құйылған сұйық жүкті тасымалдау тәртібі 546. Вагон-цистерналармен (бұдан әрі – цистерналар) және мұнайбитумды тасымалдауға арналған бункер үлгісіндегі вагондармен (бұдан әрі – бункерлік үсті ашық вагондар) құйылып тасымалданатын жүктер жалпы шарттарды сақтай отырып тасымалданатын қауіпсіз емес жүктерге және жалпы шарттардан басқа осы Қағидада және Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің 50-ші отырысында (2009 жылғы 22 мамыр) бекітілген Вагон-цистерналармен және мұнайбитумды тасымалдауға арналған бункер үлгісіндегі вагондармен құйылып тасымалданатын сұйық жүктерді тасымалдау қағидасында көзделген арнайы тасымалдау шарттары орындалуы тиіс қауіпті жүктерге бөлінеді. 547. Құйылмалы жүктерді тасымалдау үшін осы мақсаттарға ғана арналған техникалық жарамды вагон-цистерналар мен мамандандырылған цистерналар, бункерлік үсті ашық вагондар, мүкәммал, сондай-ақ меншікті (жалданғандар) вагондар қолданылады. Құйылмалы жүктерді тасымалдауға арналған цистерналар нормативтік құжаттардың талаптарына (стандарттар, техникалық шарттар, техникалық пайдалану қағидасы) сай болуы тиіс және жылжымалы құрамға қойылатын талаптар көлемінде сынақтардан өтуге тиіс. Цистернаның нақты үлгісін әзірлеуге арналған техникалық шарттарда жүктің атауы немесе олардың (жүктердің) тізбесі, оларды тасымалдауға арналған цистерна көрсетіледі. Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған цистерналарда мына трафареттердің біреуі болуы тиіс: «Бензин - Мұнай» («СТ»), «Бензин» («С»), «Мұнай» («Т») «Мазут» («Т»), ал арнайы және мамандандырылған цистерналарда - мұнай өнімінің дәл атауы болуы тиіс. 548. Бункерлік үсті ашық вагондар тұтқыр мұнайбитумын және мұнай коксын тасымалдауға ғана пайдаланылуы мүмкін. Бұларда қатты маркалардағы мұнайбитумын тасымалдауға жол берілмейді. 549. Ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған цистерналарда мұнайды, мазутты, мотор отынын және басқа күңгірт түсті мұнай өнімдерін, сонымен қатар майларды тасымалдауға жол берілмейді. 550. Мына жағдайларда:
егер оларды жоспарлы жөндеуге дейін және|немесе қазандық пен арматураны техникалық куәландыруға дейін бір айдан кем уақыт қалса; вагонның нақты нөмірі, таңбалау тақтайшасы, дайындаушы зауыттың тақтайшалары болмаса; сыртқы баспалдақтар (егер ол вагон құрылымында көзделген болса), өтпелі көпірлер, жұмыс алаңшалары және олардың қоршаулары болмаса немесе ақаулы болса; цистерна қазандығы, үсті ашық вагон бункері ақса, бекіткіш-сақтандырғыш және төгу-құю арматуралары ақаулы болса, цистернаның бу қаптамасында, үсті ашық вагон бункерінде жарықшақ болса; құю және төгу люктерінің қақпақтарында жарықшақ болса; цистернаның тиеу люгінің қақпағында тығыздаушы аралық төсем болмаса; қауіптілік белгілері, жазулар, трафареттер мен ажыратушы бояу болмаса; цистерна қалпағының тиеу люгінбекіту үшін екі не одан аса қатар тұрған лақтырмалы бұрандамалардың болмаса немесе ақаулы болса, вагондарды және контейнерлерді бекітуші-пломбалаушы құрылғылармен пломбалаудың белгіленген ережелеріне сәйкес люк қақпағын пломбалауға арналған тесіктер болмаса, жүкті цистерналарда, бункерлік үсті ашық вагондарда тасымалдауға жол берілмейді. Қауіпті жүктерді тиеуге берілетін бос цистерналар тиеу басталғанға дейін ВУ-14 нысанындағы жеке кітапта тиісті белгі қойыла отырып, тәулік ішінде техникалық қызмет көрсетуге ұсынылады. Цистернаны коммерциялық қарап тексеру кезінде қазандық бояуының дұрыстығы және оған меншік иесімен (жалға алушымен) арнайы жазбалардың және трафареттердің дұрыс енгізілуі тексеріледі. 551. Қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде жүк жөнелтуші цистерналарға Вагон-цистерналарда және бункерлік үлгідегі вагондарда құйып тасымалданатын жүктердің алфавиттік көрсеткішіне (Достасты ққа қатысушы мемлекеттердің Темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің 50-ші отырысында 2009 жылғы 22 мамырда бекітілген Вагон-цистерналармен және мұнайбитумды тасымалдауға арналған бункер үлгісіндегі вагондармен құйылып тасымалданатын сұйық жүктерді тасымалдау қағидасына қосымша) сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) қауіптілік белгілерін және нөмірлерін жазып қояды. 552. Цистерналар мен бункерлік үсті ашық вагондарда тасымалданатын жүктің құйылуы арнаулы жабдықталған және қауіпсіздік талаптарына жауап беретін орындарда жүргізіледі. Жүк құйылатын және төгілетін орындардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жүк жөнелтуші қамтамасыз етеді. Атмосфералық жауын-шашын (мысалы, жаңбыр және қар жаууы) кезінде мұнайбитумды бункерлік үсті ашық вагондарға құю мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін құю аймақтары бункерге атмосфералық жауын-шашын түсуінің алдын алатын құрал-саймандармен жабықталған болуы тиіс. 553. Вагондарды, контейнерлерді тиеуге дайындау меншік құқығында немесе өзге заңды негізде және жасалған шартқа сәйкес вагондар тиесілі тұлғаның есебінен жүзеге асырылады. 554. Жүк жіберілетін станцияның теміржолдық жолдарында цистернадан жүктің ағуы пайда болған жағдайда, жүк жөнелтуші жүкті, қоршаған табиғи ортаны сақтап қалуды қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды, оның ішінде жүкті басқа цистерна немесе ыдысқа ауыстырып құйып алу арқылы дереу шара қабылдайды. 555. Цистернаны толтыру деңгейін есептеу осы Қағидаларға 45-қосымшаға сәйкес жүргізіледі. 556. Жүк жөнелтуші құйылып болғаннан кейін: тығыздаушы төсемнің қақпақтың диаметріне сәйкес орнатылу дұрыстығын; тиеу люгі қақпағының, бункердің, төгу-құю арматурасының, бітеулердің герметикалық жабылуын; цистерна қалпағының бекіту-пломбалау құрылғыларымен вагондар мен контейнерлерді пломбалау тәртібіне сәйкес пломбалануын; жүк құю кезінде вагонның жүк ыдысының сыртқы бетінде, цистерна және бункерлік үсті ашық вагондардың рамаларында, жүріс бөліктерінде, тежеу жабдықтарында пайда болған ластануларды жоюды қамтамасыз етеді. Осы тармақта айтылған талаптар бұзылған жағдайда, тасымалдаушы жүк алушыдан анықталған бұзушылықтарды жойғанша цистернаны, бункерлік үсті ашық вагондарды қабылдамайды. 557. Жүк алушылар алдын ала жүкті құйып алуды ұйымдастыру, ал қажет болған жағдайда - оны жылыту жөніндегі шараларды қабылдайды. Цистерна қазанында вакуум пайда болуы мүмкін болғандықтан, жоғарғы люктің қақпағы жабық кезде төменгі төгу құралы арқылы жүктің төгілуін жүргізуге жол берілмейді. 558. Бункерлік үсті ашық вагондардан битумды түсіріп алу үшін жүк алушыларда тиісті қабылдап алу және бумен жылыту құралдары болуы тиіс. 559. Бункерлік үсті ашық вагоннан битумды түсіріп алу әр бункерден реттілік бойынша жүргізіледі. Үсті ашық вагон аударылып кетпесі үшін екі және одан да көп үсті ашық вагон бункерлерінен бір уақытта жүк түсіруге тыйым салынады. 560. Жүктерді цистерна және бункерлік үсті ашық вагондардан құйып алу қазан және бункердің ішкі бетінен тұтқыр өнімдерді толығымен алу арқылы жүргізілуі тиіс. Мұнай өнімдері жоғарғы құйылымды цистерналардан 1 сантиметрден аспайтын қалдық қалғанда ғана (қалпақтың астының өлшемі бойынша) толық құйып алынған болып саналады. Бункерлік үсті ашық вагондарда 3 сантиметрден аспайтын қалдықтықа жол беріледі (бункердің ортаңғы бөлігін өлшеу бойынша). Жіберуші мен алушының арасындағы келісім бойынша меншікті (жалдамалы) цистерналардың ішкі бетін тазалау жүргізілмеуі мүмкін. Тасымалдаушы цистерналар мен бункерлік үсті ашық вагондардың толық құйылып алынғанын тексеруі мүмкін. Құйып алғаннан кейін толық тасымал құжаттары бойынша жүк алушының пломбасын алуға жіберілген цистерналардың толық ағызып алынғанына тексеру жүргізілмейді. Құю станцияларында жүктің қалдығы бар, сондай-ақ қазандарының (бункерлердің) сыртқы беті тазаланбаған цистерналар және бункерлік үсті ашық вагондар табылса, жалпы нысандағы ГУ-23 актісі жасалады және вагондар алушыға тазалау үшін қайтарылады. 561. Тасымалданатын құйылмалар қатарынан кейбір жүктер суып қалады немесе оларды құйып алудан бұрын алдын ала жылыту қажеттігін туғызатын тұтқырлыққа ие болады. Тұтқыр және суып қалатын жүктерді алушылардың цистерналардан мұндай жүктердің толық құйылып алынуын қамтамасыз ететін қуаты жеткілікті жылыту құралдары болуы тиіс. 562. Цистерна мен бункерлік үсті ашық вагондардағы жүкті құйып алғаннан (түсіріп алғаннан) кейін жүк алушы: бункерлік үсті ашық вагонды жүк қалдығынан, ластан, мұздан, шөп-шаламнан тазартуды; цистерна және бункерлік үсті ашық вагонның қазанының, рамаларының, жүріс бөліктерінің, тежеу жабдықтарының сыртқы бетін тазартуды және қазандағы белгілер, жазулар және трафареттерді айқын көрінетіндей етіп, қалпына келтіруді; барлық ілгіш-ілдіргіштерді қалыпты жағдайда орнатуды және қажет болса қысқа істікшені қолданып құлып бұрандарын толығымен бұрап қоюды; рама жазықтығына қатысты алғанда, сондай-ақ бір-біріне қатысты алғанда үсті ашық вагонның бункерлерін қисайтпастан дұрыс қоюды және бекітуді; қауіптілік белгілерін алып тастауды; цистернаның төгу-құю бөлшектерін, бекітуші-сақтандырушы арматурасын, басқа жабдықтарын да көліктік жағдайға келтіру, клапанның және құю құралының бітеушесінің тығыз жабылуын; орнына орнатылған тығыздаушы төсемелердің болуын, цистерна люгі қақпағының тығыз жабылуын; босаған цистернаның бекітуші-пломбалаушы құрылғылармен пломбалануын қамтамасыз етеді, егер ол осы Қағидаларға сәйкес толық тасымал құжаттары бойынша қайтарылуы тиіс болса. Осы тармақта айтылған талаптар бұзылған жағдайда, тасымалдаушы жүк алушыдан анықталған бұзушылықтарды жойғанша цистернаны, бункерлік үсті ашық вагондарды қабылдамайды. 563. Жүкті тасымалға ұсыну кезінде жүк жөнелтуші әрбір цистернаға, бункерлік үсті ашық бункерлік вагонға немесе осындай вагондар тобына осы Қағидалардың 7-тарауына сәйкес толтырылған жүк құжатын ұсынады. 564. Жуу-булау пункттерінде рұқсат етілген нормадан асатын жүктің төгілмеген қалдықтары бар цистерналар және бункерлік үсті ашық вагондар анықталған жағдайда, құю немесе жуу-булау пунктінде анықталған цистернаның (бункерлік үсті ашық вагонның) толық төгілмегені туралы осы Қағидаларға 44-қосымшаға сәйкес ГУ-7а нысаны бойынша акт жасалады. Жасалғаны туралы тиісті белгісі жүк құжатында бар бұл акт, онымен бірге тасымалдаушыға тергеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін жолданады, сондай-ақ жүк алушыдан шығындар үшін төлем өндіріп алуға негіз болып табылады. 565. Тиелген цистернада ақау табылып, оның салдарынан цистернаның тағайындау бойынша одан әрі жүруі мүмкін болмаған жағдайда, мұндай цистерна станцияның арнайы бөлінген жолында қалдырылады. Жолсерігі болған жағдайда, цистерна оның күзетінде болуы тиіс. Егер цистерналар тобы бір жолсерігінің ілесуімен ғана тасымалданса, онда поездан барлық топ ағытылады. 566. Ақаулы цистернаның кешігуі туралы тасымалдаушының өкілі, ал жолсерігі болған жағдайда, соңғысы телеграфпен (факспен) жүк жөнелтушіні хабардар етеді және қажеттілігіне қарай мамандарды іссапарға жіберуді және/немесе жүкті қайта құйып алуға арналған құралдары бар цистернаны жіберуді талап етеді. Меншігіндегі немесе жалданған цистернаны ағыту туралы хабарландыру алғанда жүк жөнелтуші (жүк алушы) цистернаны ағытқан жерге мобильді бөлімшені немесе өз өкілін жібереді. 567. Жол жүріп келе жатқанда, қауіпті жүгі бар ақаулы цистерна анықталған жағдайда, қауіпті жүкті ауыстырып құю тасымалдаушы өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Қауіпті жүкті ауыстырып құю уақытында жүк қалдықтарын жою аяқталғанға дейін цистерна күзетілуі тиіс. 568. Жүктің ағуы пайда болған немесе басқа апаттық жағдай орын алған жағдайда, осы жүкке апаттық карточкадағы нұсқауларға сәйкес қажетті шаралар қабылданады. Жолсеріктің қатысуымен, ал ол болмағанда - тасымалдаушы өкілімен цистернаның ақаулығы туралы цистернаның техникалық жай-күйі көрсетіле отырып, жалпы нысанды ГУ-23 актісі толтырылады, онда: ақаудың түрі, оның пайда болу себептері, ақауларды жою бойынша қабылданған шаралар, сонымен қатар цистернаның одан әрі жол жүру мүмкіншілігі көрсетіледі. Жалпы нысанды ГУ-23 актісінің көшірмесі тасымал құжаттарына қоса беріледі. 31. Қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібі 569. Қауіпті жүктерге оларға тән қасиеттер мен ерекшеліктерге қарай тасымалдау процесінде белгілі бір факторлар болған кезде тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізген және сақтау кезінде қоршаған табиғи ортаға зиян келтіруі, жарылыс, өрт немесе көлік құралдарының, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың және құстардың өлуіне, жарақаттануына, улануына, күюіне немесе ауруына себеп болуы мүмкін заттар, материалдар, бұйымдар, өндіріс және өзге де қызмет қалдықтары жатады. 570. Жүк жөнелтуші тасымалдаушыға қауіпті жүктің әрбір жөнелтіліміне 1996 жылғы 5 сәуірдегі Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің он бесінші отырысында бекітілген Темір жол бойынша қауіпті жүктерді тасымалдау ережесіне сәйкес, ал халықаралық қатынастағы тасымалдар кезінде – ХЖ ҚК-ге 2-қосымшаға сәйкес толтырылған жүк құжатын береді. Жүк құжатының жоғарғы бөлігінде жүк жөнелтуші осы жүкке көзделген қызыл түсті мөртабанды қояды. 571. Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) жолсерігінің (мамандарының) ілесіп баруына жататын қауіпті жүктер 1996 жылғы 5 сәуірдегі Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің он бесінші отырысында бекітілген Темір жол бойынша қауіпті жүктерді тасымалдау ережесінің талаптарын сақтай отырып, ал халықаралық қатынастағы тасымалдар кезінде – ХЖ ҚК-ге 2-қосымшаға сәйкес тасымалданады. Жүк жөнелтуші жолсеріктерді арнайы құралдармен және киіммен, дәрі-дәрмек қобдишасымен, құрал-саймандар жиынтығымен, өрт сөндірудің, бастапқы құралдарымен жабдықтайды. 572. Жүру жолында ақаулығына байланысты тағайындалуы бойынша жүре алмайтын ақаулы вагондар анықталған жағдайда, вагон поездан ағытылып алынады, арнайы бөлінген жолға беріледі және оны күзетеді. 573.Ыдыс пен бума берік, ақаусыз болуы, белгіленген мемлекеттік стандарттарға сәйкес келуі және жүктің кемуін және шашылуын мүлде болғызбауы, оның сақталуын және тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. 32. Арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргізу 574. Жүктің жетіспеушілігі, бұзылу немесе зақымдалу мөлшерін немесе себептерін және оның құны соншалықты кеміген соманы анықтау қажет болған жағдайда жүк алушының есебінен жүктің, ал қажет болған жағдайда жүк тиілген ыдыстың да сапасына арнайы зерттеу немесе сараптама жүргізіледі. Арнайы зерттеулер мен сараптама себебін және немесе жүктің бағалау құнын анықтау мақсатында тасымалдаушыға оны іске асыру қажет болғанда жүргізіледі. 575. Сарапшылардың қорытындысымен келіспеген жағдайда тасымалдаушының өкілі бұл туралы себептерді көрсете отырып жасайды және қайталама сараптама белгілеуге немесе сараптау комиссиясын құруға шаралар қабылдайды, ал қажет болған кезде сарапшылардың қорытындысына белгіленген тәртіппен шағымданады. Қажет болған жағдайда тасымалдаушы қайталама сараптаманы белгілейді. 576. Сараптама тасымалдаушының қатысуымен, ал тағайындау станциясында жүкті беру кезінде жүк алушының қатысуымен жүргізіледі. Тез бүлінетін жүктер бойынша поезд бастығының немесе рефрижераторлық секция механигінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жүргізіледі. 577. Арнайы зерттеулер мен сараптама нәтижелері актімен ресімделеді. Арнайы зерттеу мен сараптама актісіне, сарапшыдан басқа, сараптамаға қатысқан барлық тұлғалар қолдарын қояды. 578. Арнайы зерттеулер мен сараптаманың қорытындылары жүктің зақымдалу (бүліну) себептері, олардың көлемдері, сондай-ақ жүктің құны қандай сомаға кемігені туралы сауалға жауап береді. Сараптама қорытындылары дәлелді болады және болжамдарға негізделмейді. 579. Сарапшының қорытындысында: жүктің зақымдалу немесе бүліну дәрежесі; зақымдалған жүкті түзету мүмкін бе, түзету құны немесе бүлінуінің салдарынан жүктің құны қанша пайызға төмендегені, оны толық немесе ішінара пайдалану мүмкіндігі; жүктің неден бүлінгені, атап айтқанда: буманың мемлекеттік стандартқа, Техникалық шарттарға немесе жүктің түріне сәйкес болмауы салдарынан ба; зақымдалу немесе бүліну жүктің өз қасиетіне байланысты болды ма; зақымдалған немесе жетіспейтін бөліктерді, заттарды ауыстыру мүмкін бе және мұндай ауыстырудың құны көрініс табады. Егер маманға немесе сарапшыға жүктің немесе оның ыдысының бұзылуының, зақымдалуының нақты себебін көрсету қиын болған жағдайда ол актіде жүктің бұзылуының немесе зақымдалуының себебін дәл анықтау мүмкін болмауы уәждерін көрсетеді. Сарапшылардың қорытындысымен келіспеген жағдайда тасымалдаушының өкілі бұл туралы себептерді көрсете отырып жасайды және қажет болған жағдайда сарапшылардың қорытындысына белгіленген тәртіппен шағымданады. 580. Ыдыс бойынша арнайы зерттеулер мен сараптама: сұйық жүктердің ағып кетуі қандай себептерге байланысты болды – құрылымдық немесе басқасы ма; аталған жүкті тасымалдауға арналған кеспек жинастырылған шегендердің мықтылығы жеткілікті ме; кеспектің кертінділері жеткілікті тереңдетілген бе және ағуы немесе түптерінің түсуі кертігінің тайыз болуы салдарынан ба және құрсаулары бекітілген бе; стандарттың нөмірі мен анықталған стандарттан ауытқуларды көрсете отырып, ыдыс өзінің тағайындалуына және белгіленген стандартқа сәйкес келе ме; кеспектерді немесе банкаларды балқытып бекіту, дәнекерлеу дұрыс жасалды ма және қақпақтар саңылаусыз жабылды ма; қауіпті жүктер өртенген жағдайда, өнімнің стандарттың талаптарына немесе техникалық шарттарға сәйкестігі және жүк орындарында жүкті сақтап қалу шаралары туралы куәландыратын арнайы таңбалаудың болуы анықталады; қажет болған жағдайда, қауіпті өнімдердің қалдықтары жүктің немесе жылжымалы құрамның жануына әкеліп соқтыруы мүмкін стандарттың немесе техникалық шарттардың талаптарынан ауытқулар аталған өнімде болу-болмауын анықтау үшін сараптамаға беріледі. 581. Арнайы зерттеулер немесе сараптама актісі коммерциялық актіге қосып беру үшін тасымалдаушыға беріледі. 582. Арнайы зерттеулер мен сараптама, егер жүктің жетіспеу, зақымдалу (бүліну) құны он айлық есептік көрсеткіштерден аспаса, сондай-ақ арнайы зерттеулер мен сараптаманың құны шығындар мөлшерінен артық болса, жүргізілмейді. Бұл жағдайларда жүктің жетіспеу, зақымдалу (бүліну) көлемі мен себебін және шығындар мөлшерін тасымалдаушы мен жүк алушы бірлесіп анықтайды және коммерциялық актіде көрсетеді. 33. Ерекше жағдайларда жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру