Вирус – жасушасы жоқ өте ұсақ ағзалық зат. Ол бактериядан кіші. Вирус – латынша «у» деген сөз. Алғаш рет темекі теңбілі вирусын 1892 ж орыс биологы Д. И. Ивановский ашты. Вирус х100000 есе үлкейтетін микроскопта ғана көрінеді. Вирусты өсімдікке де, жануарға да жатқызуға болмайды. Вирус терминін 1899 ж ботаник М. В. Бейерник ғылымға енгізді.
Вирус екі түрлі нуклеин қышқылынан, сыртында нәруызды қабығы бар ағзалық заттардан құралады. Оның пішіні – шар, сопақ, таяқша, жіп тәрізді. Вирустың өлшемі 2 – 5·10-7 см.
Вируста жасушадан тысқары жерде зат алмасу жүрмейді. Ол нуклеин қышқылын тірі жасушаларға енгізіп, оны өзінің көбеюіне пайдаланады. Соның нәтижесінде 30 минутта 1 жасушадан жүздеген жаңа вирустар пайда болады. Пайда болған жаңа вирустың бөлшектері келесі жасушаны зақымдайды. Вирус жасуша ішінде ғана әрекет ететін паразит болып табылады. Ол кез келген тірі ағзалар тобын зақымдайды.
Өсімдік, жануар, адам ағзасында ғана вирус көбейе алады. Кейбіреуі бактерия жасушасын ерітіп жібереді. Вирустар тек тірі жасушада ғана тіршілік етеді.
Вирус Спид вирусы
1-сурет.
Бактерия жасушасына енетін вирус бактериофаг деп аталады (2-сурет). Зерттеу нәтижесінде өсімдікте 400 және жануарда 500 вирус түрлері тіршілік ететіні анықталған.
Бактериофаг Бактериофагтың көбею сызбанұсқасы
2-сурет.
Ауру туғызатын вирустар. Вирус ағзаның жасушаларына еніп, тіршілігін бұзады, ауру тудырады. Олар: тұмау, балалардың сал ауруы, қызылша, сары ауру, шешек, ұшық, ИТИС (иммунитет тапшылығын иемденген синдром). Бұл ауруларды емдеу өте қиын. Вирустарға антибиотик дәрілер әсер етпейді. Көбіне ағзаның иммунитет жүйесі ғана ауру туғызатын вирустардың шамадан тыс көбейіп кетуін тежейді.
Иммунитет – ағзаның ауру қоздырғыштарын қабылдамайтын қасиеті.
Тұмау вирусының көбеюі Тұмау – адам өміріне қауіпті ауру. 1918 – 1919 жж. тұмаудың үш толқыны барлық Жер шарын қамтыды. 20 млн адам өмірден озды.
Америка Құрама Штаттарында 1968 – 1969 жж. қысында 50 млн адам гонконг тұмауымен ауырып, 70 мың адам қайтыс болды.