Индекстер туралы жалпы түсінік



бет1/4
Дата02.05.2023
өлшемі23,57 Kb.
#88814
түріСабақ
  1   2   3   4

7 практикалық сабақ
Индекстер туралы жалпы түсінік. Әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестердің өзгеруіне талдау жасау кезінде нақты, қатысты, орташа шамалар мен проценттер сияқты көрсеткіштер қолданылады. Осындай көрсеткіштердің ішінде ең көп тараған түріне жататыны индекстік әдіс болып табылады.
Индекс деген сөздің түпнұсқасы латынның “index” терминінен шыққан, қазақшаға аударғанда “көрсеткіш, белгі, тізім” деген мағынаны білдіреді. Статистикада біріне-бірін тікелей қосуға болмайтын белгілерлен тұратын күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың жеке себептерінің үлесін анықтауға қолданылатын және уақытқа байланысты кеңістіктегі орташа өзгеруін сипаттайтын қатысты шаманың ерекше түрін индекстік әдіс деп айтады.
Индекстік әдісті қолдану арқылы төменде берілген негізгі мәселелерді шешуге болады: салыстыруға келмейтін және қосуға болмайтын күрделі экономикалық құбылыстардың жеке бөліктерінің уақытқа қарай өзгеруін сипаттайды; құбылыстар құрылымының белгілеріне қарай өзгеруін анықтайды; күрделі құбылыстар көрсеткіштеріне әсерін тигізетін себептерді жалпы жиынтық және жеке бөліктері бойынша қарастырады.
Олардың ішінде ең негізгісі - қоғамдық құбылыстарға әсерін тигізетін себептерді анықтау.
Индекстік әдісті қолдану арқылы есеп жұмыстарын жүргізу үшін екі уақыт кезеңінің нақты сандық көрсеткіштері алынады. Оның біреуін, яғни салыстырылатын уақыт шамасын есепті немесе ағымдағы кезең деп айтады. Ол статистикалық зерттеу объектісінің негізгі көзі болып саналады. Бұл көрсеткіштер әрқашанда индекстік қатынастың алымында беріледі және “i” деген таңбамен белгіленеді. Ал онымен салыстыратын мезгілдің шамасын өткен уақыт немесе базалық кезең дейді және оны “0” белгілейді. Бұл көрсеткіштер есепті уақытта немес ағымдағы кезеңде болған экономикалық құбылыстардың өзгеруіне баға беруіне үшін қолданылады. Сондықтан, бұл жерде ең бастысы – салыстыратын мезгілді ғылыми негізде дұрыс ала білу. Себебі дұрыс алынбаған базалық уақыт ағымдағы кезеңнің шамасын, яғни оның өскендігін немесе кемігендігін бұрмалауы мүмкін.
Индекстік әдіспен есептелінген көрсеткіштер коэффициентпен, ал оны 100-ге көбейту арқылы процентпен өлшенеді. Егер индекстік көрсеткіштер 1-ден немесе 100-ден көп болатын болса, онда құбылыстың өскенін, көбейгенін, ал керісінше, 1-ден немесе 100-ден аз болатын болса, онда оның кемігенін, яғни азайғанын көрсетеді.
Халықаралық тәжірибеде индекстік әдісті қолдану кезінде көрсеткіштер төмендегі берілген латын әріптерімен белгіленеді:
“q” – сандық көрсеткіш, яғни өнімнің көлемі, мөлшері;
“p” – бір дана өнімнің, заттың бағасы;
“z” – бір дана өнімнің, заттың өзіндік құны;
“t” – бір дана өнімді, затты өндіруге жұмсалған жұмыс уақытының шамасы;
“w” – еңбек өнімділігі және т.с.с.
Осы келтірілген белгілерді қолдану арқылы әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерді жекелеген белгілері бойынша немесе сол берілген жалпы жиынтық бірліктерінің сандық және сапалық мәндерін қоса ала отырып, уақытқа қарай өзгеруін индекстік әдіс бойынша есептеуге болады. Бірақ, зерттеу зерзатының көрсеткіштеріне байланысты негізгі екі топқа, яғни көлемдік және сапалық индекстерге бөлінеді.
Бірінші топқа өнім көлемінің жалпы индекстері жатады. Мысалы, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, тауар айналымының және т.б. көлемі алынады. Бірақ, осы көрсетілген индекстердің бәрінде көлемдік көрсеткіштер өзгеріссіз тұрақты баға бойынша бағаланады.
Екінші топқа – сапалық индекстер, яғни бағаның, өзіндік құнның, еңбек өнімділігінің, түсімділіктің және т.б. индекстері жатқызылады. Бұл индекстердің бәрінде көлемдік көрсеткіштер өзгеріссіз, тұрақты бір ағымдағы кезең дәрежесімен алынады.
Индекстердің мұндай екі топқа бөлінуінің маңызы өте жоғары және есептеу кезінде түрлі тәсілдерді қолдануға толық мүмкіндік туады. Осыған орай, жиынтық бірліктерін қамту дәрежесіне байланысты индекстер жеке және жалпы болып екіге бөлінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет