Қазақстандағы жануарларды зерттеу тарихы. Халқымыз ежелден-ақ төрт түлiк мал – түйе, жылқы, сиыр және қой-ешкiнi қолға үйреттi. Олардың етi-сүтiн, терi-жүнiн, басқа да өнiмдерiн қажеттерiне жарата бiлдi. Зоологияны ғылым ретiнде терең зерттеген жоқ. Тек өмір тәжірибесіне байланысты жануарларды қызықтай біледі. Оларға аударған ықыласын аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, ертегі-жұмбақтар, басқа да тәсілдер арқылы
ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Тіпті ХІ ғасырда Махмуд Қашғари тәрізді ғұлама ғалымдар республикамызда мекендейтін жануарлар туралы жазба деректер қалдырды. Бұл салада араб, парсы және Қытай саяхатшыларының да үлесі аз емес.
Махмуд Қашғари (1015-1083)
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1397-1482)
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – біртума қазақ шипагері. Ол – науқастың емін табу үшін өзіне-өзі сынақтәжірибе жасаған, қазақтың нағыз мақтанышы. Өтейбойдақ шешекпен қайтадан ауырмаудың әдісін бірінші болып тапқан. Өзіне жасаған тәжірибе нәтижесін шешекпен ауырған балаға жасап, оны сауықтырған. Ол үшін балаға шыққан шешек іріңін тананың шап терісін тілгенде шыққан қанға жаққан. Тана шабында бір аптадан кейін томпайған ісіктер байқалған. Сол томпақты жарып, ішіндегі сұйығын күн түспейтін салқын орында сақтаған. Әзірленген сұйықтан үшкірленген ағашпен бір тамшы алып, баланың білегіне жаққан. Сұйықтық жағылған жерді инемен сызып қойған. Сөйтіп Өтейбойдақ шипагер тұңғыш рет шешек екпесін (вакцина) тапқан. Бұл кезде ол 49 жаста екен. Ал біз шешек екпесін ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер 1798 жылы тапты деп білеміз. Шешек екпесін Өтейбойдақ шипагер ағылшын дәрігерінен 352 жыл бұрын ашыпты!
Республикамыздың жануарлар дүниесін ғылыми тұрғыдан зерттеуге XVІІ–XVІІІ ғасырларда ұйымдастырылған экспедициялардың ықпалы мол болды. Әсіресе қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың қосқан үлесі ерекше.
П.И.Мариковский (1912)
Шоқан Уәлиханов (1835-1865)
Қазақстанда алғашқы зоологиялық зерттеулер XVІІІ–ХІХ ғасырларда басталды. П. С. Паллас – құс пен аңның 45 түріне, Э. А. Эверсман құстардың 8 түріне сипаттама беріп, жүйеледі. Н. А. Северцев Түркістан жануарларының орналасуы, Г. В. Никольский Балқаш қазаншұңқырындағы омыртқалы жануарлар туралы алғашқы ғылыми жинақтарды жариялады. Ал ХХ ғасырдың басында Арал теңізі мен Балқаш көлінің балықтарын Л. С. Берг, құстар фаунасын Н. А. Зарудный, П. П. Сушкин, т.б. зерттеді. К. И. Скрябин Оңтүстік Қазақстанда кейбір үй хайуанаттары мен жабайы жануарлардың ішек-құрттарын зерттеп, маңызды деректер жариялады.
Қазақстанда 1924 жылға дейін зоологиялық мекемелер болмады. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін Ресей ғылым академиясы мен Мәскеу мемлекеттік университетінің, т.б. жоғары оқу орындарының ғалымдары: Н. О. Оленов, Б. С. Виноградов, Б. А. Кузнецов, Б. А. Хохлов, Б. А. Селевин, т.б. зерттеді. Жабайы жануарларды зерттеу үшін республикамыз да зоологиялық сектор ашылды (1932). Зерттеу жұмыстары ғылым академиясының институты құрылғаннан (1944) кейін ғана нақтылы жолға қойылды. Омыртқасыз және омыртқалы жануарларды зерттеуде және оларды жүйеге келтіруде көптеген ғалымдар атсалысты. И. А. Долгушин, А. А. Слудский, А. В. Афанасьев, М. И. Исмагилов, К. Ы. Ысқақова, С. И. Ибрашева, П. И. Мариковский, С. К. Сыбанбаев, Е. В. Гвоздев, И. Г. Галузо, С. Н. Боев, Б. А. Домбровский, К. Б. Бердіоңғаров, А. Ф. Ковшарь, Т. Н. Досжанов, А. Бекенов, т.б. ғалымдар зоология ғылымының дамуына ерекше үлес қосты және одан әрі дамытуда.