177
Орталық сілекей бездеріне симпатикалық жəне парасимпатикалық жүйке
талшықтары арқылы ықпал етеді. Симпатикалық жүйке талшықтары
жұлынның ІІ-VІ-кеуде омыртқалары сегменттерінен басталып, мойынның
алдыңғы симпатикалық түйінінде тоғысады да, одан басталған түйіннен
соңғы (постганглийлік) талшықтар сілекей бездерінде аяқталады. Сілекей
бездеріне баратын парасимпатикалық жүйкелер тіл- жұтқыншақ жəне беттік
жүйкелердің құрамына кіреді. Шықшыт безі тіл-жұтқыншақ жүйкесі мен
үшкіл жүйкенің құлақ-шықшыттық тармақтарымен, ал бұғақ жəне алқым
бездері - беттік жүйкенің дабыл шегі атты тармағымен жүйкеленеді.
Парасимпатикалық жүйке қозғанда сілекей безінің қан тамырлары
кеңейіп, торшалар қабығының өтімділігі жоғарылайды да, құрамында
органикалық жəне бейорганикалық заттары аз сілекей көп мөлшерде
бөлінеді. Симпатикалық жүйке қозғанда органикалық жəне бейорганикалық
заттарға бай сілекей аз мөлшерде бөлінеді.
Сілекей тек азық жегенде ғана емес, азықтандыру процесімен қабаттаса
жүретін түрлі шартты белгілердің əсерінен де бөлінеді (мысалы, азықты
көру, оның иісін сезу т.б.). Бұл шартты белгілер үлкен ми жарты шарларында
орналасқан орталық арқылы əсер етеді. Демек, сілекей бөлу шартты рефлекс
түрінде де атқарылады, сондықтан оны күрделі рефлекстік процесс деп
атайды.
Сілекей бездерінің қызметі гуморальдық жолмен де реттеледі, бірақ оның
рөлі онша зор емес. Парасимпатикалық жүйке əсерімен бездерден ұлпалық
гормон – калликреин бөлінеді. Ол қан тамырларын кеңейтіп, торша
мембранасының өтімділігін жоғарылатады.
Достарыңызбен бөлісу: