Құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздері



бет6/28
Дата14.08.2023
өлшемі225,66 Kb.
#105256
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Байланысты:
маханбетқұл

Құқықтық тәрбиенің әлеуметтік, рухани, психологиялық даму, реттеу қызметтері мен мәніне келсек, бүгінгі күнге дейін қоғам дамуының барлық кезеңдерінде бұл мәселе әр түрлі ғылымдар саласында әр қырынан қарастырылған. Қоғамның ауыспалы кезеңінде құқықтық сана моралмен және адамгершілікпен өзара әрекетте болады [117].
Кеңестік кезеңде құқықтық тәрбиенің теориялық мәселелерін зерттеуде криминологтардың [118] оқушылардың тұрмыс-тіршілігін жетілдіру бойынша кешенді іс-шараларды қарастыруға ерекше мән бергендігі айқындалды. Олар құқықтық тәрбиені қиын тәрбиеленетіндер мен сотталғандарды қайта тәрбиелеу деп түсінді. Криминологтар құқықтық тәрбие мен құқық бұзушылықтың алдын алуды ажыратып көрсетеді. Бірақ, өздерінің кәсіби шектеулерінің күшіне қарай бұл екі ұғымның атқаратын қызметі бойынша арақатынасын ашып көрсете алмады. Осыған байланысты құқықтық тәрбие мәселесі құқықтың жалпы теориясы тұрғысынан зерттеліне бастады.
Осы орайда жоғарыда айтылғанды ескере отырып, құқықтық тәрбиені біздің қоғам дамуының екі кезеңіне қатысты қарастыруға болады:
- кеңестік кезең, ол социалистік құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды және дамытуды негіздеумен сипатталады;
- посткеңестік кезең, ол қоғамның әлеуметтік экономикалық және саяси қайта құрылуымен, жаңа құқықтық ойлауды қалыптастырумен тікелей байланысты айқындалады.
Ендігі кезекте «құқықтық сана» ұғымының мәні мен мазмұнына, құрылымына ерекше көңіл бөлінеді. Құқықтық сана – «Қазақстан Республика азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қалаулы құқыққа, басқа да құқықтық құбылыстарға құқық сезімдерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі» болып саналады.
Құқықтық қатынастар – құқыққа байланысты қатынастар, оған адамдар арасындағы қатынас және олардың іс-әрекетін жатқызуға болады. Сондай-ақ жеткіншектердің құқықтық санасының өзіндік ерекшеліктерін зерттеу олардың ағат қылықтар жасауы көбіне заңға, оның талабына деген теріс көзқарастан емес, қайта құқық негіздерін дұрыс білмегендіктен немесе одан бейхабар болудан туындайды деп зерделеуге болады.
Сонымен бірге ғалым құқықтық тәрбие беру мен құқықтық сананы қалыптастыру мәселелері жайлы: «Құқықтық тәрбие, құқықтық сана-сезімнің қалыптасуы – жастардың өздерін азамат ретінде сезінуіне көмектесуі қажет. Тек қана өз басы заңды бұзбай, оны орындаумен шектелмей, әр азамат өзін қоғамның қайраткері, мемлекет пен қоғам ісіне белсене қатысатын азамат екенін түсінуі қажет. Тек сонда ғана құқықтық тәрбие берудің қоғамдық мәні барын байқаймыз. Ал құқықтық тәрбие беру жанұядан басталып, мектепте жалғастырылса, құқықтық сананы қалыптастыруда зор табысқа жетуге болар еді. Мектеп мемлекеттік оқу-тәрбие ұйымы болғандықтан, онда жүргізілетін тәрбие жұмысы алдын-ала жоспарланып, белгілі бір ұйымдастыру қалпына түсіріледі» деген ой қорытуға болады.
Жоғарыдағы құқықтық сана туралы айтылған теориялық идеяларға сүйене отырып, өз анықтамамызды береміз: құқықтық сана - адамдардың қолданылып жүрген және тілек ететін құқыққа көзқарасын білдіретін түсініктер мен сезімдердің, бағалар мен мақсаттардың жиынтығы, ол азаматтардың жаңа заңға мақұлдау немесе жақтырмау, нормативтік құкықтық актінің жобасы жөнінде пайымдау және т.б. түріндегі әсері.
Ендігі кезекте «құқықтық жүйе» ұғымын қарастырамыз. Құқық адамдардың мінез-құлқын реттейтін, мемлекет тарауынан үнемі қолдау тауып отыратын жүйе. Сонымен бірге құқық жүйесі – құқық салаларының өзарабайланысын, арақатынасын және құрылымын анықтайтын институционалдық түсінік ретінде құқықтық жүйенің құрамына енеді. Құқықтық жүйеге құқық жүйесінен басқа да қоғамның құқықтық өмірінің бөлшектері, құқықтық білім, құқықтық тәжірибе және тәрбиенің барлық элементтері де кіреді. Құқықтық білім – құқықтық тәрбие мен құқықты оқытудың біртұтастығы, оның мәні құқықтық нұсқауларды, қатынастарды, құқық реттейтін саладағы қызметтерді қалыптастырады. Құқықтық тәрбие жүйесі құқықты құрметтеу сезімін, заңдарды қандай да болсын ауытқусыз сақтау дағдысын, мемлекетті құрметтеуді, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда мемлекеттік органға жәрдемдесуге ұмтылушылықты дамытады. Бұл жүйе оқушының қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерге өзіндік көзқарасын дамытуға, оған деген өзіндік бағдарын қалыптастыруға және заң мен заңдылықтарды меңгеруге, іс-шараларда өзінің азаматтық парызын түсінуге көмектеседі. Құқықтық жүйеде педагогтардың ықпалы тәрбиелік кеңістікте жеткіншектердің санасына, сезіміне, сеніміне, еркіне және құқықтық мінез-құлқының қалыптасуына бағытталған, олардың педагогикалық іс-әрекеттерінің кешені мұғалімдер, ата-аналар, мектептен тыс мекемелер, т.б. жағдайда өзара жауапкершілікті субьект – субьектілік қарым-қатынасымен айқындалады.
Қазақстанда қазiр жаңа құқықтық жүйе қалыптасып, жас ұрпаққа олардың сан алуан құқықтарын, мемлекет заңдарын, қоғам алдындағы мiндетiн, басқа да рәсiмдi актiлерiн меңгерту, сөйтiп оқушының құқықтық санасын қалыптастыру, құқықтық тәрбие беру мiндетi жүктелiп отыр.
Демек «құқықтық жүйе - жеткіншектерге заң бұзушылық себептерін түсіндіретін, оған көмек көрсететін, құқықтық сана–сезімдерін қалыптастыратын ерекше қызмет жүйесі» болып табылады.
Ресей ғалымдары В.И. Каминская, А.А.Ратинов құқықтық тәрбиені құқықтық мәдениеттің компоненттеріне байланысты: құқық; құқықтық қатынас; құқықты ұғыну; құқыққа сай әрекеттер; құқыққа қайшы әрекеттер деп жіктеген [60].
Сараптау барысында, ғылыми әдебиеттер мен зерттеулерде құқықтық тәрбие беру мәселесі мұғалімнің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне тікелей байланысты қарастырылатыны айқындалды. Бұл үдеріс қазіргі мектептегі құқықтық тәрбие беру мәселесінің тиімді шешілуінде оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуі, алдына мақсат қоя білуі және оны іс жүзінде жүзеге асыруымен сипатталады. Сонымен тәрбие - индивидтің мәдениетке белсенді әсер ететін ұйымдастырылған іс-әрекеті, сол арқылы индивидтің өмірі мәдениет мазмұнымен толықтырылады.
Сонымен құқықтық тәрбие құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі жолы болғандықтан, әрі құқықтық тәрбиенің мәні, оның қоғамдағы рөлі динамикалық құбылыс ретінде өзгеріп, толығып, дамып отыратындықтан, біздер зерттеу барысында құқықтық тәрбиенің тарихына назар аудардық.
Ол құқықтық тәрбиенің негізін үш бірлікте қарастырған: 1) білім (біздің ұғымымызша айтысып жүрген «интеллектінің» негізін Әл-Фараби салған ); 2) мейірбандық; 3) сұлулық. Сол кезеңнің өзінде мұндай гуманистік идеяны құқық сақтау іс-әрекетіне негіздеуі Әл-Фараби ілімінің маңызы ерекше екеніне мән беріп, бұл ұстанымның бүгінгі күнге дейін көкейкесті болып отырғанын атап көрсетеуімізге мүмкіндік береді. Әл-Фараби әділеттілікті халықтар достығын нығайтуда, әр мемлекеттің ішкі құқықтық заңдарын сыйлауға, бақытқа жетудің бір тізгіні әр мемлекеттің қоғам тудырған заңдарын бұзбаушылықта екеніне бүгінгі педагогика ғылымында көз жеткізеді. «Азаматтық ғылым және оның тараулары» туралы ілімінде заң ғылымына теориялық негіз береді. Теориялық негізіне құқықтық тәрбиенің жеткіншектердің сана сезіміне оңтайлы ықпал етуі деген ой пікірді келтірген. Адамгершілік және ақылдылық табиғаттан туындап, оны жеткіншектердің өздері дамыта білуіне қолайлы жағдай туғызудың қажеттілігін де ерекше атап өтеді. Демек Әл-Фарабидің «орта» деуі бүгінгі «қоғам» деген ұғымды білдіретіні айқын.
Жеткіншектердің жетіліп өркендеуінде Жүсіп Баласағұнның (1011-1075) «Құтты білік» еңбегінің алар орны ереше. Құқықтық тәрбие негізі ретінде Жүсіп Баласағұн қоғамдық жағдайлардың, айнала ортаның ықпалымен, оң әсерімен тәрбие арқылы және адам табиғатынан туысынан - дүниеге нәсілдік ерекшелігімен келетінін ескеруді ерекше көрсеткен. Жүсіп Баласағұн Сократ, Демокрит және т.б. грек ойшылдары сияқты әділетке ғылыми тағылым құрған, олардың әділеттің мазмұны ретінде қарастырылған заңдылықты негізіне алуымыз қажеттілігін атап өтеді. Мұндай қасиеттердің өркен жаюы табиғи заңдылықтар мен қоғам мүддесі және Жүсіп Баласағұн еңбегіндегі жеткіншекке тағдыр мен жазымыштың әсерінен пайда болған ішкі дүниетанымы ықпал етіп, оған қозғаушы күш болатыны жайлы құнды пікірі бар екені зерделенді.
Сонымен құқықтық тәрбие беруде жеткіншектерге зорлық-зомбылық, құқықтық–психологиялық жағдай туғызу сияқты әдістерден аулақ болып, олардың әділетті де құқықтық тәрбие арнасынан шықпауына бірден-бір құрал сүйіспеншілікпен келу деген тұғырлы, салиқалы ой-пікірі бүгінгі тәрбие нысанына да негіз деп қарауымызға мүмкіндік береді.
Тарихқа «Жеті жарғы» деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейінгі қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларының бір жүйеге келтірліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды. Жеті жарғы – 17ғ. аяғы мен 18 ғ. басында қалыптасқан қазақ құқықтарының жиынтығы. Өмірге әкелген ― Тәуке хан мен оның билері. Мұны олар Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» деп атады.
Ол жарғыдағы негізгі баптар мыналар:
• 1-жарғы (бап). Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.
• 2-жарғы (бап). Түркі халықтарының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.
• 3-жарғы (бап). Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.
• 4-жарғы (бап). Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзғандарға өлім жазасы бұйырылсын.
• 5-жарғы (бап). Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлікті ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.
• 6-жарғы (бап). Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегі мүліктей құн төленсін:
а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, қызы болмаса, қыздың қалың малын беруге тиіс;
ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі ат береді.
• 7-жарғы (бап). Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүліктер үшін он есе артық айып төленсін.
Жеті жарғының әрбір бабы қазақ халқының әлеуметтік практикасының жемісі, ұлтты қорғау үшін, көшпелі қоғамдық қатынастарды тиімді реттеуге қабылдаған және талқылау барысында идеялық пікірталас, билердің данагөйлігінің қорытындысы. «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы» сияқты қазақ халқының заңдарын бір жүйеге салу, жаңа нормалар енгізу мақсатында «Жеті жарғы» 1684-1685 жылдары қабылданған құқықтық құжат. «Жарғы» сөзінің мағынасы норманың жоғарғы түрін көрсетеді, жоғарғы мемлекеттік басқару жүйесінде анықталған.
Ян Амос Коменский – педагогиканың дамуына үлес қосқан ойшыл, «Ұлы дидактика» еңбегінің XXVI тарауында мектеп тәртібі адамгершілік тәрбиесі мен тәрбие мәселелерін қарастырады. Оның ойынша, мектеп – оқушылардың «адамгершілігін», «ақылын», «құқығын» тәрбиелеудегі білім мен оқытуды ұйымдастыратын орталық. Бұл бағыттың барлығы дерлік табиғатқа тән, жалпы заңдылықтарға сәйкес болуы деп есептеген. Оның бұл тұжырымының Сократ, Демокрит, Әл-Фараби, М.Х.Дулати еңбектерінде де айтылған ой–тұжырымдарымен сабақтастық тапқанына мән береміз.
XVII ғасырда өмір сүрген Англия елінің ойшылы Джон Локк «Тәрбие туралы ойлар» атты еңбегінде іскерлік сапасы кең, білімін қоғам тудырған заңды саралап қарайтын, өзіне–өзі сенген адамның бейнесін жасаған. Құқықтық тәрбиенің жаңа элементтерінің толық түсінігі Джон Локк еңбектерінде қарастырылған. Сонымен бірге Джон Локк үштік құқықтық формасын, атап айтқанда, тұлға туғаннан бастап негізгі құқыққа - өмірге, бостандыққа және меншікке ие екендігін буржуазиялық конституцияға енгізеді. Джон Локк ағылшын джентльменіне жаңаша білім беру мазмұнын көрсетіп, міндетті оқыту пәндерінің көлемін ұсынды. Ол құқықты меңгеруге үлкен мән бере отырып, «Егер ағылшын джентльмені өзінің мемлекетінің заңымен таныс болмаса, бұл өте қызық болар еді» - деген өз пікірін білдіреді.
Философ-ағартушылар Вольтер, Д.Дидро, Ж. Ж. Руссо еңбектерінде құқықтық тәрбиенің үштік құқықтық формасы ретінде өмірге, бостандыққа және меншікке деген түсініктері қарастырылып, буржуазиялық конституцияға енгені айқындалған. азаматтық құқық пен бостандықты мойындауға мүмкіндік беретін буржуазиялық революция идеологиясын тудырды.
Зерттеу жұмысымыздың негізіне XIX ғасыр ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев еңбектеріндегі құқықтық тәрбие беру жөніндегі берген ақыл-кеңестері де жоғары мағынасында алынады.
Қазақ ағартушыларының бірі - Шоқан Уәлиханов 1864 жылы құқық жайлы «Сот реформасы» деген еңбегін жазды. Онда құқықтық тәрбиенің оңтайлы болуы үшін мемлекет құқықтық заңдар шығарған уақытта халық мүддесімен санасудың қажеттілігін ескеруді қарастырады.
Адамдардың қарым – қатынасын мен тәртіп тәрбиесін ақын, ойшыл, ұлы ұстаз – Абай өзінің еңбектерінде жан-жақты қарастырады. Абай өзінің қарасөздерінде мораль, тәрбие ақыл, ғылым, ар, мінез мәселелері туралы ой түйіндеген. Жиырма бесінші сөзінде «оқушы өзі үшін емес, халқы үшін еңбек ететін адам болсын» деп, өзінің туған елін қорғайтын, сана – сезімі мол, белсенді қоғамға, әлеуметтік ортаға жат әдет қылыққа қарсы күресетін жеке тұлғаның бойындағы қасиеттерді тәрбиелеуді насихаттаған. Сонымен қатар Абайдың қолдауымен қабылданған «Билер ережесі» әдеттік құқықтың үлгілері биліктің бөлінуіне сүйенген «билер кеңесіне» ауысуға мүмкіндік береді. Біздер тәрбиенің осы теориялық бағытын өзіміздің еңбегімізге негіз ретінде алуды жөн деп есептедік. Бірақ, аталған тәрбиенің негізі ретінде берілген үш құраммен ғана шектелуге болмайды.
Қорыта келгенде, жоғарыдағы ғалымдар еңбектеріне жасалған талдау нәтижесі құқықтық тәрбие берудің теориялық негізі сонау көне грек ойшылдарының еңбектерінде қаланған деуге негіз бар екенін дәлелдей түседі. Бүгінгі таңда оқушыларға құқықтық тәрбие беру мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, құқықтық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталғаны бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатқанын дәлелдейді. Ал тұлғаның құқықтық мәдениеті социумды және индивидті үйлесімді дамытуды қамтамасыз етуде нақты құқықтық құндылықтар мен нормаларды қабылдау және жүзеге асыру жүйесін ұсынады. Құндылық бағдар адамның танымдық іс-әрекетін құқықтық актілер жүйесіне ынталандырады және оның талаптарын сақтау ұстанымын қалыптастырады. Осыдан жалпы құқықтық тәрбиенің мақсаты оқушыны мемлекет заңдары мен қоғамда өмір сүру ережелерін құрметтеуге, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзімсіздікке, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу болғандықтан, тұлғаның осы сапалары болашақ қоғам азаматының құқықтық мәдениетінің мәнін құрайтынына көз жеткізуімізге мүмкіндік береді. Жеткіншектердің құқықтық санасын қалыптастырудың негізгі көзі құқықтық тәрбие субьектісінің іс-әрекеті болып табылады. Құқықтық тәрбие мұғалімнің оқушыларды тәрбиелеуге бағытталған іс-әрекеті ғана емес, сонымен бірге алуан түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық құрылымдардың да мақсатты іс-әрекеті деп қорытынды жасауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет