәуірінде орыс тілінде жазылған хатын қазақшалап беріп
отырмыз: «Сенің атыңа, сенің бас кейіпкерлеріңе пікір арнап, қолыма қалам

207
алғанда маған І. Жансүгіровтың мына сөздері есіме түседі:
«Өз елін, өз ерлерін елемесе,
Ел тегі қайдан алсын Кемеңгерді».
Сол сияқты қазақ ұлтының тағы бір дарындысы И. Байзақовтың былай
деп айтқаны да бар:
«Ер болып жоқ елді бар қыла алмайды
Ел болса Ер тудырмай тұра алмайды».
Сондықтан, Ілияс, мен саған мынаны айтқым келеді... Зор денелі менің
кеудемнен ғана келетін сенің алдыңда ағарған шашты басымды иемін [4].
«Туған  халқының  тарихына  деген  құштарлық  Ілияс  Есенберлиннің
ақыл – ойын билеп, бойына күш-қуат сыйлады. Ол өз ғұмырының аяқталып
келе жатқанын сезгендей, соңғы жылдары жүрегіне ауыр жүк артып алған
сыңайы да болған-тын... Асығыстық барын да сезетін. Кейде аяқталғандай
да сыңай танытатын» - деп еске түсіреді белгілі қаламгер Тұрсын Жұртбай,
- «Қаламнан қолын суытқан жазушының ары таза, азаматтық парызын өтеп
жүр деп айта алмаймын. Өзгені білмеймін, жеке басым солай ойлаймын»...
деп  қалып  еді  Ілекең  бірде.  Әр  жазушының  өз  творчествалық  тағдыры
бар.  Біреулер  тез  табылып,  айтулылар  қатарына  бірден  қосылады.  Сол
атпен ол өмір бойы өмір сүріп те өтуі мүмкін. Қазақ Кеңестік Социалистік
Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Ілияс  Есенберлиннің
қаламгерлік  қабілеті  елу  жастан  асқан  соң  ашылды  және  ұзақ  жыл
қуаңшылдықтан соңғы көктемдегі қызыл судан соң қаулап өскен құнарлы
қырат  сияқты  еселей  өнім  берді.  Егер  өткен  –  кеткен  әдебиет  тарихын
әдіптесек, дәл осындай құбылыс, иә – құбылыс творчество адамы өмірінде
сирек кездеседі. Тек санымен емес, Ілияс Есенберлин сапасымен де қалам
қажырын мол танытты» [5].
Десек те, жазушының өз алдына қойған творчестволық ізденістерінің
негізгі мақсат-міндеттері, қол жеткізген табыстары туралы салтанатты ше-
руде жүргеннен гөрі «...жазуын онша ұқыпты жүргізбеген елміз ғой. Парызым
сол кемшілікті толтыру. Жеттім бе, жоқ па ол мақсатқа... мен жеткізбеген,
тұстарын өзгелер толтырар» - деп өзінен қалды енді ізденушілерге, туған
халқының  тарихына  деген  құштарлық  танытарлардың  барлығына  ізденіс
жолдарының жаңа бағыттарын көрсетіп берген жазушы замандастарының
естеліктеріне қарағанда қазақшадан гөрі орыс тіліне жатық болған. Орысы
көп Атбасар, орыс тіліндегі балалар үйі, орысы көп Қарсақбай оны қазақша
сөйлегеннен  гөрі  орысшаға  көп  дағдыландырған  болар.  Сондықтан  да

208
болар жиналыстардың көбінде ол орысша мүдірмей, ол жағынан шешендік
танытатын. «Әдебиетте қай жағынан олқы соғып жатқанын Ілекеңнің өзі
сезетін-ді. Жалған намыс, өзімдікі ғана жөн дейтін өркөкіректік ол кісіге жат
еді. «Көшпенділердің» қолжазбаларын алғашқы рет маған ұсынып тұрып:
«Мен өзі, шынымды айтсам, қаланың жатағымын. Аласапыран кезде туып-
өстік те, қазақтың байырғы тұрмысына көз қанықтыра алмадым. Сондықтан
менің жазбаларымда қазақтың киіз үйі мен жиһаз-жасауына, сауыт-сайман,
ат-көлік ер- тұрманына байланысты дәлсіздіктер кетуі әбден мүмкін. Соларды
мұқият қарайтын бол. Ал сөз сөйлем жағын батыл түзеуіңе болады, қолыңды
қақпаймын, - деп ағынан жарылатын көбінесе жазушы» – деп еске түсіреді
жазушы  Қабдеш  Жұмаділов.  –  «Ілекеңнің  жас  достары,  Есенберлиннің
қаламгерлік құдыретті сөз-сөйлемінің әдемілігінде, тіпті тіл байлығында да
емес, оның көтеріп отырған, тақырыбының ауқымдылығында, әлі ешкім ат
ізін салмаған тарих қатпарын батыл ақтаруында екенін жақсы білетінбіз.
Сондықтан қолдан келер көмегімізді аяп қалғанымыз жоқ. Мен Ілекеңнің
қолжазбаларын көбінесе үйге апарып қарайтынмын. Қолжазбалар оқылып
болған соң пайда болған алуан сұрақтарды оның үйінде отырып шешетінбіз.
Автордың архивтерін қайта қопарып, әр жерде әрқалай боп жүрген жер, су,
адам аттарын, оқиғалардың өткен мерзімін бір ізге түсіретінбіз.
«Көшпенділердің»  әр  кітабын  оқырман  қауым  зор  қуанышпен  қарсы
алды.  Айналасы  бірнеше  жылдың  ішінде  Есенберлин  бүкіл  халықтың
сүйікті  жазушысына  айналды.  Ал,былайғы  әдеби  қауым  жөнінде  олай
айтуға болмас еді. Жастар жағы болмаса, өз замандастары Ілекеңді бертінге
дейін мойындаған жоқ. Жыл сайын шығып жатқан романдар тасқыны мен
авторға «Көшпенділер» әкелген абырой-беделді аға қаламгер, оқулықтардан
түспейтін «Совет жазушылары» кешіре алмады. Жазушылар да пенде ғой.
Кейде үлкен адамдар да қателеседі. Мәселен Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтың
Есенберлинді ғана емес, жалпы Кенесары қозғалысын түсіне алмауы» - осы
сөзіміздің айқын дәлелі» [6. 9 Б.].
Бір кездері біз Қаныш Сәтпаев туралы мақала жазуға дайындық үстінде
бұл ғалымның да тарихқа қызыққанын байқаған едік. Геологиялық барлау
жұмыстары кезінде талай жерді жаяу жүріп аралаған академик ағамыз бірде
Ұлытаудан кенді өңдеуге арналған пештердің қарапайым түрлері орналасқан
жерді табады. Ал олардың бұл жерлерде болуы мүмкін дегенді ол ел тарихын
жақсы  білетін  ақсақалдардың  әңгімелерінен  талай  естіген.  Осылайша  Қ.
Сәтпаев грек тарихшысы Геродоттың Орталық Азияның көшпенділері мыс
қорытудың тамаша технологиясын игерген деген болжамының нақтылығын
дәлелдей алған. Ендігі жерде қазақ ғалымының қолында – түйе айдаушылар
(Сәтпаевтың қарсыластары қазақтарды солай деп атаған) көне замандардың

209
өзінде кенді грамдап емес, килограмдап өңдей отыра, оның құрамындағы
мыс пен басқа асыл металдарды бөліп алуды білген – деген нақты дәлел
пайда  болып,  олай  болса  бір  себептерге  байланысты  осы  бір  өнерден
аластатылған көшпенділерге, жаңа заманда бабалар өнеріне қайтіп келуіне
еш күмән жоқ дей келе, қазақтың пешенесіне тек қой бағып, мал өсіруден
басқа ешнәрсе бұйырмаған дегенге қарсы шыққан.
Есенберлиннің  творчествосына  да  осы  тұрғыдан  көз  салатын  болсақ,
социалистік  қоғамның  жетістіктерін  өзіндік  прагматикалық  тұрғыдан
насихаттаудан  басталған  оның  шығармалары  мазмұны  жағынан  да,
философиялық жағынан да күрделене түскен.
Өкінішке  орай,  XX  ғ.  бірінші  жартысына  дейін,  қазақ  қоғамында
философиялық,  гуманитарлық  таным  функцияларын  орындап,  синтездік
құбылыс  ретінде  қабылданған  шығармалар  бола  қойған  жоқ.  Ал  қазақ
қоғамының  творчестволық  дамуына,  халықтың  ой-санасының  ұрпақтан-
ұрпаққа  танымалы  түрде  жеткізіліп  отыруын  қамтамасыз  етіп  отырған
ауыз  әдебиеті  жоғарыдағы  тарауларда  айтылған  себептерге  байланысты
ғылыми тұрғыдан сараптау дәрежесіне жете алмай, кеңестік кезеңдегі қазақ
қоғамына байланысты жағымсыз кейіпкер – міндетті түрде қарны қампиған
бай, жатып ішер, ал қоғамдағы басқа әлеуметтік топтар, Т. Шевченконың
«Байғұстар» образында суреттелген кедей баладан асып кетпей жатты.
Тіпті,  XIX  ғ.  қалыптасып,  XX  ғасырдың  басында  қоғамның  барлық
процесіне  тікелей  араласып,  оларға  байланысты  ой-пікірлерін  тиянақты
түрде жариялай бастаған зиялы қауым өкілдерінің өзі кейбір кинофильм-
дерде орыс студентінің деңгейінен «аса алмаған», ал «Алаш» өкілдері болса
жылмаңдаған  қу  түлкі,  қасқыр  ауыз  жендеттерге  жалтақтаған  шибөріден
аспай  бейнелеуге  ғана  лайықты  болғаны  өте  өкінішті  («Амангелді»
кинофильмін мысалға алуға болады).
Осыған байланысты болар, кезінде бай болсын, хан болсын әлеуметтік
субъект  және  танымдық  тұрғыдан  кеңестік  жүйенің  өзінде  өте  төменгі
дәрежеде  бейнеленіп,  баяғы  заманғы  тарихи-философиялық,  әлеуметтік
сипаттан  ажыратылмай,  саналы  ойдың  өкілдері  форматында  көріне
бастағандарымен,  әдейілеп    жасалған  жасанды  образдардың  арқасында
қоғамнан аластатылған, шеттетілгендер (изгои) еді.
Кеңестік ақпарат құралдары арқасында қазақ қоғамы өкілдері туралы
алыс-жақын көпшілікке жете бастаған көрініс, сол қалпында қала беруіне
бірден-бір тосқауыл Есенберлин секілділер өзінің шығармаларымен қатып
қалған сеңді орнынан қозғап, теңіздің үлкен ағысына қарай беттетті. Олай
болатыны, Тұрсын Жұртбай айтқандай Ілияс Есенберлинді мазалаған негізгі
мәселелердің бірі – XIX ғ. аяғы - XX ғ. басындағы қазақ интеллигенциясы-

210
ның қалыптасуы, «Қаһар» мен «Қатерлі өткелдің» арасын қосу...
Шындығын  айту  керек  –  мәселенің  (интеллигенцияның  қалыптасуы)
күрделілігі  соншалықты,  ол  әлі  күнге  дейін  толық  шешуін  таппағандай.
Соның  ішінде  идеялық  тұрғыдан  қазақ  зиялыларының  біріге  алмауы.
«Қатерлі өткел» романындағы бас кейіпкерлер Әкпар мен Бүркіт жазушы
айтпақшы бір болыстан «гимназияға да бірге келіп түскен, бірге бітірген.
Бірақ екеуінің арасы қызық. Жақын болса да алыс. Алыс болса да жақын.
Дос болса да қас. Қас болса да дос. [7, 24 Б.].
Жазушы І.Есенберлинге достықтың «қазағым» деген бір тілектен, бір
бағдардан, ал іштей жауықтырғаны – әрқайсының жеке басының мүддесі
деп  отырса  да,  мәселенің  мәнісі  тым  тереңде  жатқаны  ауыр  тиген.  Және
ол туралы кеңестік жүйеге сай ашық айта алмаған қаламгер әдебиеттегі
иллюзиялық тәсілді (негізгі ойын білдіруде жалпыға белгілі болып отырған
нақты  фактіні,  тарихи  оқиғаларды  еске  түсіру  арқылы  білдіру)  өте  жиі
қолданған:
« –Ел деп еңірегенде етегің жасқа толады, - деді Хасен мысқылдай, - ал
ойлап келсек, жан түршігеді. Қазақ жерінде Қалқаман мен Мамырды оққа
байлаған  Әнет  бабаның  қатыгез  дәстүрі  қайта  орнаса  екен  дейсің...  Жоқ,
Әкпар, өткен күнге өкінсең де қайта оралмайды. Тағы құландай, ұру-дыру
болып жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ енді етек-жеңін жинап ел
болмақ.
- Ел болуды советтен үйренбексің ғой? Жоқ, Хасен, оның болмайды. Сен
«құлан» дейсің, мен «қыран» деймін, екеумізге бірдей ортақ ел-жұртымыз
бар.  Егер  де  кімде-кім  оның  қанатын  кесіп,  жем  құсына  айналдырғысы
келсе, ол – менің қас жауым. Біліп қой, осыны!».
«Қатерлі өткел» романындағы бұл эпизодтағы екі кейіпкерді мақсаты
бір: «жалпақ далада бытырап жатқан қалың қазақты аға-інідей бауырмал бір
ұлтқа айналдыру [7, 31Б.], бірақ зиялы қауым атынан сөйлеп отырған осы
екі азаматтың өмірлік мақсаттарын іске асыру жолдары мүлдем бөлек:
«  –  Айналдыр.  Айналдырма  деген  кім  бар?  –  деді  Хасен  ұмытпаған
пішінмен даусын қаттырақ шығарып – оған кім кедергі болды?
- Орыс большевиктері! – Әкпар да айылын жимай жауап берді. – Кедергі
болған  орыс  большевиктері!  Олар  ойлап  шығарған  тап  тартысы  қазақ
даласында  жоқ  дүние!  Жұртты  бай  мен  кедейге  бөлу!  Әйел  теңдігі!  Ата
жолын бұзу! - Әкпар үнінде кенет бір бұрқасын пайда болды. – Осындай
дымға  тұрмайтын  ұрандармен  орыс  большевиктері  баланы  –  әкеге,  ініні
–  ағаға,  әйелін  –  еріне  қарсы  қойды...  Жоқ,  бүйтіп  ел  бола  алмаймыз.
Халқымызды енді бөлшектеуге жол бермеуіміз керек» [7, 32 Б.].
 Әдебиет  өнерінде  жазушылар  «имплицитті  мәлімет»  деген  терминді

211
жиі  қолданады.  Яғни,  айтылып  отырған  ойдың  жасырын  бір  мағынасы
бар деген сияқты. Осы тәсілді шебер қолдана білген Ілияс Есенберлин екі
кейіпкерінің арасындағы шиеленісіп бара жатқан тартысты былай аяқтайды:
«Әңгіме  үлкен  жанжалға  айналуға  жақын.  Әкпар  жауар  күндей  қап-қара
боп  түтігіп  алды.  Ал  Хасен  әлгідей  емес,  сәл  жадырай  түскен  тәрізді.
Ашуын  басқанын  білдіргісі  келгендей,  анадай  жерде  тұрған  домбыраны
алып, қайтадан «Ақсақ құланды» шерте бастады. Үй іші тып-тыныш бола
қалды. Батып бара жатқан күннің қып-қызыл сәулесі қаланың күнбатыс жақ
үстін алабұрта қызартып, терезеден «Помпейдің күйреуі» суретінің үстіне
құйыла түсіп тұр. Дәл сол мезетте бұл сурет көгілдір бояумен сырланған
қара  көлеңке  қабырғада  нағыз  бір  жазықсыз  төгілген  қан  секілді»  [7,  33
Б.].
Иә,  қазақ  зиялы  тобы  өкілдерінің  арасындағы  мазмұнға  толы  даудың
жеңісін  большевиктер  жағындағы  Хасенге  бере  тұрып,  ол  арқа  сүйеген
жүйенің  болашағын  «Помпейдің  күйреуі»  арқылы  оқырманға  сездіру,
жазушы Есенберлиннің ойлап тапқан керемет әдісі. Бұған бір-де бір цензура
тоқта  деп  айта  алмады...  Негізгі  міндеті  большевиктер  үкіметі  тәртібінің
алдында «ескілікті аңсаған» ақынның басын игізіп беру болған жазушы, сол
Кеңес үкіметінің атынан «жеңіске» жетіп отырған Бүркіттің көңілін мұңға
толы  күймен  беруі,  «жеңістің  апофеозын»  Брюловтың  әйгілі  суретімен
байланыстырудың  арғы  жағында  қандай  меңзеу  тұрғанын  байқамаған
оқырман болды ма екен, сірә? Өйткені бұл жерде «Ұлттық сананың оянуы
ғана сөз болып отырған жоқ, сонымен қатар ұлт саясаты туралы батыл пікір
айтылып  тұр.  Осылайша  батыл  сөзді  айтуға  бекем  бел  буып  кіріскен  тек
Ілияс Есенберлин ғана. Ал біле-білген адамға жазушының айтып отырған
«жер аударылу» тағдыры өз басына да төніп тұрғанын Есенберлин сезбеді
емес!
Ілияс  Есенберлиннің  даңқы  елге  оның  тарихи  тақырыпқа  жазылған
шығармалары  арқылы  тарай  бастағанымен,  оның  көптеген  шығармалары
жоғарыда  айтылғандай  кеңестік  кезеңдегі  проблемаларға,  соның  ішінде
патриотизм және жай ғана емес интернационалдық сипаттағы патриотизмді
дәріптеу мен насихаттауға бағытталған шығармалар екендігіне де күмәнмен
қарауға болмайды.
Сөйте тұра, Ілияс Есенберлиннің ішкі дүниесінде үлкен бір дауыл соғып
жатқан да жазушы. Ол көп сұрақтарды ашықтан-ашық қоймай, оларды өзінің
алғашқы  туындыларында  басқа  да  мәселелердің  төңірегінде  көлеңкелеп
берген. Осыдан 20 жылдай бұрын Есенберлиннің творчествосымен алғаш
таныса бастағанда, біздің назар аударғанымыз оның шығармаларының ішкі
мазмұнының олардың атаулары арқылы мен-мұндалап тұрғаны.

212
Тұрсын Жұртбайдың айтуынша «Қайтыс болардан бес күндей бұрын
кездескенімде  (Есенберлинмен  –  Қ.А):  «Маған  дегенде  редакторлардың
жалы  күжірейіп  шыға  келеді.  Жай  ғана  журналистиканы  алып  жүре
алмайтындардың ақыл айтқышын-ай. Не сөз ұқпайды, не сөз өтпейді. Ал, бұл
жолы оған бас редактор да сайма сай келді. Үшінші кітапты қолыма алсам
(«Алтын Орданы») ауруханаға жатар едім. Соның әуресінен дәрігерлердің
әуресіне көнбей жүрмін» - деді. Ілекеңнің мен естіген соңғы арманы осы
болды.
Ілекең ондай-ондай қыспақтардың талайын басынан кешірген. Соның
ішінде  «Көшпенділердің»  сыбағасы  бөлек.  Осы  үш  кітап  үшін  өзі  де
мақтанып өтті. Сол үшеуі үшін естімеген сөзі, көрмеген құқайы жоқ. Әсіресе,
«Қаһарды» бәрінен бөлек қоятын. «Алған тақырыбыма да, орындалуына да
іштей сүйсінетінім осы «Қаһарым».
Кейбір  замандастары,  Ілияс  Есенберлиннің  жазушылық  жетістіктерін
көп жағдайларда Қазақстанның Мемлекет басшысы Дінмұхамед Ахметұлы
Қонаевпен байланыстырады. Әрине, олай емес деп те айту қиын. Өйткені,
оның «Мұхиттан өткен қайық» романы түгелдей дерлік Үлкен кісінің ұзақ
жылдар бойы мемлекетті басқарып, оның басынан өткен небір оқиғаларды
сипаттайтыны,  егер  де  бүгінгі  оқырман  тоталитарлық  жүйе  кезіндегі
Қазақстанның жетістіктерін білгісі келсе, осы бір қол жеткізген табыстардың
Д.А.  Қонаевпен  байланысты  екендеріне  І.Есенберлиннің  романы  арқылы
көз жеткізе алатыны сөзсіз. Бұл туралы жоғарыда да айтылды.
Д.А.Қонаев,  айтылып  жүргендей,  Ілияс  Есенберлинді  тек  бір  кездері
еңбек  жолын  онымен  бірге  бастағандықтан  ғана  қолдамаған  болар  деп
ойлаймыз.  Біздің  қолымызға  түскен  естелік-мақалалардың  бірі,  біз
жоғарыда  бірнеше  рет  сілтеме  жасаған  Бақтияр  Смақовтың  мақаласына
тағы да мұқият назар аударсақ. «Кездесу барысында Серік аға Үлкен кісіге
қойған соңғы сұрақтарының бірі: «Сіз алаштың қайраткерлерімен кездесіп,
оларды тыңдай алғандай кездеріңіз болды ма?» екен.
Бұл  сұраққа  Д.А.Қонаевтың  берген  жауабы:  «Мектепте  оқып  жүрген
кездерімде  Пушкин  кітапханасында  Ахмет  Байтұрсыновты  көргенім  бар.
Сол жерде сөз сөйледі. Оның түрі маған орыстың түріндей болып көрінді.
Сол кездегі жасымда менің көптеген нәрселерге терең назар аудармағаным
да  түсінікті  болар.  Мысалы,  сол  жиынға  қазақтың  ең  керемет  ұлдары
–  Қазақ  педагогикалық  институтының  ректоры  Санжар  Жағыпарұлы
Асфендияровтың, оның орынбасары Едіге Герейұлы Мансұровтың, белгілі
математик, оқулықтың авторы Әлімхан Ермековтың қатынасқаны, мысалы,
маған еш әсер еткен жоқ. Қазақ ұлтының сол кездері өз тарихында ең бір ауыр
кезеңді басынан кешіріп жатқанын түсінем. Әлі де болса бұғанасы қатпаған

213
жас  жігіт  болсам  да,  мен  жүгенсіздікті  сезіндім.  Жоғарыдан  жүргізілген
ашаршылық, қарапайым адамдардың құқықтарын шектеу, өмірдің барлық
салаларында байқалып жатқан шексіздік, халықтың жақсы деген өкілдерін
қудалау. 1937 жылдары ел басына енген үрей. Осындай заңсыздықтардан
кейін адамдар көп жылдар бойы репрессияға ұшыраған адамдар туралы бір
нәрсе деуге қорқатын болды. Иә, олардың көбі атылды. Қазір әділеттілік
орнауда. Ақиқат күн сияқты: оны алақаныңмен көлегейлеп тұра алмайсың»
[8. 58Б].
Осылайша деп ой түйіндеген уақытында қазақ елін басқарған Мемлекет
басшысы бұл қорытындыға да бірден келмеген болар. Сондай кезеңдердің
бірінде  оған  жолыққан  Ілияс  Есенберлин  тек  қана  өзінің  басына  түскен
ауыртпалықтармен емес (халық жауының қызына үйленгені үшін Орталық
Комитеттегі  жұмыстан  кетуі,  айтқанға  көнбегені  үшін  жалған  жаланың
арқасында түрмеге түсуі т.т.) Д.А. Қонаевтың жүрегін «жылытпаған» болар.
Оның шығармаларындағы халық басына түсе келе, ғасырларға созылған
ауыр кезеңдер, соншама қияметті басынан кешірсе де тағдырға мойымаған
ұлт,  сондай  кезеңдерді  ұлтына  деген  сүйіспеншілікке  берік  бола  білген
қайратты  да,  қайсар  ұлдары  мен  қыздары  туралы  тарихты  зерттеушілер
төрт қабырғадан аса алмай жүргенде, халықтың рухын көтеретіндей лепті
Есенберлин шығармаларынан байқаған болар Д.А. Қонаев.
Дінмұхамед  Қонаев  пен  Ілияс  Есенберлиннің  ара-қатынастарын
біршама  қанық  болғандардың  бірі,  жазушы  Қабдеш  Жұмаділов  болса
керек. Бұл ағамыздың айтуынша Мемлекет басшысы Қонаев пен жазушы І.
Есенберлиннің таныстығы 30-шы жылдардың соңында қалыптасқан. Қазақ
политехникалық институтының (ол кезде тау-кен институты А.Қ.) болашақ
инженер  мамандығының  иесі  Есенберлин  өндірістік  практиканы  Балқаш
мыс қорыту заводында бас инженер болып қызмет етіп жүрген Дінмұхамед
Ахметұлы  Қонаевтың  жетекшілігімен  өткізген.  Содан  бері  олар  жақсы
таныс болып кеткен деп санайды зерттеушілер.
1950-ші жылдары Д.А.Қонаев «Қазақфильм» киностудиясына келгенде
өзінің  бір  әрекетімен  студия  басшыларын  таңқалдырған.  Сол  жерде  ол
Ілияс Есенберлинді кенеттен байқап қалып, әдейілеп барып амандасады.
Жұмыстары болса келіп тұруды сұрайды. Бұдан кейін жазушы Қонаевтың
қабылдауында болған. Ол кісі оған Опера және балет театрының директоры
қызметіне баруды ұсынғанда – бас тартқан. Өйткені, бұл кездері І.Есенберлин
тарихи  романдар  жазу  туралы  ойланып  жүрген  болатын.  Жазушының
творчестволық жоспарына әбден қанық Мемлекет басшысы оны кейіннен
«Жазушы» баспасы директорының қызметіне лайық деп тапқан [9. 140 Б.].
Жазушы Л.Терокопянның айтуынша 1980-ші жылдардың басында «Гудок»

214
газетінің  бас  редакторы  С.А.Баруздин  оны  Қазақстан  Компартиясының
Бірінші  хатшысы  Д.А.  Қонаевпен  кездесу  үшін  Алматыға  аттандырған
көрінеді. Кездесу жылылығы ол күткендегіден әлдеқайда артық шыққан.
Осының  алдында  ғана  тым  еркіндігі  үшін  Саяси  бюро  мүшесі  А.Н.
Шелепиннің  қатты  сынына  ұшыраған  жас  газет  қызметкері  Қазақстан
басшысының  алдына  үлкен  қауіппен  келіп  отырғанда,  оны  қабылдау
бөлмесінде  Қонаевтың  өзі  қарсы  алып,  тілшіге  байланысты  «қажетті»
әңгімелерге өзі бастама жасап отырғанын еске ала отыра «а вот исторической
темой  Кунаев  явно  загорелся.  Вспомнил,  что  на  географических  картах
царской России даже не существовало такое понятия, как Казахстан. Всего
лишь  «степняки»,  «инородцы».  Посетовав  на  «эксплуатацию»  модной
исторической тематики, на спекуляцию и эпигонов, он тут же предложил
потолковать с Абишем Кекильбаевым, который вызывал у него искреннее
расположение.
Впоследствии я не раз имел возможность убедиться, что Кунаев старался
не  давать  в  обиду  казахстанскую  писательскую  паству.  Его  помощник
Владислав Владимиров рассказывал, как шеф выводил из-под удара Олжаса
Сулейменова, на которого посыпались шишки за озорную, задорную книгу
«Аз и Я» [10. 64 Б].
Қабдеш Жұмаділов «Есенберлиннің карьерасы» мәселесіне байланысты
өз  ойын  білдіре  отырып,  1967  жылы  Ілияс  Есенберлиннің  «Жазушы»
баспасына директор болып тағайындалуына Д.А. Қонаевтың шыныменен
де ықпалы болғандығын айтады. Жазушы ағамыз: «Сол жолы Республика
басшысы өзінің бір батыл шешімі арқылы қазақ әдебиетінде жаңа бір өскелең
ағымға жол салып бергенін, бәлкім, ойламаған да болар. Бірақ жолы болмай
жүрген бір талантқа қол ұшын беріп, оны батпақтан суырып алғаны анық.
Қонаев аса қажетті қызметке тағайындап қана қойған жоқ, оның алғашқы
шығармаларына  үнемі  қолдау  көрсетіп  отырды.  Егер  Димекең  ықылас
танытпағанда,  Ілекеңнің  «Айқас»  романына    да  сол  кезде  Мемлекеттік
сыйлық берейік деп тұрған ағайын жоқ болатын. Реті келгенде айта кетейік,
Қонаевтың ұзақ жылдық қызметінде басқа қателік-кемшіліктері болса бол-
ған шығар, бірақ оның әдебиет пен өнерге, жазушыларға жасаған қамқорлы-
ғын ешкім де жоққа шығара алмайды» - дегенді де қатты ескертеді.
Кеңес Одағын құрушыларға, орыс ұлтының атынан сөйлеп, тек қана өз
идеяларын керемет деп түсінген бір топ жалған марксшіл-лениншіл топқа
шын  мәнісіндегі  ұлттарды  өзін-өзі  басқаруы  тіптен  де  жақпаған.  Олай
болатын  болса  жоғарыдағы  А.Сорокиннің  «развал  многонациональных
империй  (есіңізде  ме  осы  туралы  Есенберлин  де  айтқан!)  и  образование
многочисленных  новых  национальных  государств  в  результате  Великой

215
войны и революционных катаклизмов во многом напоминают современные
нам  процессы  последних  двух-трех  десятилетий»  -  деулері  әлі  де  болса
келмеске кеткен Қызыл империя туралы аңсау екені сөзсіз [11. 64 Б.]. Соның
ішінде ұлттық мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның, тәуелсіздікке қол
жеткізуінің объективті көрініс екенін мойындамау әрекеттерінің нәтижесі.
Есенберлин  осыны  «уақытынан  оза  отырып  сезген».  Сондықтан  да
ол бір батырдың аузына қазақ ұлтын «алмас қылыш» деп салса, енді ғана
жаңа тұрғыдан қалыптаса бастаған ұлттық мемлекет – қазақ хандығының
әлемдік  мемлекеттердің  қатарында  өзін  сақтап  қалу  үшін  дамудың  жаңа
жолдарын «жанталаса» іздеп, оны тапқандай болғанда, күшті мемлекеттің
қалай да ебін тауып, оның өркениетті жолдармен алға жылжуына кедергі
болып  жатқанда,  «уысындағысын  бөтенге  бермейтін»  «Кенеден  де  өткен
қатты», қаһарлы жетекшілерінің тарихи сахнаға шыға келетінін аңсаған еді
Ілияс Есенберлин.
Ең  өкініштісі  сол,  миллиондаған  оқырмандардың  көңілінен  шығып,
барысында қазақ ұлтының кешегісі мен бүгінгісін салыстыра отырып, ұлт-
тың бойындағы жақсысы мен жаманын зерделеп отырған жазушы еңбегінің
жоқ жерден елеусіз қалуы, халық берген сүйіпеншіліктің біреулердің теріс
әрекеттерінің арқасында мойындалмауы еді.
«1982 жылы қаңтар айының ішінде Мәскеу түбіндегі Малеевка деген
жердегі жазушылардың шығармашылық үйінде әдебиетші Сейіт Қасқабасов
екеуміз  бір  жағынан  демалып,  шаңғы  теуіп,  екінші  жағынан  түртінектеп
бірдеңе жазған болып жатыр едік, – деп еске алады Р. Нұрғали. Бір күні
асханада кешкі тамақ үстінде:
-  Жаман  қазақтар,  халдерің  қалай?  -  деп  бір  жүзі  таныс  адам  біздің
үстелге келді. Енді таныдық – башқұрттың әйгілі ақыны – Мұстай Кәрім.
Қолма-қол жауап та айтылып қалды.
- Шүкір, жаман башқұрт аға, - дедім.
Мұстай күліп жіберді.
- Менің жаман қазақ деуімнің себебі бар. Ал, сен неге башқұртты жаман
дейсің?
- Барымтаға қарымта жасағанымыз ғой.
- Ә, солай ма? Мен Мәскеуден өте ренжіп қайттым, - деді түсін суытып
ол.  –  Сендерге  айтпасам  болмас,  ішіме  сиятын  емес.  Мен  қазақтарды,
Қазақстанды  ерекше  сүйемін.  Түрік  әлемінде  кеңдікті,  молдықты,
бұрынғыны  сақтап  қалған  алтын  бесік  деп  есептеймін.  Көптеген  ақын
достарым  бар:  Сырбай,  Жұбан.  Алматыда  талай  рет  болдым.  Хош.  Осы
күндерде  мен  қазақтардан  бұрын  көрмеген  бір  мінез  көріп  шошыдым.
Лениндік сыйлықтар комитетінде мен мүшемін. Соның соңғы талқылауына

216
грузин Нодар Думбадзе мен қазақ Ілияс Есенберлиннің романдары түсті.
Екеуін де оқыдым. Нодардікі – бүгінгі заманды айтқан жұқалтаяң шығарма,
Ілиястікі – мыңжылдық халық тарихын толғаған туынды. Нодарды жақтап
Грузиядан бір вагон қолдау келді; Ілиясты қаралап Қазақстаннан бір вагон
балағат  келді.  Ең  соңында  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  комитетінің
идеологиялық хатшысы қол қойған «Есенберлин шығармаларында халықтар
достығына, кеңестік идеяға қарсы сарындар бар» деген хат бәрін құртты.
Лениндік  сыйлықты  алып  тұрған  жерінен  Ілияс  Есеберлинді  қазақтар
жабылып құлатты. Бәрін бастап жүрген кім екенін айтпай-ақ қояйын, өздерің
де білесіңдер. Ішім күйіп кетті. Жігіттер, қазақ жаман дегенім сол үшін еді.
Қайтып алдым ол сөзді. Бірақ айтыңдаршы, Ілияс қазаққа не қиянат жасап
еді?
Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің сол сәттегі ашуына медет боларлық
сөз таба алмай, Сейіт екеуміз жерге қарадық [12].
Қазақтың бірін-бірі көрсетіп жазуы, бірін-бірі қаралауы, жала жауып,
күйдіруі сияқты жаман әдеттері қай кезден шықты екен деген ойға қаласың.
Біздіңше оның шығу төркіні біздің колониалдық бағынушылыққа молынан
еніп,  өзіндік  ел  болудан  қалып,  өз  билігімізден  өзіміздің  әбден  айырыла
бастаған  заманымызға  дөп  келеді.  Патша  әкімшілігі  қазақты  бір-біріне
айдап салып, бірін-біріне жамандатып, бірінің сырын екіншісіне айтқызып,
сөйтіп  ақыр  соңында  екі  жақты  да  өзінің  алдына  жығып  беретін  мұндай
амалды  аярлықпен  қолдап,  колонистерді  бағындырудағы  үздік  шара  деп
танып,  қолпаштап  отырғанын  тарихтан  білеміз.  Түбі  қызғаншақтықтан,
біреудің  істегенін  көре  алмайтын  күндестіктен,  еңбегіне  лайық  атақ  пен
даңққа  бөленуіне  іштарлық  жасаудан  туатын  бұл  жаман  әдет  қазақтың
басынан Кеңес одағы жылдарында да арылмады. Соның ішінде ұлтымыздың
ұлағаты, зиялы қауымымыз деп төбемізге көтеретін ақын-жазушыларымыз
бен ғалымдарымыздың арасында да өршіп кеткені – Ұлт санасының өріс
алуына тұсау болып келгенін несін жасырамыз. Өзгеге самарқау болса да
осы әдіске келгенде асқан белсенділік танытып, оны топталып жазу (топ
құру),  онымен  кем  дегенде  бір  қапшықты  толтыру,  қала  берді  сыпсың
сөздер, жалалы пыш-пыш әңгімелер тарату сияқты аяқтан шалудың аярлық
әдістерін  әбден  меңгерген  топтардың  пайда  болғанын  білгенде  жағаңды
ұстайсың. Тіпті әлі жетпей бара жатса, отбасы туралы да жалалы әңгімелер
таратып,  алты  алыс,  бес  берісі  болмаса  да  әйелі  мен  балалары  туралы
да  бықсық  сөздер  шығаратын  пасық  қылықтар  ондайлардың  күнделікті
әрекетіне айналған. Осы жолда талайды сүріндіріп немесе ит терісін басына
қаптатып, жұрттың бәріне жаманатты қылып шығаруға әбден машықтанып
алғандар  өз  топтарынан  басқалардың  жақсы  істерін  көргенде  жыландай

217
жиырылатын.  Соны  істеп  жүрген  халыққа  ақыл  айтып,  әдеппен  сөйлеп,
әдемі ой айтатын бір көрмеге әрі халықшыл патриот, әрі ұлттың жанашыры
болып  жүретін  адамдар  екенін  білгенде  жағаңды  ұстамай  көр.  Өкінішке
орай,  қазір  біршама  азайғанымен  осындай  әдістер,  бір-бірінің  үстінен
жасанды арыз-шағым жазушы пасық әдістер қазақ арасында әлі де қалмай
келеді.
«...Неге  екенін  қайдам.  «Көшпенділер»  сыйлыққа  ұсынылған  тұста,
дәлірек айтсам, шешімі әне-міне шығады деп күтіп жүрген сәуір айының
соңғы күндерінде маған өзінің (Есенберлинді айтып отыр – Қ.А.) заңсыз
жауапқа тартылып, қылмысы дәлелденбеген себепті түрмеден босатылды
деген  арнайы  мекемелердің  анықтамасын  көрсетті.  Ұмытпасам,  Ілекең
Түркіменстан жақта отырса керек-ті. Оның анық-қанығын сұрауға батылым
жетпеді. Қалай дегенмен де шын бостандықтың не екенін сезіну үшін бас
еркіңнен айрылған бір сағаттағы жан күйзелісің де жетіп жатыр. Есенберлин
болса  тек  жеке  өзінің  ғана  мүддесін  емес,  рухани  азаттықты  да  ту  етіп
ұстай білді. Сол еркіндікке өмір бойы құштарлана ұмтылды» - деп жазады
Т. Жұртбай.
Ер еңбегінің ақталғаны – жазушы аңсаған егемендік пен тәуелсіздіктің
арқасы. 2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының  депутаттары    Е.К.Астаев,  С.  Ақылбай,  К.Айтаханов,
М.Алтынбаев,  М.Бахтиярұлы,  А.Бижанов,  С.Қ.  Еңсегенов,  Ж.Е.Ерғалиев
жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде
ЮНЕСКО-ның эгидасында тойлау туралы ұсыныс жасап, үкіметтің атынан
осы халықаралық ұйымға ықпал ету туралы сұраныс жасаған.
2013  жылы  5-20  қазан  аралығында  Париж  қаласында  өткен  Бас
конференцияның  37  сессиясының  Актісіне  сәйкес  қазақ  жазушысы
Ілияс  Есенберлиннің  100  жылдық  мерейтойы  аталған  халықаралық
ұйым  шеңберінде  өткізілетін  шаралар  тізіміне  енгендігі  туралы  шешім
қабылданды [14. 46Б].
«Ештен кеш жақсы» дейтін де қазақ халқы ғой...

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет