талып жатқан баланы тауып алады. Бала есін жинағаннан кейін Кендебай мән-жайды сұрайды. Бала жөнін айтпайды. Содан кейін Кендебай балаға ашуланады. Сонда қозышы бала айтады:
- Кешеден бері күн батқан кезде алты аққу төбемнен айналып ұшады да:
Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? - деп сұрайды. Мен тұрып:
Кендебай сал мен едім,
Керқұла атым қолда еді.
Бауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, - деп жауап беремін. Олар мені қанаттарымен қағып, жығып кетеді. Мен талып түсем,- деп жауап береді. Үшінші күні қозышы баланың киімін киіп, қозыны бағуға Кендебай өзі шығады. Күн батып, қас қарайған кезде баяғы алты аққу Кендебайдың төбесінен алты айналып ұшып, жақындап келеді де:
Кендебай сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма? - деп сұрайды.
Керқұла атты Кендебай қозышы бала болып:
Бауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, - деп жауап береді.
Сонда аққулар ашуланып, Кендебайды қанаттарымен қағып, сабай бастайды. Кендебай біреуінің аяғынан шап беріп ұстай алады.Аққулар ұша жөнеледі. Кендебайдың қолында біреуінің алтын кебісі қалып қояды. Байқап қараса, кебістің бетінде жазу бар екен. Кендебай басқа аққуларды бірнеше күн күтеді. Бірақ олар келмейді. Содан кейін Кендебай қойшылармен қоштасып, үйіне қайтады. Ата-анасына бір жылдық азық дайындап беріп, сауыт-сайманын киініп, жау-жарағын асынып, азығына алпыс құлынның қазысын алып, баяғы жетім баланың әке-шешесін іздеуге шығады. Керқұла ат құстай ұшып, құйғытып барады, айлық жерді алты-ақ аттайды. Көз ұшындағы құс қанатын жазып, жерден көтерілгенше Керқұла ат үстінен аттап өтіп кетеді. Теңізді көл, дарияны шалшық, тауды қырат құрлы көрмейді. Сонымен, Кендебай күн жүреді, түн жүреді, ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде аспанмен тірескен бір биік тау көрінеді. Таудың етегіне келгенде Керқұла атқа тіл бітіпсөйлейді: «Достым Кендебай, іздеген жоғың алыста емес. Біреуі емес, екеуі де осыдан табылады. Мына таудан әрі ассаң, ағып жатқан өзенді көресің. Өзеннің ортасында бір арал бар. Ол аралда адам перісінің ханы тұрады. Сенің қолтығыңдағы алтын кебіс осы хан қызының кебісі. Баяғы қойшы баланың әке-шешесі де осы ханның қолында. Олар терең зынданда жатыр. Зынданның аузы құлыпты. Оның кілті қолға түспейді. Ол кілт алпыс өзен құйылған терең дарияның түбінде жатыр. Адам баласы оның түбіне жете алмайды. Таудың арғы беткейінде сиыр бағып жүрген зор денелі бір адам бар. Ол жорықта қолға түскен адам, қазір ханның құлы. Сен сол адамға бар да жолына жетерлік пұл бер. Оның киімін өзің ки де, өзіңнің киіміңді оған кигіз. Сөйтіп, әлгі адамды азат ет те, өзің сиырды бағып қал. Қазір құйрығымнан бір тал қыл ал да, мені қоя бер, сауыт-сайман, құрал-жабдықтарыңды менің үстіме сал. Әзірге саған менің де, құралдың да керегі жоқ. Егер керек бола қалсам, құйрығымнан алған қылды тұтат. Сонда мен дайын боламын. Ендігі әңгімені барған соң көрерсің», - дейді. Кендебай Керқұла аттың құйрығынан бір тал қыл жұлып алды да, қоя берді. Оның айтқанының барлығын істеді. Малшыны азат етеді. Жолына пұл береді. Оның киімін киіп, сиырды өзі бағып қалады.