Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар: 1.Саяси сана: мәні мен маңызы.
2.Саяси сананы қалыптастырудың жолдары.
3.Саясат және мәдениет.
4.Қоғамдық пікір.
5.Саяси идеология мәні.
6.Саяси идеологияның түрлері.
7.ҚР саяси идеология.
Тақырып: Саяси шиеленістер. Жоспар: 1.Саяси жанжал ұғымы. 2.Саяси жанжалдар мен дағдарыстарды реттеудің әдістері мен түрлері.
1. Шиеленіс деп әрбір қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, қарама – қарсы мүдделердің, пікірлердің, көзқарастардың қайшы келуін, елеулі келіспеушілікті, өткір таласты айтады.
Саяси шиеленістер теориясына әсіресе көп көңіл бөлген – марксизм. Маркс пен Энгельс “Коммунистік партияның манифесінде”: “езуші мен езілуші бірімен – бірі ылғи, бірде жасырын, бірде айқын түрде үздіксіз күресіп келді, бұл күрес әрқашан бүкіл қоғам тұрмысын революциялық түрде қайта құрумен немесе күресуші таптардың жалпы жойылуымен тынып отыратын” деген.
1950 жылдарында американдық Льюис Козер әлеуметтік шиеленістерге құндылықтар, мәртебе, билік, қаржы – қаражат үшін күресті жатқызды. Мұндай көзқарас Батыс саясатында кең тараған.
60 – шы жылдары немістің әлеуметтанушысы Ральф Дарендорф “қоғамның дау – дамайлық үлгісін” алға тартты.
Американың әлеуметтанушысы Кеннет Боулдинг “ шиеленістің жалпы теориясын” жасады. Оның ойынша, әлеуметтік шиеленістің мәні адамдардың қалыптық реакциясына байланысты. Қандай кикілжің болмасын, тітіркендіргіштер, қоздырғыштардың әрекеттері арқылы реакцияларды, құндылықтарды, жеке адамдардың құштарлықтарын өзгертуге болады. Соның арқасында қоғамдық құрылыс түбірімен өзгеріске ұшырайды.
“ Конфликт” ұғымы философия, социология, психология, саясаттану, мәдениеттану және т.б. ғылымдарда жие қолданылатын қарама – қайшы деген ұғыммен тығыз байланысты. А.Г. Спиркин “қарама – қайшылықтың ең пісіп – жетілген түрін конфликт” дейміз деген. Сонымен қатар, ол конфликт қарама – қайшылықты шешу үшін қажет дейді.
Қазіргі кезде қоғамдағы шиеленістер көптеген ғалымдардың назарын аударуда. Сондықтан осы мәселемен арнайы айналысатын конфликтология деген ғылым пайда болды. Ол мейірімсіздікке, төзімсіздікке, озбырлыққа әкелетін, қоғамды бүлдіріп, тығырыққа тірейтін саяси шиеленістердің шығу заңдылықтарын біліп, реттеу жолдарын іздестіріп, оның алдын алуға бағытталады. Соған орай, ол саяси және қоғамдық қатынастарды жетілдіруді де қарастырады.
Шиеленістер қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік бақылауға алынған шиеленіс адамдар, топтар арасында пайда болып, дау – дамайларды уақытында ушықтырмай, асқындырмай шешуге септігін тигізеді.
Шиеленіске апаратын себептер әртүрлі болуы мүмкін. Көптеген теорияшылар саяси шиеленісті әртүрлі саяси күштердің қандай да бір мәселеге қатысты бір – бірімен егесі деп түсіндіреді. Бұл көзқарас тұрғысынан алғанда, шиеленіс жекелеген ірі әлеуметтік топтардың саяси мүдделерін білдіретін жекелеген институттардың батыл саяси ықпал етуі болып табылады.
Шиеленіс – бұл екі немесе бұдан да көп әр бағыттағы күштердің қақтығысы, бұл жағдай осы күштердің өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатын теке – тірес келуінен және бір –біріне қарсы әрекеттер жасауынан туындайды.
Әр түрлі қоғамдық өмір саласында болатын шиеленістер, егер олар халықаралық, таптық, этносаралық, ұлтаралық, қауымдасаралық, діни, демографиялық, аймақтық немесе оқшау қатынастарға байланысты болса, саяси мәнге ие болады.
Әлеуметтік жанжал тіршілікті қамтамасыз етудің саналуан ресурстары жөніндегі көптеген әлеуметтік топтардың егесуі ретінде көрінеді. Саяси жанжалды осы көптеген әлеуметтік топтардың ендігі жерде, әдетте, билік жолындағы күреспен байланысты саяси міндеттер, құндылықтар, талаптар, ұрандар түрінде білдіретін ықпалдас мүдделерінің қақтығысуы ретінде түсіндіруге болады.
Саяси жанжалдар субъектілері ресми түрде әлеуметтік бірлестіктерге ұйымдасқан, ресми емес негізде, белгілі бір мақсатты мойындайтын және көздейтін саяси сипаттағы қозғалыстар, қысым жасаудың экономикалық және саяси топтары,белгілі бір мақсаттарды ойлап, көздейтін қылмыстық топтар түріндетуған жеке - дара адамдар, олардың азды - көпті әлеуметтік топтары болады.
Саяси ғылым тарихында бірегей әлеуметтік құбылыс ретінде жанжал тұңғыш рет Г.Зиммельдің, Г.Гегельдің, К.Маркстің, А.Смиттің, А.Токвильдің еңбектерінде зерттелген.
Жанжалдарды зерттеу әдістемелері мына көзқарастарға негізделген:
А) әлеуметтік - биологиялық көзқарас (С.Вильсон, А.Гелен). Авторлар табиғи сұрыпталу теориясына сүйене отырып, адамның табиғи қарақшылығы идеясын негізге алады. Қоғамдағы жанжалдардың себебі адамдардың қарақшылық мінез - құлқының әралуан түрлерінде болып отыр және міндет осы қарақшылықты бейтараптау жолдарын іздестіруге келіп саяды;
Б) психологиялық көзқарас (Т.Адорно, З.Фрейд, Э.Фромм). Жанжалдың психикалық - физиологиялық табиғаты болады, мұнда қауырттылық маңызды рөл атқарады;
В) таптық көзқарас (К.Маркс, Г.Маркузе). Таптарға бөлінетін қоғамда жанжалдар ұдайы шығып тұрады, оның негізінде қарама - қайшы мүдделер болады;
Г) қызметтік көзқарас (Т.Парсонс). Жанжал қоғамда қызметті бұзу рөлін атқарады. Алайда мәселе жанжалды тек бұзу процесі ретінде ғана түсіндіру дұрыс емес;
Д) диалектикалық көзқарас (Г.Зиммель, Р.Даредорф, А.Дмитриев). Жанжал қалыпты әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылады, оның оң қызметтік мақсаты болуы мүмкін.