Табиғи сұрыптау – бұл ағзалардың генетикалық әртүрлілігін қамтамасыз ететін, олардың әр түрлі өмір сүру жағдайларына бейімделуіне мүмкіндік беретін басты эволюциялық фактор. Тірі ағзалардың жоғары құрылымды және адаптивті табиғатын сұрыптаумен түсіндіруге болады. Басқа эволюциялық факторлардан айырмашылығы, табиғи сұрыптаудың әсері белгілі бір бағытта жүреді. Өз бағытында белгiлi бiр фенотиптердi сақтайтын сұрыптау оң, ал популяциядан кейбiр фенотиптердi жоятын сұрыптау терiс болып табылады.
Нәтижесiне байланысты табиғи сұрыптаудың стабилизациялаушы /тұүрақтандырушы/, қозғалушы және дизруптивтi формаларын ажыратады. Тұрақтандырушы сұрыптау популяцияда фенотиптiң не белгiнiң орташа вариантын сақтайды. Тiршiлiк ортасының жағдайы салыстырмалы тұрақты болған жағдайда осы сұрыптау нәтижесінде эволюцияның алдыңғы нәтижелерi сақталады.
Қозғалушы /бағытталған/ сұрыптау фенотиптiң белгiлi бiр бағытта бiртiндеп өзгеруiн қамтамасыз етедi, бұл осы белгiнiң орташа мәндерiнiң не көбеюiмен не азаюымен көрiнедi. Тiршiлiк ортасының жағдайы өзгергенде осы сұрыптау нәтижесінде осы ортаға сәйкес фенотип сақталады. Бағытталған сұрыптау жасанды сұрыптаудың негiзiн құрайды.
Дизруптивтi /бөлушi/ сұрыптау шеткi варианттарды сақтап, аралық немесе орташа варианттарды жояды. Сұрыптаудың дизруптивтi түрi популяцияны белгiлi бiр белгi бойынша бiрнеше топқа "бөледi". Ол популяцияда генетикалық полиморфизмдi қолдайды.
Сұрыптау генофондты сыртқы орта жағдайына сәйкестендіреді. Адамзат популяцияларында сұрыптау түр түзу қызметін жоғалтқан. Табиғи сұрыптау адамдардың ортаның әртүрлі жағдайларына бейімделуіне, генофондтың тұрақтануына жағдай жасайды, генетикалық полиморфизмді тұрақтандырады. Адам поуляцияларындағы табиғи сұрыптаудың өз ерекшеліктері бар. Адамзат қоғамына тән сұрыптау түрлерін қарастырайық:
а) резус фактордың тұқым қуалауы мысалында гомозиготтардың пайдасына гетерозиготтарға қарсы сұрыптау
P ♀ dd x ♂ DD
d D
F1 Dd
Резус (-) әйелдің (dd) ресус (+) ұрықпен (Dd) жүктілігі кезінде босану кезінде бала жолдасының (плацента) бүтіндігінің бұзылуында ұрық эритроциттері ана ағзасына еніп, оны иммунизацияландырады. Келесі ресусоң ұрықпен(Dd) жүктілікте резус-антиденелер бала жолдасы арқылы ұрық ағзасына енеді және оның эритроциттерін бұзады. Бұл нәрестені өлімге алып келуі мүмкін не гемолитикалық ауру дамиды. Сұрыптаудың бұл түрінде сұрыптау гетерозиготтарға қарсы бағытталған.
б) орақтәрізді анемияның тұқым қуалауы мысалында гетерозиготтардың (АS) пайдасына гомозиготтарға (SS) қарсы сұрыптауды қарастыруға болады.
Табиғи сұрыптаудың позитивтi /оң/ әсерлерінен басқа негативтi /терiс/ әсерлері де бар. Ол бiр генотиптердiң көбеюiн, өсiп-өнуiн, екiншi бiр генотиптердiң жойылуын қолдайды және көбею мүмкiндiгiн жояды. Сұрыптаудың теріс әсерiне байланысты даралардың көбейе алмауы, таңдамалы өлiм не көбейе алмау түрiнде көрiнетiн генетикалық өлiм / сұрыптауға байланысты өлiм/ ретiнде белгiлi. Генетикалық өлiм популяциялардың репродуктивтi /көбею/ потенциалын төмендетедi. Популяцияның егер генетикалық өлiм есебiнен саны азаймаса, жалпы саны жоғары болушы едi.
Бір де бір биологиялық түрде, сонының ішінде адамда да белгілердің қалыпты вариацияларын тудыратын тұқым қуалайтын өзгергіштікпен, патологиялық вариацияларды немесе тұқым қуалайтын ауруларды тудыратын тұқым қуалайтын өзгергіштіктің арасында анық шекарасы болмайды. Көптеген мутациялар адам популяцияларында полиморфизмді /қан топтары, шаш түсі, бойы, көз қиығы және т. б./ жоғарлатады, алайда кейде мутациялар өмірге маңызды қызметтерді бұзып, ауруға ұшыратады. Сонымен, тұқым қуалайтын патология – бұл адам эволюциясы барысында жиналған тұқым қуалайтын өзгергіштіктің бір бөлігі. Бірнеше мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдарда тұқым қуалайтын аурулардың болуы мұны дәлелдей түседі. Ортаның мутациялық факторлары гетерозигота түрінде жасырынған өзгерген гендер санының көбеюіне алып келеді. Бүл адам денсаулығына және өміріне қауіпті генетикалық ақпараттың жасырын көлемі генетикалық жүк болып табылады. Көптеген рецессивтi мутациялар гетерозиготалы ағзалардың фенотипiне әсер етпейдi, алайда олар популяциялардың генофондында сақталып, тұқым қуалайтын өзгергiштiктiң қорын қүрайды. Генетикалық жүк – бұл популяциялардың генотиптерінің оптимальды және орташа бейiмделушiлiгінің айырмасы. Генотиптердің бейімделушілігін компоненттері тірі қалу және өсімтал ұрпақ беру болып табылады.