Құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздері



бет5/28
Дата14.08.2023
өлшемі225,66 Kb.
#105256
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Байланысты:
маханбетқұл

Құқықтық мәдениет жалпыадамзатттық рухани мәдениет мазмұнына енеді. Оның мәнін екі тұрғыдан: біріншісі, құқықтық қатынастар, құқықтық мекемелер әрекетінің ауқымын қамтитын кең мағынада; екіншісі, тұлғалық, педагогикалық және психологиялық мағынада қарастыруға болады. Кең мағынада, құқықтық мәдениет дегеніміз нақты іс-әрекет жасау үстіндегі заң ұстанымы компоненттерінің жиынтығы, осы туралы адамдардың жалпы түсінігі мен пайымдаулары болса; тар мағынада, құқықтық мәдениет дегеніміз тұлғаның құқық туралы ой-пікірлері мен қажеттіліктері болып табылады.
Осыған орай зерттеуімізде мәселенің теориялық-әдіснамалық негізін дәлеледеу мақсатында ғылыми еңбектерді, ондағы «құқықтық тәрбие» ұғымына берілген анықтамаларды әр түрлі тұрғыдан қарастырдық: 1-ші топқа құқықтық тәрбиені құқықтық сананы қалыптастыру бойынша мақсатты, жүйелі, жоспарлы әсер ететін іс-әрекет ретінде қарастырған ғалымдар (Г.П.Давыдов, Н.Ф.Рябко, И.С.Самощенко және В.В.Тищенко, т.б.) [106,107,108]; 2-ші топқа құқықтық тәрбиені құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың іс-әрекеті ретінде зерттеген ғалымдар (Ғ.С.Сапарғалиев, А.С.Ибраева, А.Бойков, Н.И.Козюбра, В.А.Зинченко, Т.В.Синюкова және т.б.) еңбектері жатқызылды [109 -113].
Зерттеу барысында Ресей ғалымдарының (З.Д.Иванова, В.И. Каминская, А.А.Ратинов, Г.П.Давыдов, Н.С.Самощенко және В.В.Тищенко) ғылыми жұмыстарына жасалған талдау «құқықтық тәрбиеге» алуан түрлі анықтама берілгенін көрсетеді [ 114, 60, 61, 106, 108]. Мысалы, Г.П.Давыдов «құқықтық тәрбиені құқықтық сана мен мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, құқықтық сезімін дамыту, құқық бұзушылыққа төзбеу мақсатында тұлғаға жүйелі, мақсатты әсері» ретінде қарастырады. Оның пікірінше, құқықтық тәрбие ұғымы алғаш рет 1959ж ғылыми айналымға түсті [106].
Құқықтық тәрбиенің теориялық мәселелері адам тәрбиесінің дербес бағыты ретінде И.Ф.Рябконың «Основы правовой педагогики» монографиясында алғаш рет білім беру жүйесіндегі юриспруденция педагогикасының қызметі қарастырылды. Сонымен бірге «құқықтық тәрбие», «құқықтық педагогика», «құқықтық сана», «индивидтің құқықтық дамуы» категорияларына анықтама берілді. Құқықтық тәрбие процесіне, құқықтық тәрбие туралы ғылымды қалыптастыратын теориялық және әдіснамалық мәселелерге талдау жасалды. Оның пікірінше, «құқықтық тәрбие - тұлғаның сана-сезімі мен мінез-құлқына жүйелі, мақсатты әсер ету» болып табылады. Ол құқықтық тәрбие жүйесін анықтай отырып, «құқықтық педагогика» категориясын бөліп көрсетеді [107].
Сонымен бірге басқа ғалымдардың да «құқықтық педагогиканы» жеке бағыт ретінде бөліп көрсету керек деп санайтыны, «Құқықтық педагогиканың негіздері» деген пәннің шыққанына көп уақыт болса да, әлі жоғары мектептің оқу жоспарына енгізілмегені туралы пікірлері кездеседі. Біздің пікірімізше бұл көзқарастар болашақта аталған пәнді оқу бағдарламасына енгізу қажеттігін көрсетеді.
Құқықтық тәрбие мәселесін Н.С.Самощенко, В.В.Тищенко «Заң ғылымдары және құқықтық тәрбие» деген зерттеулерінде қарастыра отырып, құқықтық тәрбиені тұлғаның құқықтық санасын жоспарлы, жүйелі қалыптастыру үдерісі деп түсіндіреді. Авторлар бұл ұғымды қарастыруда индивидтің құқықтық санасына әсер ететін факторлар ретінде әлеуметтік-экономикалық құрылыс пен әлеуметтік ортаны және оның ұйымдастырушылық-саяси ерекшеліктерін бөліп көрсетеді [108].
Зерттеуімізге тірек етіп алынған ұғым «құқықтық тәрбиені» Ресейлік зерттеуші А.Бойков «құқықтық тәрбие - құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың және тұлғаның өзінің мақсатты ұйымдастырылған жұмысы», - деп айқындайды [110]. Автор құқықтық тәрбиені кең және тар мағынасында: кең мағынада, өмірдің обьективті жағдайларына қарай тәрбиеленетін тұлғаның санасына әсер ететін процесс ретінде; тар мағынада, тәрбиеленушінің санасына саяси әсер ететін мемлекет пен қоғам органдарының арнайы ұйымдастырушылық іс-әрекетінің ерекше түрі ретінде қарастырса, ал Қазақстандық зерттеушілер Ғ.С.Сапарғалиев, А.С.Ибраева құқықтық сананы қоғамдық сананың жеке бір саласы дей келе, «құқықтық сана - ҚР азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қалаулы құқыққа, басқа да құқықтық құбылыстарға құқық сезімдерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі», - деген анықтама береді [109].
Н.И.Козюбра құқықтық тәрбие ұғымына маңызды мән бере отырып, «құқықтық тәрбие - бұл азаматтың құқықтық санасына және мінез-құлқына, оның құқықтық тәрбиелілігіне белгілі бір әсер ететін жүйелі және мақсатты әрекет» деп анықтайды [95]. Осындай тұрғы В.А.Зинченконың да зерттеуінде ұсынылады [110]. Сонымен тәрбие - индивидтің мәдениетке белсенді әсер ететін ұйымдастырылған іс-әрекеті, сол арқылы индивидтің өмірі мәдениет мазмұнымен толықтырылады.
Сонымен бірге зерттеу барысында бұл мәселеге байланысты айтылған басқа да ұстанымдар ерекше назар аудартады. Мысалы, С.А.Комаровтың пікірінше, «құқықтық тәрбие – бұл қоғамның құқықтық жақтарының, қоғамдық қатынастар жүйесінің адамға әсері, ол тұрақты құқықтық сенім, жоғары заңды мәдениеттің жиынтығын қалыптастырады» [115].
Т.В.Синюковтің пікірі бойынша, «құқықтық тәрбие - бұл мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және жеке азаматтың белгілі бір түсініктерін, көзқарастарын, құндылық бағдарын қалыптастыру мақсатында заң нормаларын орындау мен қолдануды қамтамасыз ететін мінез-құлық пен санаға жүйелі әсер ету» [113].
Р.К.Русинов «құқықтық тәрбие» - құқықтық мәдениет, құқықтық тәжірибені, құқықтық идеалдар мен механизмдерді тасымалдау бойынша мақсатқа бағытталған іс-әрекет деп есептейді. Ол да құқықтық тәрбиені екі мағынада қарастырады. Бірінші жағдайда, адамның құқықтық бейімделуі туралы айтылады. Онда автор тұлға қоршаған ортаның, мемлекет өкілдерінің, адамдардың әсерімен тәрбиеленеді деп есептейді. Ал, тар мағынасында тұлғаның құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған іс-әрекет деп түсіндіреді [116].
Қазіргі мектепте оқушыларға құқықтық тәрбие беру мәселесінің шешілуі көбіне мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екендігін көптеген ғалымдар, педагогтар еңбегінде айтып өткен.
Жоғарыда айтылған ойларды түйіндей келе, құқықтық тәрбие -оқушыларға құқықтық танымдық қызығушылық бағдарымен өз іс-әрекетіне мотивациялық тұрғыда басшылық жасай отырып, рефлексиялық - бағалау әдістері негізінде азаматтық заңдарды мүлтіксіз сақтап, өз міндеттерін саналы түрде жүзеге асыра алу әрекеті деп тұжырымдаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет