ӘЛ-ФАРАБИ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
АМАНАТ
II
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Ғылыми-педагогикалық қауымдастығы өкілдерінің
мақалалар жинағы
Алматы
«Қазақ университеті»
2014
ӘОЖ 378.4(574)
КБЖ 74.58(2к)
А 52
Баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Ақсақалдар кеңесі және
Редакциялық-баспа кеңесі шешімімен ұсынылған
Жалпы редакциясын басқарған
Ғалымқайыр Мұтанов
Жауапты редактор
Зұлқайыр Мансұров
Редакция алқасының мүшелері:
Шолпан Джаманбалаева
Меңдігүл Ноғайбаева
Балжан Карикулова
А 52 Аманат II: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-педагоги-
ка лық қауымдастығы өкілдерінің мақалалар жинағы / жауапты
редакторы З. Мансұров. – Алматы: Қазақ университеті, 2014.
– 148 бет.
ISBN 978–601–
Бұл кітапқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми-
педагогикалық қауымдастығы өкілдерінің мақалалар жинағы еніп отыр.
Университет өмірінде ғана емес, отандық, сондай-ақ әлемдік ғылым мен
білім саласында зор беделі бар, көргені мен түйгені мол, өмірдің небір
қиын-қыстау кезеңдерінен өткен жандар ретінде танымал ғалымдардың
өмірлік тәжірибесі, ой-толғамдары, болашақ жастарға деген ізгі тілектері
берілген. «Аманат» болашақта дәстүрлі түрде шығып тұратын көп сериялы
жинақтың 2-ші кітабы.
Жинақ студент жастар мен көпшілік оқырман қауымға арналған.
ӘОЖ 378.4(574)
КБЖ 74.58(2к)
ISBN 978–601–
© Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2013
МҰТАНОВ
Ғалымқайыр Мұтанұлы
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ ректоры,
академик
Алғы сөз
Биылғы жылы еліміздің тұңғыш университеті әл-Фараби
атындағы білім ордасының құрылғанына 80 жыл толды. Осы
кезеңде ҚазҰУ Қазақстан экономикасының, мәдениетінің, ғы-
лымы мен білім саласының қалыптасуына, дамуына үлкен үлес
қосып, Отанымыздың барлық жоғары мектеп жүйесінің тірегіне,
барлық ортаазиялық аймақ бойынша кадрлардың ірі ұстаханасына
айналды. Жоғары білім сапасы, халықаралық танымалдылық,
ғылыми және зерттеу қызметтерінің, инновацияның белсенділігі,
мықты оқытушы-профессорлар құрамы және талантты түлектер
ҚазҰУ-дың мақтанышына айналып отыр.
ҚазҰУ-дың заманауи даму кезеңі Елбасының Қазақстанды
2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарымен,
«Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған жаңа міндеттермен ты-
ғыз байланысты. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, білікті
мамандарды дайындау елдің инновациялық-индустриялық даму-
ымен сәйкес келуі керек. Жоғары білім беру сапасы халықаралық
ең жоғары талаптарға жауап беруі қажет.
Аманат
4
Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде ҚазҰУ Елбасы
қойған міндеттерді орындауға белсене кірісіп, классикалық уни-
верситеттен әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне
айналудың кең көлемді бағдарламасын іске асыру жұмысын
бас тады. 2011 жылы университеттің кешенді құрылымдық мо-
дернизациясы жасалып, кластерлік әдіс негізінде факультеттер
дамып, кафедралар ірілендірілді. Нәтижеге негізделген басқару
жүйесі белсенді қолға алынып келеді, ғылым мен инновацияның
дамуына, материалдық және ғылыми-зертханалық негіздерге,
білім беруге қажет жағдай жасалуда. Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ жоғары халықаралық стандарттарға және әлемнің
жетекші жоғары оқу орындарының оқу-білім бағдарламаларына
сай негізделген эксперименталды білім беру бағдарламаларын
жасау базасына айналды. Маман даярлау үдерісі пәнаралық
оқыту білікті тәсілдеме негізінде құрылды. Әлемдік білім беру
жүйесінде қабылданған талаптарға жақындай түсу біздің білім
беру бағдарламаларымызға AQUIN және ASIN жетекші шетелдік
агенттіктерден халықаралық аккредиттеу алуға мүмкіндік
берді. Халықаралық деңгейде мойындалуымыздың бір көрінісі
ол қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асуы бол-
ды. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірнеше мамандықтар бойынша
әлемдегі беделді университеттер деңгейіне жетті. Студенттердің
академиялық ұтқырлығы белсенді дамып келеді. Соның аясында
әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында соңғы үш жыл ішінде
университетіміздің 3,5 мың студенті оқу тағылымдамасынан өтті.
Іргелі де ірі оқу орны әлемдегі заманауи зерттеу универ-
ситеттері сияқты Вильгельм фон Гумбольдттың: «Оқыта – зерт-
те, зерттей – оқыт» басты қағидасына сүйенеді. Мұнда еліміздегі
өзге университеттерде әлі орныға қоймаған бірегей ғылыми-
технологиялық инфрақұрылым жұмыс істейді. Мықты ғылыми-
технологиялық парк құрылды. Онда көптеген ғылыми-зерттеу
жұмыстарының жобасын жасайтын 30 шақты ғылыми-зерттеу
институты мен орталық бар. Еуропалық одақ жоғары рангы са-
рапшылары бағалауынша, ҚазҰУ ғылыми-техникалық және
инновациялық әлеуеті Қазақстанның жоғары оқу орындары ара-
сында теңдессіз көшбасшы делінеді. Соңғы екі жылда ҚазҰУ-
дың ғылыми-зерттеу және құрастырмалы-тәжірибе дайындау,
Аманат
5
өңдеуді қаржыландыру көлемі 3,8 есеге өсіп, бүгінде 4,5 млрд
теңгені құрайды. Біздің ғалымдарымыздың дәйектемелік индексі
еуропалық көрсеткіштерге шықты. Оған 20-дан жоғары импакт-
фактор қазір қалыпты жағдайға айналды. Университетіміздің
халықаралық ғылыми мүмкіндігінің мойындалуының бір белгісі
әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta»,
«Microsoft» ком па нияларының оқу-ғылыми орталықтары мен
зертханаларының бізде ашылуы дер едім. Мұндай бағыттағы
орталықтар мен зертханалардың жұмыс істей бас тауы алдағы
уақытта оқу бағдарламасына әлемдік деңгейдегі жаңаша оқыту
технологияларын енгізуге, білім мен бизнесті үйлестіруге мықты
қозғаушы күш болмақ.
Оқу-зерттеу және студенттердің ғы лыми-зерттеу жұмыс-
тарының үйлесім ділік жүйесі негізінде жасалуы бітіруші тү лек-
тердің, магистранттар жұмысының тақырып аясын кеңейтуге
мүмкіндік берді. Ғылыми жұмыспен айналысатындардың
белсенділігін арттыруға студенттерді ғылыми жұмыстарға ынта-
ландыруға бөлінетін гранттық қаржы сомасы 10%-ды құрайды.
Мұның бәрі ертең студент диплом алып шыққанда жұмыс іздеп
жүрмей, кіші инновациялық кәсіпорын ашып, жұмыс берушіге
айналуы үшін жасалуда. Сол үшін университетте студенттік биз-
нес-инкубатор қарқынды қызмет етіп келеді. ҚазҰУ студенттері
алғаш рет «UNIFORM Project» халықаралық консорциумы
аясында Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық
наноспутникті жасауды іске асыруға кірісті. Бұл жұмыс өзге де
жобалармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылатын болады.
Жұмыс берушілер тарапынан түлектердің кәсіби құзырет-
тілігіне деген үлкен бағасы ҚазҰУ-дың үлкен мақ танышы.
Түлектердің сұранысқа ие болуы және жетістігі университет
қыз метінің негізгі көрсеткіші болып та былады. Университет
түлектері өнді рісте, ғылымда, бизнесте жетекші рөл ат қа рады.
Олардың көбісі бүгінде әлеумет тік серіктестік қағидасы негізінде
түлек тер қауымдастығы жұмысына тартылған.
ҚазҰУ Орталық Азиядағы халық аралық ЖОО-лар қауым-
дастығы құрамына енген және Қазақстандағы университеттер
арасынан БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына кірген
жалғыз университет десек, бұл халықаралық жоғары деңгейде
Аманат
6
мойындалғандығының бір көрсеткіші болып табылады. ҚазҰУ
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің энергия эко ло-
гия лық стратегиясын және «Жасыл кө пір» бастамасын қолдауы
бойынша «Рио+20» тұрақты дамуында бойынша БҰҰ Жа һандық
саммитінде өзінің секция сын ашқан ТМД елдері ЖОО-лары
арасындағы жалғыз университет.
Жыл сайын талантты студенттерді қолдауға 30 млн теңгеден
жоғары көлемде атаулы демеушілік шәкіртақы беріледі.
Ұжымдық мәдениет кодексінің қабылданғанына орай, ұжымдағы
адамгершілік-психологиялық ахуал көтерілді. Кураторлар ин-
ституты даму үстінде, соның аясында студенттік топтарға
оқытушылар педагогикалық тәлімгерлік жасайды. Бізде әлемнің
үздік университеттерінде кең таралған әрі қолдау тапқан сту-
денттермен клубтық жұмыс формасы да қолға алынып жатыр.
ҚазҰУ үш маусым қатарынан еліміздегі жоғары оқу орындары
арасында жазғы универсиадада жеңімпаз атанып, студенттік
спортта ешкімге дес бермей келеді. Бірінші рет университеттің
11 студент спортшы – жастары Лондондағы Олимпиада ойын-
дарына қатысса, олардың арасынан Светлана Подобедова ауыр
атлетика бойынша Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды.
Жоғары рухани-адамгершілік орта қалыптастыруға «Айналаңды
нұрландыр!», «Саламатты және мәдениетті дене», «100 кітап»,
«ҚазҰУ-Гринкампус» сияқты кең көлемді инновациялық
әлеуметтік жобалар септігін тигізуде. Бұлардың барлығы сту-
денттер мен оқытушы-профессорлар құрамының жаңа әлемдік
көзқарасының мықты интеллектуалды тұғырнамасын дамытқан
«өсу нүктесіне» айналды.
Университеттің қарқынды дамуын жаңа инфрақұрылыс
нысандарының бой көтеруінен де байқауға болады. Орталық
Азияда теңдесі жоқ жаңа әл-Фараби ғылыми кітапханасы ашыл-
ды. Жуық арада «Керемет» жастар ресурстық орталығының
тұсауы кесіледі. Жаңа сапалық ұстаным негізінде мұнда «Бір те-
резе» қағидасымен студенттер барлық қажет қызмет түрлеріне
қол жеткізе алады. Жаңа 500 орындық ыңғайлы жатақхана
тұрғызылды. Магистранттар мен докторанттарға арналған жас
ғалымдар үйінің, заманауи жүзу бассейнінің құрылысы бастал-
ды. Ағымдағы жылы әлемдік стандарттық сапаға сай қызмет
Аманат
7
көрсететін медициналық диагностикалық орталық қолдануға
беріледі. Әлемдік тәжірибе негізінде университетті дүниежүзілік
деңгейге көтеретін инновациялық және биомедициналық екі ірі
кластер жасалуда.
Соңғы жылдардағы менеджмент жүйесіне, оқу-тәрбие үде-
рісіне және ғылыми-зерттеуге енгізілген инновация лар халық-
аралық рейтингіде секіріс жасауға мүмкіндік берді. Біздің уни-
верситет 2013 жылы Орталық Азия және Қазақстан жоғары оқу
орындары арасында бірінші болып QS World Universiti Rankings
халықаралық рейтингісіне еніп, дүниежүзіне мойындалған 800
университет арасында 299-орынды бағындырып, әлемнің үздік
топ – 300 университеті құрамына енді. Бұл топқа ТМД елдері
ЖОО-лары арасында тек – М. Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-
Петербург университеті және әл-Фараби университеті ғана енді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент білімге негіз-
делген экономика құру мәселесіне зор көңіл аударады. Бұл
үдерісте басты рөл университеттерге жүктеледі. Еліміздің
инновациялық жүйесінде үштік тұтастық «университет-бизнес-
мемлекет» құруда қазақстандық ЖОО-лар өзінің интеллектуалдық
орнын анықтауы қажет және біздің елімізді дамудың жаңа сапалы
деңгейіне бас тайтын қабілетті жаңа рухани-интеллектуалды эли-
таны тәрбиелеуі керек.
Университеттің жаңа формациясын жасау мақсатында ҚазҰУ
биыл «Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инно ва циялық жо-
басын іске қосты. Жаңа үлгі ұлы ойшыл әл-Фарабидің ерек ше
қала ойларына негізделген. Ғұла ма ғалым өзінің трактаттарында
әділ және ізгілікті қоғамды көрсетуге тыры сып, оны қайырымды
қала деп атады. Оның маңызды белгілері әмбебап руха ни
құндылықтарды және ізгілікті өмірдегі әріптестік жетістіктерді
сипаттайды. Бұған заманауи тұрғыдан қарастыратын болсақ,
XXI ғасырда университет қалаларының аймақтық жағдайы үздік
инфрақұрылымдармен, қаржылық және материалдық ресурс-
тармен ғана анықталмайды. Заманауи университеттер жоғары
рухани және адамгершілік деңгейді меңгерулері қажет. «Al-
Farabi university smart city» жобасы технологиялық және рухани-
адамгершілік тұжырымдардың біртұтастығы негізінде ғылыми,
білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа заманауи
Аманат
8
тәсілін ұсына отырып, университеттің жаңа ұрпақ дайындауына
негіз болады. Smart-университеттер – бұл нәтижесінде Smart-
Қазақстанды құратын біздің еліміздегі Smart-қалалардың негізі
болмақ. 2020 жылдарға қарай еліміздің кемінде екі жоғары оқу
орны әлемнің үздік топ университеттері рейтингінің қатарына
енуі қажет. «Al-Farabi university smart city» жобасы ел Президенті
алға қойған осы мемлекеттік маңызды тапсырманы жүзеге
асырудың методологиялық негізі болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Елбасының «Қазақ-
стан-2050» Стратегиясы алға қойып отырған жаңа міндеттерді
бар күш-жігерімен орындап, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30
елі қатарына қосуға өз үлестерін қосады.
Сондықтан бүгін оқырманға жол тартқалы отырған «Ама-
нат» жинағының екінші томына университетіміздегі ғылыми-
педагогикалық қауымдастықтың белгілі өкілдерінің бір тобының
болашақ ұрпаққа деген сенімі мен аманаты арқау болып отыр.
80 жылдық тарихы бар университет өмірімен тағдырлары
біте қайнаған бұл тұлағалардың очерктерінде университеттің
қалыптасуының кезеңдері, ғылым мен адами ізгілік жолының
біте қабысқан сәттері келешек ұрпаққа ой салады, болашаққа
бағдар бола алады деген сенімдеміз.
ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ
Аманат
10
БАйТулиН
иса Омарұлы
Биология ғылымдарының
докторы, профессор
Иса Омарұлы Байтулин 1928 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік
Қазақстан облысының Түркістан қаласында дүниеге келген. 1947-
1952 жылдар аралығында С.М. Киров атын дағы Қазақ мемлекеттік
қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық уни верситеті биология факуль-
тетінің студенті, 1952-1955 жылы аспиранты болған.
1963 жылы кандидаттық диссертация, 1979 жылы докторлық
диссертация қорғады, ал 1980 жылы профессор атағы берілді.
1955-1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті ботаникалық бағының меңгерушісі, 1958-1964
жылдар аралы ғында осы кафедраның аға мұғалімі, 1964-1967
жыл дары ботаника кафедрасының доценті, 1967-1973 жылдары
био логия факультетінің деканы, 1970-1975 жылдары ботаника
кафед ра сының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1983 жылы академияның корреспондент-мүшесі, 1989 ж. –
ҚР ҰҒА (Академик) толық мүшесі, ал 1992 ж. – Халықаралық
академияның толық мүшелігіне сай ланды. 1975-1983 жылдар
Қазақ КСР Ғылым академиясы бас ботаникалық бағының және
1983-1988 жылдары Ботаника инс титутының директоры, 1988-
1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы биология бөлімінің
академиялық хатшысы, 1990-1994 жылдары Қазақстан Республи-
касы Ғылым академиясының вице президенті, 1994-1995 жыл-
дары Ғылым академиясының ботаника және фитоинтродукция
институтының директоры, 1995-1996 жылдары қазақтың сыртқы
орта мониторингі және ауа райы ғылыми зерттеу институтының
директоры, 1995-1997 жылдары Ботаника және фитоинтродукция
институтының құрметті директоры, зертхана меңгерушісі.
Аманат
11
ғАлыМ АҚылДыҢ ШыРАғы
М
ен дүние есігін ашқан кезең Кеңес
үкіметінің дауыл-құйыны аралас, жер-
гі лікті халықты күштеп отырықты
қоныстандыру мен оларды ұжымшарға топта-
стыру, зорлап малын алу, сталиндік аграрлық
революциияның дауылдатқан уақыты – 1928
жыл болатын. Күнделікті мал өнімімен күн
көріс тегі қазақ халқының қолындағы малын күш-
пен алып, көрінер көзге аштыққа ұшырату, оған
көнбегендері үдере көшіп, елден тыс қоныс ау-
дарумен жаппай нәубатқа ұшыраған заман еді.
Мұндай алмағайып заманда тұрақты түрде сау-
ат ашып, білім алу тек арман десе болғандай.
Десе де, Кеңес үкіметі орнаған 15-20 жыл аралығында еліміз-
дің әр тұсынан бірлі-жарым сауатты азаматтар да төбе көрсетіп,
олар өз кезегінде жас ұрпаққа білім беру қызметін атқарып та
жүрді. Міне, сондай ел азаматының бірі – менің әкем Омар Бай-
тулин болатын. Ол сол уақыттағы заман қиындығына қарамай,
өз замандастарының арасынан алғашқы болып, Орта Азия кіндігі
саналатын Ташкент қаласындағы Орта Азия университетін
бітірген еді. Жас маман болғандықтан оны Оңтүстік Қазақстан
орталығы Шымкентке қызметке бағытталды да, біздің отбасы-
мыз осы қалаға қоныстанды. Демек, менің мектеп табалдырығын
аттауым қаладағы Қ. Спатаев атындағы орта мектебінен бастал-
ды. Қалалық мектептегі білім деңгейі ауыл мектебіне қарағанда
біршама ілгері болғандықтан ба, әкей мені 4-сыныптан кейін орыс
класының 5-сыныбына берді. Бірақ мен алғашқы орыс тілінен
жазған диктантымнан 52 қате шыққандықтан мені қайтадан
қазақша бесінші сыныпқа ауыстырды.
Менің және мен сияқты замандастардың бұдан әрі мектеп-
те оқып, білім алуына 1941 жылғы Отан соғысының басталуы
кедергі келтірді.
Алдымен, әкемді әскер қатарына алды, ол соғыстың ал-
дында ғана Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге
Аманат
12
оқытушылыққа ауысқан. Әкейді және мектептегі мұғалімдерді
жаппай әскер қатарына алғаннан кейін, 7-8 сыныптар түгелімен
жабылды. Ендігі отбасындағы әрекет күн көріске ыңғайлы,
Түркістаннан 25 шақырымдағы жерде орналасқан осы ауданға
тиісті «Қызыл-жұлдыз» және «Бостандық» колхоздары орна-
ласқан Құшатай елді мекеніне көшуге тура келді.
Мұның басты себептері: анамның төркіндері және әкемнің
ағасы осы аты аталған колхоздардың мүшесімен бірге тұрғын-
дары. Соғыс кезіндегі жұмысшы қолының ұжымшарлардағы
жетіс пеуіне орай, ол кезде біршама жұмысқа жарайды ау деген
ересек балаларды жұмысқа пайдалану бірыңғай үрдіс алған кезең.
Сондықтан да болар менің бірінші еңбек жолым Қызыл-жұлдыз
таусағыздан каучук өндіретін ұжымшардың арбасын айдаудан
басталды. Мұнан әрідегі еңбек қадамым колхоз ұстаханасының
көрігін басушы көмекші ретінде жалғасты.
Мен үшін ұстахананың көрігін басу ауыр жұмыстың бірі бол-
ды. Оның себебі көріктегі отын сапасы төмен, жақсы жанбай-
ды, қажетті температураны көтере алмайды, өйткені оны басып
тұрғанмен оның тездетуге шамам жетпейді.
Осы жағдайды бірер ай бақылаған ұста колхоз бастығына мені
басқа шаруаға ауыстыруға кеңес берген болу керек, мен көріктен
жоңышқалық егістікке қорықшы болып ауыстым. Әрине, ат
үстінде жүріп, таза ауада жоңыршқаны қору, көрік басқанмен тең
емес. Міне, содан да болар, мені бала көңілім біршама көтеріңкі
жағдайға көшті.
Соғыс нағыз қызған шақ, колхоз мүшесі болып, белгілі бір
жұмысты атқарған колхоз мүшесіне күніге 400 грамм нан, жұмыс
уақытысында ұжымшар асханасынан түскі асты пайдалануға
мүмкіншілік бар. Бұл өз кезегінде анам мен іні-қарындастарыма
аздап болса да демеу болғаны айқын. Қорықшы қызметін атқара
жүріп, ұжымшардың мүшесі ретінде өзіме тиісті жер телімін
алып, баспана салуға ниеттендім. Әлбетте, мен сияқты жас бала
зәулім үйді тұрғыза алмасы белгілі, сондықтан мен тұрғызатын
баспана кәдуілгі ауылдың қоржын үйі болмақ. Қай нәрсеге болса
да адам адал ниетімен, бойындағы жігер-қайратымен кірісер бол-
са, ол игі тірлік орындалары аян.
Сонымен, өзім ағайын жұрттың көмегімен шикі кесек-
тен қоржын үйді тұрғыздым. Бұл тұрғызған үйім Құшата
Аманат
13
ауылдық кеңесінің төрағасы Жұматаев Пірмағанбет ағамменен
көршілес болды. Бұл ағамның маған деген ықыласы, сырттай
бақылауы менің қала мектебін бітіргенім, ептеп болса да орысша
сауаттылығыма ден қойса керек.
Міне, бұл бақылаудың нәтижесінде ағам мені өзіне, яғни
ауылдық кеңестің хатшылығына қызметке алды. Бала көңілі әке
сағынышымен біршама төмен болып жүрген уақытта мұндай
қызметке қол жеткізу мен үшін күтпеген марапат болды. Көңілім
біршама марқайып, кәдуілгі кеңсе қызметкері болып шыға
келдім. Уақыт деген өзен ағысындай жылжып өте берді, менің
бұл қызметтегі кезім Ұлы Отан соғысының 1945 жылғы жеңісіне
ұласты. Әкей елге оралды, бұрынғы қызметіне қайта орналасты,
отбасы Түркістанға қайта көшіп келді. Мен 7 жылдық біліміммен
8-сыныпты бастамағанмын, сондықтан да әкей қызмет ететін
педагогикалық училищеге оқуға түстім.
Соғыстан кейінге арнайы білім беретін оқу орындарының
жағдайы біршама төменгі деңгейде, ғимараты жөнделмеген, оты-
ны жоқ, қыста суық, оқитын балалар саны тым аз. Десе де соғыстан
оралған бізге сабақ беруші оқытушылар құрамы жоғары білімді,
тәртібі, талабы қатал, өздерінің сабақ беру тәсілдері кәсіби сауат-
ты, біздер бар-жоғы 5-6 студенттер оқуды жақсы оқыдық.
Мен үшін оқуды бітіру нәтижесі айтарлықтай сәтті, дипломды
«қызылға» аяқтадым. Енді білімді әрі қарай жалғастыру әкемнің
ақылымен сол кездегі астана Алматыдағы Киров атындағы Қазақ
мемлекеттік университетінің филология мамандығына құжат
тапсыру болды.
Сол кездегі Қазақ үкіметінің қаулысына сәйкес арнайы орта
білім құжатын қызылға аяқтаған талапкер жоғары оқу орнына ем-
тихансыз қабылдануы тиіс болатын. Осыны негізге алған мен оқу
басталар 1 қыркүйектен кешігіңкіреп университеттің филоло-
гия факультетіне келсем, мен қабылданғандар тізімінде жоқпын.
Университеттегі студенттерді бірінші курсқа қабылдауды
рәсімдейтін бұйрық жарияланған. Енді не істеу керек, мен
тығырыққа тірелген шақта сол уақыттағы факультет деканы
Х.М. Сайкиев өз ағаттықтарын жуып-шаю үшін мені биология
факультетінің деканы, профессор Н.З. Хусайноваға құжатыммен
Аманат
14
баруға кеңес берді де сол жерде ол кісіге қоңырау шалды.
Нәтижесінде ол кісінің келісімін алған болу керек, мені шұғыл
түрде сол факультетке баруға ақыл қосты.
Сонымен, құжатымды құшақтап, мен бейбақ профессор
Хусайнованың алдынан бірақ шықтым. Факультет деканы Ху-
сайнова ханым мейлінше кіші пейілді, бала жанды, нағыз ұстаз
мінезді жан екен. Бұл кісінің маған берген ақылы бұл факультет-
ке ұлт талапкерлерінің өте аз келетінін, егер мен түсуге келісім
берер болсам, болашақта өкінбейтіндігімді аса үлкен сеніммен
түсіндіре білді. Әрине, бұл факультетте де 1-курс студенттері
қабылданып қойған, олардың жалпы саны 85 екен, осыған үстеме
тағы да 12 талапкерді қабылдауға университет басшылығынан
рұқсат сұрауда екен.
Нәтижесінде 12-нің бірі болып мен биология факультетінің
1- курс студент мәртебесіне қол жеткіздім. Университеттің оқу
ғимараттарының жағдайы да онша көңіл көншітерлік жағдайда
еместігі, жатақханаға орналасу барысында белгілі болды. Мұнда
да ғимарат ескі, қыста салқын, орын тапшы, біздер бір бөлмеде
15 студент орналастық, тұрмыс, әрине, соғыстан кейін барлық
жерде біршама төмен.
Студенттер арасында өзім сияқты жас деңгейі талапкер-
ге сәйкес те, армия қатарынан оралған ересек кексе жігіттер де
бар. Студенттер құрамының жас деңгейі әртүрлі болғандықтан
ба немесе бейбіт өмірде білімге деген құштарлық жоғары,
білімді мамандардың шаруашылыққа қажеттілігі ме, жалпы
студенттер қауымының оқуға деген ынта-ықыласы өте жоғары
болды. Осы жерде студенттік өмірдің бір қызық жағдайын
айта кеткенді жөн санаймын. Университет студенттерінің аш
құрсағын қанағаттандырудың басты мекені – Никольский шір-
кеуінің маңындағы жайма базар. Онда, негізінен, жекелеген
сатушылардың қолдан үйінде пісіретін бауырсақтар, бәліштер,
тәтті тоқаштар сияқты ауызға тез ілінетін тағамдар реті молшы-
лық. Бұл тағамдарды саудалауға, әрине, біздер топтасып барамыз,
арамызда бойы сұңғақтау, ептеп бір аяғы жарым, үстінде ұзын
қалталы солдат шинелі бар, әйгілі экономист ғалым, академик
университеттің көп жылғы оқу ісі жөніндегі проректоры Яхия
Аманат
15
Әубәкировті алдымызға тартамыз. Ол өз кезегінде тағамды са-
тушыдан бізге қажетті мөлшерде алып ұстата береді, ал біз оны
ауыз қуысына аттандыра береміз. Енді төлем жақындаған шақта
біздер тым-тырақай қаша жөнелеміз, ал Яхия сатушының уы-
сында қалады. Өйткені ол қаша алмайды, аяғы жарым. Мінекей
біздің студенттік қиқарлығымыздың бір көрінісі осылай болатын.
Биология факультетінің сол кездегі оқушы-профессорлар
құрамы барынша жоғары білімді,байырғы Мәскеу, Қазан уни-
верситеттерін бітірген академиктер Т.Б. Дарханбаев, Г.З. Бия шев,
профессорлар В.С. Корнилова, Б.А. Беремжанов, Н.З. Ху сайнова,
М.Ф. Абазбакиева, доцент Ф.Х. Халилов, және т.б. білікті маман-
дар болды.
Оқу барысы алғашқы курс тарда біздер үшін барынша қиын
болғандығы соншалықты соңғы қосымша қабылданған 12
студенттің алтауы бірінші семестрден кейін сабақтарды тапсыра
алмай, оқумен қоштасуға тура келді. Соның бірі – Қазақ станның
халық әртісі, атақты әнші Абай Байтуғаев еді, ол кейіннен тарих
факультетіне ауысып, сол мамандықты бітірді.
Сол кездегі халық шаруа шылығының сұранысына байла нысты,
еліміздің жекелеген аймақ тарының, жайылымдарының бота ни-
калық жағдайын, өсімдіктер жамылғысының өнім ді лігін анықтауға
ірі-ірі геоботаникалық экспедициялар ұйым дас тырылып, онда
жұмыс атқаруға студенттер жиі қамтылатын. Мұндай ғылыми
жұмыстардың студенттер үшін берері мол, біріншіден, мамандық
туралы тәжірбиеден өтіп, білім қорын арттыру болса, екіншіден,
қаржылай біршама қолдау, алдағы оқу жылына бүтін киім,
күнделікті тамаққа қорлық қаржы жинау болатын.
Аталмыш ғылыми экспедицияға біздер 2,3,4 курстардан
кейінгі жазғы каникулдарда тұрақты қатысумен болдық. Атал-
мыш ғылыми жұмыстардың жетекшілері ботаника кафедрасының
профессоры В.С.Корнилова, доценттер Н.Т. Агеева және Б.И.
Тарабаева және т.б. мамандар болды. Осы экспедициялардан
алған тәжірибе біліміміз өмірлік азық болды. Менің ерекше
есімде қалғаны 4-курстан кейінгі одақ көлеміндегі атақты ғалым
В.Н. Сукачевтың шәкірті профессор Гайель басшылық еткен экс-
педиция болды. Экспедицияның зерттеу бағыты Ақтөбе облы-
Аманат
16
сына тиісті Шалқар құмының өсімдіктерінің тамыр жүйелерінің
морфологиялық ерекшеліктері еді. Ғалымның басшылығымен
атқарған тамырды зерттеу менің дипломдық жұмысымның
тақырыбына ұласты.
Профессор Гайель менің жұмыс атқаруымның тиянақ ты-
лығына қызықты ма, мені өзімен бірге университет бітір геннен
кейін бірге жұмыс атқаруға қолқа салды. Кейіннен ойланып
байқасам, мен үшін бұл ұсыныс өте зор мүмкіншілік екен, бірақ
өкінішке орай, оны мен кеш тү сіндім. Дегенмен менің ғалым
ретінде ғылыми жұмысқа, оның ішінде ерекше орын алатын та-
мыр жүйесін түбегейлі зерттеу ғылыми саласын қалыптастыруға,
барлық саналы ғұмырымды осы ғылыми бағытқа арнауыма және
өз шәкірттеріммен бірге тұңғыш рет Қазақстанда «Ризология»
мектебін қалыптастыруға бірден-бір себепші болғандығы айқын.
Өзіммен бірге курстас болған құрбыларымның арасында биология
ғылымының докторы болғандардың қатарында Митьяев және Си-
доровты атап кетуге болады, бұлар – еліміздің белгілі ғалымдары.
Мен университеттен түлеп ұшқан түлек ретінде, қалыптасқан
ғалым ретінде жоғарыда келтірілген өмір жолдарымнан үзінді
жайттарды баяндауда, нағыз ғылыми салаға қалай келгенімді,
қандай өмір өткелдерінен, қиыншылықтардан өткенімді өскелең
ұрпаққа естелік ете отырып, болашақ маман иелеріне өздерінің
алдына қойған биік мақсатқа жету жолында аса зор жігер-қайрат,
қатал талап, табандылық, қажымас, қайтпас еңбекқорлық керек
екендігін естеріне салғанды жөн санадым.
Жаратылыстану ғылымының алар асуы, еліміз үшін берер
жемісі жастардың қолында, ғылыми жаңалық ашу болашақ ұрпақ
үлесінде демекпін.
Аманат
17
Достарыңызбен бөлісу: |