3-тарау. «Әліппе» пәні бойынша күтілетін нәтижелер
16. Әліппеге дейінгі кезеңде күтілетін нәтижелер:
1) сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы бастапқы тілдік ұғымдарды түсінеді;
2) көмекші құралдар (тірек сызба, сюжетті сурет) арқылы оқиғаның ретін сақтай отырып баяндайды;
3) сөйлем, сөз, буын, дыбыстың графикалық сызбасын таниды;
4) дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратады;
5) дауысты дыбыстардың буын құрайтынын біледі, буын санын анықтайды;
6) сөзге дыбыстық талдау жасайды;
7) байланыстырып сөйлейді;
8) коммуникативтік қатынаста сөз әдебін (сәлемдесу, алғыс білдіру, кешірім сұрау, өтініш айту, рұқсат сұрау, қоштасу) дұрыс қолдана алады;
9) сұрақты тыңдайды және түсінеді, нақты жауап бере алады;
10) дәптер бетінде берілген суреттерді бояйды, сурет салады, түрлі бағытта сызықтар жүргізеді;
11) жазу жолын, жоларалықты, жолдың жоғарғы және төменгі сызықтарын сақтап, әріп элементтерін жазады.
17. Әліппе кезеңінде күтілетін нәтижелер:
1) әріпті таниды, дыбыс пен әріпті бір-бірінен ажыратады;
2) дыбыстық талдау дағдылары (мәтіннен сөйлемді, сөйлемнен жаңа үйретілген дыбысы бар сөзді, сөзден буынды, буыннан дыбысты бөліп алу) қалыптасады;
3) дыбысты дұрыс айтуға жаттығады, дыбыстың мағына ажыратушы қызметін түсінеді;
4) дауысты дыбыстардың буын құрайтынын біледі, сөздегі буын санын анықтайды;
5) дыбыстан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем, сөйлемнен мәтін құрайды.
6) сызба-модель, сурет, белгілер арқылы сөз, сөйлем, шағын мәтін құрастырады;
7) көмекші құралдар (тірек сызба, сюжетті сурет) арқылы оқиғаның ретін сақтай отырып баяндайды;
8) тақырыбы мен иллюстрациясы бойынша мәтіннің мазмұнын болжайды;
9) коммуникативтік қатынаста сөз әдебін (сәлемдесу, алғыс білдіру, кешірім сұрау, өтініш айту, рұқсат сұрау, қоштасу) дұрыс қолдана алады;
10) тыңдалым материалына өз ойын білдіреді;
11) сюжетті сурет бойынша шағын әңгіме құрайды;
12) сөйлеу барысында жалғауларды дұрыс қолданады;
13) сөздерді үндестік заңына сәйкес дұрыс айтады;
14) оқу түрлерін (буындап оқу, тұтас оқу, мәнерлеп оқу, түсініп оқу) қолданады;
15) мұғалімнің қолдауымен мәтіннің, сюжетті суреттің мазмұны бойынша сұрақ қоя алады, сұраққа жауап береді;
16) мұғалімнің қолдауымен сөз, сөйлем, мәтінді тексеріп, қатені түзетеді;
17) жазу жолын, жоларалықты, жолдың жоғарғы және төменгі сызықтарын сақтап, әріп элементтерін, әріптерді, әріптердің бір-бірімен байланысын көркем жазу талаптарына сай жазады;
18) айтылуы мен жазылуы бірдей сөздерді көшіріп және есту, есте сақтау арқылы жазады;
19) сөйлемді бас әріптен бастап жазып, соңына тиісті тыныс белгіні қояды;
20) ана тілін, отанын, халқын, мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтей біледі;
21) еліміздің рәміздерін (әнұран, елтаңба, ту) біледі.
Ескерту: күнтізбелік-тақырыптық жоспар оқу бағдарламасында көрсетілген сағат сандарына, күтілетін нәтижелерге сүйеніп, оқулықтағы тақырыптар бойынша жасалынады.
|