К. Линней(1707–1778) Жануарларды негізгі жүйелік топтарға жіктеу. Жер ғаламшарын дағы сан алуан жануарларды жеке-жеке атау, түрлерге ажырату, жүйеге келтіру оңайға түскен жоқ. Біздің заманымыздан бұрын (б. з. б.) V–ІV ғасырларда ғалымдар жануарларды жүйелеп, жіктеуге ерекше назар аударды. Ежелгі грек ғалымы Гиппократ (б. з. б. 460 – 370 жж шамасында) сол кезде белгілі жануарларды тіршілік ететін ортасына байланысты жіктеді. Грецияның ұлы ойшылы Аристотель (б. з. б. 384 – 322 жж шамасында) жануарларды аңдар, құстар, балықтар, киттер және бунақденелілердеп, негізгі топтарға жүйеледі. Жануарлар әлемін жүйелеу ісінде швед ғалымы Карл Линней білгірлік көрсетті. Сондықтан ол жануарларды жүйелеудің негізін қалаушысы болып саналады. К. Линней ағзаларға қосарлы атаутізім беруді ұсынды. Мұнда ол туыстық белгісіне қарай түрге екі атау берді. Мысалы, шақшақай туыстас құстардың үш түрі бар. Олар: «Ақ шақшақай», «Сары шақшақай» және «Сарыбас шақшақай». «Ақ», «Сары», «Сарыбас» сөздері жеке түрге ғана қолданылады. Сондықтан мұны түрге берілген белгі деп түсінуіміз қажет. Барлығына ортақ – екінші атау «шақшақай» – құстың туыстық атауы. Ағзаларға (микроорганизмдер, өсімдіктер, жануарлар) жіктеу кезінде туыстық екі атау беру қосарлы атаутізімдеп аталады. Қосарлы атаутізім бойынша құс туысының қай түрге жататынын бірден біле аламыз.
Түр дегеніміз – Жер ғаламшарындағы тіршілік атаулыларды жүйелеудегі негізгі өлшем бірлік. Бір түрде бірнеше даралар (особь) болады. Олар өзара бірімен-бірі еркін жұптасып, өзінен кейін ұрпақ қалдырады. Әр түрге жататын даралар бірімен-бірі жұптасқанмен де, соңынан ұрпақ қалдыра алмайды.
Оған жылқы мен есектің шағылысуынан туған қашыр мысал бола алады. Қашыр ұрпақ бермейді.
Француз ботанигі Жозеф Питон де Турнефор (1656–1708) XVІІ ғасырдың соңында жүйелеу үшін класс ұғымын енгізді.
«Тип» терминін 1825 жылы француз зоолог-анатомы Анри Мари Бленвиль (1777–1850) ұсынды.
К. Линней жануарларды жүйелік топқа жіктеу кезінде түрді негіз етіп алды. Ол түрді – туысқа, туысты – тұқымдасқа, тұқымдасты – отрядқа, отрядты – класқа, класты – типке, типтерді жануарлар дүниесіне біріктіруді ұсынды. Сөйтіп жануарларды жіктеудің мынадай қысқаша сызбанұсқасы қалыптасты: түр → туыс → тұқымдас → отряд → класс → тип → жануарлар дүниесі. Жұмыртқа салатын қауырсын жабынды жануарлардың барлығы бір класқа – құстар класына біріктіріледі. Туыстас кластар топтасып, тип түзеді.
Бұдан біз жануарларды жіктеу барысында жануарлар дүниесі – ең жоғарғы деңгей, ал түрдің ең төменгі деңгейдегі табиғи құрылым екенін аңғарамыз.
Жануарлар мен өсімдіктерді жүйелеу негізінен алғанда ұқсас. Алайда жіктеу кезінде біраз өзгерістердің де болатынын төмендегі кестеден көре аламыз:
Жануарларды топтастыру қалай болса солай бөліне салмайды. Олардың туыстығы мен ұқсастығы туралы барлық деректерге сәйкес жүзеге асырылады. Жіктеу кезінде бөлінген топтар жануарлардың шығу тегін және эволюциясын толық қамтып, айқын көрсетеді. Жануарларды топтарға бөліп, жіктеудің маңызы зор.
Бұдан жануарлар дүниесінің қарапайым жәндіктерден омыртқалы жануарларға дейін құрылымының күрделене түсетіні нақтылы көрінеді.
Жануарларды бұлай жіктеу көптеген зерттеулер арқылы жүзеге асырылды. Бұл ғылыми деректерге байланысты тарихи дамуы бағытында жүйеге келтірілді. Қазіргі заманда жануарлар әлемі жүйесінде 20-дан астам типтердi және жүздеген кластарды ажыратуға мүмкiндiк туды.