Ақпаратты жеткізушілер. Ақпаратты жіберу және жеткізу адамзат қоғамы мен экономиканың дамуында маңызды фактор деп есептеледі. Осыған байланысты ақпаратты сақтау мен өңдеумен қатар, оларды тарату, қажетті жерге жеткізу құралдарының болуы міндетті. Қазіргі заманда ғылымның, экономиканың, жалпы қоғамның дамуындағы байланыс технологияларының ролі аса зор.
«Ақпарат» туралы түсінік пен қатар, «хабарлама» туралы түсінік енгізілген болатын. Хабарлама дегеніміз ақпаратты белгілі бір форма түрінде бейнелеу. Хабарлама әртүрлі таңбалар мен белгілеулер арқылы бейнеленеді. Мысалы, қолданылатын шартты белгілер: әріптер, цифрлар, математикалық таңбалар, сөздер, суреттер және т.б. Сонымен, ақпаратты басқа жерге жіберу үшін ол хабарлама түріне келтірілуі тиіс.
Хабарламаны жіберу үшін белгілі бір ортадағы физикалық процесс қолданылады. Хабарламаны бейнелейтін физикалық процесті сигнал деп атайды. Көпшілігінде радиотехникалық жүйелерде электрлік сигнал пайдаланылады. Ақпаратты бір жерден екінші жерге жеткізу үшін оны қамтамасыз ететін белгілі бір жүйе қажет. Ондай жүйені байланыс жүйесі деп атайды. Байланыс жүйесінің негізгі міндеті – белгілі бір уақыт мерзімінде барынша көп мәліметтерді шынайы түрде, ешбір қатесіз жеткізу.
Бұл жерде екі түрлі проблема пайда болуы мүмкін:
- біріншіден, жіберілетін хабарлама үнемді болуы тиіс немесе оны кодтағандағы таңбалар саны барынша аз болуы;
- екіншіден, жіберілген хабарламадағы қателер барынша аз болатын кодтарды пайдалану.
Бұл жерде ақпаратпен байланысты процестерді сан түрінде бағалау қажет болады. Ол проблемамен айналысатын ғылым саласын ақпарат теориясыдеп атайды.
Ақпарат алмасуда табиғи және жасанды таңбалардың жүйелері қолданылады. Таңбалар жүйесімен айналысатын ғылым саласы семиотека деп аталынады.
Сигналдар мен олардың түрлері. Жоғарыда айтылғандай, ақпаратты тасымалдаушы ретінде сигнал қолданылады. Сигналдар табиғи және жасанды болады. Табиғи сигналдарға жататындары жарық, акустикалық (дыбыс) және басқа табиғатта кездесетін әртүрлі табиғи құбылыстарда кездесетін сигналдар. Жасанды сигналдарды адамдар ақпарат жіберу үшін құрастырады. Сигналдың материалдық негізі ретінде физикалық нысана немесе процесс пайдаланылады. Оларды ақпарат (хабарлама) тасымалдаушысы деп атйды.
Ақпарат тасымалдаушысы ретінде табиғаты әртүрлі тербелістер пайдаланылады. Көбінесе электр тогы немесе электр кернеуі ақпарат тасымалдаушысы ретінде қолданылады. Электр толқынының амплитудасы, жиілігі және фазасы ақпараттық параметрлер болып есептеледі. Электрлік тербелістер екі түрлі болуы мүмкін:
- детерминделінген немесе кез келген уақыт сәтінде дәл анықталған;
- кездейсоқ немесе кейбір параметрлердің мәндері алдын ала анықталмаған және алдын ала білуге болмайтын.
Сигналдарды жіберу және жеткізу үшін арнайы ақпарат жеткізу жүйесі қолданылады. Оның құрамына хабарлама көзі (жіберуші) мен алушы, жіберуші және қабылдаушы құрылғылар, байланыс жолы кіреді.
Жіберуші құрылғы хабарламаны байланыс жолы арқылы жіберу үшін сигналға айналдыруды қамтамасыз етеді, ал қабылдаушы құрылғы сигналды қайтадан жіберілген хабарлама түріне айналдыруы тиіс. Қазіргі кездегі байланыс жүйелерінде осы міндеттерді модем деп аталынатын құрылғы орындайды.
Модем – модулятор және демодулятор деген сөздердің алғашқы екі және үш әріптерінен құралған термин. Модем екілік жүйедегі деректерді (биттерді) аналог сигналдарға айналдырады және қабылданған аналог сигналдарды қайтадан цифрлы түрге келтіреді.
Ақпарат жеткізу жүйесі дегеніміз ақпаратты берушіден алушыға жеткізуді қамтамасыз ететін техникалық құралдар: таратушы, қабылдағыш, байланыс жолы.
Байланыс арнасы дегеніміз ақпарат жеткізуге арналған физикалық орта мен аппараттық құрылңылар.
Қазіргі кезде негізінен аналог байланыс арналары қолданылады. Ал дискретті (екілік жүйеде кодталынған) ақпаратты аналог байланыс арнасы арқылы жеткізу үшін жіберетін жерде модуляция жасалуы тиіс. Физика пәнінен белгілі, жіберілетін деректерді тасымалдаушы толқынмен модуляция (біріктіріледі) жасалынады. Қабылдаушы хабарламаның бұрынға формасына келтіреді; оны демодуляция деп атайды. Осы амалдардың барлығын модем орындайды.