Жүрек – қантамыр жүйесін зертханалық және аспаптық зерттеу. Эхокардиография әдісі туралы жалпы ұғым. Диагностикалық маңызы
Эхокардиография. Организмнің әртүрлі тығыздығы бар орталары мен тіндері арқылы өткенде ультрадыбыс толқындарының әртүрлі шағылатынына негізделген қосымша тәсілді ультрадыбысты эхография деп атайды. Эхокардиография деп жүректі тексеруде ультрадыбыстың шағылу қасиетін қолдануды айтады. Эхокардиографияда қолданылатын тексеру құралы эхокардиограф деп аталады. Оның құрылымындағы негізгі бөлігі – ультрадыбысты шығаратын және оны эхосигнал түрінде қабылдап алатын – микрофон . Жүректің әр бөлігінен шағылған эхосигналды қозғалып тұрған фотоқағазға эхокардиограмма түрінде жазып алуға болады.
Эхокардиографияны жүргізген кезде микрофонды жүректің тұйық дыбыс ауданының үстіне орналастырады. Ол жүректің өкпемен жабылмаған бөлігінің тұсына сәйкес келеді.
ЭхоКГ-ны өздеріне тән ерекшеліктері бар және анық көрініп тұрған эхосигналдары бар қос жармалы қақпақтың не қолқа қакпақтарының нүктелерін табудан бастайды. Бұл нүктені тартқаннан кейін ультрадыбыс сәулесінің бағытын өзгерте отырып, жүрек құрылысының әр бөлігін мұқият зерттеуге болады. І позицияда ультрадыбыс сәулесі оң жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасы, оның қуысы, қарыншааралық перде, сол жақ қарыншаның артқы қабырғасы арқылы өтеді. ІІ позицияда ультрадыбыс сәулесі оң жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасы, оның қуысы, қарыншааралық перде, сол жақ қарынша қуысы, қос жармалы қақпақтың алдыңғы және артқы жармасы , сол жақ қарыншаның артқы қабырғасы арқылы өтеді. ІІІ позицияда ол оң жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасы мен қуысы, қарыншааралық перде, сол жақ қарынша қуысы, қос жармалы қақпақтың алдыңғы жармасы, сол жақ жүрекше арқылы өтеді.ІV позицияда ультрадыбыс сәулесі оң жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасы және оның қуысы, қолқа және оның қақпақтары, сол жақ жүрекше арқылы өтеді. ЭхоКГ-ны ЭКГ-ны синхронды түсіру керек.
Эхокардиография жүрек қакпақтарының күйін және жүрек қарыншаларының гипертрофиясы мен дилятациясын анықтауға мүмкіндік туғызатындықтан , бұл тәсілдің көмегімен жүрек ақауларының түрін анықтауға болады.