§3. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУ НЕГІЗДЕРІ
Заң шығарушы жария да, жасырын да жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу үшін негіз болатын Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңында жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің негіздерін белгілеген. Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 10 бабына сәйкес жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу негіздері келесідей:
А) қозғалған қылмыстық істің болуы;
Б) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдарға келіп түскен:
- әзірленіп жатқан, жасалып жатқан және жасалған құқық бұзушылық;
- анықтама, тергеу және сот органдарынан жасырынып немесе қылмыстық жазадан жалтарып жүрген адамдар;
- азаматтардың хабарсыз кетуі және танылмаған мәйіттердің табылуы;
- шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қызметтерінің барлау-бүлдіру әрекеттері туралы хабарламалары;
В) өздерінің қарауындағы қылмыстық істер бойынша тергеушінің жазбаша тапсырмалары және прокурордың нұсқаулары, сондай-ақ соттың ұйғарымдары, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың қаулылары;
Г) құқықтық көмек туралы шартқа (келісімге) сәйкес халықаралық құқық қорғау ұйымдарының және шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының сауал салулары;
Д) қоғам, мемлекет мүддесі мен оның экономикалық және қорғаныс әлеуетін нығайту мүддесіне орай барлау ақпараттарын алу қажеттігі жөніндегі хабарламалар.
Осылардан басқа жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдар өз құзыреті шегінде өзінің не өзге мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша азаматтардың жеке басын сипаттайтын және шешімдер қабылдау үшін қажетті мынадай деректер жинауға құқылы:
ішкі істер, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік, әскери барлау, қаржы полициясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жұмысқа және қызметке қабылдау туралы;
жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде;
мемлекеттік құпия болып табылатын мағлұматтарға немесе тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін апат немесе экологиялық қауіпті аса жоғары объектілер мен ғимараттарды пайдалануға байланысты жұмыстарға рұқсат беру туралы;
жедел-іздестіру қызметіне қатысуға рұқсат беру немесе оны жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды пайдалануға рұқсат беру туралы;
жеке детективтік және күзет қызметімен айналысуға рұқсат берілгені туралы.
Көрсетілген негіздер түпкілікті болып табылады және тек заңмен ғана толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |